Кел, балалар, оқиық!

Oinet.kz 01-12-2023 216

Бүгінде балалар әдебиетіне үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырып жүргендер аз емес. Ал, бізде бала оқырмандардың бар екенін ескеріп балалар жазушыларының туындыларын назарларыңызға ұсынамыз. 

Screenshot_24.jpg

Нұрдаулет АҚЫШ:

ИТТЕН ҰЯЛҒАН БАЛА

Әкесі көзі шоқтай жайнаған тарғыл күшікті үйге жетектеп келген кезде Қуаныштың қуанышында шек болған жоқ. Бөркін аспанға атып, санын шапаттап, бір шаттанып қалды. Қиялында ғана қолы жетіп жүрген көп арманының бірі үйде ит асырау еді. Қалада туып өскенімен, жан-жануарға үйір. Жолдастарының біразы ыңғайларына қарай балық, құс, үй қоян тәрізді әр түрлі тіршілік иелерін ұстап жүргендерін көргенде қызығып қалатын. Өткен жолы сыныптас досы Серіктің айтқанына елігіп, аквариумға салып балық та ұстап көрген. Жазғы демалыстан оралса, ол шіркіндер түгел өліп қалыпты. Оларға ренжуге болмайды. Үйге қарайтын адам жоқ. Күтімі келіспеген соң қырылудан басқа не амал бар?

Қуаныш қанша қыңқылдағанымен, папасы бір тәуір иттің ретін келтіре алмай жүр еді. Жұмысбасты адам, мұндай ұсақ-түйекке қолы да тие бермейді, қолы тисе, құнты жоқ. Құнтталған күні көңілге жағатындай тұқымы дұрыс ит баласы кезікпейді. Енді көптен күткен сол шаруаның орайы бүгін келіпті. Енді Қуаныш қуанбағанда кім қуанады?

Еуропалық асыл тұқымды төбет — алты айлық күшік. Атын Таймас деп қойып жүрген әкесінің өзі. «Баяғыда менің жақсы көретін сондай бір итім болып еді» дейді.

Бос уақытын қайда жұмсарын білмей, әр нәрсеге ұрынып жүретін Қуанышқа ермек табылды. Сылап-сипап, түртіп ойнаудан бір шаршамайды. Кейде лақтырған таяқты алып келуге жаттықтырып, әуреге түсіп жатады. Әзірше онысы нәтижесіз. Негізгі міндеті — Таймастың итаяғына күніне екі мәрте тамақ құйып тұру. Өзінің де бір итті иеленгеніне төбесі көкке жетердей болып қуанған бала бұл жұмысты алғашында ықыластана атқарды.

— Ол сенің ермегің ғана емес, бүкіл бір үйдің күзетшісі де ғой. Өзің білесің, кейде үйде, ешкім де қалмайды. Сондайда қақпаны қоритын осы Таймас, — дейді әкесі.

Қуаныштар қала шетіндегі бөлек жеке меншік үйде тұрады. Мұндай жерде бір иттің артық етпейтіні рас. Қақпаның қасына күрке жасап, Таймасты шынжырлап байлап қойғаны сондықтан. Құлағы тікірейген шығысеуропалық азулы овчарка тұқымы болғанымен, Таймас долылығы жоқ, заты жуас күшік. Көзін бір ашып, бір жұмып, үйшігінің алдында жатады да қояды. Қақпаның сыртындағы әр тықырға құлақ тігіп, көп елеңдемейді де.

Күшігін бағып-қағуға алғашында құлшына кіріскен бала шамалы күннен соң ептеп салақси бастады. Иттің қызығы біртүрлі азайып қалған сияқты көрінді. Оның үстіне қыркүйек айы туып, жаңа оқу жылы да басталды. Екінші сыныптың оқуы оңай деп кім айтты? Таңертеңгісін сабақ оқып, түстен кейін ұзартылған күн тобында қалатын Қуаныштың да бос уақыты мүлде азайып еді. Мектептен шыққан соң жолда ойнап жүріп қалатыны тағы бар.

Бір күні ойыны әбден қанған бала үйге кештетіп келгенде сұлық жатқан Таймас орынан қыңсылай көтерілді. Қараса, алдындағы итаяғы жылан жалағандай тап-таза, иттің де іші қабысып тұр. Оның өзіне үміттене, дәмете көз тастағанын көріп, Қуаныштың екі беті ду ете түсті. Өзіне барлай қараған Таймастың көзқарасы кәдімгі адамдікі сияқты. «Мені аш қалдырғаның не, Қуаныш-ау? Міне, ішім шұрылдап тұр» дейтіндей. Үйге жүгіріп кірген бала тоңазытқышты жұлқа тартты...

Иттің де адам секілді ашығатынын, ашықса, көңіл-күйі түсіп, қиналатынын да сол жолы анық сезіп еді. Бұдан кейін ол итаяққа дер кезінде ас құйып тұруды құнттап-ақ жүрді. Бірақ адамды қара басайын десе, қиын ба? Ана жолғы қолайсыз оқиғаның ойда-жоқта тағы қайталанғаны...

Ойыннан қайтқан бала үйдің қақпасына таяй бергенде, шынжырын салдырлатып, Таймастың қыңсылағаны естілді. Есіне сол кезде барып бір-ақ сарт ете түскені емес пе, қырсық қылғанда тамақ құюды тағы да ұмытып кетіпті. Өткен жолғыдай үйге қарай түра жүгірген. Асығып қалтасын қараса, есіктің кілті жоқ. Таңертең іште ұмытып кетіпті. Үйдің бұрышынан сығалай қарап еді, құлағын тікірейтіп алған ит бар назарын салып, селт етпестен осы жақты бағып тұр екен. Ана жолғыдай Қуаныш үйінен май жағылған нанды тағы алып шығар деп дәметкен сыңайы бар. Енді не істеу керек? Қалтасындағы қара бақырға дүкеннен жарты күлше сатып әкелгеннен басқа амал қайсы?

Бірақ қақпадан шыға алмайды. Екі көзін салып бұны шыдамсыздана тосып тұрған Таймас бар ол жақта.

Құр қол беттеуге қайтіп дәті барсын. Көшеге шығу үшін басқадай жол да жоқ. Біраз дағдарып тұрғаннан кейін Қуаныш сыртқа көрші үйдің ауласы арқылы шығып кеткенді жөн көрді.

Биік шарбаққа асылып, тәуекелмен қарғып кеткен баланың балағын шарбақтың сорайған ағашы іліп-ақ түскені. Ауланың түп жағынан сыпырғышын сүйреткен Ыдырыс атай келе жатыр екен.

— Шырағым, бұның не? — дейді ол таңырқап. Әншейінде тәртіпті баланың мына тосын қылығы атайға өрескелдеу көрінгені анық. Қуаныш жасырмай шынын айтты.

— Қақпадан шығуға... — деді міңгірлеп.

Мырс ете түскен атай да тақылдап қояр емес:

— Иә, иә, неге қақпадан шықпайсың?

— Ұялдым... — деп жауап қатты бала сәлден кейін тағы да күмілжіп.

— Кімнен ұялдың?.. Ұялдым дейді. Әкем-ау, ұялатындай кім бар еді ол жақта?

Бала жауап орнына қолын сілтеді:

— Та-таймастан...

Істің мәнісін сонда ғана түсінген атай мырс етіп күліп жіберді. Балаға жымия қарады да, үйінен ыдысқа құйып сорпа алып шықты.

— Иттен ұялсаң, ұятың бар екен, ұлым. Сол ұятыңды жоғалтпа, — деді атай.



Бердібек СОҚПАҚБАЕВ:

ТҮНГІ ҚОНАҚ

Бекәділ дәлізде тұрып, өз бөлмелерінде сабақ дайындап отырған екі баласына:

— Ау, Әли, Мұхтар, сағат он боп қалды. Аяқтарыңды жуып, жата берсеңдер де болады, — деді.

— Жат, жатыңдар. Таңертең тұрмай әлек қыласыңдар! — деп, Ләззат күйеуінен гөрі қаттырақ ескертті.

Кіші ұлы Мұхтар күндегі әдетімен:

— Сендер қайда барасыңдар?

— Қайда барушы ек. Алаңда біраз сейілдеп, жүріп қайтамыз.

Үш бөлмелi кем үйде Әли, Мұхтар оңаша қалды. Әли алтыншы, Мұхтар бесінші оқиды. Жоқ, ата-анасын тыңдамайтын немесе жүре тыңдап, бір айтқанды он қайтара айтқызып, әке менен шешенің ашу - шамына тиетін қыңыр-қисық балалар бұлар емес. Әр нәрсенің шөгін білетін тәрбиелі балалар екеуі де. Сабақты жақсы оқиды. Мұғалімдеріне де, таныс көрші-қолаңға да жағымды.

Кітап - қағаздарын жиыстырып, столдан бірінші боп тұра берген Мұхтар кішілік шолжаңдау мінезі ұстап, Әлидің қалқиған құлағына шертіп келіп қалды. Әли тек осыны

күтіп отырғандай сақ еді. Зыта жөнелмек болған Мұхтарды ол екі аттатпай-ақ ұстап алды. Екеуі сол арада, еденге төселген қызыл ала кілемнің үстінде, таласқан иттерше апыр-топыр болды...

Стол басында көбірек отырыңқырап қалғанда, әсіресе, үйде әке, шеше жоқта, бойдың құрыс-тырысын осылайша жазып алу олардың қашаннан бергі әдеті.

* * *

Бөлмедегі шам сөнген. Әли мен Мұхтар аяқтарын жуып келіп, әрқайсы өз төсегіне ұйықтауға жатқан. Есік ашық болғандықтан дәліздегі шамның жарығынан бөлме іші алакөлеңке. Тыныштық.

Басы төсекке тиісімен Әлидің қор ете қалатын әдеті.

Ал Мұхтар қиялы қияға самғап, ұйықтай алмай жатыр. Шіркін, айда пионер лагері ашылса. Жазда демалысқа сонда жіберсе. Бірақ шомылатын су жоқ-ау...

Дәл осы кезде ас үйден бірдеңенің тысыр еткен дыбысы естілді. Мұхтардың зейіні соған ауды. Ас үйдегі аспа сағаттың бір қалыпты сырт-сырт соққан үні. Әлгі тысыр одан мүлдем бөлек.

Әне, және естілді тосын тысыр. Бірдеңе еденге торс етіп, қаттырақ соғылғандай болды. Бұл не? Немене?

Жат дыбыс және қайталады, Үстін-үстін жиілеп кетті. Біреу ас үйге кіріп алған секілді. Бірінші этаж. Терезе ашық. Kіpce, кіріп алғандай.

Әлгінде кешкі газеттен Мұхтар қаладағы үй тонаушы ұрылар жайлы оқыған еді, Есіне сол келді.

— Әли! Ау Әли!

Әли шошып оянды:

— Не?!

— Әли, тыңдашы. Біздің ас үйде біреу жүрген секілді.

Бірде тысырлап, бірде торс – торс еткен жат дыбысты Әли де анық естіді.

— Әли, не істейміз?.

— Барып қарашы.

— Мен қорқам. Жүр, екеуміз барайық.

Әли батыл бала.

— Жүр! — деп, орнынан ұшып тұрды. Екеуі шам жанған дәлізге шықты. Ас үйдегі жаңағы үрейлі тысыр басылар емес. Терезе жақтағы көшемен гу-гу етіп, автобус, машиналар зымырап өтеді. Екпінді үлкен машиналар өткен кезде терезе әйнегі шылдырап, дір-дір еткендей болады. Жоқ, қала әлі ұйықтамаған. Көшеде адамдар жүр. Әли менен Мұхтардың жігеріне бұл жағдай жігер қосқандай болды.

Дәліздегі аяқ киім шкафының үстінен Мұхтар қолына ұзын сап балға алды. Ұрыны сонымен бастан бір қойып, жайратпақшы тәрізді. Әли де ас үйге қаруланып баруды жөн көрді. Шкаф пен есік босағасының екі аралығында, қуыста, еден жуатын салмақты таяқ тұратын. Ол соны ұстады. Қапы қалып жүрмейін дегендей, винтовкаша ыңғайлап, нық ұстаған.

Екеуі жүректері лүп-лүп етіп, қараңғы ас үйге қарай қатарласып аяқ басты.

Ac үйдің есігі жабылмайтын, Ашық тұратын. Бірақ онда қараңғы еді.

Әли шамды жағып келіп жіберді. Үй іші жап-жарық болды. Ұры, ұры қайда?!

Біріне бірі тақалып, елеңдеп қарасқан Әли мен Мұхтар бір қызық көрініске тап болды. Әлгі осы қорада әркімнің қоймасына бір түсіп, маза таптырмайтын сабалақ ұры сары мысық бар емес пе? Сол. Соның басына литрлік шыны банкі кептеліп қалған. Қаша жөнелуге халі болмай, бәтшағар, банк!» деп басын шығара алмай, жанталасып жатыр.

Үреймен, қорқынышпен батылдары әрең жетіп келген екі бала әлгіні көріп, шек - сілелсрі қата күлсін - ай кеп! Көздерінен жас аққанша күліп, тыйыла алмады.

Әли ұры мысықты босатып, терезеден ауланың ішіне қарай ызаланып бірақ атты.

Көп ұзамай балалардың әке, шешелері келді, Болған уақиғаны естіп, олар да бір-бір күлісіп алды.

Әлгі литрлік банкі қаймақ құйылған банкі екен. Сұғанақ мысықтың қаймақ жегісі келген, Енді қаймақ иісі білінген жерге ол, сірә, жолай.қоймас.


Жаңабек ШАҒАТАЙ:

БАЯН МЕН «БӘЙТЕРЕК»

Жазғытұрым қатты науқастанып, қайта жазылған кішкентай Баян кілт өзгерген. Бұрынғы орынсыз еркелік, жөнсіз шолжаңдығын ұмытып, біртоға боп алды. Кимелеп аса көп сөйлемейді. Тек көбіне қолына түскен ақ қағазға заулап ұшқан қарлығаштың шүйіле құлдилаған суретін салуға құмар. Тіпті таңертең ұйқыдан ерте ояна салып, төсегін тап-тұйнақтай жинап қоятын жақсы әдет те тапты. Күн сайын есіктің алдына су себеді де, ескі сыпырғышпен мұқияттап сыпырып, көлденең қылау қалдырмай тазалап тастайды. Ал бұған атасы мен әжесі: «Биыл қызымыз мектепке алғаш рет барады ғой. Құдайға тәубе, бойы да өсіп, таралып қалды. Ес кіріп, қолғанатқа жарап жүр өзі», — деп жүдә риза. Көбіне кешкісін кішкентай немерелерінің бірінші сыныпқа қалай баратынын, оған Астанадан Баянның көкесі мен апасы арнайы келіп, көп-көп кітап, сәлемдеме әкелерін сөз қылып, мәз-мейрам болады.

Шуағын мол төккен күн құрық бойы көтерілгенімен таңғы салқынның әлі серпіле қоймаған әдемі сәті. Атасы мен әжесі бүгін тіпті ерте ояныпты ұйқыдан. Бүйіріне қиялай түскен күн сәулесі көзді қарықтыра жарқылдап ойнаған жез самаурынды сәкі үстіне қойған әжесі:

— Баянжан, қолыңдағы сыпырғышты таста. Беті-қолыңды жуып, шайға кел, — деп дауыстады. — Атаң пішен оруға барамын деп жүр ғой, ертерек қамдансын. Шілденің қапырық ыстығы түспей оралғаны өзіне жақсы.

— Қазір, әже, — деді қоқысты бір орынға мұқияттап жинаған Баян сыңғырлаған дауыспен. Дөңгелек жүзі сопақшаланып, аққұба беті арайланып, бұрынғыдан да сүйкімді бола түскен. Сәл бұйралау қара шашы иығына түсе төгіліп, әдемі етіп көрсетеді әлпетін. — Міне, болдым. Қазір барамын...

Атасы мен әжесі, үшеуі ішкен шай тәтті әрі сіңімді. Әдетінше атасының тізесіне шынтағын қойып, әңгімесіне үнсіз құлақ түреді. Ал Жұманбек атасы әңгімені көп біледі дейсің бір. Жұрттың айтуынша: «Көкірегінде бұлақ бар. Шежіре мен тарихтың таусылмайтын бұлағы». Бір өзі емес, осы үйге келген қонақтардың көбі атасының әдемі әңгімелерін бөлмей, ұйып тыңдайтынын талай аңғарған.

Ал жайшылықта шайды мейірлене, аса баппен ішетін атасы бүгін тым асығыс көрінді. Бір-екі кесе ішкен соң-ақ кейін сырғып, «ішіп болдым» дегендей кесесін жозыға төңкеріп қойды.

— Тұйық көлге жеткенімше талай уақыт өтеді, — деді сосын тізесін қаққылаған күйі орнынан көтеріле беріп. — Оның үстіне жалғыз кісінің жұмысы өнуші ме еді?!

— Ата, сізбен бірге шөпке барайыншы, — Баян орнынан ұшып тұрды. — Сізге көмектесейін.

— Қой, үйбай, ол не дегенің? — деп екі қолын ербеңдетті әжесі ойда жоқта асып-сасып. — Алыс жерге жеткеніңше аңқаң кеуіп шөлдейсің. Әнеукүні суық тиіп ауырып қалғаныңды ұмытпа. Үрейімізді ұшырдың ғой.

— Әже-е-тай, барайыншы. Атама серік болам ғой. «Қолғанатым» деуші едіңдер, атама көмектесейін де.

— Жарайды, әжесі, бара қойсын енді. Зерігіп, үйге сыймай жүрген шығар. Тұйық көлді, кең даланы қызықтап, көңілі сергісін, — деді атасы ақ қалпағын милықтата киіп жатып. — Туып-өскен ауылының сұлу, көрікті жерлерін көрмеген бала туған жерін сүйе алмайтын көрмәдік боп ержетер түбі.

...Қос дөңгелекті арбаға қатар жайғасқан атасы мен немере қызы көңілді-ақ. Әсіресе бірден сергіп сала берген Баянның қуанышында шек жоқ. Айналаға сүйсіне қарап, әлсін-әлсін жымиып қояды. Керқұла ат қалың жалын сілкіп тастап, борт-борт желсе, жеңіл резина доңғалақтардың дыбысы шықпай, құмшауыт жолда үнсіз сырғиды. Ал биік аспанда күміс бұлттар әлдеқайда асығыс көшіп, тоқтаусыз қалықтайды. Ұшы-қиыры жоқ көгілдір матаға ақшаңқан шымылдық тұтқандай. Жуырда ғана шөбі орылған шабындықтың шетінде тұяқ іліктіргенде кішкентай қыз үнсіздіктен жалықты ма, сұрақты қарша жаудырған.

— Ата, сіз шөпті неге алыстан, Тұйық көлден әкелесіз? — деп таң қала сұрады. — Шөп осы жазықта да көп екен ғой. Өзін орып та тастаған.

— Ә-ә, қызым, бұл сүрегі әбден қатып, сүті кеуіп кеткен шөп. Ал көл жағасының майсасы малдың тілін үйіретін жұғымды шөп те.

— Сонда қалай, бұны жеген мал тоймай ма?

— Жоға-а, — деп жымиды атасы ақ сақалын салалай сипап қойып. — Қалай түсіндірсем екен, ә?! Қарашы өзің, алма екі түрлі болады емес пе? Бір — әбден уылжып піскен тәтті алма, екіншісі көк түйнек, ащы. Сен қайсысын сүйіп жейсің?

— Үй-и, ата, соны да білмейсіз бе? — деп еркелей сыңғырлап күлді Баян бұйра шашы желмен желбіреп. — Кісілердің бәрі тәттісін жейді ғой. Мен де тәтті алманы жақсы көремін.

— Әні, көрдің бе, ендеше көлдің шөбі де малдың тәтті алмасы. Олар да «ап-п» деп қаршылдатып асайды.

— Ә-ә...

Жол жиегінен табан асты «пыр» етіп ұшқан бозторғайлар сәл биіктеп барып, бітпейтін әнге басуда. Құйқылжыта, үзілдіре сайрайды кеп. Бұлар ұзай түскен сайын көгілдір аспанға қара ноқат болып ілініп қап, үздіксіз сайраған бозторғайлар көбейе түскен. Бәрі де бұларды көлге дейін әнмен шығарып салуға уәделескен сияқты.

Баян сайраған бозторғайларға қарап, үнсіз ойға берілді. Маңдайын тыржитып, қабағын түйіп апты. Кенеттен:

— Ата десе, ата, бұлттар да, құстар да аспанда ұшады. Бұтақтан жұлып алсаң, жапырақтар да, бақбақтың үлпегі де ауада қалықтайды, — деді терең ойлы қалпы. — Ал адамдар неге ұшпайды екен... Сіз ұшқыңыз келмей ме?

— Жоға-а, мен ұшсам... қартайғанда жерге құлап, жамбасымды ауыртып алармын. — Атасы қарқылдап күліп жіберді. — Әй, баламысың деген-ай. Құдай тіршілікті солай жаратқан ғой. Құсқа қанат берген, адамға — қол.

— Ал мен түсімде ылғи ұшып жүремін. Міне, былай. — Баян екі қолын жайып, атасына қалай ұшатынын көрсетті. — Бірақ ылғи түсім болады. Сосын өкінемін.

Немере қызының шашынан ақырын, аялай сипаған қария:

— Олай деме, қызым, — деп жеңіл күрсінді. — Адамның түсінде ұшқаны жақсы болады. Өмірің алда, өскенде ұшқыш боласың, кең аспанда зуылдайсың ұшақпен.

— Ата, мен қазір ұшқым келеді. Шіркін, қолдарымды кең жайып, ұша алсам ғой. Анау Астанаға ұшып кетер ем. Сұлу қаланы аралап, көкем мен апамды, әдемі «Бәйтеректі» көрер едім...

— Ә-ә, қызым-ай, әке-шешемді сағындым деші...

— Жо-жоқ, мен сағынған жоқпын, бірақ өздері ғой түсіме ылғи кіреді.

Кілт теріс айналған Жұманбек қария терең күрсінді.

...Баян кішкентай қызғылтым гүлден көз алмай, етпетінен қимылсыз жатқалы көп болған. Екі шынтағы тызылдатып ауырып кетсін. Таңдап-таңдап шалғымен шөп орған атасы да талай жерге ұзап үлгеріпті. Айналада бөгде үн естілмейді, құлаққа ұрғандай. Тек анда-санда шолп етіп көл бетіне сүңгіген күміс балықтың даусы мүлгіген тыныштықты бұзып тұр. Гүлдің қауашағына қонған жұқа инелік әдемі-ақ. Ештеңеден бейқам күйі қызғылт гүлдің шырынын шөлі қанбай соратын сияқты.

Кішкентай қыздың мойылдай мөлдіреген көздерінің түбінде гүлдің нәзік қауашағы, жібектей жұқа қанаттары дір-дір еткен көк инелік төңкеріліп, түпсіз айнадағыдай анық көрінеді.

Осы бір көк инелікке іштей қызығып кеткен Баян қолын ақырын созды да, шап беріп ұстап алған. Сосын орнынан абайлап тұрып, көлге қарай тізерлеп отырды. Инеліктің ақшыл шілтердей қанаттарымен алақанын жұмсақ жыбырлатқаны тіптен қызық. «Босатшы» дегендей тынымсыз жыбырлайды.

Аяп кетіп, алақанын ашты. Жарық дүниеден бір сәт сескенген инелік сәл қимылсыз отырып, кішкенеден соң қанатын қомдап, көлге қарай жылдам ұша жөнелсін. Қанаттары зырылдап, титімдей тікұшақ сияқты судың бетін бауырымен сыза қалықтайды. Соңынан көз алмай қараған Баян да қолын бұлғаған күйі:


Инелік-ау, инелік

Нәзік қанат инелік.

Гүл нәрінен қанып іш,

Астанаға алып ұш!

Су бетімен зырлашы,

Көк аспанда самғашы.

Бәйтерекке барып қон,

Құстарға жем болмашы, - деп ақырын-ақырын күбірледі.


Жаңабек ШАҒАТАЙ:

ҚАРЛЫҒАШ ҚҰСТЫҢ ДӘРУІ

Алты жасар Баян көңілсіз қалпы жазықтан көз айырар емес. Көктем де өте шықты. Жайнаған мамыр айы аяқталуға жақын. Ауылдың іргесіндегі жасыл кілемдей құлпырып жатқан кең жазықтың бояуы солып, реңі қашқан. Тіпті әредік тұсының шалғыны сарғайып сиреп, ақтаңданып көрінеді. Көктем бойы ауыл балалары шуылдасып, доп қуалап, өздері де нәзік гүлдей қыздар гүл теретін алқап құлази бастапты. Бейкүнә күлкі мен шаттыққа толы күндердің тез өткеніне өкінгендей томсырайған жазыққа сабалақ жүндеріне ошаған мен шоңайна жабысқан қозы-лақ, ала бұзаулар бауыр басып алыпты. Күні бойы бытырай жайылып, нәзік еріндерімен сүті қатқан шөпті жарыса жұлып жүргені. Жай жайылмайды, бастарын жерден көтермей жүгіре басып, жазықтың о шеті мен бұ шетін кезеді. Сосын сиыр сәскеден-ақ бастарын бір-бірінің бауырына тығып, жазық жиегінде арагідік дөңгелене өскен жиделердің көлеңкесін сағалап, бүйірлері ырсылдап тұрғаны.

— Құлыншағым, солай состиып тұра бересің бе? — деп дауыстады үйдің есігінен басын шығарған әжесі Күнімхан қисайған жаулығын түзеп қойып. — Беті-қолыңды сумен шайып, таңғы асыңды ішсей. Атаң да күтіп отыр.

— Қазір, әже! — Баян қабағын шытынып, екі алақанымен бетін ұстады. Томпақ беттері ысынып, дуылдатып тұр. Құсқысы келгендей жүрегі лоблып сала бергені. Тек жазықтың арғы шетінде шоғырланып өскен қалың жиде тоғайын сусылдап аралап өткен ерке самал есік алдына жетіп, желпінгенде бойы жазылып, сәл күлімсірейді.

Жиделердің гүл жарған кезі. Тырнақтай ғана майда, сарғыш гүлдер әлі нілін жоғалтпай, көк жасылданып тұрған ұзынша жапырақтарды көлегейлеп, алыстан сап-сары боп көздің жауын алады. Иісін айтсаңшы, иісін! Жұпары кеудені кернеп, тынысыңды ашып жібереді-ау. Осы Үшарал ауылының үлкен кісілері ылғи айтатын әңгімені де біледі Баян. Әнебір жылдары жазғытұрымда ауылға жақын Талас өзенінен балық аулауға екі адам келіпті. Адам болғанда, кәдімгі орыс. Баянның әжесі айтса: «Ол пәлекеттерің балыққа жерік пе, әйтеуір баяғыда жаз сайын ерінбеуіші еді мәтесекілдеріне мінгесіп. Аузы түкті байғұстар атаукереден басқа ештеңе ойламай ма, ауқат табылатын жақты жайлап алушы еді ғой, жүдә».

Әлгі екі орыс бір күні анау жиделердің арасында ұйықтап қапты тал түсте. Сол ұйықтағаннан қайта оянбаған екен. Ауылдың үлкен кісілері: «Жарықтық, жиденің иісі құдірет қой. Байқамасаң, басыңды айналдырып, буын-буыныңды босатады», — дейді ылғи. Сосын жиделер жаққа балаларды бейсауат жібермейді.

Баян көз алмай, жазыққа әлі қарап тұр. Енді аз күннен соң ана жиделер гүлін жерге шашып, түйін салатынына өкінетін сияқты. Ал әзірше сарғыш гүлдерге кезек-кезек қонақтаған тынымсыз аралардың ызыңдаған дауысы құлағына жеткендей. Кенеттен дәп үйдің іргесіндегі биік бағананың басынан бәбісек көкектеді. Төбесіндегі шошақ айдарын желпуіштей бір жазып, бір жинап, басын шұлғып-шұлғып сұңқылдасын.

— Бір, екі, үш... — Елең еткен Баян көкектің үнін ақырын санай бастаған. — Бес, алты...

— Құлыншағым-ау, не санап тұрсың? — деді әлгіден есік алдында немересіне мейірлене қарап тұрған әжесі селк етіп. — Тиыштық па?

— Көкектің даусын, әже! Ол көктемнің аяқталуына қанша уақыт қалғанын айтады екен ғой, — деді Баян сүлесоқ қалпы. — Ал көктем аяқталуына азғантай күн қалыпты.

— Қой, олай деме. — Немере қызының жанына таяп келген әжесі Баянның қысқа, сәл ғана бұйралау шашынан аялай сипады. — Оған бола өкінбе, қызым! Бұл көктем таусылса, келер жылы тағы да жайнап келеді. Сен құйтақандайсың ғой, есейгенше әлі талай әдемі көктемді көресің.

— Әже десе, осы ылғи неге көктем болып тұра бермейді? Сонда жазда ыстықтан тығылмайтын, қыста атам, сіз үшеуміз жаурамайтын едік қой. Қыстың келгені — көктемнің өлгені шығар, ә?

— Тәйт, ол не дегенің! «Өлген» деген жаман сөзді қайдан үйреніп жүрсің? Үнемі көктем болса, ешқашан егін піспей қоймайды емес пе? Жеміс-жидектер де көкпеңбек болып тұра береді. — Әжесі енді дауысын жұмсартып, мейірлене сөйледі. — Жаным-ау, түсіңнен шошығансың ба, таңдайыңды басайыншы. Үрейлі сөздерді айтасың қаршадай болып. Неге терлеп кеткенсің?

— Басым ауырып тұр, әже. — деді Баян ерні дірілдеп. Сосын әжесінің қатқылдау әрі жылы алақанына бетін басты. — Құлағыма да түк естілмейді.

— Құдайым-ай, табан асты ауырып қала көрме сен. Үйге жүре қойшы, қалыңдап төсек салып берейін. Біраз жатып демал. Тү-у маңдайың да күйіп тұр ғой.

Ортаңғы бөлмедегі жұмсақ төсекке жантайған кішкене қыздың демде ыстығы көтеріліп, ерні кеберсіп кетсін. Аппақ құс жастықтағы басын қайта-қайта шайқап, ыңырси аласұрып жатыр. Жас баланың кенеттен жаны қиналғаны қандай ауыр азап! Әп-сәтте бар денесі күйіп-жанып, жамылғыны серпіп, аяқ жаққа теуіп тастайды, біресе қалтырап тоңып, иегіне дейін қымтай жамылып бүк түседі. Күнімхан әжей қатты абдырап қалған. Ә дегенде-ақ атасын ауылдағы жалғыз дәрігерге жұмсаған-ды. Оның да үйі талай жер. Немере қызының нәзік қолдарын алақанымен тас қып ұстап:

— Қарашығым-ау, жүдә қатты қиналдың-ау, — деді даусына өксік араласып. Сосын Баянды шошытпайыншы дегендей қайтадан қайратына мінген. — Шыда, сәл шыда, боташым. Қазір атаң дәрігерді де алып келеді. Сосын құлан-таза жазылып кетесің, құлыншағым. Құрбыларыңмен күндегідей ойнайтын боласың.

Ұзын кірпіктерін тас жұмып алған Баянның құлағына бұл сөздердің бірі естіліп, бірі естілер емес. Ол кенет көзін ашып, ауызғы үйдің бұрышына ұя салып, бауыр басып алған қарлығаш балапандарына жем тасып, сып етіп ұшып кіріп, ізінше қайта ұшып кірген сайын ауыздарын ашқан кішкентай балапандар шиқылдарын үдете түседі.

— Әже-е, су берші, — деген Баянның әлсіз үні әрең естілген. — Су-у...

— Қазір, айналайын. Бірақ мұздай су емес, ыстық сүт ішші. Терлесең, жазылып кетерсің. — Күнімхан әжей ұзын етегіне сүрінген күйі ауызғы бөлмеге ұмтылды. Піскен сүт, ұйыған айран, құрт-май сенекте сақталатын салты ғой ауылдың. — Қазір әкелемін, жарығым.

— Қарлығаш құс, су берші, — деді тағы да әлсіз күбірлеп.

— Қазір, құлыным, сәл шыда, ыстық сүтке май қосып берейін. Терлеші, бір, — деген әжесінің даусы еміс-еміс естіле ме, қалай?!

Жеңіл қанаттар бетін тағы желпіп өтті де, ерніне әлдеқандай сұйық, бір тамшы шырын тамды. Титімдей тамшы. Сол-ақ екен, таңдайына әжесінен жасырып, талай ұрланып жеген дала гүлдерінің нәзік дәмі, балаусаның жапырағынан тілімен ақырын ғана жалап ішкен таңғы шықтың салқыны келді. Әрі тәп-тәтті, әрі мұздай. Зорланып жұтынған. Әлгі дәм таңдайынан кетер емес. Өн-бойының бәрін тер жапқан Баян қатты ұйықтап кеткенін сезбей де қалды.

...Екі күннен кейін әжесі ауызғы есіктен сөйлей кірді.

— Обал-ай, мына қарлығаштың бір балапаны өліп қапты, — деді қамығып. — Байғұс солар үшін күндіз-түні тыным таппаушы еді. Жарықтыққа қиын болды-ау енді. Менің ерке қызым да ойда жоқта ауырып, үрейімді ұшырды ғой...

Ұядағы қарлығаш балапандарының баяғыша тынымсыз шиқылдағаны да естіліп тұр. Тек бір дауыс жетіспейтін сияқты. Баян қабағын шытынып, қарақат көзін жұмды. Бетіне жұмсақ желпіген қанаттың лебі қайта сезілген сияқты. Таңдайына гүл мен шықтың тәтті дәмі келгендей... Бірақ әлденеге жылағысы келді еңіреп.


Бердібек СОҚПАҚБАЕВ:

ЖАСЫРЫНБАҚ

Жасырынбақ ойнауды Әбдірахман шығарды. Тұрбек оны дереу қостады. Сыдық та қарсы болған жоқ.

Бірақ екі-екіден одақтасу үшін және бір адам керек.

Шақырып алатын ешкім көрінбес пе екен деп, үш бала қақпадан шығып, төңірекке көз салып тұр. Іштеріндегі ересегі Әбдірахман, бесінші класта оқиды. Дене тұрпаты ұзынтұралау, мінезі адуындау ақ сұр бала.

Тұрбек пен Сыдық екеуі төртіншіде оқиды. Біреу өзі тиіспесе, бұлар ешкімге шатақ іздеп ұрынбайтын басалқалы балалар.

Кешенің арғы бетіндегі өз қораларының үстінде рогаткамен сотқар Алмабек торғай атқылап тұр. Аңдығаны теректердің сонау ұшқары басы. Бірлі-жарым қонған торғай болса, атып тигізе алмай тұр. Басқа теректердің басында қаптап ұшып жүрген торғайлардың әлгі араға жоламауына қарағанда, Алмабек оларды әбден запы етіп, үркітіп бітсе керек.

— Алмабекті шақырсақ қайтеді? — деді Әбдірахман.

— Ой, құрысын. Ол шатақ шығарады, — деп Тұрбек пен Сыдық қабатынан без ете қалды.

Алмабек осы кезде бұларды керіп, айқай салды:

— Ей, неге топталып тұрсыңдар! Тараңдар! Атам!

Алмабектің сырын білетін балалар қақпаны тасалап, жасырына берді. Алмабек айтқанын істеді. Атып еді, тас ызыңдаған бойымен кеп қақпаға тиді.

Үйден Тұрбектің бірінші класта оқитын қарындасы Назым шықты. Екі иығында желбірі бар, жеңсіз көк шұбар көйлек киген, топ-толық қара домалақ қыз. Кезі шешесіне тартып шегірлеу.

— Біреуімізге Назым одақ болсын, — деді Сыдық.

Әбдірахман тыжырынып:

— Мұны қойшы, — деді.

Әңгіме өзі жайында екенін Назым біле қойды да, балалардың қасына келіп:

— Не? Не айтып тұрсыңдар? — деп сұрады.

— Бізбен жасырынбақ ойнайсың ба? — деді ағасы.

— Ойнаймын.

Осы кезде Алмабек атқан бір тас қақпаға және келіп, сақ етіп тиді. Артынша оның:

— Бәлем, шығарсыңдар әлі! — деген айқайы қоса естілді.

Назым балаларды таспен атқылап тұрған Алмабек екенін көрді.

— Назымды одақ етіп алып ойнайық, — деді Тұрбек те. Әбдірахманның сол әлгі менсінбеген кейпі...

— Бұл одақ болып жарытпас.

Назым ашуланып қалды:

— Мен бе? Мен жасырынбақ ойнауды білмеймін бе?!

— Қыздардың қалай жасырынатынын білеміз. Біреуі ауыз үйге шыға турады да, екіншісі төр үйдегі төсектің астына кіріп: «Көкек! Мені ізде», деп дауыстайды. Не болмаса басын бұр кеп алады да, сирағы сорайып көрініп жатады.

Әбдірахман бұл сезді Назымды қатырдым деп, мысқылды күлкімен айтты.

— Ойнап көрейік! — деді Назым отты көзі жәбірлене жалпылдап.

Ақыры булар жасырынбақ ойнауға келісті. Әбдірахман мен Сыдық бір одақ; Тұрбек пен Назым бір одақ болды.

Жасырынатын жердің көлемі осы үйдің қора - қопсы, ауласының іші болсын, одан сыртқа шығып жасырынса есептелмесін деп келісілді.

Жеребе салысқанда, жасырыну кезек әуелі Әбдірахмандарға тиді.

Тұрбек пен Назым олар жасырынып болғанша үйге кіріп тұрды.

Міне, енді іздеуге шығып келеді.

— Сен бақтың ішін қара. Мен қораның ішін қарайын, — деді Назым.

Қораның сыртқы жақ босағасында төңкерулі тақтай науа жатыр. Назым оның қасымен өтіп бара жатып, әлгіге сезіктене қарады. Шетінен ұстап, әрең дегенде көтеріп, аударып тастап еді, астында бүк түсіп жатқан Әбдірахманды көрді.

— А - а! Қайдан біліп қойдың? — деп, үсті - басы шаң - шаң боп Әбдірахман түрегелді.

— Білмегенде. Бұл науа бағана төңкеріліп жатпай, шалқасынан жатқан, — деді Назым.

— Ой пәлесін - ай мына қыздың!

Бақшадағы картоптың бітік сабағының арасына кіріп кеткен Сыдықты да Тұрбек оп-оңай тауып, желкелеп алып келді.

Әбдірахман алақанына құлшына түкіріп:

— Бәлем, енді сендер жасырынып көріңдер, — дейді.

...Олар бірқауым іздеп, Тұрбекті қораның ішінен ақырдағы бір құшақ көк шөптің астынан тауып алды. Ал Назым болса, зым-зия. Әбдірахман мен Тұрбек оны іздеп, қарамаған жер қоймады. Таба алмады. Үйге кіріп, кереуеттердің астына дейін қарады. Жоқ.

— Мен білсем, сол қыз жасырынған жоқ. Бізді босқа әурелеп, бір жаққа кетіп қалды, — дейді дымы құрыған Әбдірахман.

— Жоқ, кеткен жоқ. Жасырынып жатыр. Табыңдар! — дейді Тұрбек.

Әбдірахман мен Сыдық және іздей бастады. Үйдің үстіне шығып шатырдың ішін, одан соң қорадағы картоп салатын ұраға дейін түсіп қарады. Бірақ еш жерден Назым табылмады. Бір жерде шыбын болып жабысып тұрмаса, енді тіпті оны іздейтін жер қалмады.

Әбдірахман терлеп те кетті.

— Шықсын енді, таба алмадық — деді Тұрбек.

— Назым, шық!

— Ур – р – а - а! — деп, Назым қақпа түбіндегі иттің үйшігінен сумаң етіп шыға келді. Әбдірахман мен Сыдық төбелерінен жай түскендей сілейіп қалыпты.

— Ой, қу - ай! Бұл қу осындай! — деп Сыдық таңырқап жатыр.

— Жаңа мен бұл үйшікке үңіліп қарап едім ғой? Ит жатқан секілді еді ғой?! — дейді Әбдірахман.

— О, су жүрек. Ит емей-ақ мен, үңіле бергеніңде ыр – р - р деп едім, періп ұрып жөнелдің ғой!

Назым мәз болып, сылқ-сылқ күледі.

— Мен енді ойнамаймын. Жетеді, — деп Әбдірахман сөлпиіп жөнеле берді. Ызаланып бара жатқаны кейпінен белгілі еді.

Ол қақпадан шыға берген кезде:

— Байқа, Алмабек аңдып тұрмасын! — деді Назым. Әбдірахман селт етіп те үлгірмеді, бармақтай бір тас құлағының дәл тұсынан зулап өтіп, қақпаға сақ етіп тиді.

Алмабек рогаткасына тағы да тас салып жатқанын көріп, Әбдірахман тез шегініп кетті.

Балалар әдебиеті – өмірдің рухани оқулығы
Ертегілер әлемінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу