Әбдіхалық Әбдірайымұлы. Түркістан таңы (Жаңа жыр жолдары)
Түркістан таңы
-Бис-сим-ил-ла!!!
Сөз сүзбесі бал таңдай,
Алла жар ой хан қызығар Ханшадай.
Түркістан қария қолына алды тәспісін –
Ұзақ дерттен бас көтерген адамдай.
Тәспіні аудар, дұға түсер, ұлы ұям
Сан ғасырдың соқпағындай сыр сияң.
Сен күрсіңсен - Қарабайдай қамығып
Сен желпінсең - Сарыбайдай жымиям!
-Жәдігер рух! Жатырқаппыз жау жандай,
Дауыл көрген, дәуір көрген дау қандай...
Төр қазығы - Астанада жүргенмен
Ел назары - Түркістанға ауғандай!
Иассауи шуақ, Абылай шырақ біз үшін,
Қазыбек құран, Бөгенбай ұран жыр құсым...
Даланың жолы - сананың шоғы гүл мүсін –
Бабаның жолы,- баланың сөлі ұлы сын!!!
Жасарған қалам, жас алған анам- кел,- дейді,
Келгендер риза, пай-пай,- десіп шөлдейді...
Түркістан- төре төрге шықты -Иншалла
Түйсігі тияз түйені де көрмейді!!!
Шет елдерден сарай соққан хан көкем,
-Елге орал! Түркістан тұмар ән мекен...
Алты Алаштың ас-ауқатын қалдырған-
Ақсақ Темір белгі қояр жан екен...
Мағжан ақынның «Екі дүниесі» заңды екен!!!
Желтоқсан жаңғырығы
Желтоқсан - жетті Жер Ана жылап, жұлқынып,
Көктөбенің көк беліне жыр тұнып.
Көкке ұлыған көк көйлексіз гүл сұлық –
Аспан дастан... Ай ашулы - бір тілік!
Алатау - абыз Алматыға аларып,
Ала бұлтқа арыз жазды нала жұрт...
Дұға жырға - тізе бүкті құс жолы -
Қарғыс өтті-ау – қан ұрттаған қала бүк!!!
-Кім кінәлі... – Кімдер бұзды күлкіні,
-Кім кір ізді... Кім кіргізді түлкіні...
-СССР – «кит» бұзған тәтті ұйқыны –
Гарбочев «ит» кіргізген Колбин кірпіні...
Солай, солай сілкіндірген сол сұрақ,
Қонаевты қамықтырған тор тұрақ...
Құс - қоғамның қанатында қара дақ –
-Саясат па... саудасы жоқ соқыр ат!
Сол саясат ар – айнаны боятты,
Ер Алихан, өр Мұстафа ой жақты...
-Тәуелсіз ел... тәубесіз ерді ұйқыдан –
Желтоқсанның боздақтары оятты!!!
Кенжегүл, Ләззат, қоңыр қозым гүл емген,
Қайрат, Ербол құтқарған бізді құл елден...
Шәмші әніне шырақ жаққан шейіттер
-Ей, дұға түсір! Шетел асып шіренген!
-Біреу әртіс, біреу сатқын дәл қазір,
Ақ сұңқармен айтысуға шал әзір...
Нақұрыс қыс жек көремін мен сені –
Ауру қоғам... Ауру етті нала жыр...
Арба сүйреп бала жүр!!!
Қос бабамен сырласу
«Адамның басы – Алланың добы» деген,
Әулие жанның көзі қыран сөзі өлең...
Қазақтың ой бауынан, ойбайы көп-
Дуанадай Тоба деймін долы көрген.
«Сары тентек» досымдай серті тентек,
Ел аралау, сөз даулау ескі ертек.
Жаратқанның көз жаңбыры тоқтар ма екен
-Оу, томпағым! таратшы жеті шелпек!
-Беу, Фараби, ұлы дана, ұлы баба,
Отырардан не тиеп ең арабаға...
Араба ой, сағана той бәрі қалды –
Ескексіз ел той тізгінін таба алама!?...
-Сәлем Абай өлеңі әлем, сөзі түйін,
Сіздің тойды тоқтатқан долы құйын...
Қарашаның қақпасын «ит» күзетті –
Ақындардың қолы қысқа, жолы қиын.
-Кешір, кешір Фараб баба елтіп налдық
Қолға түскен Қайырхандай өр тік халық
Сіз әлемде алаңсыз аяласаң –
Біз көршімен көрісуге қорқып қалдық!
-Абай ақын жазбапсыз бекерге жыр,
Ана тілін ұмытты көтерме ұл.
Бес нәрсеге ғашық болар шибут ұрпақ
-Ай-лав- ю,- деп шіреніп шетелде жүр!
Жаһандану жаққандай жабайы отты,
Жат елдің қошқарында талай тоқты
Құнанбайлар - Меккеден мешіт салса
Біздің байлар - Лондоннан сарай соқты!
-Солай, солай қос баба ізгі қорған,
-Кешіріңдер! адасқан бізді жолдан.
Той өте ме, өтпей ме тіс шұқуда
Шахановты-жау санаған біздің қоғам
Қосановты-тау санаған біздің орман!!!
Азамат ажары
(Нұрмахан Жолдасов досыма)
Елге деген махаббатың –
Жаршы жырдай сөгілген,
Қамшы қылдай өрілген,
Сұлу семсер сері ілген...
Сендей жампоз жоқ қазір
Ел назына ебілген,
Аллаға адал азамат –
Көк бөрі сынды тебінген!!!
Жерге деген махаббатың –
Желмая жел жүгірген,
Сәйгүлік шер сүрінген,
Әкімдердің арлысы едің үңілген...
-Жер қымбат,- деп қазаққа –
Тайғақ жолда түңілген,
Ал, қазіргі әкімдер –
Қара ағаш бүгілген!!!
Ерге деген махаббатың –
-Еркек,- дедің еркекті,
Тентек,- дедің тентекті,
Сан сойқандар селт етті...
Бауыржан атаң секілді –
Шындықпен жудың жер көкті
Екі сөйлеу ерге өлім –
Ел ертеңі ер текті!!!
Төрге деген махаббатың –
Таулы жердің таңындай,
Арлы елдің бауындай,
Домалақ ана нанындай,
Бәйдібек баба арындай,
Жарлыға жектің жаныңды-ай...
Аласа төрді ұнаттың –
Қараша елдің ханындай!!!
Төлге деген махаббатың –
Найзағай Наурыз көктемі,
Өткінші жауын өткелі,
Талап «әке» мектебі –
Сотқар ұрпақ ұлтқа сор
Әке көп битке өкпелі,
Жалқауға жалау жылы су –
Көк мұзға құмар көк бөрі!!!
Руханиатқа деген махаббатың –
Көкталды қорғап көсілдің,
Көкпарды қозғап шешілдің,
Шикіні шыңдап өсірдің,
Алғысын алдың қол созып –
Жетім менен жесірдің,
Мазағы мықты масылды
-Қазағым,- деп кешірдің!!!
Досқа деген махаббатың –
Дос сөзінде, төрімде,
Қос көзімде, өңімде,
Қос қолымда өмірде...
Қанаты қанжар қыраным
Қалықта Алла көгінде,
Ұрлығым болса өсер ме ем
Қулығым жоқ меніңде,
Азамат едің Нұрмахан –
Тексіз жоқ-ау тегіңде –
Тыныш демал көріңде!!!
Әбдіхалық Әбдірайымұлы (Сәбит сері)
Ақын, сазгер, ұстаз.
ҚР Мәдениет қайраткері
Шымкент шахары
Тел.: 8702-791-18-58