Анамның қадірін кеш түсіндім
Сәлеметесіздер ме көзі қарақты оқырмандар. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген нақыл сөздің мәнін әттең, кештеу түсініппін. Бойжеткенше ішпегенім алдымда, ішкенім артымда болса да, қалтасы қалың, қолдарын алтынға толтырған құрбы-құрдастырма қарап, анамды жиі ренжітуші едім. Мен неге солар секілді қымбат киім кимеймін, олар секілді шетелге қыдырып бармаймын деп анамның құлақ етіп жеп, кейде жылатып қоятынмын. Жасым 23-ке келгенде күтпеген жерден анамыз өмірден өтті. Әлемнің жарығын сыйлаған анамның жер бетінде енді жоқтығын сезінгенде, өкініш өзегімді өртеді. Оған баяғы айтқан ауыр сөздерім есіме түссе еңсемді ауыр тас басқандай болады. Өмірдің байлығы қымбат көйлек пен алтын емес, ақ сүтін беріп өсірген аяулы анам екен ғой.
Бүгінде 3 баланың анасы атанып отырмын. Ата-ананың қадіріне тірі кезінде жетейік деген оймен, оқырманмен мына бір оқиғамен бөлісуді жөн санадым.
Ертеде бір жас жігіт өмір сүріпті. Ол ақылы асқан даналардан ақыл-кеңес сұрап, солардың айтқаны бойынша өмір сүруге қатты талпынып, бой ұрыпты. Шешесінің айтқан ақылын тыңдамапты. Бір күні үйінен қашып шығып дана адамды іздеуге бел буыпты. Ол тау асып, тас басып ақыры бір күні шаршап, бір қарияға жолығыпты. Шал оған:
«Сен жақсылап демалып, азықтанып ал да келген жолыңмен кері қайт, есіңде болсын балам, бір адам саған жалаң аяқ есік ашады, іздеген дана адамың сол, сен сол адамның ақылын алып, сол бойынша өмір сүрсең кем болмайсың!» дейді.
Жігіттің қуанышы қойнына сыймай шалмен қоштасып кері қайтады. Бірінші күні егіншінің үйіне қонады, бірақ оған есік ашқан ер адам үй иесі – жалаң аяқ болмай шығады. Күнде өтіп, талай елге кездесіп барлық үйге кірсе де оны ешкім жалаң аяқ қарсы алмайды. Діңкесі құрып, әбден сілесі қатқанда ол үйіне жетеді, түн ортасы. Есік қағады. Үйден шешесінің:
«Кім?» деген әлсіз дауысы шығады.
«Мен, ұлыңызбын!» деп жауап береді ол.
«Сенбісің құлыным!» деп өңі қуаң тартқан шешесін ұлының атын шақырып, үйге кіргізіп, көзінен жасы төгіліп, ұлын құшақтап ұзақ отырады.
Дәл осы сәтте ұлы жерге қарап еді, шешесінің суық жерде жалаң аяқ тұрғанын көріп, көзі шырадай жанады, шалдың айтқаны есіне түседі, сөздің мәнісін түсініп, ұлы да еңірей келіп шешесін құшады.
Аяқ киімін де киюге үлгермей баласына есік ашатын аналарды құрметтейік!
Гүлдана Оразхан,
Алматы қаласының тұрғыны