Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» (төртінші кітап). Қастықта (жалғасы)

Oinet.kz 23-10-2020 1724

М. Әуезовтың «Абай жолы» романы | Әдебиет порталы

Қоңыркөкше деген елдің өткен сайлауда болысы болып бекілген Сәмен өз елінің қасқыры болды. Көкшенің көп кедейін жылатып, «ауылын шапты, жерін өртеді, жесірін шулатты, малын ұрлатты» деп айналадағы елге Сәменді қатты қаралайтын аңыз тараған. Осы сөз Абайға жеткен.

  Абайға «қолыңнан келсе, тілің жетсе, осы пәледен елімізді құтқарып бер. Бұл – ертегінің екі басты жыланынан кем болмай тұр. Ат пен асты ғана алмай, адамның арына, басына жетер болды» деп, көп момын ел Сәменнің үстінен ұлыққа да арыз жазған. Приговорлар түсірген. Абайдай көлденең ағайынға да көп шаққан.

  Осы сөздің көбі Абайға анық жылаулар жұрттың аузымен бұрын да айтылған еді. Кешеден бері мына Арқат басында да айтылды. Абай ауылынан шығып, Қоңыркөкшенің қалың жайлауын аралап келгенде, жолдағы көп елден де осыны есітіп келген. Жылаған жұрттың көз жасын көріп тұрған Абай жиренішін жасыра алмай, жаңа шұрай топтың алдында Сәменді бетке қамшымен ұрғандай, соққы салды. «Сен ел иесі болмай, ел жақсысы атанбай елден садаға кет!» – деді. Ендеше, бұл Абай не қылса, Маковецкий оязға Сәмен болыс туралы ойдағысын айтады. «Сайлатпауға да тырысады» деп Сәмен мен Оразбай қазір Абайдан жаңа бір жаза күтті.

  Осының арты Оразбай мен Сәменнің алай-түлей көп әрекетін туғызды. Оразбай Арқаттан шығып, Сәмен болыстың ауылына барды. Бұның елі «Жаман Тобықты» атанатын. «Жаман Тобықты» өздерін «Жөкең» деп атандырған. Қоңыркөкшенің көп елінің бірі осы Жөкең, онан соң Мамай, тағы біразырақ тобы Көкше. Қазір Оразбай Сәменді қасына алып отырып, үш күн ішінде қан жайлаудағы Жөкеңнің бар атқамінерін жиды. Мамайдың ең үлкен руы – Мырзаның бай-бағланын және шақырды.

  Соларға Құдай, аруақты айта отырып, Құнанбай баласы Ыбырайды өлердей жамандады. «Арқаттағы сиязда Тобықтыны жер қылып Уаққа жығып берген Ыбырай. Сол Ыбырай ертеңгі сайлауда сенің бәріңнің басыңды тексіз, құнсыз бір кедейдің, бір Көкшенің қанжығасына байлап береді!» – деп отырып, әлденеше бозқасқаны да сойғызды, көкқасқаны да жесті. Сөйтіп анттасып, баталасып отырып Қоңыркөкше болысының Мырза-Жөкең деген ең көп елдерін өз жағына, өзі арқылы Сәмен жағына ант ішкізіп, анық байлап қосып берді.

  Осыдан кейін он бес-он алты күн өткенде Жөкеңнің жайлауы Ақшатауда үй тігіліп, Көшбике деген қоныста сайлау жүретін болды. Оразбай аз күнге ауылына қайтқан еді. Дәл сайлаудан үш күн бұрын Сәменнен қос атпен шапқан хабаршы келді. «Елге, шарға салса, жеңіп алып отырмын. Болысқа өзім сайланатын жөнім бар. Бірақ сайлау басына Абай келгелі жатыр. Ол оязбен, тілмашпен келіседі де, кесірін тигізеді. Өзің жетпесең болмайды. Дегенің рас болса, табылар жеріңнен табыл, Оразеке!» – депті.

  Оразбай осы хабарды ести сала атқа мінген. Қасына ерткені – тағы да үзеңгі серігі Есентай. Ол бұл шақта да Оразбайдың шойын шоқпары тәрізді, зілдей ауыр салмақ танытады да, тек үндемей ғана ере береді. Оразбаймен екеуі де жасында ұры, жортуылшы болған себепті қазір егде тартқандарымен, атқа мінсе қатты жүрісетін. Жері алыс болса да, Көшбикеге араға бір-ақ қонып жетпек болысты. Жолда жұмыс бітіре, серт байласа кету үшін қонатын аулы – Тәкежан ауылы. Сонда астындағы аяңшыл ақжал аттың алдын аяңдатып, артын желдіре отырып, қасындағы үш-ақ кісі жолдасымен Оразбай ымырт жабыла асыға келді. Сол арада шай ішіп болмастан-ақ Тәкежан Әзімбайды тек өз қасына оңаша алып, жақын жердегі ауылынан Шұбарды шақыртып келтірді.

  Осы үш Ырғызбай мен Оразбай далаға оқшау шығып алып, түн жарымына шейін аса құпия, сұмдық бір байлаудың түйінін түйді. Бар сөздің аяғында Әзімбай мен Шұбарға тағы бір соңғы салмағын сала Тәкежанның көзінше сөз тастады.

  – Екеуің екі «бердінің» баласысыңдар! – деп бастады.

  Тәкежанның шын аты – Тәңірберді, Шұбардың әкесі – Құдайберді. Соларын атағаны болатын.

  – Арысы Өскенбай бидің, берісі кешегі қажы Құнанбайдың аруақтарын шақырып ауызға алсам, қасымда бел балалары екеуің барсың, өзіммен бірсің! – деп кетемін. Ыбырайды сол «аруақ атынан садаға» деп, «ата ұлынан шығарып тастадым» деп кетемін! – деген. Осыны бар сырдың байлауы етіп аяқтаған да тына қалған. Жаңағы үш Ырғызбайға кезек қарап, үндерін бағып отырып алған-ды. Олардың бірде-біреуінен сөз шыққан жоқ. Бірақ жаңағы Оразбай аузындағы үлкен қырсық пәле сөзге бірде-бірі шіміріккен де, түршіккен де жоқ. Үндемегендері болмаса, құптамай отырған жоқ. Шұбар болса, Оразбай оған, әсіресе қадала қарап қалғанда, ақырын ғана, болар-болмас қана бас иді. «Мақұл, құп көрдім!» дегенді аузы айтпаса да, аңғары танытып отыр. Әзімбайға, Тәкежанға Оразбай онсыз да күдік қылмайтын. Шұбардың жаңағы ұрлап аңдатқан сараң ымын жалғыз көзбен анық көріп таныған Оразбай енді «болды, бітті» деп қамшысын мықынына таянып сүйенді де, тұра берді. «Тарт атымды!» деп бұйрық та берді. Сонымен келуін ымырт жабылған, көз байланған кезге дәлдеген Оразбай ендігі сырын, жайын да көзге түсіргісі келмейді.

  …Абай Сәменнен өзгеше жылаулар болған Көкше, Мамайдың адам түршігер қорлық жайын тағы да есітіп, үйінде жата алмаған. Арқатта осы елдің содырларына қарсы алысты. Енді осы сайлауда, тым құрыса, Сәмендей, Әзімбайдай жеміт болыстарды орнынан түсіртіп, «аз да болса жұрт басына жеңілдік әперіп көрем» дейтін. Сонымен, Көшбикедегі сайлауға о да жүрді. Бірақ Оразбай түнделетіп, түн қатып таңсәріде барып түскен сайлау басына Абай келер күні екінді кезінде ғана, қасындағы төрт кісі жолдасымен асықпай кеп жеткен еді.

  Жақын жандардан қасына ергені Кәкітай болатын. Қалған үш кісі бөгде көрші, тек бір сапарға қосылған кісілер. Ояз да сайлау басына жаңа ғана келген екен. Абай оңаша бір үйге өз жолдастарымен келіп түсіп, азғана сусын ішіп, енді оязға өзі келген жөнімен кірмекші болып еді. Бұлар түскен үйде жаңағы сусын берген күтушілер Сәмен болыстың әдейі қойған адамдары болатын. Оның бір жылпың жігіті қымыз құйып отырып, Абайдың оязға бармақ байлауын естіді. Енді жылт етіп, аз уақытқа үй сыртына шыға қойып, бұны тосып отырған кетік сарыға «Абай ұлыққа қазір кіргелі отыр, барып айт!» деп хабар жіберді. Абай отырған үйге көрші үйлерде тығылып сайланып отырған, қандарын ішіне тартқан елу-алпыс атқамінер бар екен. Солардың тап алдына Сәмен түсіп алыпты. Бәрінің қолында қамшы ғана емес. Кейбіреулерінде қолшоқпар, тағы бірлерінің сапысы да бар. Абай отырған үйге осы топ беттей бергенде, Есентай тап беріп, Сәменді сәл тоқтатып қалды да, өз бойымен топтан тасалай шеттете берді. Бітік көздерін бұл жерде айқындап аша түсіп, тұқыра қарады. – Сәмен, қол батыр болмай, жүрек батыл болмас… – деп, Сәменнің қолындағы жіңішке қамшыны алды да, өзінің сегіз өрме, бұзау тіс дырау қамшысын ұстатты. – Еттен өтіп, сүйекке жеткен ызамыз бар-ды. Тапсырдым, Жәкең аруағына! Аяма да… Аянба!.. – деп Сәменді сөйлетпей жөнелтіп жіберді.

  Әзәзіл қан тілегенін танытып қалды. Абайдың үстіне есікті шалқасынан аштырып, аттап, екпіндеп Сәмен кіргенде, қалған он-он бес кісі қатарынан қаруларын жасырмай иін тіресе, сұғына берді. Сәл сескеніп, үнсіз қарап қалған Абайға Сәмен тура басып, адымдап кеп, қатты сұмдық бір боқтық айтты. «Соңымнан қаласың ба, жоқпысың!» деп қамшымен бастан тартып жіберді.

  Сол-ақ екен, Абайдың үлкен денесі қозғалып тұруға да мұршасы келмеді. Соққы жауып кетті. Кім екені белгісіз, жаңағы келген топтың ішінде, енді Абайды талап өлтіруге айналған түрді көріп қимаған біреулер Абайдың денесін бүркеп құлай кеткені де болды. Олар біреу емес, бірнеше адам. Осындай әбігер арасында Абайға қамшысы тимей қалғандар Кәкітай мен қалған жігіттерді сабай жөнелді. Жан ұшырған Кәкітай қалай шыққаны белгісіз, жаңағы үйден жұлқынып шығып, соңынан қуған қамшы астында шырылдай айғай салып, орысшалап: «Құтқарыңдар, көмек етіңдер!» деп ояздың үйіне қарай жүгірді.

  Бірталай уақыт өткенде, ояз үйінен шыға мылтық атқан стражниктердің әрекетін аңдап барып, жаңағы қаптаған жаулар жан-жаққа шашырап, тарап кетті. Бірақ Оразбайдай қара ниетті жаудың дегені болды. Өлімнен де аяйын деген ниеті жоқ. Сәменнің талайдан кескекті иттей ырылдап, арсылдап, кіжініп жүрген тілегі болды. Жауыз дұшпандардың күндіз-түні, айлар бойы, жылдар бойы қамауында келе жатқан, талауын тосқан, бірақ тәуекел етіп, шыдап тосқан Абай бүгін өлімнен бетер жаза шекті. Бұның басына тиген соққы, етіне түскен жара, бетінен аққан қан беймезгіл заманның адал ұлын қасқырша талаған қас қимылдың айғағы еді. Ол соққы Абайға ғана тиген соққы емес, қазақтың халқының арына соққан сұмдық соққы болды.

  Абай есінен танып қалған екен. Ол не болғанын аңдай бере, өз ішінде жалғыз ғана удай ой ойлады. «Несіне тірі қалдым, өлсем етті!» – деді. Ішінен сан рет қайталап айтқан арман осы.

  Абай Шақпақтағы ауылға кеше келген. Барлық ауылдың үлкен-кішісі, көрші-қолаңы, етбауыр жақыны – бәрі Абайдың жүзіне тура қарай алмайды. Бейне бір сондай ғазиз, ұлы жанның алдында өздері айыпты тәрізді. Бұл жараның атын атай да алмайды. Соққы Абайға ғана емес, оны сүйген, оны қимаған, қадір тұтқан жандардың дәл өз бастарына тиген соққыдай. Халыққа тиген соққы немесе жазығы жоқ, қасиетті қарт ананың бетіне соғылған қаскөй, сұм соққы тәрізді.

  Әйгерім Абайды құп-қу болған өңменен, екі көзі мөлтілдеп толған жаспен аттан түсіріп, өз қолымен есік ашып, қарсы алған еді. Күндіз де, түнде де ол Абайдың жүзінен бұрыла берсе, үн шығармай жас төге береді. Осы екі-ақ күннің ішінде ақ жүзіне айқын сызық әжімдер түсіп, көкшіл көлеңке уайым таңбасы білініп, оп-оңай күрт құлап, қартаң тартып қалғандай.

  Абай өзі де үнсіз де қыбырсыз. Бар мен жоқтың арасындай бір мең-зеңде.

  …Осымен келесі күннің екінді шағында ауыл үстінде бір шаң-шұң шығып қалды. Соңғы күндер Тәкежан ауылы да Абайға көңілқостық білдірген тәрізденіп, осы араға, Шақпаққа көшіп келіп қонған. Жаңа Мағаш пен Кәкітай, Баймағамбет – үшеуі ат үстінде келе жатып ойда жоқ жайға кездесіпті. Тәкежан ауылының сыртында бір түп талдың арасында тығыла түскен ерттеулі ат көрініп тұр екен. Бұлардың тықырын есітіп, басын жұлып алып қараған торы төбел атты Мағаш пен Кәкітай екеуі қатарынан танып қапты. Тани сала бір сұмдық сезіп, екеуі тап береді. Сонда жаңағы торы төбел аттың бауырында тығылып отырған Оразбайдың аты шулы ұрысы – Қиқым атып тұрады.

  Оразбай Әзімбай мен Тәкежанға астыртын жансызын жіберіп, Абайлардың не әзірлігі, не ниеті бар екенін білдіргелі отыр. Кәкітай мен Мағаш Абайдың өзі отырған үлкен үйге ләнет айтып, түршігіп сөйлеп келеді.

  Үйде үнсіз отырған Абай енді ғана елең етіп, аналар есіктен кіріп болмастан: «Тағы немене? Айт шындарыңды, не білдіңдер?» – деп қатты зеки сұрады.

  Мағаш жаңа көрген жайды әкесінен жасырмай, Тәкежанды «құдай атты ғой, құдай атқырды!» деп отырып, ашып айтып берді.

  Сол-ақ екен, Абай: «Әпер тымағымды!» – деп Баймағамбетке қол созды. Баймағамбет тымағы мен қамшысын қоса берген еді. Абай асығып, дауысы дірілдеп, атып тұрды. Жалғыз-ақ сөз тастады: – Мені шағатын жылан қойнымда отыр ғой! Несіне қалам, бұл жерде, бұл елде!? Жоқпын мен сендерге! Шық, жүр, Баймағамбет! – деп ақыра бұйрық етті де, Баймағамбетті ертіп, тысқа шықты.

  Соңғы бір айдан бері өзі мініп жүрген Есентайдың сұр жорға аты деген ат белдеуде байлаулы тұр еді. Соны өзі шешіп, мініп алды. Баймағамбетке нұсқап, Мағаштың атын көрсетті.

  – Мін мынау атқа, баста мені! Кеттік бұл елден, бұл қу өмірден! – деді. Өңі аппақ боп бозарған. Бойындағы үнсіз қатты ашудан бетінің түктері бозарып шыққан. Баймағамбет кермедегі атқа қарғып мінді де, Абайдың алдына түсті.

  – Қалай бастайын?

  – Тарт батысқа қарай! – деп Абай сұр жорғаны тебініп, қамшылай жөнелді.

  Мағаш пен Кәкітай есі шыққандай не қыларды білмей, дал болып, үркіп қалысқан еді.

  Абайлар тасырлатып, қатты кетіп барады. Осы кезде енді сыртқа шығып, әлі аңырған күйде тұрып қалған Мағаш пен Кәкітайдың қасына Ысқақ пен Шұбар ат үстінде тақап келіп қалған еді. Ысқақ алдында тұрған жастардың ажарын жақтырмай шошынып қалып: «Ой, немене, не болған? Анау Абай ма?! Қайда барады? Не ғып барады?» – деді.

  Мағаш бұл туысқандардың жүзіне қарамай қырын тұрып, өзімен өзі сөйлегендей, шатасқандай бір жайды айтты.

  – Білмедім, бұл дүние не боп барады?.. Кетті елден, бұл жұрттан… Күдер үзіп!.. Енді қайта оралмас боп кетіп барады, әне! – деп тоқтап, тамағына жас тығылғандай, ызалы жас түйіліп тұрып қалды.

  Сол-ақ екен, Шұбар сәтте құбылып, жаны күйген кісі боп: «Не дейді? Құдай-ау, не дейді. Жібергеніміз бе? Жүрсеңші, Ысқақ аға!» – деп атын борбайлап, Абайдың соңынан шаба жөнелді. Ысқақ бірге шапты.

  Жайлаудың бұлтсыз ашық кеші батып қалған еді. Үлкен шарасы қып-қызыл боп шөгіп бара жатқан Күн алыстағы сары жотаға жарым бойымен бата берген шақта, бар дүние қызыл арай, соншалық айқын қызыл бояуға малынғандай. Жырақтағы таулар да, жақындағы мал, ауыл үйлер де, қазір, міне, Абай мен Баймағамбеттің қатты жортып келе жатқан аттары мен өздері де сол қызыл реңде басқарған, өзгерген.

  Енді біразда бұлардың өз аттарының дүбірін басып тасырлатып, шауып келіп қалған, арттан қуған кісілердің аңғары байқалды. Абай бұрылған жоқ еді. Алда келе жатқан Баймағамбет бұрыла берді де, ат басын іркіп, тоқтай қалды.

  Сол арада шауып кеп жеткен Ысқақ пен Шұбар Абайдың екі жағынан жарыла келіп, жете берді де, аттарынан секіріп-секіріп түсті. Ұзын бойлы, ұзын қара сақалды Шұбар қазір сұп-сұр боп алыпты. Зарлап: «Ағатай, Абай аға, қайда барасың?» деп жүгіре басып кеп, сұр жорға аттың шылбырын қолына алды.

  Абай бұның үнін де, өзін де жақтырмай: «Тұр былай, жібер!» – деп еді.

  Шұбар сол сәтте Абайдың атының шылбырын өзінің мойнына ұзын сақалын қоса бастырып, екі орап алды. Соншалық жасанды құбылыс көрсетіп, түк аямас жан болып, дауысы да дірілдей түсті. Анық аяр құбылдың сөзін тастады.

  – Кетпейсің еліңнен, бауыр жұртыңнан! Айналайын Абай аға! Кетер болсаң, мені буындырып, атыңның тұяғына бастырып, өлтіріп кет! – деп айғайлап жіберді.

  Енді Ысқақ та келіп, жаяу күйде Абайдың атының сулығынан алып тұр еді. «Сабыр қыл, Абай!» деп ол анадай аярланбай, бірақ шын қысылып, күйзелген кісінің үнімен сөйледі.

  – Жаңа ғана жайын біліп шықтым. Анау сүйген балаң Әбіштің санадан сарғайған жары, қайғылы Мағыш қазір үзілгелі жатыр! Сені «Соңғы демім үзілерде бір көріп, ырза қош айтсам» деп арман етті. Кешегі Әбішіңнің аруағын ұмытасың ба? Бұ да балаң еді. Қош айтпай, кетесің бе? – дегенде, Абай шұғыл өзгеріп, алдыңғы байлауынан амалсыз айнып қалды.

  – Соным бар ма еді? Менен де мұңлы сорлым бар ма еді?! – деді. Амалсыз қайтатын жайының белгісі еді.

  Дәл осы минуттарда, оқшау отауда, биік төсектің алдына салынған жертөсекте өмір бойы бірде-бір рет қабақ шытысып көрмеген жандай досы Мәкеннің тізесіне басын салған күйде Мағыш үзіліп бара жатыр еді… Соншалық сау, сұлу біткен жас денесі бар тұлғасын улатқан қасіреттен енді ғана мүлде жеңіліп болған. Екі жыл бойында ұзақ қайғы-қасірет шеккен сол Мағыш, өзінің ғашық жары Әбішіне берген сертін енді міне орындады.

  Бұның жұбаныш білмеген, уануды ойламаған, ұдайы ғана у жұтқан қасіреті бар-ды. Соны ойлап Абай биыл және де Әбішін еске алып, бір шер толғау тудырып еді. Осы зарының соңғы жолдарында:

– Тиянағым, тұрлауым,

Енді кімге асылдым!

Ойламадым туғанда,

Бір өзіңе бас ұрдым.

Жалғыз сенен айырылып,

Артыңа қарап, аһ ұрдым!

Ойламадым еш жанды,

Өзіңе ердім оңаша.

Рақаттанып, мақтанып,

Қылушы едім тамаша.

Шын сорлы мен дағы

Мағыш байқап қараса!..» –

деп Мағыштың шеріне дәрмені біткен өз шерін қосып еді. Жұбана алмаған Мағыш дегеніне жетті. 

  Қазір Абай Шұбармен Ысқақтан бөлініп, Баймағамбет екеуі боп Әбіштің қаралы отауының сыртына кеп, жаңа аттан түскенде, Мағыш үзіліп кетті.

  Жылап отырған Мәкеннің жүзінен Мағыштың қайтыс болғанын білген Абай енді есіктен кіре бере еңкілдеп жылап, еңіреп келіп, Мағыштың жүзін құшып, кесек-кесек ыстық жастарын төгіп-төгіп жіберді.

Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» (төртінші кітап). Қапада (жалғасы)
Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» (төртінші кітап). Жұтта (жалғасы)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу