«Қылмысты бір жыл бойы жоспарлады»: Күйеуін өлтіріп, жазасын өтеп жатқан әйелдің жан сыры
Қоғамда резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа үкім шықты. Өз әйелін аяусыз өлтірді деп айыпталған шенеунік 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға тек Қазақстан емес, сонымен қатар, басқа елдерді де дүр сілкіндіріп, Желіде резонанс тудырды. Отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан жыл сайын қанша әйел көз жұмады? Ал қанша әйел өзін, баласын қорғаймын деп күйеуімен арпалысып жатқанда жұбайын өлтіріп алады? Бұл - оқиғаның басқа қыры. Massaget.kz тілшісі Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі колонияда күйеулерін өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан әйелдермен сұхбаттасты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ойраны шыққан отбасыда жанжалдың көбі классикалық түрде басталады: күйеуі ішеді, әйелін ұрады. Әйел балаларын алып, үйінен кетіп қалады. Есін жиған күйеуі кешірім сұрайды, екеуі қайта қосылады. Ұрып-соғудың себебі де бірдей - қызғаныш. Әдетте бірнеше бала тапқан әйел ішімдікке салынған күйеуін тағдыр тәлкегіне тастап кетуге қорқады. Бірде "Қалай күн көремін?" "Балаларымды қалай асыраймын?" десе, енді бірде "Мен оны жақсы көремін", "Ол әлі өзгереді" деген сенім болады.
Әрине, әйелдің көбі Құдай қосқан қосағын жамандыққа қимайды. Ал арыз жазып, полицияға берейін десе - "ұят".
Қазір қоғамда резонанс тудырған Бишімбаев ісі - медальдің бір жағы ғана.
Әйелдердің қалауы бойынша аты-жөні өзгертіліп, түрі көрсетілмейді.
Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесі қаладан 50 шақырым жерде орналасқан. Онда "Мен кете алмадым", "Балаларымның жетім өскенін қаламадым", "Абайсызда болды", "Күйеуімді жақсы көремін" деген, алайда уақытты кері қайтара алмай, шарасыз отырған әйелдер бар. Біз 2 әйелмен сұхбаттастық. Екеуінің де хикаясында ұқсас детальдар бар. Олар - арақ, қызғаныш пен өлім.
Алғашқы кейіпкер - Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, жасы 37-де. Ол Қазақстан Республикасының 99-бабы 1-бөлігі бойынша 8 жылға сотталған. 5 баланың анасы, олар қазір Бағанашылдағы балалар үйінде.
Күйеуімен 2008 жылы отбасын құрған. Оның айтуынша, күйеуі намазына берік, иманды болған. Алайда кейін араққа салынып, барынан айырылған. Тіпті басқа әйел тауып кетіп қалған. Әйел күйеуін пышақтап өлтіргені үшін сотталды. Әлі 5 жыл темір торда өткізбек.
- Оқиға қалай басталды?
"Бізде отбасылық қой. Күйеуім күнде ішіп келетін, ішкен күнде газ баллонмен арпалысатын. Бір күні, әлі есімде, ол кезде 2 бөлмелі үйде тұрдық. Оянсам, мұрныма иіс келіп жатыр. Күйеуім ішкен жерінде құлаған, газ баллон ашық қалған. Сөйтіп 2013 жылы бір өлімнен аман қалдық. Ішкен кезде есін білмей, тапқан-таянғанын араққа құртатын. "Осы менің досым" дейтін. Үйден айлап жоғалатын. Туысқандарына да айтатынмын. Кейін адам қалпына келеді де, 2-3 айдан кейін қайта бұрынғы әніне басады. Үйдегі сапалы заттың бәрін сатады. Басында бәрі жақсы болған. Ол кезде 5 уақыт намазын оқитын. Шынымен Алладан қорқатын шығар деген үміт болды. Кейін араққа салынды. Сосын қайта намазын оқитын. 2012 мен 2021 жыл аралығында қанша рет 102 шақырдым. Кейде аптасына 5-6 рет шақыратынмын. Ішіп алғаннан кейін үйдегі заттың бәрін шағатын. Бір күні кеудеме бөтелкенің сынығын тығып жіберген кезі болды", - дейді кейіпкер.
Кейіпкер бұл кездері мешітте тазалықшы болып жұмыс істеген.
"Ол менің намысыма тиетін жаман сөз айтатын. Маған "Неге мешіттегі адамдар көмектесіп жүр? Мүмкін мен жоқта басқа байларың келіп жүрген шығар" дейтін.
Соңғы сөйлескеніміз есімде. Түнде келді. Аздап ішіп алған. Қолында пакеті бар. Мен "далада қонасың, ішкен соң үйге кірмей-ақ қойшы" дедім. Бір кезде қарасам, үйді айнала жүгіріп жүр. Сыртқа шықсам, "артымнан қара киінген біреу қуып жүр" деді.
Бір күні ұлым түнде әжетханаға барғысы келіп кетті. Соның қасында өрік ағашы болатын. Ұлым "мама, ағашта біреу асылып тұр" деді. Жақындап барсақ, күйеуім асылып тұр. Есіктің алдында сым қалып кеткен еді. Соны мен үйдің алдына жіп тартамын деп ойлап едім. Сөйтіп ұлым көршіні шақырып келді, мен пышақпен қиып үлгердім, алайда мойнына батып кетіпті. Сол кезде тірі қалды", - дейді ол.
Кейіпкер кезекті әрі соңғы жанжалда күйеуін пышақтап өлтіріп алған. Марқұм жұбайы үйге соңғы рет келгенде бүкіл ақшасы мен алтын сақинасын ұрлап кеткенін еске алды. Сол кезде күйеуі ұрланған қаражат жұмсалғанын, ал сақинаны қазіргі сүйіктісіне сыйлағанын айтқан.
- Күйеуіңізбен неге ажыраспадыңыз?
"Ертең балаларыма не деп айтамын?" деп ойладым. Балаларымды әкесіз өсіргім келмеген. Негізі қазір ойлап отырсам, еркек бір рет қол көтерсе, бірден ажырасу керек екен. Бала-шағаға ондай тәрбиенің қажеті жоқ. Олар қанша ұрыс-керіс, төбелесті көрді. Мен олардың психологиясын өзгертіп алдым. Негізі балаларым ашық, ақкөңіл еді. Қазір үлкен қызыммен сөйлескенде кеудесінде өксік тұрады. "Анашым, бізде қазір бәрі бар. Бірақ сіз ғана жетіспейсіз" дейді. Менің сиқырлы таяғым болып, бостандыққа жетсем, еркек атаулыға жоламаспын.
Негізі таяқтың екі ұшы болады ғой. Әйел адам темір емес. Ол да біреудің мәпелеп, аялап өсірген қызы. Тамағын істейді, кірін жуады, балаларын тәрбиелейді, бірақ сонда да әйел кінәлі. Әрине, көпке топырақ шашқым келмейді. Қанша дегенімен, әйел адам нәзік қой. Қандай жағдай болмасын, "балаларымыз жыламаса, жетімдер үйінде өспесе, жетімдер санын көбейтпесе" дейміз.
Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бірақ екінші балаға аяғым ауыр болған кезде ішіп бастады. Кейін ұрып-соғуы да қосылды. Мен ешқашан оған қарсы шықпайтынмын. Мен мүлдем үйден кетпедім. Біз жалдамалы пәтерде тұрдық. Анам ерте қайтыс болған соң, бала-шағамды алып, әкемнің үйіне барғым келмейтін. Өзімді "ажырасып кеттім" деп түсіргім келмейтін. Күйеуім 1 пакетке киімдерін жинап кетіп қалатын. Материалдық жағдайдың жетпейтініне қынжылатын да шығар деп ойлайтынмын. Бірақ оған ештеңе керек болған жоқ. "Өлсем, бәрі артымда қалады ғой" дейтін. Сол кезде көзім соқыр болған. Қазір бұл туралы көп ойлаймын ғой. Мен оған құдайымдай сенетінмін. Не десе де, жарайды деп жүретінмін. Түбі осыған әкелді", - дейді әйел.
- Күйеуіңіздің жағдайын туған-туыстарыңызға айттыңыз ба?
"Ата-анасына қанша рет хабарласып айтатынмын. 2019 жылы ата-анасы тірі еді. Енеме айтқанда "енді мен не істеймін, мен туғанмен, мінезін туған жоқпын ғой" дейтін. Туған ағалары да келіп, сілкіп алатын. Сол кезде қолына Құран ұстап, енді ішпеймін деп уәде берген. Менің де отбасым біздің жағдайды білді. Ағам тек "баяғыда ажырасып кетуің керек еді" деді", - деп еске алды әйел.
- Болған оқиғаға қатысты балаларыңызбен сөйлестіңіз бе?
"Балаларым келген кезде сөйлестім. Үлкен 3 балам бәрін түсініп тұр. Төртінші қызым әлі білмейді. Бұрынғы күйеуім екі қызымды ұрған еді. Олар "анашым, әкесіз өмір сүрген жақсырақ" дейді, ал ұлым "анашым, басқа қалаға кетіп қалғанымызда ғой" дейді. Балаларым әкесін мүлде сұрамайды.
Балаларымды көріп тұрамын. Ашық есік күндерінде осында әкеледі. 2 сағат бірге өткіземіз, ал былай бейнеқоңырау арқылы күнде сөйлесеміз", - дейді кейіпкер.
- Не себептен балаларды туыстарыңызға бергіңіз келмеді?
"Мен балаларды екі жаққа да бергім келмеді. Балалар болған соң ұрсып қалады ғой. Оған қоса, қыздарды қатты уайымдаймын. Туысқандарымның ер жетіп тұрған ұлдары бар. Қандай жағдай болуы мүмкін екенін білмеймін ғой. Ешкім қысым келтірмеуі үшін бергім келмеді. Төбелесіп қалса, балаларындың жүрегінде дақ болып қалады ғой. Ал балалар үйінде оларды ешкім өлтірмейді. Барлық жерде камера бар. Маған жаныма қатты бататыны - балаларым ауырғанда жанында бола алмау. Былтыр қызым соқыршек болып, ота жасалған. Сол кезде қатты жүрегім ауырған", - деді көзіне жас алған ана.
- Бишімбаев ісіне қатысты көзқарасыңыз қандай?
"Әйел еркектің қабырғасынан жаралған ғой. Оны ит секілді тепкілеп қажеті жоқ. Мен ондай жауыздыққа шыдамас едім. Айуандық қой. Тіпті айуан деуге тілім келмейді. Айуанды да өйтіп қорлауға болмайды ғой", - деп күйінді ол.
- Сіз сияқты зорлық-зомбылық көрген әйел көп пе осы жерде?
"Көп. Бәрі бір-біріне ұқсас жағдай. Ішті, соқты дейді. Басын шифрмен, күрекпен соққы жегендер бар. Бәрі балалары үшін шыдаған. "Ұят болғаны" үшін қалғандары бар", - деді алғашқы кейіпкер.
- Тұрмыста зорлық-зомбылық көріп, болашақта жолдасым өзгереді деген сеніммен өмір сүріп жатқан әйел көп. Оларға не дейсіз?
"Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық көбейіп кеткен сияқты. Кез келген әйелден сұрасаңыз, "күйеуім ішеді, ұрады" дейді. Мүмкін, заңға өзгерісті бұрын енгізгенде әйелдер сотталмай, балалар жетімдер үйінде өспейтін бе еді? Оларға сабыр берсін. Бес саусақ бірдей емес қой. Бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Әйел де, еркек те өсіріп отырған ұл-қызын ойласа деймін", - деді ол.
- Бостандыққа шыққаннан кейін қандай жоспарыңыз бар?
"Егер сиқырлы таяғым болып, сол күнге қайтып оралсам... Мен Алматыдан басқа қалаға кетіп қалар едім.
Бостандыққа шыққаннан кейін өз баспанамда балаларыммен бірге тұрсам деймін. Негізі мен аспазбын. Сол машықты қайта қолға алсам деймін. Бала-шағаммен таңым атып, күнім батса, маған одан басқа ештеңе керек емес. Бар байлығым, бар қызығым - солар. Олармен қара су ішіп, қара нан жесем де бақыттымын. Осында отырған кей әйелдердің балалары да, ешкімі жоқ. Мен шүкір деймін. Мені бостандықта күтіп отырған балаларым бар", - деп қорытындылады кейіпкер.
Мұнда отырған әйелдер "тағдыр, пешенеге жазылғаны" деп жұбатады. Әркімнің тағдыры әрқалай.
Екінші кейіпкер 32 жаста. Әйел түзету мекемесінде сәбиін дүниеге әкелген. Қазір ол 2,5 жаста. Жарты жылдан кейін балалар үйіне ауыстырылуы керек.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша бас бостандығымнан айырылдым. Түрмеде отырғаныма 3 жарым жыл өтті. Енді 5 жарым жыл қалды. Оқиға болған кезде жүктілігімнің 13-14 аптасы едім. Күйеуіммен азаматтық некеде болған едік. Ол кішкентай кезінде жасөспірімдер колониясында отырып шыққан. Соның әсерінен анасының махаббатын сезіп өспеген. Маған тек әйелі ретінде емес, сонымен қатар, әпкесі, анасы ретінде қарайтын. Менімен қарым-қатынас құрмас бұрын махаббаттан жолы болмаған, оны бұрын сатып кеткен. Соның әсерінен маған да сенбейтін. Көп күмән келтіретін. Мені көп ұрып-соғатын. Бір емес, бірнеше рет кетіп қалатынмын. Есі сау кезде келіп, аяғыма жығылып, "анашым кешірші" дейтін. Сөйтіп екеуміз қосылатынбыз", - дейді кейіпкер.
- Сол күнгі оқиға туралы айтып берсеңіз?
"Сол күні бәрі ойламаған жерден болды. Біз ауылға оның ата-анасына барып келдік. Кейін үйге тамақ алдық. Бізбен бірге оның ағасы болған. Кешке екеуміз кафеге бардық. Онда көп танысымды көрдім. Олармен амандасқанымды қызғанды. Сол жерде ұрыс шығарды. Мен қатты ұялдым. Екеуміз үйге жеткенше қырғи қабақ болдық. Үйде де ұрыстық. Бірінші болып қолына пышақ алды да мені жарақаттады. Кейінгісі есімде жоқ. Қолымды сілтеп жібергенде өлтіріп алғанмын. Нақты қалай болғаны, не болғаны есімде жоқ. Көз алдымда жерде қанжоса болып жатқаны ғана. Ағасына "көмектес, жедел жәрдем шақыр, ол әлі тірі" деп айқайладым. Маған қарап тұрғандай көрінді. Кейін жедел жәрдем мен полиция келіп, мені алып кетті. Қолымдағы жарақатты таңып болғаннан кейін мені тергеу изоляторына апарды. Басым істеген жоқ. Пранк сияқты көрінді", - дейді әйел көзіне жас алып.
- Мұндай адаммен ара-қатынасты үзуден не ұстап тұрды?
"Маған оның анасы да қанша рет ұрысқан. "Кет, ол әкесі сияқты, ешқашан өзгермейді, онымен бақытты болмайсың" деген. Мен ешкімді тыңдамадым. Оған сенгім келетін, оның өзгеретініне сенімді болдым. Ішпеген кезде ең жақсы адам еді. Ұрып-соққанда бірнеше рет полиция мен жедел жәрдем шақырғанмын. Тергеу кезінде ол ескерілмеді. Ешкім менің жүкті екеніме, балаларым барына пысқырған да жоқ. Қазір мұндай жағдайларға аса көңіл бөлініп жатқанына қуанамын. Ештен кеш жақсы ғой. Әйтеуір біреу менің кейпіме енбейді.
Маған қасақана өлтірді деген айып тағылды, бірақ олай емес. Мен одан екінші рет жүкті болдым. Екеуміз некені заңдастырмақ едік. Мұны бәрі білетін. Алғашында оның соққысынан ішімдегі баламыз түсіп қалды. "Қылмысты бір жыл бойы жоспарлады" дейді, өлтіргім келсе бұрын ойланбастан өлтірер едім ғой", - дейді әйел.
- Қалай таныстыңыздар?
"Мен кафеде бармен болып жұмыс істедім. Ол сонда құрбыммен келді. Сөйтіп жазып, келіп жүрді. Гүл сыйлайтын. Бірге қыдыратынбыз, кейін бірге тұра бастадық. Қатты қызғанатын. Өзімді ешқайда жібермейтін, тіпті туған анасына да жібермейтін. Соңымнан қалмайтын. Мені қанішер қылып қойды, иә, мен өлтірдім, бірақ оған әсер еткен нәрселер ешкімді қызықтырмайды.
Мен қасақана өлтірмедім ғой. Оның махаббат көріп өспегені үшін, біреу сатып кеткені үшін мен кінәлі емеспін ғой. Көрген қорлығын айта беретін.
Мен оны сүйдім. Оған сенгім келетін. Есі сау кезде мүлде басқа адам сияқты еді. Жаным ашығаннан қосылатынмын. Оған тіпті жақындары сенбеді, теріс айналған. Мен керісінше, оның өзгеретініне күмәнім болмады. Тіпті менімен көлік жууға бірге жұмысқа тұрды. Сол кезде бір тұтынушыға қызмет көрсетіп тұрғанымда қызғанып, шу шығарды. Жұмыс күні аяқталмайынша кетіп қалуға тура келді. Бала дүниеге келгесін өзгеремін деп уәде берген", - дейді ол.
Кейіпкер балаларының жағдайы туралы айтты.
"Қазір балам 2 жарым жаста. Анам оны денсаулығына байланысты баға алмайды. Үлкен ұлдарым да баға алмайды. Балаларым зардап шегіп жатқаны жаныма батады. Анасы тірі кезінде оны жетімдер үйіне бергім келмейді. Ал оның ата-анасы ішкенді жақсы көреді. Менің көргенімді көргенін қаламаймын, онда күнде ұрыс-керіс, төбелес. Қазір балам жанымда. 5-6 айдан кейін баламды балалар үйіне тапсыруым керек, қайда берерімді де білмеймін", - дейді ана.
- Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдіре аласыз ба?
"Әр жанжалға екі адам кінәлі ғой. Мен екі жақты да жақтай алмаймын, оқиға орнында болмадым. Бұл да қызғаныштан болып тұр ғой. Екеуінің арасында не болғанын білмейміз, сондықтан менің сынайтындай құқым жоқ", - деді ол.
- Қорлық көріп жүрген әйелдерге қандай кеңес бересіз?
"Бірден кеткен дұрыс. Мен оның да, өзімнің де анамды тыңдамағаным үшін өкінемін. Кетпегенім үшін қатты өкінемін, бірақ бәрі кеш. Ал мұндай жағдайға тап болған әйелдерге кеткен дұрыс. Балалары үшін шыдап, қайда барарын білмейтін әйелдерге де кеткен дұрыс. Өзіме де, балама да нан табар едім. Тіпті көлік жуатын жерде де тұрар едім. Бірақ мында емес. Жағдай былай ушықпайынша бәрін доғарған дұрыс. Бір рет қол көтерсе, үйреніп кетеді. "Өзгеремін, енді олай істемеймін" деп жатады ғой. Олай емес, бір рет кешірсең, олар келесіде де кешіреді, кешіруге міндетті деп санайды. Әйелдеріне тек ез еркек қол көтереді. Мұндай ері бар әйелге тек қашу керек. Олар өзгермейді, оларға сенудің қажеті жоқ", - деп түйіндеді кейіпкер.
2024 жылы наурызда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша 5 әйел сотталған. Ал былтыр жыл аяғында 99-бабы бойынша темір торға тоғытылғандар саны 49-ға жеткен.
Қазір ҚАЖ мекемелерінде 2 мыңға жуық әйел жазасын өтеп жатыр, мұнда 3 жасқа дейінгі балалары бар аналардың саны қырыққа жуықтайды.
Күйеуін өлтіріп, істі болған әйелдер саны белгісіз. ІІМ мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 99-бабында жәбірленушінің туыстық байланысы көрсетілмейді, сол себепті ішкі істер органдарында мұндай статистикалық дерек жүргізілмейді.