Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бір үйдің әлпештеп, аялап өсірген жалғыз қызымын. Ештеңеден таршылық көрмей өстім. Университетті үздік аяқтап, магистратураға оқуға түскен кезім болатын. Біраздан бері сөйлесіп жүрген Медет есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Аңқаулығым ба? Әлде жастығым ба екен? Үйіне барып, отбасымен танысып, тұрмыс-жағдайын көрмеппін. Тек сезімнің жетегіне еріп кете бердім. Ол кезде Медет бір байдың баласын мектепке таситын жүргізушісі болатын.
Дәл бұлай болар деп ойламаған едім. Күйеуім 23 жаста. Қайын атам 20 жыл бұрын өмірден озған екен. Бірақ енем тұрмыс құрмаған. Араққұмар болып шықты. Биыл 9-сыныпты бітірген бір қайын сіңлім бар, жасы 16-да. Сонда ол некесіз туылған ғой. Осы жағдайдан кейін атамның туыстары араласпай кеткен екен. Медет нағашыларының қолында өсіпті. Үйленетінін де сол кісілерге айтқан екен. Бірақ нағашылары «Өз жұртың бар, әкеңнің әруағынан ұят болар» дегенді алға тартып, келінді өзінің анасы тұрған үйге түсіргені дұрыс деп шешіпті.
Ескі үй. Қабырғалары сөгіліп тұр. Әрбір жерінде ғана қызғылтым бояуы қалған ағаш еден. Бассаң сықыр-сықыр етеді. Терезелеріне әртүрлі шұрық-тесік шүберектер ұстап қойған. Ол шүберектердің ашылмағанына да біраз уақыт болса керек, үй қап-қараңғы, суық. Дүниелерінің бәрі ескі-құсқы. Өмірде осындай жағдайлардың орын алатынын біреу айтса, сенбес едім. Ал оның бәрі менің басымнан өтіп жатқанына аң-таңмын. Есіктен аттағаннан-ақ ата-анамды жерге қаратқанымды түсіндім. Өз-өзімді қатты кінәладым. «Өз еркіммен келдім» деп хат жазып, хабаршыдан беріп жібердім. Әкем жалғызының кеткеніне қатты қиналып, біраз күн ас ішпей, ешкіммен сөйлеспей жатып қалған екен. Тек «Жалғызымды қолдан ұзатар едім ғой» дей берсе керек. Медет қашып кеткенім жөн деп шешкендіктен, мен келіскен едім. Ол өз жағдайын білген соң, солай айтқан екен ғой.
Енем құдалық жайын ойламады да. Өліден қорықты ма, әйтеуір, нағашылары өлтірі апарып берді. Оған да рақмет! Осылайша «тегін кеткен қыз» атандым. Ата-анамның алдында ұятты болдым, оларды да ұятқа қалдырдым. Ата-анам туыс-туғанға тіке қарай алмады. Той дегенді атамай-ақ та қояйын. Одан үміт те жоқ еді.
Медет беташардың ертесі жұмысына шығып кетті. Әлі есімде, жалғыз өзіме залға төсек салып берді. Бір тышқан төсектің астынан жүгірген бойы шкафтың астына кетті. Бірдеңелерді шылдырлатып жүр. Ал көзімді іле алсамшы. Ол аздай түрлі ойға батып, жылап жатырмын. Таң ата көзім ілініп кеткен екен. Шықылдаған торғай үні оятып жіберді.
Екі күн дегенде Медет келіп, алып кетті. Екеуміз пәтер іздедік. Қаланың шет жақтарынан арзан-құрзан жер үйлерді аралап жүрміз. 9-сыныптан кейін кәсіптік мектепке оқуға түскен қарындасы да бізбен тұрмақшы. Оның бар шығыны да бізге артылды. Біраз пәтер араладық. Қалтамызға ыңғайлысы оңайлықпен кезіге қоймады. Медет жалақы алмайды. Бастығымен солай келіскен. 3 жыл балаларын тасыса, көлік өз меншігіне өтеді. Оның әлі 2 жылы бар. Бос уақытында көлікті өзі игілігіне пайдаланады. Сонымен біраз ақша жасап, күн көрмекшіміз. Қосымша менің шәкіртақым бар.
Ұзыннан ұзақ салынған пәтерлер. Ортасын бір бөлмеден бөле беріпті. Не қоршауы жоқ. Алдында үлкен үй тұр. Сірә, осы пәтерлердің иесі болар. Есігін қағып едік, бір жас келіншек шықты. Мән-жайды түсінген соң, пәтерлерін көрсете бастады. Кейбіреулерінің есігін ашса, көгерген иіс қолқаны қабады. Оны ойлап тұрған иесі жоқ. «Тұрамын десеңдер, 25 000 теңге» деп қояды. Ол да бізге қымбаттай көрінді. Үндемедік. Үнсіздігімізден аңғарды ма екен: «От жаға аламыз десеңдер, анау бөлме де бос. Бөлме үшін 10 000 теңге төлейсіңдер. Тек отты үзбей жағу керек», – деп пеш тұрған бөлмеге алып келді. Сол арқылы қалған 7 бөлме жылиды екен. Бізге ыңғайлысы осы көрінді. Бірақ қыс бойы көршілерден ұрыс естумен болдық. Жақынырақ бөлмедегілер «ысып кетті» десе, үш-төрт бөлмеден кейінгілер «от салмадыңдар» деп арызданады. Пештің түбінде, қуықтай бір бөлмеде өзіміздің не болғанымыз айтпасам да белгілі.
Көктемде жұмысқа шықтым. Күн салқындағанша, от жағатын бөлмеден жанындағысына ауысып алдық. Қанша қиналсақ та 1 жыл шәкіртақымды жинадық. Декреттік демалысқа шықтым. 2 жыл өткенде көлік Медеттің меншігіне өтті. Оны сатып, арзанын алдық. Бар ақшамызды қосып, қаланың маңынан жер сатып алып, екі бөлмелі үй салдық. Енемді өз қолымызға алдық. Оның өзі бір – хикая. Жалғыз өзі тұрып-жүріп үйренген кісімен тұру қиынның қиыны екен. Оны жазсам, журнал толар. Қазір бір-бірімізге үйренісіп кеттік. 3 жыл тұрған соң, 2 бөлмені 5 бөлмеге кеңейттік. Кейіннен екінші қабатын көтердік. Медет саудамен айналысып жүр. Мен мектеп директоры қызметіндемін. 2 ұл, 1 қызымыз бар. Аллаға шүкіршілік етемін. Қанша қиналсақ та біздің отбасымызда жаға жыртысқан жанжал болып, жылап үйіме барып көрген емеспін. Кейде жоқшылықтан қиналғанда, достарыммен араласа алмаған кезде «бұлай өмір сүргенше, кәрі қыз болып жүргенім жақсы еді» деп жылап алатынмын. Бірақ онымды Медетке көрсетіп, еңсесін түсірген емеспін.
Көтеріп тұрып, құлатады өмір,
Күлдіріп тұрып, жылатады өмір.
Етегің толып, еңіреген кезде,
Қайтадан өзі жұбатады өмір,
Үмітіңді үзіп, түңіле көрме,
Құлап барып та гүл атады өмір.
Үп еткен желге дірілдей берме
Шыдамдылықты ұнатады өмір, – демекші, қазір бәрі көрген түстей өте шықты. Солай ойлап, жылаған күндерім есіме түссе, еріксіз езуіме күлкі оралып, құлыншақтарымды көріп, тәубеме келемін. Ерінбей еңбектенген адамның алмайтын қамалы жоқ екендігін менің отбасылық 10 жылым дәлелдеп бергендей көрінеді.
Әсел, Қаскелең қаласы