Қарыз сұрай беретін туған анамнан әбден шаршадым

Oinet.kz 06-11-2023 1471

Кеше кешкісін анам телефон соқты. Көңіл-қошым болмай телефонды амалсыз көтердім

Screenshot_20.jpg

"Балам жағдайың қалай?" деп басталған сөзінің беталысы қарызға ақша сұрауға ұласатынын сезіп тұрмын. Сұрықсыз дауыспен: 

- Жақсымын, -деп қысқа жауап қайырдым. 

«Балам қарызға...», - деп енді басын бастай бергенде «...өзіме жетпей жүр ақша»,- дедім. Үні бәсеңсіген анамның дауысынан өкінішті байқадым. Осылайша арамыздағы әңгімеге нүкте қойдым. 

Бүгінгі таңда еліміз үлкен дағдарыс кезеңін бастан өткеріп жатқаны белгілі. Осындай ауыр кезеңде халықтың дені несие алуға банкке қарай ағылып жатқаны да ақиқат. Сол көпшіліктің бірі боп менің анам да несиені амалсыз алды. Жыртығымды жамаймын деп бір банктен емес, бірнеше банктен. Тіпті, бір несиені толық жауып болмай тұрып, екінші бір банктен несие алуға мәжбүр болды. 

Өзім он жылға жуық уақыт болды, қызмет бабымен қалаға келгенмін. Осында тұрып, «городской» атанып кеткелі талай уақыттың жүзі болды. Ауылға сирек барамын, тіпті соңғы кезде үйге қашан барғаным есімде де жоқ. 

Кеше анам ауылдан қалаға келген болатын. Мені кішігірім асханаға тамаққа шақырды.Анаммен бетпе-бет отырып, жақыннан сыр ақтарысып сөйлеспегеніме көп болған екен. Көзіне ұзақ қарадым, өте мұңды. Жүзі солғын тартқан, ондағы әрбір әжім — ішкі жан-дүниесінің жаралы екенін аңғартып тұратындай.

Ыстық сорпа іштік, артынша дәмі тіл үйіретін лаваш жеп алдық.  Сол арада анамның нөміріне қоңырау түсті. Байқауымша, Каспи банктен. Оператор қыздың орысшалап сөйлеген өктем дауысы естіліп тұрды. Анам бар жағдайын түсіндіріп әлек. Артынша, екінші бір банк звандап мазасын алды... Өзі әбіржіп тұрса да, «банктегі туысқандарым ғой, осылай телефон соғып, менен жиі хабар алып тұрады»,- деп әзіл аралас үн қатты. "Әлі төлемегенсіз бе, не бітіріп жүрсіз осы уақытқа шейін?"- деп жекіп бердім. Анам жағдайды түсіндіре бастады:

- Анау Астанадағы жүрген ініңнің соңғы кезде  жұмысы болыңқырамай жүр екен, соған біраз азық-түлік жібердім, пәтерақысын төлеуге қиналып жүр екен, оған да азын-аулақ ақша салып жібердім. Тұрмыстан қайтып келген үйдегі әпкеңнің де соңғы кезде көңіл-күйі болмай жүр, екі баласы жаңа киім әпер, деп жылаған екен, олардың да көңілін қалдырғым келмеді. Жарымжан қызымның жанына жалау бола алмасам анасы болып нағып жүрмін жер басып, - деп ағынан жарылды ақжаулықты анам. 

- Әкең де өткен аптада үйден шыға берістегі сатыдан түсе бергенде аяғы бұралып, құйымшағы шатынаған болатын. Соған 300 000 теңге көлеміндегі сомаға ота жасаттырып келген едім. Басы аман болсыншы өзінің. 

Анау тұрмыстағы кіші әпкеңнің баласы бір жасқа толыпты, кеш те болса бесік тойын жасаған екен. Қызымның абыройын жасап, тиесілі дүниесін апардым. Абысындары бетіне баспасын, анасы жоқ демесін, мен тірімін ғой,- деп көзіне жас алған анам, - несиемнің осы айдағы төлемақысын төлей алмағаным да содан еді, - деп сөзін жалғастырды. 

Сол сәтте қарсы алдымда анамның кейпінде отырған әулиені көрдім. Қаусаған қолдарынан ішіп отырған шекер қосылған тәп-тәтті шайым у татығандай күй кешкенім. 

Анашым-ай! Жаныңа найза қадалса да былқ етпейсің-ау! Бір үйдің ауыртпашылығын көтергенің аздай, несиемді төлемегенімді балам біліп қойып, ұятты болып жүрмесін, деп менен де қысылып шыр-пыр болдың-ау! 

Қиналғанда шыбын жаныңа араша бола білмеген мына мені де «арқасүйер ұлым бар», деп көкірек керіп жүрсің-ау! Саған ақыл айтып, данагөйсігенше бір сәт болсын жан-дүниеңе үңіле білсем ше?! Мектепте 25 жыл кіші қызметкер болып жұмыс істеген өзіңдей қарабайыр әйелдің көңілінің дархандығына қарап, өзімнің жоғары білімді азамат бола тұра ақыл-санамның соншалықты таяз екендігінен ұялдым. 

Көңілің қазақтың дархан даласындай неткен кең еді, апа?! Мен қолымнан келгенше өзіңе қамқоршы болып өтуге дайынмын, тек сен қасымда мені алтындай дұғаңмен демеп жүрсең болғаны! Менің осындай күнге жетіп, көштің алдында жүруімнің өзі әуелі Алла, сосын сенің арқаң емес пе, апа?! 

Кейде асылық жасап, үсіп-кеуіп артық кетіп жатсам, кешірші! Апа...

Санжар Ғұлама

Мейірімділік мекені отбасындағы бауырмалдықтан басталады
Біраз уақыттан бері сөйлесіп жүрген жігітім, алғашқы кездесуден кейін тайып тұрды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу