Ажалы ұлынан болған қария

Oinet.kz 11-04-2023 1636

Ұзақбай қария шыдамсыздана көшеге екі-үш рет шығып келді. Ұлы жоқ, көрінбейді. Қалың қар жамылған кең даланы қимағандай, алтын күн де сары табақтай болып, ұясына батып барады. Сақылдаған сары шұнақ аяздың ызғырынан дене тітіркенеді…

Screenshot_15.png

Үй іші мұздап бара жатқан соң Ұзекең алма ағашының бұтағын кәрі денесін селкілдете отырып, әрең жарды. Одан соң біртіндеп сылағы түсе бастаған ошақтың күлін шығарып, жарған ағашын ішіне салып, қағаз тұтатып от жақты. Түтіндеп барып әрең жанған оттың үстіне тезек қалады. Мұның бәрін ойдағыдай атқарып болған соң, пештің үстіне қақпағы майысып, сыры көше бастаған жез шәугімді қойды. Әй, шіркін-ай, осындайда көмір болар ма еді, үйді қыз-қыз қайнататын.

Ошақ алдында әлі күйбеңдеп жүрген Ұзақбай қария қалайша өзінен –өзі күрсініп жібергенін де байқамай қалды. Обалы не керек, Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде 84 жастағы байырғы жауынгер Ұзақбай Қарынбаевқа жергілікті әкімшілік екі тонна көмір босатқан еді. Бірақ, көмірдің қызығын қария емес, 34 жастағы ұлы Садық көрді емес пе?

Ұзекеңнің үйде жоғын пайдаланған ол екі тонна көмірді арзан бағаға кім көрінгенге сатқан да жіберген. Осылайша, көмірдің ақшасы арақ пен ойналған картаның еріксіз құрбаны болып кете барған еді.

Түн қоюланып келеді. Садық әлі жоқ. Баласын күте-күте шаршап, көненің көзіндей шәугіммен бір үйде жалғыз отырған Ұзақбай қария бәрібір сергіп кете алмады. Мұндай көңілсіз сәтте адам баласының қашанда ой құшағына терең малтып кетері өзінен-өзі түсінікті. Көңілі жабырқау тартқан үлкен кісі артта сағымдай болып қалып бара жатқан өмірін күрсіне есіне алды.

Ұзекең бір атадан жалғыз еді. Бірақ, оған еш мойымады. Құдайдың көрсеткеніне шүкір деп, жұрт қатарлы еңбек етті. Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, майданға аттанды. Көрер жарығы бар екен, ажал ордасынан аман оралды. Содан 40 жылдай ауылдағы шеберханада темір ұстасы болып еңбек етті. Осы аралықта жар сүйіп, балалы-шағалы болды. Бұдан 10 жыл бұрын қайтыс болып кеткен Сәнімкүл қосағынан төрт қыз, бір бала өрбіді. Алдыңғы төрт қызы құдайға шүкір, тұрмысқа шығып өз бақыттарын тапты. Ал, жалғыз ұлдың тағдыры оңай болмады.

Мектеп бітірген соң, әлдеқалай болып кете ме жалғыз ұл деп бар малын сатып, әскерге жібермей алып қалды. Елдің қолы жете қоймайтын «Жигули» автокөлігін де алып берді. Оны жарты-ақ жыл айдап, ақыры электр бағанасына соғып, шаруасын тындырды. Әйтеуір, өзінің аман қалғанына шүкір деді әкесі. Сосын, бар жиған-тергенін қалтасына салып, таныс арқылы жоғары оқу орнының біріне түсірді. Бірақ, баласы оқудың жартысына келгенде тастап кетіп, ауылды адаспай тауып келді.

Арада біраз уақыт өткенде бұрын көріп, сөйлеспеген біреудің бүлдіршіндей қызын бас салып алып қашып, ел-жұртты біраз әбігерге ұшыратты. Әйтсе де, өз қолыңды өзің қалай кесерсің? Ұзекеңнің тағы бір шығындануына тура келген. Қанша дегенмен, дүние деген қолдың кірі ғой, ең олжасы – қолына түскен келіні болды. Әрине, келінге той жасау, құда күту, кемпірі қайтыс болып кеткен қарияға оңай тимегені анық. Қыздары көмекке келіп, ағайын-туыстары жабылып дегендей, бұл міндеттен де абыроймен құтылды. Бірақ, жалғыз ұлдың жағымсыз қылықтары көбеймесе, азаяр түрі байқалмады.

Үйленгендеріне жыл толмай жатып, қарны томпайып қалған келінін ұлы ұрып-соғып төркініне қуып жіберді. Олар бет-аузы дап-дала болып келген қыздарын көріп, шошып кетеді де дереу милицияға хабарлайды. Қызыл жағалылар ізін суытпай келіп, Садықты алып кетеді. Ұзекеңе тағы шапқылаудан басқа жол қалмайды… Одан кейін де баласы әкесіне үш-төрт келінді сатырлатып алып келді. Бірақ, екі-үш ай өтпей асығып келген келіндері қарғыстарын жаудыра кетіп жатты.

Ақыры, әйелден жолы болмаған Садық бәрін жинап қойып, тек қана арақ ішумен айналысты. Қолға түскен ақшасын карта ойнау мен өкірте арақ ішуге жұмсады. Көбінесе бұл мақсатқа Ұзекеңнің пенсиясы да араласып тұрды. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегендей, алғашқыда әкесінен ақшаны ұяла сұрайтын ашқарақ ұл кейінірек батыл қадамға нық басты. Күш – қуаты шамалы, дәрменсіз, науқас ақсақалдың ақшасын қалтасынан суырып алып, өзін итеріп жіберу – еңгезердей Садық үшін үйреншікті дағдыға айнала бастағалы қашан?

Үйде сатуға жарамды зат, қорада бір тұяқ мал қалмаған соң, ең оңай олжа – пенсия екенін басқа білмесе де баласы жақсы білді.

Кенет есік сарт етіп ашылғанда Ұзекеңнің ойы тарыдай шашырап, өзінен-өзі селт ете қалды. Нұры тая бастаған әлсіз жанарымен сығырая қарағанда есікті аяғымен ашып, талтайып тұрған, екі көзі құтырған иттей қанталап кеткен өз ұлын көрді.

-Қалай шал, жартасқа қонақтайтын жаман жапалақтай жарбиып отырсың ба? – деп қарқылдап күліп алды.

-Е, отырмағанда қайда барам, енді,- деп Ұзекең де шар ете қалды.

-Тәк, мәселе былай. Маған кешегі алған пенсияңнан мың теңге бере тұр. Қазір карта ойнап ұтып алам да, азанда қалтаңа лично өзім салып берем, - деп Садық дастарханға жақындады.

-Алдымен есікті жапсайшы, үй жаңа жылып келе жатқанда, - деп Ұзекең сөйлей бергенде «тыңдамаймын сөзіңді, керегі жоқ» дегендей Садық қолын бір-ақ сілтеді.

-Болды, уақытым тығыз. Давай, тезірек бер, кетуім керек.

-Әй, ақша жоқ. Ертең Ақсудағы қызыма барам деген шамалы ақшам қалды. Қалғанын кеше өзің қағып алдың ғой.

-Кешегі алғаным біржарым мың-ақ теңге болатын. Қалғаны қайда? Давай бол, тырыспай тезірек шығар. Камокта мені достарым тықыршып күтіп отыр.

Әкесінің жуық арада қимылдай қоймағанына ызаланған Садық жерге бір түкірді. Сосын арақтың сасық иісі ауызынан мүңкіп тұрған жетесіз ұл қарияның алқымынан буындыра ұстап алды да, шүберекке мұқият түйілген ақшаны қалтасынан оңай суырып ала қойды.

-Тәк, қызыңа барсаң осы 500 теңге саған мына жерден жетіп артылады. Фронтовик ретінде автобусқа ақша төлемейсің ғой. Ал, мына 200-ды мен алам. Қорықпай-ақ қой, егер қолым жүріп ұтып кетсем, ертең-ақ әкеп берем. Неге сонша дірілдейсің? Көріңе арқалап кететін бе едің, ақшаңды? Жыламай-ақ қой… Осы жұрт бар жиған-тергенін балдарына жұмсамай ма?

-Не, мен саған бермей жүрмін бе, жүгермек-ау, - деп Ұзақбай қария орнына ышқына тұрмақ болып еді, Садық әкесін одан әрі қылқындыра ұстап, кереуетке қарай итеріп кеп жіберді. Сосын кереуеттің жақтауына оңбай құлаған әкесіне қарамай, әндетіп үйден шығып кетті…

Тауы шағылған әке қан жылап қала берді. Содан дастарханды шала-пұла жинап, төсегіне қисая кетті.

-Ұзақбай, - деп еді бұдан екі-үш жыл бұрын көрші тұратын Қайырбай құрдасы (ол жазған да қайтыс болып кетті) үйіне келіп.

-Мен Садықтан шын қорқайын дедім. Егер мен адам танысам, сенің балаңның енді адам болуы екі талай. Өткенде, біраз ақыл айтып ем, өзімді боқтап бәле болды. Одан да, үйіңді сатып басқа жаққа көшіп кет. Болмаса, ұят-аятты қойып, қарттар үйіне бар. Пенсияң бар ғой, оның үстіне өкімет те өлтіре қоймас. Мен сені табалағаным емес, құрдас. Бірақ, ұлыңнан қайран жоқ. Бір күні болмаса, бір бір күні араққа тойып алып, сені өлтіріп қоя ма деп қорқам.

-Білмеймін құрдасжан. Мен қарттар үйіне кетіп қалсам, жалғызымның күйі не болады? Айдалада қаңғып қалмай ма? Талай жыл түтін түтеткен үйдің оты өшпей ме? Қашанғы арақ іше берер дейсің? Еркелікті де қояр, санасына жетсе түсінетін шығар.

-Әй, қайдам, - деп Қайырбай басын шайқай берген еді сонда. Айтқанындай бір жолы Садықтың әкесін өлердей тепкілеп жатқанын көрген жұрт әрең ажыратып, мәселені көптің талқысына салып еді. Ауыл-аймақ, ағайын-туыс, қарияның қыздары жиналып, Садықты ортаға алды. Тіпті, жергілікті әкім де келді. Садық арақты енді ішпеймін деп көпшіліктің алдында уәде бергенмен, бүдірі жоқ жылтыр дөңгелектей сөзінде тұра алмады.

Ұзақбай қария жылап жатып көзі ілініп кеткен, тағы да есіктің сарт еткен дыбысынан шошып оянды.

-Ну как, еще не спишь, старик?-деп Садық сүзеген бұқаша теңселіп кіре берді. – Кароче, тағы бес жүзіңді алғалы келдім, шал, - деді одан әрі тілі күрмелген ұлы әкесіне төне түсіп.

-Қолым басында жақсы жүріп тұр еді, кейіннен, обшым, жүрмей қалды ғой… Сен ақшаны шын ниетіңмен бермей жылап беріп ең? Енді не болды, ұтылдым да қалдым. Давай, қисаймай қалған бес жүз теңгеңді шығар?

-Жоқ, өліп кетсем де бермеймін. Жоғал, аулақ! – деп Ұзекең орнынан тұра бергенде, көздері қанталап, тістері шықырлап кеткен Садық әкесінің жағасынан қылқындыра ұстап, басын дуалға аяусыз ұра бастады. Содан әбден құмары қанғанша ұрған малғұн әкесінің қалтасында қалған соңғы 500 теңгені қалтасына риза кейіппен салып, ыңылдай әндетіп шығып бара жатты… Кетерінде онсыз да сұлап жатқан әкесін жақсылап тұрып, бір теуіп өткенді де ұмытқан жоқ.

Бұл кезде дуалдан басы жарылған Ұзақбай қарияның шекесінен шып-шып аққан қып-қызыл қан сақалының арасына сіңіп бара жатқан еді. Онсыз да демі үзілуге таяу қалған қарияның арық қабырғасына ұлының гүрзі етігі тигенде бұл жалған дүниеге көңілі толмаған Ұзақбай қария ақтық демін алып, о дүниеге аттанып та кеткен болатын.

Ертесіне кешке дейін үйден шыққан тірі пендені көрмеген көрші-қолаң сезіктеніп, есікті ашқанда… Еденде қанға малынып, көздері аларып өліп жатқан Ұзақбай қарияны көреді. Ал, ұлының көрші ауылда қарта ойнап, мас болып жүргені мәлім болды. Көп ұзамай шағын ауылдың тұрғындары Ұзекеңді соңғы сапарға шығарып салды. Әкесін өлтірген қатыгез ұлдың қолына кісен салынып, ауданға жөнелтілді. Осылайша, онсыз да шағын ауылдағы бір үйдің түтіні мәңгіге шықпай қалды. Мезгілсіз шырағы сөнді… Қандай аянышты тағдыр еді десеңізші.

Мен бес баламды өлтіріп, сосын өзім өлемін
Қыздар, босаға аттамай, жігітпен жақындаспаңдар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу