Батырхан Сәрсенхан. «Бір уыс мейірім»
Бір уыс,
Бір-ақ тамшы,
Бұлақты аңсап,
Құлады жасыл терек,
Бүр атқанша.
Бір уыс,
Бір-ақ қарыс сенімде әлем,
Сол ғана биіктігің сенің менен.
Көз ішіне сыймаған құбылысты,
Сеніміңнен көрем де көңілденем.
Түнеу күн, алаң тұсқа беттей барып,
Күрсініп,іштей ғана көп қиналып.
Белгісіз жас келіншек жылап тұрды,
Бір түйір жан жылуы жетпей қалып.
Түнеу түн, барша өмірден алыс қалып,
Берген серті өзіне табысталып.
Белгісіз құрбы жігіт тұрды жылап,
Бір ғана,
«кешір» деуге намыстанып.
Бір үміт,
Бір әлемге жол салатын,
Құрдастай шешіп берген қол сағатын.
Маралдың жанарындай дүниені,
Менше ұға алмай келеді қаншама ақын.
Жылдардың жас боп аққан жылғасымен,
Жүз атты керуендей құмға сіңген.
Алып асқақ таулардың тұлғасымен,
Бір ғана мейір қалар,
бұл ғасырмен!