Сират көпірінің сыны (фантастикалық әңгіме)
Түсімде бір оқымысты аян беріп жатыр екен:
–Қазіргі мына қыймыжық дүниені көрмейсің бе, алдыға шыға берсең көре алмайтын бақталастар дүниесіне айналып барады. Қайдағы бір тобырлардың топталып алып алдыңа қақпан құрып, артынан қармақ саптап жүргенін байқадың ба? Онанда сен де Ержан сияқты ғылым жолын іздеп дербес кет,--деді.
–Ғылым жолын қайдан іздеймін?--деп сұрадым таңырқап.
–Бақи дүниеге бар. Ол жерде нағыз ғылым иелерін ұжымаққа кіргізеді.
«тозақ» емес «ұжымақ» десе кім жүгірмейді!? Ертеңінде таңертең өзімнің барды-жоқты жинаған кітаптарымды арқалап алып бақи дүниеге қарай төте тартып бердім…
– Сират көпірінің бері жақ басына барғанда шулыққан қара шобыр топқа кез болдым да, ішінен жөн сұрайтын біреу жолығар деген үмітпен топтың арасына кірдім. Барлығы өзім естіп көрмеген ғажайып тілде сөйлейді. Менің тілімді мұның қайсысы ұғар екен деген оймен әркімнің бетіне жалпақтап, аңтарылып тұрғанымда көлденең жағымнан біреу «Ассалаумағаликұм» деп сәлем берді. Жалт қарасам басын қолына ұстаған жас жігіт. Жігіт болғанда өзіме таныс жігіт--оқушым Ержан екен. Сәлемін аларын алсам да шошып кеттім.
– Мұғалім, қорқып қалдыңыз ба?--деді ол қолымды қатты қысып.
– Жоқ,--дедім, аузыма сөз түспей сасқалақтап,-бұл қалай болғаны бауыр?
– Е! мұғалім,-деп бастады Ержан сөзін,-мен пәниден мұнда келгеніме тұп-тура 130 жыл болды. Одан хабарыңыз болмауы мүмкін. Кезінде өзіңіз айтушы едіңіз: ғылым жолында өлген кісінің арманы жоқ деп, сол себепті ғана басты алдырып жүрген жайым осы.
– Ержан осыдан 200 жылдың алдында менің алдымнан үздік бітіріп, N медициналық университетіне қабылданған болатын. Ол әңгімесін жалғай түсті:
– Сол университетті тауысып, соңғы емтиханды бергенімде, басқа планетаға шығып оқуға нәтижем толмай қалды. Әкемнің арманы сыртқы планетадан оқыту еді. Әкем өз кезінде орайы келіп оқи алмағандықтан менің оқуыма қатаң талап қоятын. Өзі де тым қатаң адам еді. Ол үнемі маған:--үмітімді ақтап талабымнан шықпайды екенсің басыңды аламын,--деп отыратын. Үйіме барған күні дипломымдағы нәтижемді көрген заман ашуға булығып, айтқанындай табанда басымды алды. Әке арманын орындай алмаған күнәм үшін әрине мойынсал болуға тиістімін ғой! Сол күні-ақ бақиға келіп үлгердім…
– Жә, содан бері қалай жүрсің,--деп сұрадым мен діріл аралас бәсең үнмен.
– Содан бері қарай осы көпірден өту жолында тоқтаусыз ізденіс жасадым,-деді Ержан, аржақ шетіне көз жетпейтін, толқын ата тулап жатқан ақ өркеш дарияға салынған жалғыз аяқ көпірдің ары жақ басындағы жайқалған жасыл бақшаның арасынан еңсе көтеріп тұрған зәулім алтын ғимараттарға көз тастай тұрып, сұқ саусағымен көпірді нұсқап,
– Сіз ол дүниеде естіген боларсыз,. ол дауысын бәсеңдете сөйледі: - бұл моллалар үнемі айтатын «тек күнәсіз адамдар ғана өте алатын» сират көпірі деген осы екен.
– Онда ана тұрған алтын сарайларда моллалар бар ма екен?--деп сұрадым, оның сөзін болып. (ондағы ойым-бірер таныс молла кезіге қалса етегінен ұстап ұжымаққа төте кірмекпін…)
– Жоға,-деді Ержан миығынан күліп, - бұл дүниеде ғылми біліміңіз болмаса, ауызбен орақ оратын молла-қожаға қарамайды екен. Нағыз білім қуған адамзатқа, иманға қызмет еткен, игілік жаратқан оқымыстыларды ғана «құдайға қараған пәк адам» деп таниды екен. Ана көрініп тұрған сарайлар ол дүниеде айтылатын «ұжмақ» сарайы сол екен. Ол жерде Қожа Ахмет Ясауи, Ибн сина, Әл-фараби, Әбу Ханифа қатарлы ұлы ғалымдар ғылыми зерттеумен шұғылданады екен.
– Ол кісілердің дидарын көру мүмкіншілігі жоқ сияқты ма?- дедім, мен тағатсыздана.
– Тым қиын,--деді Ержан қатты күрсініп,-бұл көпірден өтемін деген
адам барлық ғылымды жеттік білуі шарт екен де, әуелі емтиханнан өтуі қажет екен. Әнеу тұрған екі кісіні көрдіңіз бе? -деді ол, көпірдің бержақ екі босағасындағы екі адамды кезек нұсқап, - оң жағындағысы дінни кітаптарда айтылатын--адамның оң жақ иығында отырып жақсылықты жазатын періште--Караман-катибан екен де, сол жағындағысы сол иықта отырып жаманшылықты жазатын періште--Малайкаты-башшұр екен. Пәни дүниедегі барлық оқымысты делінген адамдардың архиві осылардың қолында екен де, архивтегі ең жоғары оқу мағлұматы бойынша емтихан алып, одан өте алғандар ғана ұжымаққа кіре алады екен. Оның үстіне емтихан Марс елінің тілінде алынады екен, мұнан дицлион нөмерге қол жеткізгендер ғана көпірден өтуіне болады екен.
Емтихан марс елінің тілінде алынады дегенді естігенде бағжаң ете
түстім. Өйткені мен Марс елін қойып, пәнни дүниедегі озық елдердің тілін де толық білмесем…
– Сонда өзің емтихан бердің бе,-деп сұрадым абыржып.
– Неше рет берсемде іліне алмадым-деп біраз тұнжырап отырды да аяқ астынан жадырай сөйледі:
– Айтпақшы, мен жақында Ибн Сина мен Әл Фарабиға кезіктім.
Иә сәт! - дедім мен, оның сөзін бөліп, біртүрлі үміт ұшқыны көрінгендей бола қалдым.
Ол кісілер «пәниден бір адам келіп, көпірден өту жолында 130 жыл бойы басын қолына ұстап жүріп ғылми ізденіс жасауда» деген хабарды естіп әсерленіп, маған жолығу үшін келіпті. Олар маған аса зор шабыт берді: «Марс елінің тілін де жақсы үйреніпсің, таланттылығың жоғары екен, ұжымаққа кіріп, болашақта ғылми зерттеуімізге қолғабыс тигізетініңе сенеміз» деді.
Ержанның сөзін тыңдап отырып, кезінде оны жақсы оқыта алмай, мәңгілік қарызына қалғандай болғаныма қатты ашынып, қарадай қорынып кеттім. шәкірт алдындағы кешірілмес күнәмә өкініп отырдым да:
– Ержан!-дедім жынданғандай, - менің басымды алшы өз қолыңмен. Ми жоқ, сыртын терімен қаптаған іші қуыс сүйекті көтеріп жүрудің қажеті не?--деп орнымнан ұшып түрегелдім.
– Өйтпеңіз мұғалім, бұл көпірден сізді тастап шәкіртіңіз жалғыз
өтпейді! мен сіздің өткен-кеткенді түсініп жеткендігіңізге сүйіндім. Сізге сөзсіз сәйкесемін. «Үмітсіз шайтан ісі, талаптыға нұр жауады» деген бар, көпірден сөзсіз бірге өтеміз! Айтпақшы, ғалымдар маған: көпірден өтіп бара алсаң басыңды жалғауға болады» дейді,-деді Ержан.
Менің басты уайымым Ержанның басы еді, бұл сөзді естігенде шаттана көзіме жас алып оның қолын қатты қыстым. «Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады» дегенді еріксіз есіме алып, Ержанның қажымас рухына сүйініп, сират көпірінің сынынан бірге өтуге бекіндім.
– Жасасын ғылым!-деп қатты айғайлап ояна келсем жастығым жасқа шыланып кеткен екен.
Кәкен Қасымханұлы