Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Қазақтар қыздарын қалыңмалсыз күйеуге бермейтіні баяғыдан белгілі. Совет билігі кезінде қалыңмал туралы мәлімет үлкен кемшілік түрінде насихатталғандықтан, қазақтар қыздарын тек қалыңмал алып баю үшін ғана күйеуге беретін болған деген кереғар пікір қалыптасты.
Шындығына келгенде, олай емес. Қалыңмал қыздың ата-анасы үшін дүние табу құралы болмаған. Әдетте, қызға беретін жасаудың бағасы алынған қалыңмалдан көп болмаса, аз болмайтын. Бірақ, бұл басқа мақаланың тақырыбы болмақ.
Өткен ғасырларда бай кісілер басқа ауылдарды көп аралайтын болған. Олар осылайша өздерінің жасы кәмелетке жеткен ұлдарына қалыңдық қарайтын. Бір сөзбен айтқанда, бұлай ету, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа деген қамқорлық, лайықты жұп іздеу әдеті еді.
Әдетте, қызды күйеуге бермес бұрын тойға дейінгі дайындық: тойға дейінгі, той кезіндегі және тойдан соңғы, деп аталынатын үш кезеңнен тұратын. Әр кезеңнің өзіндік әдет-ғұрыптық ерекшеліктері болатын. Мысалы, бұған тойға дейінгі кезеңде екі жақ арасындағы келісім-ниет, құдалық және үйленгенге дейінгі күйеу бала мен қалыңдық арасындағы қатынас жатады.
Дегенмен, кей жігіттер өз ғашығын ата-анасының еркінен тыс алып қашып кететін жағдайлар жиі орын алып отырған. Бірақ қыз алып қашу ол кездері руаралық үлкен жанжалдарға апарып соғатын. Себебі ол кездері қыздарды жас кезінен айттырып қоятын болғандықтан, «басы бос» қыз ол кезде некен-саяқ болатын. Кейде қыз алып қашу ғашықтардың өзара келісімдері арқасында жүзеге асатын. Кейде қызды еркінен тыс алып қашу жағдайлары да орын алып отырған. Көбінесе қыз алып қашудың өзіндік себептері қыздың әкесінің қалыңмал мөлшеріне байланысты уәдесін орындамауы, немесе жігіттің тұрмыстық жағдайының қиыншылықтарына тірелетін. Сонымен қатар, айттырылып қойған қыздың өз ғашығымен қашып кететін жағдайлары да аз болмаған.
Айттырылған қызды алып қашу — қазақта қылмыс саналған. Алып қашқан жігіт айттырылған қызды қайтарған жағдайда екі есе мөлшерде қалың мал төлейтін. «Теңін тапсаң тегін бер» – бұл қазақ арасында әлі күнге дейін жиі айтылатын нақыл сөздердің бірі. Қазақтар осы бір өмір ережесін ұстанып, қыздарын қалыңмалсыз теңіне беретін жағдайлар да кездесіп отырған
Осындай бір оқиғаны музыка зерттеуші Ахмет Қуанұлы Жұбан «Ғасырлар пернесі» кітабында баяндайды:
«Халық аузында Тәттімбетке үш атадан қосылатын Беген деген кісі бірде Қарағай бойы жайлап отырған Бәсентиінге (ру – Б.О.) келеді. Жақсы домбырашы, әнші Беген өзінің өнерімен Тәттімбеттің жақыны екенін танытқандай болады. Бұған себеп – Беген Тәттімбеттің күйлерін көбірек тартады. Тыңдаушылар алдында Бегеннің абыройы арта түседі. Олар бірінен соң бірі «Тәттімбеттің күйін тарт» – деп Бегенді қаумалап отырып алады. Әсіресе, оның «Тәттімбеттің жақыны едім» деген сөзі бұрынғыдан да тыңдаушылардың назарын көбірек аударады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, сол арадағы біреудің қызы Бегенге ғашық болып қалады. Қыздың осы күнге дейін «басы бос» болуының нәтижесінде ата-анасы қызды Бегенге беруге қарсы болмайды. Олар қаншама малды жақсы көрсе де, қазақ әдеті бойынша бір жағынан қызды «малым» деп есептеп жүрсе де, Тәттімбеттің жақыны деген бір ауыз сөз үшін қалыңсыз беруге көнеді. Өз шаралары өздеріне жететін қыздың әке-шешесі көптеген жасаумен, артынып тартынып қызды ұзатып Бегеннің ауылына келеді. Бірақ мұндайды күтпеген ауыл оларға ешбір назарларын аудармайды. Бір жағынан қазақтың әдеті бойынша олар қалыңсыз қызды «арзан» деп ойлап та қалады. Қыздың әке-шешесі Тәттімбетке кісі жіберіп, өздерінің сәлемін айтады:
Қызымды бердім Бегенге,
Қазанқап ұлы дегенге.
Тәттімбеттей серінің,
Күйін алып келгенге, –
дейді.
Жасында ақын, әнші болған қыздың шешесі осылай бастап, өлеңмен біраз жайларды айтып тастайды. Тәттімбеттің күйлерін айдап келген малдан артық көргенін, бұл ауылдың да ежелден өнер қуған ауыл екендігін, қазақша айтқанда «құтыла алмай отырған қыз жоқ екендігін» баяндайды. Бұл оқиғаның түп-негізін енді түсінген Тәттімбет айналасының бәрін жинап, үлкен той қылып, ойын өткізіп, қыздың әке-шешесін көптеген мал, дүниемен қайтарады. Олар Тәттімбетке «айтса айтқандай-ақ екен» деп қатты разы болып кетеді.
Менің бәрі оқыған, білімі терең болған арғы бабаларымның бірі де осылай үйлі-баранды болған екен. Бірде солардың бірі жағдайы жақсы бір байдың үйінде қонақ болыпты. Бабамның түрлі кітаптардан жыр оқитынын білген үй иесінің өтініші бойынша, сол бір қонақжай шаңырақта таң атқанша халық жырлары оқылыпты. Ертесіне риза болған бай менің бабамды бірнеше күн қалып жыр оқуын өтініпті. Ол кезде кітап оқитын адамдар сирек болған ғой. Оқу мақамы жұртқа өте ұнаған болуы керек, ертесіне ауыл ақсақалдары бабама тағы біраз уақыт ауылда қонақ болып, жыр оқып беруін қалайды. Сонымен менің бабам үлкен кісілердің қалауына қарсылық танытпай сол ауылда біршама уақыт қалып жұртшылықтың көңілін әбден көтеріпті. Осы күндерді байдың сұлу қызы мен жыршы жігіт бірін-бірі ұнатып қалады. Жастардың арасында орнаған жарастық сезімді бүкіл ауыл сезсе керек. Бұл жағдайды қыздың ата-анасы да біліпті.
Сонымен қоштасатын күн жақындап, жолға шығарда үй иесі менің бабамның өнеріне риза екенін айтып ризашылық білдіріпті. Жігіттің өзінің қызын ұнатып қалғанын да білетіні туралы емеурін танытыпты. Содан соң қызына бақыт тілейтінін айта келіп, екі жастың қосылуына қарсы емес екенін, ешқандай қалың мал талап етпейтінін айтып, жастарға ақ батасын беріпті. Осылайша менің бабам ауылына басы екеу болып, қалыңдығымен оралған екен».
Қазақ жанының дархандығының куәсі іспетті, қызды қалыңмалсыз теңіне қосатын осы бір сирек те болса, тарихта өзіндік орны бар салттың тарихы осындай.
Бердалы Оспан, мәдениеттанушы