Мұңлы түлкі. Кәкен Қасымқанұлы

Oinet.kz 21-12-2021 5368

6fcc2659-3e23-4bd0-866c-4db2f9d5e434.jpg

Лақса ана түлкінің енді-енді аяқтанып, тәй-тәй баса бастаған екі күшігенінің шыйқылдап аш жатқанына бір суткадан асты. Бишара түлкі «жаратқан көз жасымды көрсе осы екі баламды аман-есен ержеткізсем, өмірімнің жалғасы--мұрагерім болады ғой»деп, кешеден бері өз әлінше дыздақ қақсада түйір дән кезікпеді.

Өмірінде талай құрсақ көтерген болсада жер бетінде тірі жүрген бірі қалмады, бәрінде жанын аузына тістеп жүріп «адам қатарына» енді қосқанда кейбіреуі түз қыраны жағынан, кейбіреуі «екі аяқты жауыздар» жағынан көзі жиылып біткен. Ендігі екі сәбиінің амандығын Алладан тілеген сорлы ана екі баласына тысқа шықпауды қадағалай тапсырды да, інінен мұңлы күйде созыла шығып тағы да ілби басып сенделе жүріп кетті.

Ешқандай сыртқы жаудың шабуылына ұшырамаған бейбіт жағдайда да, төрінен көрі жуықтап қалған мүсәпір ана бірде жастық шағындағы нелер қатерлі жортуылдарын есіне алса, бірде қазіргі хал-жайын ойлап, балаларын уайымдап, қыймыжық үрейдің шытырманында сенделіп келеді. Ара-тұра жан-жағына сақсына жалтақтап алып, үшкір тұмсығымен жерді иіскелеп қойып өз-өзіне күбірлейді:

- Өһ дүние-әй! кезінде қу кеңірдек үшін біреуді алдап, біреуді арбап, бірді бірге соғып жүріп жан бақтым-ау әйтеуір, бала-шағамның қамы үшін ұрлық та істедім, пысық та болдым. Пысық болмасаң мына заманда аузыңа кім ас дайындап береді дейсің!? Ал, бұл күнде жас жетті, хәл кетті, баяғыдай желіп жүріп ала тауды шыр айланып шығатын қайрат қалмады. Зауеде жарық дүниеден көз жұмар болсам, алдында ақыл айтар ағасы жоқ, бас қалқасыз екі бейбағымның күні нешік? Бұл өмірдің қыры мен сырын түсінбейтін, бұғанасы қатпаған аңғал сәбилерім де әлде кімдердің тегеурінді тырнағынан немесе жауыздық таяғынан жазықсыз жазым болама, кім білсін? Қазірдің өзінде не күйде екен…

Болжамсыз өмірдің шүңетінде ой соқты болып келе жатып, оң жақ алдынғы аяғынан «сарт» етіп ұстаған қанды ауыз қақпанмен бірге тоңқалаң асқанын бірақ білді.

Ол алғаш қапелімде бір «баж» етіп қалғаны болмаса, есін тез жиып ала қойды. өйткені, ойбайлағанмен, сойылын алып апербақан «ұрда-жық» келмесе, құтқарушы жанашыр жан келмейтіні белгілі. Тісімен серпперді қыршып жіберердей шақырлатты, ашынғанынан қақпандағы бақайшығын шайнап та алды. Қанша арпалысқанымен «тепкілесе кетпейтін темір бақ» қанды шеңгелін босатпайтынына көзі жеткен жазықсыз тұтқын басы айналып көзі қарауытып барып сұлық жатты. Шылбыр бойы жерде қол басындай ет жатыр.

--Шырғаһ!--деп, аузынан отты жалын шығарды да, тілін сала құлаш шығарып, кеберсіген ернін бірнеше рет жаланып алып, қаңсыған тамағын жұтынды. Сосын, көзін жұмды да түпсіз тұңғиық ойға шомып кектене күбірледі:

--Ей, жауыз адамзат-ай! болмағанда екі шикі өкпемнің көз жасына қарамадыңдар-ау, тұқымымызды тұздай құрттыңдар-ғой, заман-заман болғалы беюаз жандарды қынадай қырып келесіңдер, сендерге Құдай неге зауал бермейді осы? жер мен көктегі өлі байлық пен тірі жан тісті бақа атаулының барлығы сендердің шеңгелдеріңде болып келеді. Тіпті, жер астынада бактереядай кеулеп кіріп, бізге ін қазарлық орын қалтырмай барасыңдар. Бізді былай қойғанда, сендер илеуімен қоса аударып тастаған, қаншалаған өзінің адал еңбегімен ауқаттанып жүрген еңбекшіл құмырсқалардың табандарыңа тапталғанынан қалғандары бас панасыз қалып, босқын болып кетті емес пе?! Бір кеңірдек үшін бірер тауықтарыңды ұрлағаннан басқа не зәбір жасадық сендерге? Ондай ұрының көкесі өздеріңнен шығып жатпайма!? Оларды айып салумен құтылдыра саласыңдар, айыпқа төлер ақшасы жоқ біз сияқты сіңірі шыққан байқұстарға өлімнен басқа жеңіл жаза жоқ. Бірақ, біз өздерің сияқты жауыз емеспіз. Сендерде біреуді біреу өлтіру бар. Ал, біз—түлкі «бірін-бірі өлтіріпті» дегенді естідіңдер ме тумыстарыңда? Солай бола тұра бізді «қу»,«армза», «алаяқ», «залым» дейсіңдер шімірікпестен, кімнің қулығы кімнен артық екеніне аяқтағы өз қолдарыңның табы түскен мынау куә шығар?!…

Ол түңіліңкі күймен жаны кеткен аяғын нарау ырғап қойып, қанталаған шүңірек көзін аспанға нұқтасыз телміртіп, болымсыз үміт сәулесі елестегендей ойын қайта жалғады:

--Бізде адамзаттың заңындай әділ заң белгіленген болса, әлдеқашан шаттық орнап, бейбіт өмір қалыптастырған болар едік, бұлар өз заңына өздері опа қылмайтын бетпақтар. Айталық, олардың заңында «түлкі--қорғалатын хаюанаттардың бірі»деп көрсетілген. Ал, бұлардың көпе-көрнеу қақпан құрғаны мынау; «екі аяқтылар» жер бетіне сыймай бара жатқан соң «кей елде заңмен, кей елде идиологиялық қарумен әйтеуір әр түрлі тәсіл қолданып тууды шектейтіні тағы бар».  Тазы ертіп бейшара қояды қуалап өлтіретіндерің,  тау сағалап қорғаудағы аңды аулайтындарың анау. Әуелі тоғай арасында бір маралды жәркемдеп жатқанда тосыннан үстіне келіп қалған момын қойшыға мылтық оқтап тап бергенде жанынан жұда бола жаздап, құлдық үріп:«әдейі емес, тақсыр жанымды қый, қой көздеп жүріп байқаусыздан келіп қалдым, жан баласына көрдім деп аузымнан шығармауға ант етейін» деп жалбарынып әзер құтылғанда қарсыдан қарап отырып, ішек сілем қата күліп едім-әу, міне бүгін сорлы басыма «күлгенім күле жетті». Егер адам тілін білетін болып, қақпаншы келгенде дәл айтсам, күшіктерімнің көз жасы үшін, қойшы сияқты мені де бір жолға қоя берер ме еді әлде? Амал нешік, бұл заманда көп тілден хабарың болмаса бәрібір, арманың ішіңде арам өлгеннен басқа жоқ…

Дат айтатын түлкім тосыннан жетіп келген қақпаншыға «ыр» етіп айбар көрсеткеннен артыққа шамасы болмай, қара құстан тиген ырғай таяққа жалғыз-ақ «қаңқ» етті де тұяқ серпіді. Бұл шақта оның екі күшігі де аштықтан өкпелері ғана қимылдап жан үзер алдында еді…

Сөйтіп, сорлы түлкінің ажалы мөрлі кісіден болды. Бұл аянышты өлімнен хабар тапқан жан-жануарларда мынау бұлыңғыр өмірге болған күңгірт күдіктерін күңгірлесіп жатты:

--Бұл дүние шынымен-ақ зұлымдардікі болып бара жатқаны-ма?

--Бұлай бола бермес.

--Әй,кім білсін!?

--Дүние дөңгелек деген бар емес пе…

Ойшыл жазушы
Сират көпірінің сыны (фантастикалық әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу