Жүрсін Ерман. «Ұлытаудың қымызы»
Біз үшін атамыздың асы – қымыз,
Қымызбен алшы түсер асығымыз.
Сусынын махаббаттың қанып іш деп
Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.
Бал дәмі таңғалтады, толғантады,
Толтырып тостағанды қолға ал тағы.
Қымызбен қоса жұтқың келеді екен
Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.
Қымыз құй! Қымыз ішсем – бапқа келем,
Қымыздан артық қазақ таппаған ем.
Атамның асын ішсем, желік буып,
Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.
Шөлінен шығып едім сағыныштың,
Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.
Аңқаңды алқағанда аппақ сусын
Басылар алаулаған жалыны іштің.
Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,
Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.
Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар
Түтінін аңсадым-ау тобылғының.
Телміртпей тостағанға, қымызды бер,
Қымызға қазақтай боп кім үздігер.
Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –
Қызығып жұтқанымда қымыз білер.
Болсын деп үйір-үйір жылқым аман
Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.
Балшықтай ұлдарымды баули берсін
Жарықтық жусан исі бұрқыраған.
Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны
Келеді көз алдыма кино болып
Татыса таңдайыма ыстың дәмі.
Қапысыз қадірлесең қонағыңды,
Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.
Сарқып құй сабадағы сусыныңды,
Жібітсін жыбырлаған тамағымды!