Мұқағали Мақатаев. «Сынауға тіптен құмар кім көрінген»

Oinet.kz 29-08-2019 1169

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Сынауға тіптен құмар кім көрінген,

Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен.

Сырласып отырамын ондайда мен,

Мазасыз күндеріммен, түндеріммен.

Айтса айтсын айыбымды бетке қарып,

Қайтемін қаламымды кекке малып.

Арам шөптің орнына гүлді қырқып,

Әйтеуір жүргенім жоқ кетпен алып.

Басымнаң кемшіліктер өткені анық,

Несіне өкпелеймін көпке налып.

Ащы жырым құйылса өтке барып,

Ашырқанып, алайда, сөкпе, халық.

Шарам толы шаттығым, мұңымды айтпай,

Шау тартатын жәйім жоқ шетте қалып.

Өтсе,

Өтсін!

Басыма бақ бұйырмай.

Тіл кесілмей, тұрса екен жақ қиылмай.

Енді менің күнелтер жағдайым жоқ,

Шығыршықта айналған ақ тиындай.

Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,

Сынауға тіптен қүмар кім көрінген.

Бірақ та,

Білесің бе, ей, кім көрінген,

Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!!!

Мұқағали Мақатаев. «Елім, саған ғашықпын!»
Мұқағали Мақатаев. «Жиі енеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу