Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр
21-06-2023
Күйеуімнің жұмысынан мән кете бастағаннан кейін Астанадан Түркістан қаласына ата-енемнің қолына уақытша көшіп келгенбіз. Қазір бір шаңырақта ата-енем, қайын ағам, абысыным, бір сөзбен айтқанда екі отбасы өмір сүріп жатырмыз. Абысынымның үлкен ұлы Арсен ата-әжесінің тұңғыш немересі. Өте ерке. Үйде баламмен жиі ұрысып, кейде екеуі төбелесіп қалады. Басында бұл жәйтқа балалар ғой деп онша мән бермейтінмін. Алайда жеті жасар Арсеннің баламды шеттететінін байқадым. Ойыншықтарын, тәттілерін қызғанып «бұл біздің үй, сенікі емес» деген сөздерін талай рет естідім. Арман қанша дегенмен жасы кішкентай ғой, әлсіздік танытып, жылап қалады. Сонда да оған «Ол сенің ағаң, ренжіте берме, екеуің бірге ойнаңдар, тәттіні бөлісіп жеңдер» деп түсіндіріп қоямын.
Бірде екеуі далада ойнап жүрген, допқа таластыма қайдам, бір сәтте апыр-топыр төбелесіп кетті. Екеуін ажыратуға барам дегенше, Арсен баламның басынан жерде жатқан жұмыр таспен қойып қалды. Баламның жан дауысы шықты. Жетіп барып, көтеріп үйге кіргіздім де, қан аққан басын дәкемен таңып қойдым. Осы оқиғаға енем де, абысыным да куә болды. Мені таңқалдырғаны сол, олар қиқар балаға бір ауыз сөз айтқан жоқ. Арсенге ыза болып, жөнге келтіргім-ақ келіп тұр, әттең абысынымның көңіліне тиіп қала ма деп тілімді тістеп қалдым. Мейлі, ерке болса ерке шығар, бірақ, балалардың арақатынасы жақсы еместігін көріп жүрген енем мен абысыным балаға ұрысып төбелесе берудің жаман екенін, шеттете бермей бауырмашыл болу керектігін ұғындып қойса болады ғой. Балалардың ортасына түсе берсем жексұрын ретінде көрініп қаламын ба деп қорқамын. Енді бұл тығырықтан қалай шығамын?
/Зарина Әубәкірова,
Түркістан қаласы/.