Жұмекен Нәжімеденов. «Мәжіліс алдындағы мәжіліс»

Oinet.kz 30-09-2018 798

215355_1558741536_680_0_0.jpg

Баллада-памфлет

Сонау Чили топырағында

Пиночет деген ақымағың бар:

концерттерге келмейді деп бұлбұл құс,

әлдеқайда жүреді деп жай ықтап,

жырламайды, күледі деп айыптап...

ал шынында:

Жұрт аузына ілінді деп даңқы ұнап,

сол даңқтан қорқа тұрып қалтырап,

бір тұқыртып алмақ болды талқылап.

Саясаттың уын қосып,

жарты қап

дән дайындап әлденеше тиынға,

шақырыпты Ормандағы жиынға.

Бұйырғыштар бұйрық етіп тұрса – қиын ба:

делегат боп жүгіргіштен,

ұшқыштан

аң, құс қаптап жиналыпты тұс-тұстан.

Байғыз келді – байғызда не кінә бар, –

қарға келді...

мықтылары мыналар:

түлкі,

қарсақ,

сауысқан бар – үш мыстан.

Жасаған жөн күштілердің қалауын,

әлсіздерге, әттең, соның бәрі ауыр.

Жұлдыз-жұлдыз Америка жалауын

бір ағаштың басына әкеп Піл тікті.

Жиын емес,

қоймаға ұқсас бұл тіпті:

Сауысқаннан сақшы қойды айнала.

Қасқырлардан күзет қойды мылтықты.

Сенімсіз боп көрінеді ме аң мен құс,

Білгіш мықтап тапсырды бір қанденге іс:

– Бірінші боп сен үресің! – деді оған.

Қанденнің тек көңілінде көп алаң,

тайқып шықты:

– Баяғыда Пілге үріп,

білесіз ғой, алып едім бүлдіріп.

Бірі күлсе – бәрі күлер дүрлігіп,

және тақсыр, қоя ма жұрт бір күліп,

күліп келеді, күліп кетеді,

күлкі әлі

біздің тұқым-тұзымызды құртады,

күйеудегі қызымызды құртады.

Мына тобыр – көктен, жерден құраған

жаппай үрсе – көппен бірге үре алам!

– Тоқтат! – деді премьер, – сен әрі

қыңсылайтын күшік пе едің жаралы?

Қорқақ та ма ең?

Иттігіңді білуші ем,

әрі сатқын да екенсің-ау,

бүгін сен

нең кетуші ед жұртты бастап бір үрсең?!

Біз білеміз: намыстылар бар әлі,

шындық десе – шың, тасты да жарады! –

Осыны айтып сауысқанға қарады.

– Үре алмаймын! –

Сауысқан тым сақ қасқа... –

ант етейін Сізді өмірі сатпасқа...

– Антың құрсын! Айт, қалауың – не қалау?

– Үре алмаймын, шақырам тек оқтаста.

– Үре алмасаң – шықылықта! – деді анау.

– Шықылығым көңіліңізден шықпаса,

еліміздің жалауына обал-ау!

– Қайран қыран, тегеурінің тым қатты,

талай аң, құс тырнағында дір қатты,

жөткірсең де өзің бастап көр бүгін,

бұлбұл деген – сұр торғай ғой сорлы бір,

көру – бізге батып тұр

сорлылардың зорлығын.

– Қорлама! – деп бір қайырды тау-қыран, –

сонда кімге күш көрсетем, даурығам,

бұлбұлға ма?

Өнерпаз бен адал қан

арлыларға ащы тырнақ сала алман.

Алсам мынау орманнан мен – аң алғам

азық болу үшін ғана жаралғам.

– Арыс-еке, – деп көшті кенет сыбырға, –

мына жұртта ми жоқ екен ырымға,

қанаттылар жырынды ғой, жырынды,ә,

ал, қырандар жырынды еді бұрын да.

– Үре алмаймын! – аузын ашты Арыстан.

– Тым құрыса, ырылдашы, ырылда,

Сол да бізге ақ бата-ды, алғыс-ты! –

Бұлбұлға айдап салмақ болып аң, құсты,

талай ауыз, азулармен аңдысты –

түк шықпады ешқайсынан,

ол әлі

әлдекімнен үміт еткен болады, –

үміт еткен Үкі еді бір – ол да алыс...

Қалың қамыс қайдасың деп Жолбарыс

жортып кетті.

Түлкі қашты.

Қарға ұшты.

Қауқар қайда аң мен құсты ұстарлық:

аңдар жөңкіп,

ұшып қашты құс барлық.

Бір аң қашты – сонда кетті құштарлық,

бір құс қалды – сонда қалды іш-тарлық.

Бақа болсаң – Бақа деген атты ақта,

атын ақтап Бақа қалды батпақта.

– Ау, ағайын, ау, мырзалар! – деп әлгі

абдырады;

ұшып кетті көп Қызғыш,

қалды бұғып тек бір құс.

Тырнақты да, тістілер де жай қалды,

кұштілер де жай қалды,

бұлбұл құсқа қарсы ашпақ боп майданды,

бүркітке ұсап дүр сілкініп, сайланды

қызыл Қораз айдарлы:

– Мына орманда неше алуан тұрғын бар,

соларға тек айтылмаған бір мұң бар:

Таңың атсын,

Күнің батсын – бір бәрі,

бәрібір сол бұлбұл болып тұрғаны!

Батылдық жоқ – азаматтық жоқ онда,

бақыр-тиын пайдасы жоқ қоғамға.

Сайрау ма сол?

Сайрау емес, құр шырыл,

айтар болсақ сыр-шынын:

Заман, сенің ішкі дертің – бұлбұл сол,

орман, сенің қырсығың сол, қырсығың!

Күнің үшін қорған, деді, атақ, ар,

шыбық үшін орман, деді, атақ, ар.

Бұлбұлдар ма!

Табиғатқа жат олар,

табиғатты түбі құртуға апарар!

Сол-ақ екен,

шулап берді бақалар:

– Ата-мекен келе жатқан мың жылдан,

жерімізді кептірсе егер Күн жылдам –

соның бәрі бұлбұлдан!

Біздің шалшық әдемі еді-ау, әдемі,

батам десең – батпағы да бар еді,

соның көбі құрғап қалса шілдеде –

бұлбұлдардың әлегі!

Қораз айтты:

– О, құдайдың атқаны,

ашылмаса ырыздықтың есігі,

бұлбұлдардың кесірі

тарының да ерте піспей жатқаны!


Осылайша Қораз, Бақа екеуі

бұлбұлдарды тілге тиек етеді.

Бақа да өз өнеріне сенеді,

Қораз да өз өнеріне сенеді.

Ешкім елеп жатпаса да,

сен оны

тұл-сөз деме,

өсектің де өз теңі бар:

әлдебіреу сенеріне сенеді.

Әттең әлгі Бұлбұл қайда?

Бұлбұл жоқ,

тек орман тұр жапырағы ың-жың боп,

сырттай сынға түсіп жатты құр атақ,

атағына жатты еркелеп көл-айдын,

Бұлбұл – алыс түкпірінде тоғайдың –

Сырттан үкім шығаруға рахат!

Тым болмаса сөз тусын деп қаңғыған,

ЦРУ, ФБР әр ауызды аңдыған.

Безіп шыққан барлық құс пен барлық аң;

бізсіз жиын өте алмайды деп ұғып,

бұлбұлға үкім ете алмайды деп ұғып,

Қыран жүрді сонау биік аспанда,

Тасалау жер жөн шығар деп, қашсаң да,

Түлкі жүрді қарсағымен жолығып,

Барыс жүрді айдалаға долығып.


Дүние тыныш.

Орман сүттей ұйыды,

Қызыл Қораз қомдайды әлі иығын.

Ең қиыны, қиыны:

ашылды ақыр бір түкпірде бұйығы

бақалар мен қораздардың жиыны...

Жұмекен Нәжімеденов. «Жан-жарым, түбінде сол көк теректің...»
Жұмекен Нәжімеденов. «Аурухана-83»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу