«Өгіздің өзі қартайса да мұрны қартаймайды дегендей», еркек те қартайдым деп мойындамайды екен...

Oinet.kz 01-07-2024 3152

Жуықта Астанада тұратын анамның туған әпкесі ауруханаға түсіпті дегенді естіп, анамды алып Қарағанды қаласынан Астанаға сапар шектік. Туғаны ауырып қалды дегенді естіген соң, анам тыныш отырсын ба, алып-ұшып ауруханаға жеттік. Аллаға тәуба, Күлзат апам беті бері қарап, ауруханадан үйіне шықты.

Screenshot_4.jpg

Сол жағалауда жездеміз - Батыр ата екеуі бес бөлмелі үйде тұрады. Батыр ата мен Күлзат апам екі қыз тәрбиелеп отыр. Екі қызы да тұрмысқа шығып, өз отбасыларымен бірі Алматыда, бірі Астанада тұрады. Батыр атаның байлығында шек жоқ. Екі үлкен цемент зауытының иесі. Біз біле бермейтін біраз шаруалары бар. Батыр ата мен Күлзат апам бұрын Қызылорда қаласында тұрған. Кейіннен бизнестері өркендеп, Астанаға қоныс аударған. Батыр атам жас кезінде сері болған, жетпістің екеуіне келсе де сыны кетпеген адам. Күлзат апамша айтсақ «бір юбканы бос жібермеген» сері шал. Күлзат апам - жас кезінде райкомда істеген, көзі ашық оқыған, өзін әлі күнге дейін күтетін тың әже.

Апамның беті қараған соң, мен Қарағандыға қайтуды шештім. Анам әпкесінің қасында қалды. Бір аптадан соң анам үйге оралды. Бірақ, көңілінде бір кірбің бар сияқты. Ақыры шыдамады-ау, шәй үстінде маған Күлзат апам жайлы әңгімесін айтып берді. «Естімеген елде көп» деген осы-ау, жетпіске қараған қарияның «жиырма сегіздегі қызға үйленемін» дегені қызық екен. Сөз жоқ, анамды не деп жұбатарымды білмедім. 

Оқиға былай болған екен, Батыр атамыз бір күні лифтіде жасы жиырма сегіздегі қызбен танысады. Қыз Шымкенттің бір ауданынан, өте сұлу қыз дейді. Еш жерде жұмыс істемейтін көрінеді. Ақыры, Батыр атамыз қартайғанда есі кетіп, осы жас қызға ғашық болады. Ол қызда шын-өтірігін кім білсін «өзінше ғашық». Осылайша, махаббаттан басы айналған екеуі біраз қыдырып, шетелдерге шығып қызыққа батады. Біраз уақыт өткен соң қыз қариядан аяғы ауыр екенін айтады. Ұлы жоқ қария мәз болып, кемпіріне жеткізген. Күлзат апам қайтсін енді, көз алдында шалының жасарып, «қылтыңдай» бастағанын, шетелге барғыш болғанынан сезсе керек бәрін сол қалпында қабылдайды. Іштей қиналып, қыздарына да айтпайды. Ақшасын ақшалай, пәтері мен машинасын алдырған «сұлу бикеш» енді шалға заңды түрде ажырасып, «маған үйленесің» десе керек. Онсыз да сол бикештің үйінде тұрып жүрген шалының жоқтығына үйренсе де «ажырасамыз» деген сөзін естіп апамыз «ұзыннан» түссе керек. «Дүние-байлық не керек, дұрыс адам болып қартаймасаң. Ол қыздың көксегені шалдың байлығы. Сол баланың осы шалдан болуына да күмәнім бар. Қартайғанда «құтырып» өнер шығарғаны несі, бәрінен де күйеу балалардан ұят. Ертең олар қыздарыма не дейді, беттеріне баспай ма? Балаларды ойламаған не деген әке еді. Қыдырсын, ішсін-жесін, бірақ «ажырасамыз» дегені өлтіріп барады» деп жыласа керек. Ел ақылы тұрмақ, естіген қыздарына да қайырылмаған Батыр атамыз «ажырасамыз» деген ойынан қайтпай отыр екен. Күлзат апаның Батыр жездемнің бизнесі өркендеуіне қосқан үлесі де орасан зор. Күлзат апам «ол байлық - біздің балаларымыз бен немерелерімізге жинаған өмір бойғы еңбегіміздің жемісі, бізден оларға қалар мұра» деп шалы екеуінің адал еңбекпен тапқандарын бір күнде қайдағы бір шөпжелке қызға бергісі жоқ сияқты. Онысы дұрыс та әрине. 

Міне, оқырман менің апамның қартайғанда көрген «бейнеті» осындай болып тұр. Қарияларымыз қартайған шағында салиқалы ата болып, ел ықыласына бөленсе екен деймін. Қазіргі заман қыздары мен жігіттері емес, қариялары да бұзылған сияқты. «Тірнектеп жинаған байлықтың үйде бақыт болмаса бір тиындық құны да жоқ екен-ау» деген анамның сөзі ойыма орала берді...

Әсем, Қарағанды

alashainasy.kz

Дөкейдің ерке қызы болсам да етікшіге тұрмысқа шықтым
Анам «әкең білсе өлтіреді, одан да өзің барып асылып қала салшы» деп жалынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу