Тесік құмыра туралы аңыз
28-06-2022
Ол сыныптасымен еш сөйлеспейтін. Түк те тіл қатыспайды. Тек күнделікті көз алдында жүрсе болғаны, сол да жеткілікті еді. Ол бар уақытты жібектей шашы асқан ыждаһатпен өрілген сол бір қызға қарайлаумен өткізетін. Ол тақтаға шықса, бұл көз алмай қарайды да отырады. Тақтада тұрған Жанерке кейде өзіне тесіле қараған Қуанышты көргенде аққұба жүзі алаулай жөнелетін...
Ол Жанеркемен бетпе-бет кездесе қалса болды, қараптан-қарай қысылады. Көзсіз соқыр жандай алдындағы – киінгені, жүріс-тұрысы өзіне соншалықты жарасымды қыз бойынан бір мін таппайды. Перизат дер. Өзгелерге қалай көрінетіні белгісіз, ал өзіне ақсүйектей текті, қол жетпестей арман көрінетін... Көздері түйіскен сәттерде ол ақырын ғана естілер-естілмес:
– Сәлем, Жанерке, – дейді.
Жанерке де Қуанышқа күлімсірей:
– Сәлем, – деуші еді...
Ал, енді неге екені белгісіз, кейде Жанерке Қуанышқа түк те назар аудармайды. Көрсе де көрмегендей қасынан құрбысымен бірге сөйлескен күйі тәкаппарлана өте шығатын. Қуаныш ол не үшін осылай назар салмай, паң күйде өте шығатынына таң қалатын. Мүмкін ұнамайтын шығар? Тіпті, жақтырмайтын болар?
Бірде, алай-түлей боранды күні Жанерке мектепке тым көңілсіз келді. Ешкімммен сөйлеспеді. Cабақты тек 5-ке оқушы еді, бүгін тақтаға шыққанда, сабақ айта алмай, нашар баға алды. Бұл жайтқа бейнебір өзі кінәлідей, Қуаныштан маза қашты. Іштей «неге?» деумен болды.
– Не болды, Жанерке? Көңілсізсің ғой?
– Ештеңе, – деді қыз. Қуаныш қазбаламады. Сол жауапты қанағат тұтты.
* * *
11 сынып...
Ғасырға созылған, бірақ, зулаған күндер...
Жаңа жыл жақындады.
Дулати мектебі бұл мейрамды жылда тойлайды. Ұлан-асыр етіп. Бұл мерекені өткізуді – Қуаныштар оқитын сынып өз мойындарына алды. Аз күнде сол кешке қызу дайындық басталды.
...Дайындықтан соң бәрі үйді-үйлеріне тарап кетті. Қуаныш өтіріктен бітпей жатқан жұмысы бардай ең соңында қалды. Себебі, Жанерке де қайтпап еді. Ол ертеңгі дайындығын пысықтап жатты. Жұрт қатары әбден сиреп біткенше, Қуаныш сыртқа бір шығып, ішке бір кіріп, іштей алас ұрды. Оны ешкім байқамаған шығар. Солай ойлады. Сенді. Себебі, газдағы шәугімдей бұрқ-сарқ қайнап жатқанын ешкімге білдіртпеген секілді. Сонымен, ішке бір кіргенінде Жанерке қайтуға қамданып жатыр екен.
– Ой, Жанерке, – деді ол. – Басқа ешім қалмаған ба не?
Жан-жағына қараған Жанерке:
– Жоқ, – деді.
– Ә-ә, – деді Қуаныш. – Айтпақшы, қайтайын деп жатырсың ба? Иә, кеш болып кетті ғой. Менде қайтқалы жатырмын. Бірге қайтады екенбіз.
Шықса, дала аппақ екен. Әлгінде ғана қар қылаулаған секілді. Быламық лайсаң қара жер ақ қыламық қар жамылған. Жол жиегіндегі шыршалар бұтасына ілінген ақ қарды көтере алмай сынғалы тұр. Сынса сынсын, бәрібір. Қуанышқа дәл қазір бәрібір еді. Себебі, тымырайып жүретін Жанерке сөйлеп келеді. Бір-екі сырын айтқан да болды. Қыздан өзіне деген мұндай қарым-қатынасты мүлдем күтпеген Қуаныш масайрап келеді.
Әлсіз ғана бүріккен аяздан жүзі қызарған Жанерке:
– Қуаныш, мына саябақта аздап отыра тұрсақ қалай болады? – деді қиыла...
Екеуі қарағаш түбіндегі ағаш орындықта қатар отырды. Жазғытұры көңілді жастардан босамайтын саябақтан қыстыгүні көңілсіз леп еседі екен...
– Мен ән айтуға бекер жазылдым ғой деймін.
– Неге?
– Күн сайын дайындықтан – дайындық... Шаршадым.
– Ештеңе етпейді. Ертең – Жаңа Жыл. Артынша, он күн демалыс... «Басы қатты болғанымен, аяғы тәтті» болады, Шерхан айтпақшы.
– Иә... Екеуі қосыла күлді...
...Қыстыгүні күн тез бата ма, қалай? Отырғандары енді ғана еді, аспан дем арада түнеріңкі тартты. Соншалықты асыққаны несі? Қуаныш бұған наразы болды. «Күн әзірге батпай-ақ қойса, Жанеркемен әлі біраз уақыт отыра берсем» деп ойлаған. Ызғарлы аяз тәнін қари бастады ма, бір кезде Жанерке:
– Күн суытқан секілді. Мен тоңдым, – деді. Қуанышқа мөлдірей қарай. Жігіт не дерін білмеді. «Қайтқысы келіп отырған шығар. Бекерге отыра бергені жарамас».
– Жарайды, онда қайтайық. Күн де кешкірді. Анаң уайымдар.
– Иә. Бірақ... Жарайды қайтайық.
Олар ақырын ғана ауыр тыныштықта мүлгіген жол жиегімен үн-түнсіз жаяулатып келеді. Жанерке әлденеге ренжіп қалған секілді. Мүлдем сөйлемейді. Қуаныш қызды әңгімеге айналдырғысы келіп бірдеңе сұраған болды. Бірақ, қысқа ғана жауаппен шектелді. Содан кейін Қуаныш та үндемеді. Бір уақта екеуі жолайрыққа келді.
– Мені осы жерге дейін жеткізгеніңе рақмет, Қуаныш. Ары қарай өзім барамын. Сау бол, – деді қыз. Дауысы сондай суық шықты... Жігіт сең соққан балықтай мең-зең болып қалды. «Әлгінде ғана көңілді еді. Енді не болды? Бұлай қоштасқаны қалай? Әрине, жақтырмайды ғой. Ұнатпайды да. Әйтпесе, осыншалықты суық болар ма?»
* * *
Осылай жүрумен олар мектепті бітірді. Бүгін соңғы қоңырау салтанаты болмақ. Түлектер толқулы. Олар қазір ортаға шығады. Сынып жетекшілері Зәуре апай:
– Балалар, қазір бағдарлама бойынша түлектерді ортаға шақырады, дайын тұрыңдар, – деді.
Қуаныш ортаңғы қатарда тұрған болатын. Бір кезде алдыңғы қатарда тұрған Жанерке жанына келді.
– Не болды, Жанерке?
– Қуаныш, мен ортаға сенімен бірге шықсам бола ма? Абаймен сөзге келіспей қалдық, – деді. Жәудіреген көзіне таңғы шықтай мөлдір жас кілкіпті.
– Жарайды, – деді Қуаныш... Керек тұста өзгелерге қарсылық жасай білетін ол Жанеркеге ешқашан да қарсылық таныта алмайтыны несі? Кей кездері қыз алдында сасқалақтағанынан шып-шып терлейтіні бар. Не деген құдірет бұл?
Ол дәл қазір асқар сезім баурайында тұр. Дәл жанында – Жанерке. Екеуі қол ұстасқан, саусақтары айқасқан. Алақаны ақ мақтадай жұп-жұмсақ екен, гүл сабағындай нәзік саусақтары әлсіз ғана дір-дір етеді... Қазір бірер минуттан соң олар, биылғы мектеп бітіргелі жатқан түлектер ортаға шығады. Бүкіл ел-жұрт қол ұстастқан Жанерке екеуіне куә болады. Сол бір көріністі ойша көз алдына келтіргенде жүрегі аттай тулады, арқасынан мың-сан құмырсқа өрмелегендей толқыды. Дәл қазіргі өрекпіген сезім буымен Жанеркеге бұрыннан бері еш жеткізе алмай келген сырды айтқысы келді.
– Жанерке…
– Иә?
«Неткен әдемі». Басында – гүлге қонған көбелектей аппақ бантик. Өзге қыздардай шаш жайғанын көрген емес, қашанда өрулі жүреді. Және сол өрілген шашы өзіне керемет жарасатын. Мақта жүзі қандай нұрлы десеңші. Қараса, көз алғысыз.
– Жанерке, – деді тағы. Көзіне тіке қарай.
– Иә, не болды?
Дегенмен, аузынан шыққан сөздер ара ұясындай дуылдаған у-шуға жұтыла берді.
«Бүгін емес, бәр сәті түскенде айтармын»...
Деді де қойды...
* * *
Күз түсті. Күзбен бірге көңіл-күйлері де түсті. Бұлар қимай-қимай ауылдарынан кетті. Енді олар оқушылар емес. Олар – студенттер.
Сол жылы қыркүйек қырқадан әзер асты, ал, қазан орта жолда ғасырға жуық уақыт қаңтарылып тұрды. Қараша тасбақа жүріспен көп күттіріп жетті.
Шерхан Алматыдағы сыныптастарын жиды.
– Хабарсыз кеттіңдер ғой? Кездеспек түгілі, телефон да шалмайсыңдар?
– Шерхан, ренжімеші. Оқудан-оқу. Көз ашпадық қой.
– Сен бір мектепте сұмдық оқығандай сөйлейсің ғой, тегі. Күніне ең болмаса бір-бірімізге 1 минут бос уақыт табуға болады емес пе? Жазда «бір-бірімізді ұмытпайықшы» деп едік қой? Сол уәде қайда қалды?
– Шерхан, ренжімеші енді, – деп Әсел көзін төңкерді. Әсел көзін төңкерсе, дүние де төңкеріліп сала беретін.
Кездесу осылай басталды. Сол кездесуде Қуаныш Жанеркеге ұрлана қарай берді. Ол мұнтаздай таза қалаға келгелі қызғалдақтай құлпыра түскендей. Баяғы шаң-топырағы бұрқыраған ауылдағыдай жұпыны емес. Жанерке де Қуанышқа соншалықты өзімсінген көзбен қарады да, көктемгі күндей күлімдеді...
* * *
Бірде, сұрғылт қалаға жаңбыр нөсерлей құйды. Аспанда найзағай жарқ-жұрқ жарқылдады. Төңірек – қара-сұр түнек. Айналайын Алматы да кейде осылай көркінен айрылады екен ғой, тек, адамдар ғана емес, Алматы да жылайды екен ғой...
Жанерке сол күнгі жаңбыр тамшыларынан доңғалағы тайғанақтаған көлікте жол апатына ұшырады. Бұл хабарды Қуаныш бір апта өткенде бір-ақ естіді...
Кешқұрым алқына ауруханаға жетті. Сонадайда жерде жалғыз-жарым сейіл құрған Жанеркені көрді. Былайша, денсаулығына ауыр зақым келмеген сияқты. Тек, бетінде бір-екі кішігірім жарақат іздері бар екен. Жүрісі ауырлау, аяғын сәл-пәл сылти басады.
Қуаныш қолы қалтырай, жүрегі дүрсілдей қыз жанына келді.
– Жанерке, – деді ақырын ғана. Сол кезде ол Қуанышты көргенде, жанары жарқ ете қалды. Көздерінен сәуле ұшқын атты. Бірақ, бір кезде әлгінде ғана жарқ-жұрқ еткен көзіне жас үйрілді:
– Келдің бе?!
...Өз-өзіне ие бола алмай, иығы селкідей ағыл-тегіл жылады. Көздерінен моншақ-моншақ жастар үзіле берді. Сол мезет абдыраған Қуаныш сасқанынан қызды құшақтай алды...
– Жылама!
Ол қызға «жылама» дегенімен өзі іштей жасыды. Көзіне жас келіп еді, қызға білдірмей сүрте салды. Себебі, жігіт деген ешқашан жыламайды. Қыз бұны тас қамалға теңеп тұр емес пе? Ендеше солқылдақ қылық танытпауы тиіс. Қуаныш сол мезет іштей Жаратушы иеге рахмет айтты. Мейлі, екеуі бірге жүрмей-ақ қойсын, мейлі, енді қызды ешқашан көрмей-ақ қойсын, тек, Жанерке бұл дүниеде әрқашан сау жүрсе болды. Сол да болса жанына жұбаныш. Ол мұңайған сәттерінде есіне Жанеркені алар еді. Ол да бұл басқан жерді басып жүр емес пе? Ол да бұл жұтқан ауаны жұтады. Ол да бұл қараған айға қарайды. Ол да бұл секілді адам. Ода да жүрек бар. Екеуінің жүрегі бірге соғады. Бір ғаламда.
Солқылы басылғаннан кейін, көзіндегі жасты сүрткен қыз:
– Қуаныш, рақмет келгеніңе, – деді күлімсірей. Сол мезет терең иірімді қарақат көздері қап-қара, тұп-тұнық-тын...
* * *
Балаларды жанындай жақсы көретін Жанерке мұғалім болсам деп армандайтын. Құрбылары «Жанерке, сен мұғалім болып қайтесің. Одан да басқа мамандықты оқып алсай. Білімің бар. Ал, мұғалім деген толып жатыр. Аяқ алып жүре алмайсың» дейтін. Бірақ, Жанерке мұғалімдіктен басқа мамандықты оқығысы келмеді. Содан құрбыларына: «дүниеде мамандық таңдаудан қателспеу керек қой» деп өз уәжін айтады. «Өй сен де бір» деп құрбылары қолдарын бір-ақ сілтей салушы еді. Міне, сол Жанерке өзі оқыған мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Сол кезде Қуаныш ауылға бірер күнге келген еді. Ол университет бітірген соң, Алматыда қалып қойған. Сондағы бір жекеменшік компанияға заңгер болып қызметке тұрған еді. Ол Жанеркенің Дулати мектебіне мұғалім болып орналасқанын білген күні ойы сан-саққа жүгірді. «Қой, ертең барып құттықтап қайтайын».
Жүрегі дүрсілдей есікті қақты да, жаймен есікті ашты. Қараса Жанерке тақтада оқушыларға бірінші дүниежүзілік соғыс жайлы айтып тұр екен. Ол есіктің аузында тұрған Қуанышты көргенде аңтарылып қалды. Оны келеді деп мүлдем күтпесе керек.
– Жанерке, сені бір минутқа бола ма?
– Бір минутқа? Ішке кірмедің бе? Айтпақшы... Иә, қазір шығамын.
Оқушылар апайларының сасқалақтап қалғанын жігіттен көрді. Сынып іші гуілдеп кетті. «Апайды көрдіңдер ме?», «Келген кісі кім?», «Біздің апайға не үшін келді екен?»
Жанерке дәлізге шыққан соң Қуанышқа ренішін білдірді:
– Сен ауыда жүр екенсің ғой. Ал мен бұл жайлы мүлдем білмеймін. Неге?
– Ренжімеші., Жанерке. Өзім кеше келдім. Сол. Бүгін сені біз оқыған мектепке мұғалім болды деп естідім.
– Иә. Баяғыда мен мектепте оқып жүргенде сендерге мұғалім боламын деп айтушы едім ғой. Ал, сендер мені «қиялисың» деп күлуші едіңдер.
– Жоқ, мен ешқашан күлген емеспін.
– Иә, иә. Кешір.
– Ештеңе етпейді. Сол, сені құттықтайыншы деп келдім, – деп Қуаныш қолындағы гүлді Жанеркеге табыстады.
– Әуре болмай-ақ қоймадың ба? Рақмет, – деп Жанерке қысылғанынан қайта-қайта рақмет айта берді. Сонда Қуаныш:
– Рақмет, Жанерке, – деді.
– Не үшін? – деп Жанерке күлді.
– Білмеймін, – деді Қуаныш. Расында ол қызға не үшін рақмет дегенін түсіне алмады. Әйтеуір, Жанеркеге жылы сөз айтқысы келді. Сол кезде Жанерке үнсіз қалды. Жүзін мұң торлады:
– Есіңде ме, мен Алматыда ауруханаға түскенде жағдайымды сұрауға келіп едің ғой. Сол кезді әлі ұмытпаймын. Міне, бүгін сыныптастардан сен алғашқылардың бірі болып құттықтап келіп отырсың. Мені ұмытпай, ылғи іздеп табатыныңа ризамын, – деп Жанерке көзін жерден көтерді. Дәл осы сәтте Қуаныш екеуі бір-біріне қарап қалды. Айналдырған бірер секунд ішінде Қуаныш қыз жүзінен бар өзгерісті аңдады. Қыз маңдайына майда-майда сызықтар түсіпті. Бұрынғы теп-тегіс үлбір бетіне әжім түсе бастағандай ма? Осыдан 10 жыл бұрын шашын өруді бастаған Жанерке мектеп бітіргенше шашын жаймап еді. Бұл күнде ол беліне дейін жететін шашын қидырыпты. Қазір ол сәл нәрсеге көңілі босай кететін баяғы оқушы Жанерке емес. Енді ол салиқалы мұғалім. Тек, өзгермегені – көзі ғана. Сыныптасына деген ыстық ықыласы ғана.
* * *
...Күз. Дала желді. Бет қаратпай, долы желмен сыртта шаң борайды. Терезе түбінде ағашты, ағаштағы қалтырауық жапырақтарды ұйытқи соққан жел аяусыз жұлмалап жатты. Бір жамандықты білдіргендей, дәл сол күні ауа-райы тым суық, табиғат тым сұрықсыз тартқан-ды. Рас сынды. Қуаныш сол күні Жанерке тұрмысқа шығатыны жайлы хабарды естігенде...
...Төрде – аппақ көйлек киген Жанерке. Ғажайып ертегі көйлектегі сыныптасына көзі түскенде, жүрек тұсы шымырлады. «Неткен әдемі еді» деді ішінен. Жер бетіне көктен түскен періштеге теңеді. Тамсана қарады. Қасында қап-қара костюм киген бір жігіт тұр... Іші ит тырнағандай азапты сезімді бастан өткерді. Осы уақытқа дейін мұңдай сезімді сезінбеген болар. Ол бір күні Жанерке дәл осылай тұрмысқа шығып кетеді деп ойлады ма? Ол Жанеркені қимады. Аққуды құзғын іліп алып бара жатқандай. Әттең, дәл қазір қолдан келер дәрмен жоқ. Неге осынша уақыт қасында жай ғана жүре берді екен? Әлгі жігіттен қай жері кем? Тіпті, керісінше, одан оқ бойы озық тұр емес пе? Жанеркені ұнатып қалғанын бар жүрегімен сезген күні-ақ сөз салуы керек еді. Сонда қыз бұның сезімін қабыл алар еді. Әлде қабылдамас па еді? Жә. Ол маңызды емес. Ең бастысы, қыз бұл жалғанда өзін шын сүйетін жігіт барын біліп жүрер еді. Енді бәрі кеш.
...Той тарқар тұста Жанерке сыныптастары отырған үстелге келді. Көңіл-күйі жоқ сияқты.
– Құттықтаймын, Жанерке! Бақытты бол!
– Үбірлі-шүбірлі болыңдар! – деп бәрі Жанеркені мәре-сәре болып құшақтады. Қыздар жағы көздеріне жас алды. Жанеркені қимай.
Жанерке тойға келген достарына рақмет айтты.
– Осы сендер болмасаңдар, менің жайым не болар еді? Жандарым сол, менің алтын сыныптастарым!
...Ол Қуанышты бетінен сүйді. Риза болғандықтан болар. Себебі, Қуаныш әрқашан оның жанынан табылып жүрді емес пе? Жанерке күрмеуі қиын бір мәселеге кезіксе болды, жеме-жемге келгенде Қуанышты іздейтін. Жігіт еш бәлсінбей, қызға шамасы келгенше көмектесті. Есінде, 10 сыныпта оқитын кезі. Бір күні Қуаныш базар аралап жүргенде Жанеркені көзі шалды. Қасында інісі бар. Олар да сонадай жерде іркіліңкіреп тұрған Қуанышты байқады. Көңіл-күйлері жоқ сияқты.
– Қалайсыңдар? – деп Қуаныш әпкелі-інілі екеуге жақындады.
– Бүкіл базарды аралап, әлгі бір-бірін қуып жүретін қасқыр мен қоян туралы «Ну, погоди» деген мультфильмді таба алмадым, – деді Жанерке. – Кеше інім Қиқар қиғылық салды. Сол мультфильмді көрмесем болмайды дейді. Сөйтіп, бүгін соны іздеп едім, таппадым. Інімнің көңіл-күйі мүлдем жоқ. Қарашы, ренжігені сонша, менімен мүлдем сөйлеспей қойды. Өзінше бір, қырсық, – деп жымиды.
...Қуаныш байыз таба алмады. Күні бойы ой құшағында жүрді. Ойында тек «Ну, погоди». Ертесіне таңертең қалаға кетті. Кешке бір-ақ оралды. Қолында – «Ну, погоди» мультфильмі. Қазір ойласа таң қалады. Сонда қалай ғана ерінбей қалаға барды екен? Қош, сонымен ол ауылға келе салысымен Жанеркенің үйіне тартты. Бірақ, қақпасының алдына келгенде тосылды. Қызды үйінен қалай шақырарын білмей дал болды. «Жанерке» деп айқайлауға жүрегі дауаламады. Сосын көшеде ойнап жүрген жас балаға «Жанеркені шақыршы» деп өтініш білдірді. Әлгі бала Қуанышқа қарап мырс етті де, арада біраз уақыт өткенде қызды үйінен ертіп шықты. «Сені іздеп келген анау» дегендей Қуанышты саусағымен нұсқады. Жанерке жігітті көргенде аң-таң болды. Бірақ, қуанышты еді:
– Қуаныш? Кештетіп жүргенің не? Бүгін сабаққа келмедің ғой? Мен сені ауырып қалды ма деп уайымдап едім.
– Жоқ, ауырған жоқпын, – деп Қуаныш оның жанына жақындап келді. – Інің қалай?
– Жақсы, – деп Жанерке күлді. – Ол тентек әлі ренжулі. Өзі сондай өкпешіл.
– Мә, – деп Қуаныш Жанеркеге қолындағы бейнетаспаны берді.
– Мынау сол мультфильм бе? – деп Жанерке таспаны ары-бері төңкере қарап таң-тамаша болды. – Қайдан таптың?
– Бір досымда бар екен. Сол берді, – дей салды. Қалаға барғанын айтпады.
– Жап-жаңа екен, – деп қыз жігіттке қарады. Көзінде ризалық ұшқыны жарқырап тұрды. – Рақмет!
Жанерке бұларға 9 сыныпта басқа мектептен ауысып келген. Содан бері екеуі мүлдем ренжіспепті. Екеуі бір-бірін керемет түсінетін. Бірақ, олар бір-бірлерін түсіне тұра, ашылып сөйлеспепті. Құдды араларында бөгет тұрған секілді. Екеуі сол бөгетті бұзғылары келді, бірақ, бұза алмады. Не үшін бұза алмады, ол жағы белгісіз. Өзіне бәз-баяғыша жымиып қараған қыз көзіне жас үйірілді. Жігіт жанынан кете алмай әжептеуір бөгелді. Бір уақта:
– Қуаныш, – деді. – Сен мені әр уақытта қолдадың, қиын-қыстау сәттерде жаныма демеу бола білдің. Иә, солай... Тек. Тек... Қалай айтсам болады, – деп қыз қараптан-қарап тұтыға берді:
– Тек, мен де, сен де кезінде батыл бола білмедік, – деді де, кері бұрылды...