Қазбек Құттымұратұлы. «Әлдиле, өлім, әлдиле»
Сарылып қанша күттім, Ажал, сені
Тұншығып, қамағанда тозаң селі.
Жанымды Ібілістен арашалап
Періштем Әзірейіл өзі алса еді…
Талайдан қалған өмір мағынасыз,
Сіңіріп болды-ау әбден жаныма сыз.
Суық көр жымияды салқын маған:
“Енсеңіз құшағыма арыласыз”.
Бар еді Жерде жалғыз жұбанышым,
Айрылдым,
Арман тауым құлады шын.
Мен қазір мың жасаған қариямын,
Сарқылған бойымдағы бұла күшім…
Ал, мені, Ажал, қылмай бекерге алаң,
Тілейді жалғыз тілек кетерде адам:
Базарын бұл дүниенің тартып алған
Сол бір жан дұға қылса жетер маған.