Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бала күніміздегі әке-шешеміздің күнде қырылса да, бірге тұрған кездерімізді аңсайтын болыппын. Қазір жасым отыздан асып барады. Сіңілім жиырма сегізде. Үйде екеуміз-ақ.
Мен он тоғызға толғанда әке-шешеміз ажырасып кетті. Әкем басқа адам тапты. Шешемнің бұрыннан ащы суға әуестігі болатын. Ажырасқаннан соң тіптен беріліп кетті. Пәтерде тұрсақ та басында жағдайымыз жақсы еді. Сіңлім екеумізге тұрмысқа шықса керек болады деп, комплект-комплект алтын жинады. Сөйтіп жүріп 17 жасар сіңлімді өзі қаламаған адамға ұзатып жіберді. Ал қалған дүниенің бәрін ішіп жүріп, тауысты. Айналдырған бір жыл ішінде тақыр кедейге айналып шыға келдік. Тіпті кейде үйге әйел-еркегі аралас достарын әкеліп ішетін. Соңында қатты ыза боп, достарының бәрін айқайлап қуып шықтым. Шешем мұныма ренжіді әрине. Бір күні шешемді таппай қалдым. Бір досының үйін білетінмін. Ішім сезіп сонда бардым. Үйге кірсем, топырлаған 5-6 еркектің ішінде шешем жалғыз өзі ішіп отыр. Жылап-жалынып жүріп үйге алып қайттым.
Ең сорақысы бір жылдан кейін шешеміз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Телефон көтермейді. Полицияға арыз бердік, таба алмады. 3-4 ай өткесін шарамыз құрып, тәуіптен тәуіп қоймай аралап кеттік. Істемегеніміз қалмады. Мен төртінші курста оқитынмын. Туыстарымыздың үйінде тұрып жатқасын, сол үйдің тірлігін құлдан бетер істеп жүрдім. Оқудан шығып кете жаздадым. Құдай қарасып, диплом қолыма тиді. Шешем 1 жыл болса да табылмады. Тәуіптің бірі тірі десе, бірі өлді дейді. Қатты күйзеліс денсаулығымды да құртып жіберді. Басым айналып әрең жүрген кезде, туыстарымыз да құлша жұмсауын қоймады. Содан Семейден қашып Алматыға кетіп қалдым. Ол жақта бір алыс туысымыздың баласын күтуші болып жүрдім. Басында бәрі жақсы болатын, кейін мен қарап жүрген балалардың анасы, жеңгем күн көрсетпей кетті. Бала күтуші деген атым ғана, үй жинау, ыдыс жуу, киім үтіктеу сияқты тірліктердің бәрін басыма артып қойды. Анам табылып қала ма деген үмітпен нөміріне күнде хабарласып тұратынмын. Өшірулі. Шешемді табам-ау деген үмітім бірте-бірте сөніп бара жатқанда, анда-санда телефоныма бейтаныс нөмірлер хабарласып тұратын болды. Көтерсем үндемейді. Шешем екенін сезіп жүрдім.
Бір күні жеңгеммен қатты ұрсысып, үйдің тоғызыншы қабатына көтерілдім. Бәрі бітті деп ойладым. Терезеге шығып, секірмек болғанымда, телефоныма қоңырау келді. Бейтаныс нөмір. Шешем екенін сездім. Көтерсем тағы да үнсіз. Ызадан жарылардай боп: "Сіз екеніңізді білем. Мен қазір тоғызыншы қабаттың терезесінде тұрмын, егер бұл жолы да ештеңе демесіңіз, мәйітімді де таппай қаласыз",- деп айқайладым. Тұтқаның ар жағынан шешемнің пысылдап жылағанын естідім.
"Кешірші... кешір" деп қайталай береді. Алматыда екен. Адресін біліп, бірден тарттым.
Шешемді алғаш көрген кезде қаттым да қалдым. Не жылай алмадым, не күле алмадым. Тіпті бас салып құшақтай да алмадым. Сонша уақыт бойы бізді тентіретіп жоғалып кеткен адамға деген ренішім шемен боп қатып қалған екен. Ол құшақтап жылап жатыр. Жылап жатыр. Сол жерде тұрып, көзім қарауытып есімнен таныппын. Ар жағы есімде жоқ.
Содан бері он жыл уақыт өтіпті. Шешем сол адаммен тұрып жатыр. Ішкенін қойды. Жұмысқа тұрды. Мен Семейге қайтып, жұмыс таптым. Сіңлім қаламай тиген адамынан ажырасып, қызымен бірге менің қасымда. Шүкір деймін өз қолымыз, өз аузымызға жетіп, еңсе тіктедік. Кейде біз шешемізге, шешем бізге келіп тұрады. Бірақ оны әлі де толықтай кешіре алмаппын... Енді ғана есейіп келе жатқанда шеккен азабымыз әлі де санамнан толық өшпепті. Тіпті, сөйтіп жүріп өмірімнің қайтіп өтіп, отызға қайтіп келіп қалғанымды да білмеймін.