Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бұл – көрші пәтерде тұратын келіншектің мұң-зары. Өмірде болған оқиғаны сіздерге қаз-қалпында жеткізейін.
«Күйеуімнің маған деген көзқарасы аяқасты мұнша өзгереді деп ойламап едім. Қандай бақытты едік. Жан жарым жұмыстан келе сала екі ұлы мен бір қызын ойнатып, сабағын қаратып, одан қалса, ас үйде жүрген маған көмектесіп, жаны қалмайтын. Табысының бір тиынын сыртқа шашпай алып келуші еді. Сенбі, жексенбі күндері отбасымызбен қала сыртына барып демалып, мәре-сәре болып жатушы едік. Бірақ соның бәрі қазір көрген түстей болып қалды. Соңғы кезде күйеуім қатты өзгерді. Жұмыстан жай келеді. Пісірген тамағым, қайнатқан шайым ұнамайтын болды.
«Шуламаңдар» деп балаларына зекитінді шығарды. Жұмысында бірдеңе болған шығар, шаршап жүрген шығар дегем. Балаларым да баяғыдай емес, әкелері келгенде бағжаңдап, үркіп тұратын болды. Ол болса түнде мені баяғыдай еркелетіп, құшақтауды да қойды. Жастығын құшақтап, күрсінетінді шығарды.
Бірде оңаша қалғанда: «не болды жасырмай айтшы» деп құшақтап едім, қолымды лақтырып тастап, ала көзбен қарады. Бір нәрсе айтқысы келді. Бірақ үндемей тұрып кетті. Тіпті соңғы бірер аптада үйге қонуды да сиретті.
«Біреумен жүріп жүр ме, әлде көңілдес тауып алды ма?» деп жаным жай таппады. Аралас-құраласкеліншектерге айтып едім, олар күдігімді тіпті үдетіп жіберді. «Сенің үш балаң бар. Қартайып қалдың. Сондықтан ол бір жас қыз тапқан болар», деді бірі. Екіншісі «кім біледі, біреу басын айналдырып, дуалап жүр ме?» деді. Не істерімді білмедім? Өйткені күйеуім үйге келуді сиретті. Үйге келсе, диванда теріс қарап жастық құшақтап жатады да қояды.Кейде өз-өзінен күбірлеп жатқанында байқап қалдым.
Бірде ұйқысырап жатып, «Фания, Фания» деп бір әйелдің атын атап, өксіп шықты.
Таңертен «Фания деген кім?» деп сұрап едім. Күйеуім алғашында айтқысы келмеді. Сосын барып, «осыдан бір жыл бұрын жұмысқа бара жатып, жол-жөнекей бір келіншекті ала кетіп едім. Ұлты татар екен. Аты Фания. Сенен жасырып араласа бастадым. Өзінің айтуынша, күйеуі ертерек қайтыс болып кетіпті. Жалғыз тұрады. Жұмыс арасында ара-тұра үйіне барып жүрдім. Жақсылап дастархан жасап қарсы алатын. Соңғы үш-төрт айда ол келіншек есімнен шықпайтын болды. Жарыққа үймелеген жынды көбелектей оны көрмесем, тұра алмайтын болдым…
Не сиқыр бар, білмедім, Айналып сол үйге бара беремін», дегені.
Не істерімді білмедім? Өйткені күннен-күнге күйеуімнің өңі қашып, үйге келген кезде өз-өзімен күбірлеп сөйлесе бастады. Ағайын-туысқа отбасымыздағы жағдайды жасырмай айтуға тура келді. Олар тәуіпке барыңдар десті. Бардық. Сөйлестік.
«Күйеуіңді дуалап тастаған», деді олар. «Дуалағанда да қатты дуалаған. Татарлардың дуасы бөлек. Оны қайтару қиын. Оның үстіне, дуа сүйекке өтіп кеткен» десті.
Тығырыққа тірелдік. Аға-інілерім «Әлгі келіншекті көрсет. Өлтіреміз» деп күйеуімнен оның тұратын жерін сұрап алып барды. Сөйлесті. Қорқытты. «Менің еш кінәм жоқ. Өзі «ғашықпын» деп үйден шықпайды. Көршілер куә», деп көршілерін шақыртты. Олар да менің күйеуім осы үйге жиі келетінін айтып берді. «Дуа дегенді білмейді екенмін. Аулақ жүріңдер. Сотқа арыз жазамын. Керек болса күйеуіңе ие бол» деп өзіме тап берді.
Не істеймін? Еңіреп жылап үйге қайттым.
Сөйтіп жүргенде күйеуім ауырып, жындыханаға түсті. Қазір сонда. Кейбірлеулер «дуа сүйекке сіңіп кетсе, оны қайтару мүмкін емес. Ол адамды о дүниелік деп санай беріңдер», дейді. Не істеймін, кімге барамын? Білмеймін».
Аян Мырзабек