Мұқағали Мақатаев. «Сағындым ғой»
Сағындым ғой, саялы тау арасы,
Сағындым ғой, жанымды дауалашы!
Көрсетпестен, көк шалғын, көміп таста.
Қарағайлы қалың ну, қамалашы!
Жапырағын жамылтып, гүлің төсеп,
Бірің жастық болсаңшы, бірің төсек.
Екеумізге, ерке өзен, жараспай ма,
Тыным алмай күн бойы күбірлесек?
Мұрша берме ойлауға, сарқырама,
Қысыр ойды түгесші, сарқып ада.
Тасқа біткен бір шоқ гүл, кеудеме біт
Таста нең бар мейрімсіз, қалтырама
Сағындым ғой тауымның көк белдері,
Қанжығаңа байла да, бөктер мені.
Құздар, мені мәңгілік тұтқыныңа ал,
Асу берме, қияның өткелдері.
Таулар, таулар,тауларым, тауларым-ай!
Сағынысып қаппыз ғой, тарланым-ай!
Таудағыдай еш жерде күн шықпайды,
Түн болмайды еш жерде таудағыдай!