Жылына 1000 тоннадан аса сүт өнімдерін шығарады
Шымкент қаласы республика тұрғындарын сүтпен қамтамасыз етуде өз үлесін қосуда. Бүгінде сүт өндіру бағытын ұлғайту мақсатында қалада жеке кәсіпкер «Эгамназаров» ЖК Еуропа елдерінен 138 бас асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басын сатып алды (2020 жылы– 70 бас, 2021 жылы 68 бас). Қазіргі таңда сатып алынған ірі қара малдарының жартысынан көбі төлдеп шаруашылықтағы жалпы мал басы 173 басқа жетті. Өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-не берілуде. Мемлекттік қолдауларды тиімді пайдаланудың арқасында шаруашылықтың сүт өндірудегі жылдық қуаттылығы 500 тоннадан 900 тоннаға жетті. Алдағы уақытта аталған шаруашылық қора жай құрылысын жаңартып, сүтті бағытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
2019 жылы құрылған «Зертас» ШҚ асыл тұқымды сүт бағытындағы фермасын ұлғайтты. Бүгінгі таңда шаруашылықта қосымша қора жай салынып, жалпы ірі қара мал басының саны 128-ден 342-ге жетіп, оның ішінде сүтті бағыттағы сиырлардың саны 161 басты құрап отыр. Мұнда жылына өндірілетін сүттің көлемі 1000 тоннадан асады. Шаруашылықта өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-нің қайта өңдеу цехына жөнелтіледі.
Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруақожалықта заманауи «Параллель» сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялар және сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Бұдан бөлек, шаруашылық мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауыл шаруашылылық техникаларымен қамтылған.
Алдағы уақытта бұл шаруақожалық мал басының санын арттыру үшін қосымша қора жай құрылысын жүргізіп, сүт өнімін көбейтуді және халықты табиғи әрі сапалы сүт өнімімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері өндірілген сүтке 5 241 300 теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді.