Қазыбек Иса. «Жапандағы жалғыз үй»
Жалғыз үйді көргенде жапандағы
Құлазимын…бір мұңға батам-дағы…
Сонда барып оңаша тұрар ма еді,
Сарылтады ой осындай сапардағы,
Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі,
Жалғыз үйге құмармын жапандағы…
«Жалғыз ағаш жапанда егіледі,
Жапырағы жел соқса, төгіледі…»
Мұнар мұңға малынған төңірегі,
Жалғыз үй тек алыстан көрінеді…
Қара бала қараса қара жолға,
Қарап тұрып қабырғам сөгіледі…
Түсінер жан бар ма екен тегі мені,
Сұраңдаршы, сол бала не біледі…
Қарашада, қара үйде, қара бала,
Қара өлеңін тыңдайды дала ғана…
Қара талдай сарғайған жапырақпен,
Қарайлайды қарайған сағанаға…
Қарашада, қара үйде, қара бала…
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Қияны аңсап…
Қиялмен түрлене ме…
Ал мен неге құмармын жалғыз үйге,
Жетіспейтін көңілде бірдеңеге
Жету үшін…
Жетер кез бір келе ме?..
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Жалыққаным у-шудан шығар тағы,
Жабыққаным – жалғыз үй құмартады…
Жалғанған жол жүрекке …тартады ылғи,
Кетіп қалсам…
Кім маған кінә артады…
Мұңға батқан құмдағы үй мұнартады…
Жаным неге жапанды ұнатады,
Жанарыңды жасқа да шылатады…
Кешпен бірге қызарып, ойға батып,
Нұрға бөлеп оятар құба таңы…
Жаным неге жапанды ұнатады…
Ойдан кетпей осы бір күй кешегі,
Шақырады қырдағы үйге сені…
Ат үстінде тербелсең… бүлкілімен,
Дүрсілі де жүректің үйлеседі…
Кеңістіктен кеткенде бас айналып,
Тыныштықтан туған бұл күй деседі…
Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай…
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай…
Жер бетінде жүргем жоқ жетпей мекен,
Жүрегімді қойғаны-ай етпей мекем.
«Осы бір жан осы үйді аңсады-ау» – деп,
Біреу келіп неге алып кетпейді екен?..
Жүрегімді неге мұң сыздатады?..
Ізетті-ақ жан едім ғой ізгі атағы…
Ұрындым ба ұрымтал күзге тағы…
Бір білерім әйтеуір…
Бір кездері
Құмдағы үйге құлаған із жатады…
Жапандағы үй жанымды сыздатады…