Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бала инабатты, жомарт болып өскенде, арам мен адалды ажырата алатын жағдайға жеткенде, яғни, 18-ден асып, үйленіп, балалы болғанда "енді күндерін өздері көре алады" деп ата-анасы бөлек шығарады.
Бірақ, бөлек шығатын бала бірінші мына шарттарды білу керек. Кенже бала ешқашан бөлек шықпайды. Ата-ананы бағу - соның мойнында. Екінші, егер кенже бала ата-ананы бағатын жасқа жетпесе, жасы жеткен күннің өзінде жағдайы жетпесе, үлкен ұл бөлек шықпайды. Қысқасы, ата-ананы табыссыз тастауға болмайды. Және бөлек шығатындар атаның, әкенің, батасын алуы керек. Ата-ана ырза болмаса, бәрібір ол үйге береке жұқпайды. "Баталы бала арымас - батасыз бала жарымас" деген осыдан қалған.
Егер отау көтергендер жеке басының тыныштығын қалап бөлек шықса, олардың көкіректерін Құдай тарылта береді, діннің ләззатын алмайтын малкеуде, аянышсыз болып шыға келеді. Бұлардың балалары да ашкөз, жан тыныштығын ғана ойлаған ата-аналардың көңілсіз тірлігіне үйреніп, өзімшіл, өзінен ары ойлай алмайтын, ел қамын жемейтін, іші тар, даңғой болып өседі.
Әженің ертегісін есітпеген, атаның еркелеткенін көрмеген баланың мінезі суық, көпке жұғымсыз, жұрт қабағын аңдымайтын иіс алмас, сезбес, мейірімсіз болып шығады. Сондықтан, үйленген ұлдар балаларының бағы үшін кенже болмаса да ата-ананы асырауға, қолға ұстауға таласу керек. Кенже бала мықты болса, ата-ана бәрібір үлкендерді отау қылып бөлек шығарады. Мал береді. Ыдыс-аяқ береді. Бастарына үй сатып әпереді немесе бала өзі сатып алады. Отауға шығарғанда үлкен үйге кісі шақырып, кішігірім той жасайды. Қазақтың қай салты болсын жиынмен, көпшілікпен атқарылады. Өйткені, көпшіл болудың өзі иманның жартысын білдіреді. Неге десеңіз, ертеде жұрт жиналып билеп немесе КВН, дебат өткізбеген. Жиналғандар тек төрге би-шешенді, молданы, сұңғыла жырауларды, ділмар даналарды ғана шығарып, бәрі ұйып соның ғана сөзін тыңдап отырған. Сондықтан, жұрт осындай уағызға, ғибратты сұхбатқа көп жиналсын деп бұрынғылар енші беріп, отау бөлгенді де жиынға айналдырып жіберген. "Кісіге жапқан шапаның өз жаныңды да жылытады" деген сөз бар. Келгендер "отау үйге қосқаным" деп бір-бір кәделерін ала келеді. Мәселе дүниеде тұрған жоқ. Құдай "сылтауға кешірем, сыныққа беремін" - дейді. Өзімшілдікті, қызғаншақтықты жою үшін, нәпсіні сындыру үшін бабалар осындай кәдені шығарған. Және бұл - адаммен адамды жақындастыратын керемет жалғау. Кәде сыйлаған адамның бәрібір жаны жылыйды. Жүрегі жұбанады. Иманы бекиді. Және бұл кәде отау үйдің тұрмысы жас жұбайлардың өз проблемасы ғана емес, ол бүкіл елдің шаруасы. Олардың үй болып кетуі ортақ іс, ортақ тілек дегенді білдіреді. "Өмірде көргенге не жетсін - бар болса бергенге не жетсін" - дейтін, бұрынғылардың алды мал, жоқ дегені бір сырмақ, бір киіз берген екен. Қазір заман мұндай жомарттықты көтермейді. Ыдыс-аяқ, перде, ваза, тіпті кітап сыйлауға да болады. Бұған келіннің жасауы қосылып, жас отау ел қатарлы шаңырақ болып шыға келеді.
Өз алдына үй болып, бөлек шыққандар елге ұнау үшін, өздерінің иманын күн сайын бекітіп, үйге береке кіргізу үшін қонақ шақырып әлек болады. Келгендерді жақсылап күтіп жібереді. Келін мұндайда өзінің үй ұстай алатынын барынша көрсетеді. Иманды келіндердің үйі сиыр жалағандай жылтырап тұрады. Бұны көпке дейін абысындар "пәленшенің отауы, шіркін-ай, сиыр жалағандай жалтырайды, кірсең шыққысыз. Қонақ үзілмейді. Барсаң тура бір базардағыдай сұхбат айтып даурыққан ел, неше түрлі уағыздар мен бұрынғының әңгімесін есітесің" - деп, бастары кекшеңдеп қызғанып та, қызығып та сыпсыңдап, бірер жыл сөз қылысады. Көбіне мұндай отаулар жұрттың өзінен ауып жаңа тігілген басқа отауға ауып кетуінен қорқып, "қасиетті дастархан - тоғыз жолдың торабы" - дегенді ұстап, бас сұққан елге жік-жапар болып жарысқа түседі.
Негізі иманды үйдің абысыны өте тату болады. Бір-біріне малды қойып, балаларына дейін бере салады. Бір үйі мал сойса, бәрі сол үйде болады. Келе алмағандарына сыбағасын абысыны беріп жібереді. Бұл діні бар үйге келін болып құлықсыздау қыз түсе қалса, абысындар ортаға алып, жылы жүрекпен баурап, оның мейірімін оятып беруге ыңғайлы. Көбіне кенже келіндер бәрінен озады. Өйткені, түбінде осының қолында қаламыз деп, ата-ана оның дінін қатты қадағалайды. Отау үй болып шығу әулетке келетін ырыс, табысты бөлектеп алу деген емес. Табыс ортақ. Атаға бәрі бағынады.