Туғаныңа да керек болмай сүмірейіп қайтып келген екенсің ғой
Үйге келін түскесін, күнделікті өзі атқарып жүрген шаруаны тастап, жаңа адамның мойнына іле салмай сол тірліктің бір шетін көтерісіп жүргенге не жетсін.
Құрбым болды. Сұлу, пысық, ақылды. Кез келген істі дөңгелетіп әкететін. Университетте оған жететін үздік студент болмайтын. Сөйтіп 10 жыл бұрын 3-курста оқып жүргенде, Түркістанның бір бүдірбет оқымаған баласы бір көріп алып қашты. Құрбым қанша жерден ол босағада қалғысы келмегенімен әкесі "аттап қойғасын, неменесіне боздайды. Қалсын!",- деп бірауыз сөзбен бетіне келтірмей тастап кетті.
Құрбым көз жасын тыйып, күйеуіне бой үйретіп сол отбасына тастай батып, судай сіңуге барын салды. Отымен кіріп, күлімен шықты. Дегенмен оқымаған адам бәрібір адам болмайды екен. Күн сайын жұдырықтың астына алып, шарана біткен құрсағынан тепкілеп, бірнеше рет түсік тастатыптты. Одан қалды енесі келіннің әр ісінен шикілік іздеп, отқа май құйып отырады екен. Бір күні күйеуі ішіп келіп анасының "әйелің нан жаппай, дүкеннен алып келді" деген бірауыз сөз үшін көкала қойдай ғып сабап тастапты. Шыдамы таусылған құрбым, түрмеден қашқандай боп, төркініне келді. Анасымен жылап көрісті. Ал тумысынан қатал әкесі "өлсең өлігің сол үйден шықсын" деп қайта апарып тастады. Оны көрген қытымыр енесі "туғаныңа да керек болмай сүмірейіп қайтып келген екенсің ғой" деп көрсетпегенді көрсетеді. Ал күйеуі әйелін себеп іздемей сабай берді. Ақыр соңында шыдамы таусылған құрбым, пойыздың астына түсіп қайтыс болды.
Енесінің де, күйеуінің де ештеңесі кеткен жоқ. Қайта ол "балама таңдап жүріп 16 жасар қыз әперем" дейтін көрінеді. Ал менің құрбымның обалы кімге?