Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері. Том ойнайды, төбелеседі, жасырынады
– Том!
Жауап жоқ.
– Том!
Жауап жоқ.
– Мына бала қайда батып кетті-ей? Том!
Жауап жоқ.
Кемпір көзілдірігін мұрнының ұшына түсірді де, бөлме ішіне көз жүгіртті. Бала секілді ұсақ-түйекті іздегенде, ол көзілдірігін сирек киетін, өйткені бұл оның салтанатты сәттерге мақтаныш үшін киетін көзілдірігі еді; ал шынында кемпірге оның қажеті жоқ болатын; дәл осындай "табыспен" ол пеш жапқыш арқылы да көре алатын.
Алғашқы сәтте ол сасып қалды да, ашуын басқандай болды, бірақ бөлмедегі бұйымдар естісін дегендей қатты дауыстады:
– Осыдан қолыма түс. Мен сені...
Кемпір сөзін аяқтамастан еңкейіп кереуеттің астын сыпырғышпен түрте бастады, оқтын-оқтын демі жетпеген кезде сәл тоқтап алады. Кереуеттің астынан мысықтан өзге ештеңе табылмады.
– Өмірімде мұндай бала көрсем, көзім шықсын!
Ол ашық есікке жақындап, табалдырықта кідірді де, помидорын арамшөп басып кеткен өзінің бақшасына қарады. Ол маңда да Том көрінбейді. Кемпір дауысын алысқа жететіндей көтеріп айқайлады:
– То-о-ом!
Арт жақтан жай ғана сыбдыр естілді. Ол жалт қарады да, зытып кеткелі тұрған баланың күртешесінің етегіне жармасты.
– Әрине! Мен қалайша сарайды ұмыттым! Сен онда не істедің?
– Ештеңе.
– Ештеңе! Қолыңа қарашы. Аузы-басыңа қара. Ерніңді немен былғадың?
– Білмеймін, тәте!
– Ал мен білемін. Бұл - тосап.
Мен саған қырық рет айттым: тосапты қозғаушы болма, қозғасаң, теріңді тірідей сыпырамын деп! Қане, шыбыртқыны әкел бері!
Шыбыртқы зу етіп жоғары көтерілді - қатерден құтылу мүмкін емес.
– Тәте! Артыңыздағы не?
Кемпір қорқып кетіп, биік өкшемен жалт бұрылды да, ұзын етегін жинап үлгергені сол еді, бала сол сәтте-ақ зымырап отырып, ағаш шарбақтың басына шығып үлгерді.
Полли тәте не істерге білмей тұрып қалды да, сосын жайбарақат күле сөйледі.
– Міне, бала! Оның көзбайлаушылығына үйренетін уақытым болған секілді! Қаншама рет мені осылай отырғызып кетті. Осы жолы ақылдырақ болуыма болатын еді. Бірақ кәрі ақымақтан асқан есуас болмайтын шығар шамасы. Қартайған итті жаңа нәрсеге үйрете алмайсың деп бекер айтылмаған. Ой, Құдайым-ай, бұл баланың шығармайтыны жоқ: күн сайын бірдеме ойлап табады - оның басына қандай ой келгенін қалай болжайсың? Мені қаншама рет есімді тандырып азаптауды білетін секілді. Көзді ашып-жұмғанша менің басымды айналдыруды, болмаса күлдіруді ол жақсы біледі, міне, оны шыбыртқының астына алуға қолым бармады. Шындықты шындық деу керек, Құдай кешірсін, мен өзімнің міндетімді орындамай жүрмін. Қасиетті кітапта "Шыбық тигізбей тәрбиелеуші баланы құртады" деп жазылған. Мен күнәкар мұны еркелетемін, сол үшін о дүниеде мен де, ол да жазасын тартамыз. Оның барып тұрған шайтанның баласы екенін білемін, бірақ не істеймін? Менің о дүниелік болған сіңлімнің перзенті ғой бейшара бала, жетімді ұрып-соғуға дәтім шыдамайды. Менің шыбыртқымнан немесе шапалағымнан ол жалт беріп құтылған сайын, арым азаптайды мені, ал ұрып-соққан сайын, менің кәрі жүрегім қарс айырылады. Кітапта дұрыс айтылған, дұрыс: адамның ғұмыры қысқа және қайғы-қасіретке толы. Дәл солай. Бүгін ол мектепке бармады, енді кешке дейін жалқаулыққа бой алдырып жатады, ал мен міндетімді орындаймын - ертең оған жұмыс істетемін. Бұл, әрине, қатыгездік, өйткені ертең барлық балалар үшін мейрам, бірақ басқа ештеңе жасай алмайсың, бұл баланың ең жек көретіні - еңбек ету. Оны бұл жолы жазаламауға қақым жоқ, әйтпесе балақайды әбден бұзып аламын.
Том бүгін, шынында да, мектепке бармады және уақытты сондай көңілді өткізді. Олар кешке дейін негрдің баласы Джиммиге ертең отынға ағаш кесуге, оны жаруға көмектесу үшін және дәлірек айтқанда Джимми жұмыстың үштен бірін бітіргенше оған өзінің бастан кешкен уақиғаларын айту үшін үйге әрең үлгеріп оралды. Томның інісі Сид (ол бірге туған емес - шешесі бөлек) өзіне тапсырған жұмыстың бәрін (жарылған ағаштарды жинап сарайға кіргізу) бітірген еді, өйткені ол қой аузынан шөп алмас жуас: сотқарлығы жоқ, қолайсыз қылығымен үлкендерді мазаламайды.
Том қолайлы сәтті пайдаланып, бір кесек қантты жымқыру үшін кешкі тамағын асығып-үсігіп ішіп болғанша, Полли апай оны өзінің сөз қақпанына түсірсем шынын айтар деп оған әртүрлі сұрақтар қойды.
Барлық қарапайым ақкөңіл адамдар секілді Полли апай өзін тіл тапқыш кісімін деп есептейтін және өзінің аңғал ойларынан ғажайып қорытынды шығады деп ойлайтын.
– Том, - деді ол, - бүгін мектепте ыстық болған шығар.
– Иә.
– Шынында, өте ыстық, рас қой?
– Иә.
– Неғып сенің өзенге бір сүңгіп алғың келмеді, Том?
Томға бір сұмдық елестегендей болды - қорқыныш пен қауіптен жаны алқымға тығылғандай сезінді. Ол сосын барып тіл қатты:
– Жоқ, суға онша түскім келмейді...
Полли апай Томның көйлегін ұстады да:
– Тіпті терлемепті, - деді.
Және ол өзіне риза болған кейіппен Томның көйлегінің құрғақ екенін білді; оның ойында қандай айла жатқаны ешкімнің ойына кірген емес.
Дегенмен Том желдің қай жаққа соғатынын байқап үлгерді және ендігі сұрақтардың алдын алды:
– Біз біраз салқындау үшін басымызды сусорғыштың астына ұстағанбыз. Менің шашым әлі кепкен жоқ, көрдіңіз бе?
Полли апай мұндай себепті өзінің қалай бірден байқамағанына қынжылып қалды. Бірақ сол бойда оған жаңа ой келген еді.
– Том, басыңды сусорғыштың астына қою үшін көйлегіңнің мен тігіп берген жағасын жыртуға тура келген жоқ па? Қане, күртешеңнің ілгегін ағытшы.
Томның жүзінен қауіптің ұшқыны қашып кетті. Ол күртешесінің омырауын ашты. Көйлектің жағасы тігулі тұр.
– Жақсы, жақсы. Сені ешқашан түсіне алмайсың ғой. Ал мен сені мектепке бармай, шомылып жүр деп ойладым. Жарайды, мен саған ашуланбаймын: сен қу болғанмен, адалсың, дегенмен мен ойлағаннан гөрі тәуір екенсің.
Айласынан ештеңе шықпағаны көңіліне келгенмен, Полли апай Томның осы жолы бұзықтық істемегеніне қуанды.
Алайда әңгімеге Сид араласты.
– Сіз оның жағасын ақ жіппен тіккеніңіз есімде, - деді ол, - ал, қараңызшы, мында қара жіп!
– Иә, иә, мен ақ жіппен тіккенмін! Том!
Алайда Том әңгіменің жалғасын күтпеді. Бөлмеден шығып бара жатып, естілер-естілмес ызалы үнмен:
– Ішіңді кептіремін сенің, Сидди! - деді.
Сенімді жерге тығылды да, күртешесінің омырауындағы жіп ораған екі үлкен инені қарады. Біреуінің көзіне өткізілген ақ жіп те, екіншісінде қара жіп.
– Сид болмағанда байқамайтын да еді. Шайтан алғыр! Ол біресе ақ жіппен, біресе қара жіппен тігеді. Ылғи бір түсті жіппен тіксе ғой... Кісіні шатастырады. Дегенмен Сидтің жанын шығарамын - жақсы сабақ болады оған!
Том бүкіл қала халқы мақтаныш ететіндей үлгілі бала емес еді. Бірақ ол үлгілі баланың кім екенін жақсы білетін және оны өте жек көретін.
Дегенмен екі минуттан - тіпті одан да аз уақытта - ол барлық ауыртпалықты ұмытып кетті. Бұл қиындық ол үшін әдеттегі үлкен адамдарды мазалайтын азаптардан жеңілірек болғандықтан емес, өткені сол сәтте оның жан дүниесін жаңа бір алапат құштарлық кернеді де, басындағы қауіп-қатерлі ойлардың бәрін ығыстырып тастады. Үлкен кісілер де дәл осылай жаңа бір ой, жаңа мақсат кеудесін кернесе, өздерінің қайғы-қасіретін ұмыта алады. Том осы кезде бір керемет жаңалыққа әуес болып жүр еді: ол таныс негрден мәнерлеп ысқырудың әдісін үйренген еді және бұл өнермен ешкім мазаламайтын еркіндікте жаттығу жасағысы келетін. Негр құсқа ұқсап ысқыра алатын еді.
Ол негр арасында оқтын-оқтын сәл үзіліс жасап, кәдімгі құстарша дірілдетіп үн шығаратын. Ондай үн шығару үшін тілді жиі-жиі таңдайға тигізу керек. Мұның қалай болатыны оқырманның есінде шығар, әрине, ол бір кездері балалықты басынан кешірген болса. Томның қайсарлығы және ықыласы бұл істің барлық жай-жапсарын тез меңгеруге көмектесті. Аузы толы сұлу саз да, жан дүниесін алғыс кернеп, ол көңілдене көшеге шықты.
Ол өзін аспандағы жаңа планеталардың біреуін ашқан астроном сезінді, тек оның қуанышы тереңірек, мәндірек және шынайы сезім еді.
Жазғы күндердің кеші ұзақ болады. Әлі жарық болатын. Кенет Том ысқырығын тоқтата қойды. Қарсы алдында танымайтын біреу тұр, өзінен сәл үлкендеу бала. Қай жыныста және қай жастағы болса да жаңа адам көріне қалса, жұпыны қалашық Санкт-Петербургтің тұрғындары бірден көңіл аударатын. Оның үстіне әлгі бала үстіне әдемі костюм киіп алыпты - жұмыс күні бұлай киіну деген!.. Адам таңғаларлық. Қалпағы қандай әдемі; ілгектерін ұқыпты қаусырған көк шұға күрте, дәл сол түсті жап-жаңа шалбар. Бүгін жексенбі емес, жұма болса да аяғына әп-әдемі бәтеңке киіп алыпты. Оның галстугы де бар - өте ашық түсті таспа. Жалпы алғанда, ол қаланың нағыз сәнқой мырзасына ұқсайды және бұл Томның әбден ызасын келтірді. Қарсы алдында тұрған ғажайып тұлғаға қараған сайын, Том үстіндегі жұтаңдау костюмімен өзін одан сайын жексұрын сезінді және ол ананың үстіндегі серілер киетіндей киімнің бұл үшін түкке тұрмайтынын көрсетіп, танауын көтере түсті.
Екі бала да үнсіз кездесті. Біреуі аяғын алға басып еді, екінші бала да бір қадам аттады -бірақ жанына қарай. Бетпе-бет, көзбе-көз - олар осылай біраз қозғалды. Ақырында Том шыдамай:
– Сыбағаңды берейін, қалайсың ба? - деді.
– Байқап көр! Бере алмайсың!
– Жоқ, беремін!
– Беріп көр, қане!
Адам төзгісіз үнсіздік басталды. Ақыры Том:
– Кімсің өзің, атың кім?- деді.
– Сенің шаруаң қанша?
– Шаруам қанша екенін көрсетемін саған!
– Ал көрсет! Неге көрсетпейсің?
– Енді екі сөз айт - көрсетем.
– Екі сөз, екі сөз, екі сөз! Міне, саған! Ал, қане!
– Ой, ой, ептісін қарай гөр! Егер көңілім соқса, бір қолымды қайырып байлап қойса да, сендейлерді жалғыз қолыммен-ақ жайрата салам.
– Онда неге жайратпайсың? Қолыңнан келетінін өзің айтып тұрсың ғой.
– Жайратамын, егер маған тиісе берсең!
– Ай-ай-ай! Сендейлерді көргенбіз!
– Сыланып, қоқиланған әтештей тұрысын! Ой, қалпағы қандай!
– Ұнамай ма? Басымнан жұлып алып көр, сыбағаңды берейін сонда.
– Өтірік айтасың!
– Өзің өтірікті соғып тұрсың!
– Қорқақтығына қарамай, қорқытқысы келеді!
– Жарайды, барып тұршы өзің!
– Әй, сен тыңда: ақылға келмейді екенсің, басыңды жарамын.
– Қалай жарасың? Ой-ой-ой!
– Жарамын!
– Енді нені күтіп тұрсың? Қорқытасың, қорқытасың, ал іске жоқсың! Яғни өзің қорқасың?
– Мен бе?!
– Жоқ, қорқып тұрсың!
– Жоқ, қорықпаймын!
– Жоқ, қорқып тұрсың деймін.
Тағы үнсіздік. Бір-бірін көздерімен жеп барады, орындарынан қозғалып, жаңа шеңбер-сызық жасады. Ақыры екеуі иықтасып тұрды. Том айтты:
– Кет бұл жерден!
– Өзің кет!
– Кетпеймін.
– Менің де кеткім жоқ.
Олар осылай бетпе-бет тұрып әрқайсысы алға аттады. Бір-бірін жек көргеннен не істерге білмей, ақыры бар күштерімен итерісе бастады. Бірақ о жақта да, бұ жақта да жеңіс жоқ. Осылай итерісіп біраз тұрды. Екеуі де ызадан күйіп-жанып қып-қызыл болды, сосын екі жақ та бәсеңдейін деді, бірақ екеуі де бір-бірінен қауіптеніп тұрғандары анық.
Сонда Том айтты:
– Сен қорқақсың және күшіксің! Мен ағама айтамын - ол сені шынашағымен-ақ жайратады. Мен оған айтсам болды - тас-талқаныңды шығарады!
– Сенің ағаңнан зәрем ұшады менің! Өзімнің де ағам бар, сенің ағаңнан ересек, ол сенің ағатайыңды анау дуалдан лақтырып тастайды. (Екеуінің де аға деп тұрғандары - ойдан шығарылған жайт).
– Өтірікті соқпа!
– Айтқан екенсің!
Том аяғының үлкен башпайымен шаңдақ жерді сызды да:
– Осы сызықтан аттап көр. Мен сенің жаныңды шығаратыным сондай, орныңнан тұра алмай қаласың! Бұл сызықтан аттаған адам оңбайды!
Бөтен бала сол бойда сызықтан өтуге асықты.
– Көрейік жанымды қалай шығаратыныңды.
– Кет деймін! Саған айтып тұрмын ғой!
– Мені түйгіштеп, талқаныңды шығарам деген өзің ғой. Ендеше неғып тұрсың?
– Екі тиын үшін сенің быт-шытыңды шығармасам, мені шайтан алсын!
Бөтен бала қалтасынан екі мыс тиынды шығарып, Томға ұсынды.
Том оның қолын қағып қалып еді, тиындар ұшып кетті. Бір минуттан кейін екі бала да бір-біріне айбат шеккен екі мысыққа ұқсап шаңда домалап жатты. Бірінің бірі шашынан тартып, күртеше, шалбарға жармасып, бір-бірінің мұрындарын жаралап, шаңға да, даңққа да бөленісті. Ақырында шаң-тозаңның арасынан сұлбалары анық көріне бастады: Том дұшпанының үстінде атқа мінгендей отырып алып, жұдырығымен түйгіштеуде.
– Кешірім сұра, - деп талап етеді.
Алайда бала босанғысы келіп тырбаңдап жатыр және ызадан өкіріп жылайды.
– Кешірім сұра!
Ұрып-соғу басылар емес. Ақыры бөтен бала түсініксіздеу міңгірлейді: "Жетер енді!". Том сонда ғана оны босатып:
– Бұл - саған сабақ. Екіншілей кіммен байланысып тұрғаныңды алдымен байқап ал.
Бөтен бала мұрны пысылдап өксіген күйі киімінің шаңын қағып, ара-тұра басын шайқап қойып артына қайырылады, "келесі жолы Томнан өшін оқсатып алатынын" айтып қорқытады. Том болса, оған кекете жауап беріп, жеңісіне мақтанған кейіпте үйге беттеді.
Алайда ол бұрылып "дұшпанына" қарауы мұң-ақ екен, анау бұған кесек лақтырып жауырынына тигізді де, өзі құлындай құлдыраңдап қаша жөнелді. Бұл болса, сатқынның соңынан оның үйіне дейін қуып барды да, қайда тұратынын біліп алды. Том "жауды" жекпе-жекке шақырып қақпа алдында біраз тұрды, бірақ анау терезеден бет-аузын қисаңдатқаны болмаса, далаға шықпады. Ақырында жауының анасы көрінді, Томды оңбаған, бұзық, сотқар бала деп дымын қоймады және бұл жерден жоғалуын бұйырды. Кетуін кеткенімен, Том өзінің осы маңда жүретінін және оның баласына көресіні көрсететінін айтып, қыр көрсетті.
Ол үйге кеш оралды, терезеден еппен түсе беріп еді, қоршауға түскенін білді: оның қақ алдында апайы тұр және ол кісі мұның шаң басқан күртешесі мен жалба-жұлба болған шалбарын көргенде, Томның мерекесі жер айдалған тұтқынның күйіне айналды деген ой оның кеудесін алмас қанжардай сұққылады.