Мұқағали Мақатаев. «Иек артқан теңізге мүйістейін»

Oinet.kz 02-09-2019 1294

Иек артқан теңізге мүйістейін,

Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?

Иіскейін тек қана, тиіспейін,

Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?

Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!

Қос бұрым-ай жотанда бұлғақтаған!

Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,

Жер иісі жұпардан қымбат маған!

Иісі бар-ау дәннің де, шалғынның да,

Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да,

Тұр, сірә, мына шашта иісі аңқып

Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да.

Шашыңнан иіскетші, қарғам, маған?

Есіме түсер ме екен арман-далам.

Иіскетші?

Жауқазын-жан екенсің;

Жасанды әсемдікке алданбаған.

Тұрғам жоқ сауға сұрау қылығыңнан,

Жан едім махаббаттың құрығы ұрған.

Иіскейін жұртымның топырағын,

Иіскет, қарғам, маған бұрымыңнан?

​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қызық қандай адамды қыздыратын
​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қымыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу