Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Қарашығын II

Oinet.kz 20-10-2020 1558

Абай жолы” видеосаммариінің жаңа бөлімі жарияланды: 05 қараша 2020, 16:05 -  жаңалықтар Tengrinews.kz

 …Осы уақытта күн де батуға тақаған-ды. Жүргіншілер енді желе жортып, жіті жүрумен бүгінгі күн жетпек болып шыққан ауылдарына тақап келді. Қазір бұлар Шыңғыстың сыртын көлденеңдеп кесіп аққан Шаған өзенінің бойына ілінген. Кейде шалғын, кейде тастақ жағасы бар Шаған суы тағы бір кезде ақшыл керішті сойып ағып, терең жарлар жасаған өзенді біраз құлдап, тізіле жортып келген жүргіншілер, қазір тастақ тақыр кезеңнен аса бере, жап-жақын жерде отырған мол ауылды көрді. Қозылары жаңа жамыраған, иттері үріп шулаған, құлын-тайы шіңгірлеп кісінеген көп үнді, даңғаза болған ауылдың үстінен шықты.

  Бұл ауыл – Оспанның әйелі Еркежанның төркіні – Байтас ауылы. Қонақтардың жетіп қонбақ болып келе жатқан жері де осы. Ауыл төбесін көрген соң, Көкбай жұрттың бәрін аяң жүріске салды. Дәл осы ауылдың сыртында, өзеннің ар жағында бөлекше зорайып көрінген бозғылт биікті көрсетіп, Көкбай Әбішке: «Қоңыр әулие» дегеніңіз мына тау болады! Ертең күнұзын мейлінше аралауға жап-жақын тұрғаны осы!» – деді.

  Ертеңіне сәскеде «Қоңыр әулиенің» қасына кеп түскен жолаушылар тікшелеу тастақ беткейге аттарын қалмақша байлап қалдырды. Өздері тегіс тау үңгірінің кірер аузына келді. Дәл кірер жері тар болғандықтан, Көкбай бастаған жігіттер бірінің артынан бірі тізілді. Қысаң есік сияқты, қалтарысы бар босағадан бұрылысып, аз уақытта қараңғы үңгірге барлық топ түгел кірді.

  Үлкен үңгір іші сызды, салқын екен. Әркім өзі бұрын әзірлеп алған шырағдан, білте шам, шиге ораған білтелерін тұтатып, жандырысып алды. Енді әр жерде жылтыраған әлсіз шамдарымен үңгірдің қалың қараңғылығын сәл сейілткендей. Бөрі де жайылыңқырап, жай қозғалысып, айналаны барлап басады. Үңгір іші басқан сайын кеңейіп, төбесі биіктеп, мол салқын, меңіреу жайға айналды. Шам жарығы түскен тастар тау сыртындағы тастай емес, қара барқын және тұтасқан жартастар тәрізді. Үнсіз, жым-жырт қалың тыныштық бар. Тұнып тұрған тас қараңғы ұйқыдай. Жүргіншілерді қадам басқан сайын жер асты сияқты, ертегілік бір ғажайып жұмбақ жолға тартып барады. Табан астындағы жайдақ тастақтың өзі де еңістеніп, жүрісті жылдамдатып, терең түкпірге жетелеп бара жатқандай. Бұрын бұл үңгірге келмеген Дәрмен Әлмағамбет және Кәкітаймен ақырын сөйлесіп, жай әзілдескен болса да, аяқтарын қорқақтап басады. Біріне-бірі сығылысып, кейде Кәкітайды Мағаш алға қарай итере түсіп, өзі соның артын ала жүргісі келеді. Көкбай мен Әбіш бұлардан ілгерілеп кетіп, айналаны тамашалап, асыға қарап келеді. Біраз жүрген соң, алдағылар «су, су!» десіп, бөгеліп қалды.

  Енді біразда барлық жастар қара үңгірдің үлкен қара суының жағасына жиылысқан еді. Тұп-тұнық, таза шыныдай, мөп-мөлдір мол су жатыр. Біреулер алға қарай дабыстап үн қатса, тау іші күңгірлеп, жаңғырығып, азғана дыбысты да әуліктіріп, алысқа әкетеді. Қолына ұзын шыбық құрық ұстаған Дәрмен су бойын жағалай түсіп, тереңдігін өлшеді. – Бұл су мол! Терең тұңғиық екен. Шетінің өзі де Әлмағамбет сияқты аласа кісінің бойынан асып кетті! – дейді.

  Кәкітай мен Дәрмен еңді біразда жерді сипалап жүріп, ұсақ тастар тауып алып, құлаштап, суды бойлап лақтырып көрді. Бар пәрменімен лақтырған тас ұзап барып, терең суға шолп етіп түседі. Үңгір бойы белгісіз ұзаққа созылып жатыр. Тау ішінің көлі де алысқа кетіп, созылып жатқанын танытады.

  Шамдарының жарығын су бетіне түсіре отырып, жастардың әрқайсысы әр түрде таңданған сөздерін айтысады. Әбіш осындай үңгірдегі көлдер туралы оқыған бір жайларды айта бастады. Жастар мұны қоршап ап, тыңдап отыр.

  – Адам қиялы мұндай үңгірлерге неше алуан ғажайып жандарды мекендетеді. Біздің бәріміз бағанадан осы үңгірге кіргелі біраз сескеніп, үркектеп келдік. Егер осы судан шын бір мақұлық көрінсе, қандай қорқар едік?! – деді.

  Әбіш Әлмағамбеттің бағанадан қорқып, өз-өзінен бұғыңқырап, тіпті, ақырын сөйлеп, сыбырлап жүрген жайын еске алды.

  – Сондай бір мақұлық албасты шайтан бейнесіне түсіп, бізге көрініп қалса, ғажап емес-ау! Егер ол көрінсе, біздің Әлмағамбет құрбанға шалған лақтай бақырар еді! – деді.

  – Кім білсін, әлде шамға, біздің дабырға құлақ салып жақындап та келер! – дей отырып, Әбіш орнынан оқыс атқып тұрып: – Әне, келіп қалды! – деп, артқа қарай жалт бергенде, бір Әлмағамбет емес, Мағаштан басқа жастардың барлығы қоса жапырылып, артқа қарай салдырай қашты. Көбінің шамдары да өшіп қалып, біріне-бірі қақтықты. Әлмағамбет елден бұрын жығылып еді. Дәрмен қорыққан жоқ-ты. Әлмағамбеттің үстіне әдейі құлап, үнсіз жаныштап жатыр. Шошыған Әлмағамбет дыбыстай алмай сыбырлап: «Өлдім, өлдім!» деді.

  Тек бұлардың артынан естілген мазақ күлкі ғана үркек жастардың естерін жиғызды. Әбіш пен Мағаш үңгір ішін жаңғыртып, сақылдап күледі. Әлмағамбетті тұрғызып алған жастар, енді оны қоршай сүйемелеп, күлісіп, қайта оралды. Шамдарын тағы жағып алысты. Кәкітай енді Мағашқа әзілдеді:

  – Сен қорыққаныңнан қозғала алмай да қалдың-ау! Сен неғып қашпадың?!

  Мағаш даңғырлап қатты сөйлей мысқылдап тұр. – Шайтан болса, одан «қашып құтылам» дейтін мен надан емеспін ғой сендердей! «Аятул-күрсіні» оқып тұрдым. Бәріңді мен құтқарып тұрғам жоқ па!

  Әлмағамбет енді есін жиып, дағдылы қылжаққа басып:

  – Е, айналайын Мағаш, әйтеуір, осы үңгірден шыққанша сол дұғаңды ұмыта көрме! – деді.

  Өзге жастар бұны әлі де мазақтай түсіп, күлісіп тұр.

  Алғашқы желісі үзілген әңгімені Әбіш қазір қайта бастады. Ол енді көпшілікке ұғымды жайды сөйледі:

  – Бұндай үңгірлер анда-санда әр тауларда кездеседі. Соның көбінде осындай көлі де болады. Және сол үңгір көлдерінде қараңғылықта тіршілік ететін мақұлық бар. Ол үңгір көлінің балығы деп аталады. Ал өзі балықтан сырт бітімі жағынан өзгерек жан иесі. Оның түсі адамның жалаңаш етіндей ақ сұр келеді. Ұзындығы бір жарым кездей. Он үш-он төрттегі баладай болады. Күн сәулесін көрмейтіндіктен, реңі ақшыл келеді. Өзінің көзі жоқ, мүлде соқыр болады! – деді.

  Көкбай таңданып әзілдеді.

  – Астағыпыралла! Әбіш-ау, мынау айтып тұрғаның нағыз албастының өзі ғой!

  – Атамаңыз! Кәпірдің бетін әрі қылсын. Мынау көлде ол жүрмей-ақ қойсын! – деп Дәрмен де қалжыңдады.

  Әлмағамбет енді қыбыжыңдап, тағы да сенімсіз қорқақтыққа ауысты:

  – Әй, жігіттер! Осы ақыреттің қызығын көріп болдық қой! Енді тек жарық дүниемізге шықсақ қайтеді! – деп еді.

  Әбіш оны түңілтіп:

  – Қайтқаны несі? Бүгін күні бойы осында боламыз. Мына үңгірдің әр жаққа кетіп жатқан тараулары бар. Қазір соның әрқайсысына бөлініп түсіп аралаймыз, асықпаймыз! – деді. Бұнысы – байлау, берік айтылған сөз.

  Әлмағамбет амалсыздан басын шайқап:

  – Ендеше, Мағаш, мен сенің шамыңды ұстап жүрейін. Сен, әйтеуір, әлгі жарықтық «Аятул-күрсіні» оқи бер! – деп Мағаштың қолтығына кіргендей боп, сырт жағына жабысып тұр.

  Кәкітай Әбішке қарап, осы үңгірдің «әулие» аталатын себебін сұрап еді.

  Әбіш өзінің шапшаң, ширақ бойымен лып етіп тұрып, қозғала берді. – Ол – ең үлкен мәселе! Біз қазір соны шешуіміз керек. Келіңдер, біз сол әулиені іздейік енді. Мынау ғажайып үңгір мен осы жұмбақ жартастар арасында әулиеден қалған із болмасқа мүмкін емес. Жүріңдер! – деп су жағасынан кейін бұрылды.

  «Қоңыр әулиенің» үңгірлері біреу емес, бүйірлеп кететін бірнеше қалтарыстар бар еді. Соның бір үлкен бұрмасына түсті де, жүре берді.

  Бірер жақпар тасқа Мағаш, Кәкітайлар өздерінің аттарын жазды. Бұлар осы тұста бөгеліп қалғанда, Әбіштің қасына Дәрмен ерді. Үңгірдің тағы бір қалтарысына екеуі оқшауырақ кетті.

  …Содан ары жалғыз өзі ілгерілеп кетті. Аздан соң:

  – Кәкітай, Дәрмен, Мағаш! Мұнда келіңдер! Мен әулиені таптым! – деп көңілдене дабыстады.

  Көлдің сол жағындағы бір кең қалтарыста Әбіш бұларды тосып тұр екен. Шамымен бүйірде жатқан бір ұзын тастың бойын жағалай жарқыратып, қадала қарап тұр.

  – Әулие, мінеки! Мынау төсекше қашалған тасты көріңдерші. Мынау бас, мынау иық кескіні!.. Ұзын дене, бойы былай кетеді! – Кәкітай мен Мағаш тас мүсінге таңдана қарап, Әбіштің айтқанына илана бастады. Дәрмен де сұлап жатқан мүсінді анық аңғарғандығын айтты. Әбіш енді өзінің табысына толық сенген үнменен әзіл тастады: – Рас, «Қоңыр әулие» сұлу мүсінді емес! – деп ойланып тұр. – Бірақ адам бойына тілеген қуат, қиял еткен қайрат байқалады. Мен білсем, баяғы адам қиялшылдыққа келгенде, ешкімнен осал болмағандай! – деді.

  Қоңырсалқын үңгірдің ішін ұзақ уақыт, кейде терең ойлы сөз, кейде күлкі әзілмен күңгірлетіп, даурықтырып жүрген жігіттер тобы енді шығуға айналды. Алдарынан кең үңгірдің тар есігі көрінді. Жарық Күннің сәулесі алтын теңгедей жарқырайды. Кейін бұрылған топтың ең алдында кішкентай бойлы, жуантық денелі Әлмағамбет келеді.

  Ол адымдай түсіп, асығып барып, елден бұрын сыртқа шығып, тас үстінде терін сүртіп отыр. Кейінгілер шығып болған соң, құтылғанына қуанғандай ақсия күлді.

  – Бұдан былай, бұл әулиеңізбен араласымыз бола қоймас-ақ! Ер Төстік болмай-ақ қоямын. Жер астының сұлуы емес, осы тобықты ішінен таңдаған қызым қолыма тиетін болса, менің ертегім сол! – дейді.

  Атқа мініп, ойға таман түсе бергенде Әбіш тастан қаланған көп бейіттерге бұрылды. Бұл бейіттер барлығы біріне-бірі ұқсас, бір ғана мезгілде туған көп мола тәрізді. Кейбір бейіттерге үңіле қарап келген Әбіш бірнеше жерде тұрған сирек тастарды көрді. Солардың әрқайсысының бетіне қашап салған таңба бар.

  Арттағы топпен Көкбай жеткенде, Әбіш осы бейіттердің мәнін сұрастыра бастады. Көкбай бұл бейіттің Тобықты бейіті емес екенін білдірді. Таңбаларды бұрын ол өзі байқаған емес еді. Қазір атынан түсіп, таңданып, үңіле қарап жүріп, Арғынның «қос дөңгелек» таңбасын танығанын айтты. Керейдің «ашамай» таңбасын, Найманның «шөміш» таңбасын тағы да кезек-кезек тауып, таңдайын қағып, басын шайқады.

  – Орта жүздің бар атасы бас қосқан зират көргенім осы. Мынада бір қалың сыр бар-ау, жігіттер! Исі Орта жүздің бір араға қойылған ұлты бар дегенді естіген де емес ем. Бұл қалай, ә!? Не ғажайып!.. – деп көп бейіттің орта тұсына тоқтап, жүгініп отырды да, «сүннәтәні» мақамдап созып, Құран оқып, бата қылды. Бір жерде опырылып, іші үңірейіп жатқан мола да бар екен. Соған кеп үңілісіп тұрған топқа Мағаш бір бас сүйекті көрсетті. Сарғайған сүйектің шеке тұсында оқ тескен тесік бар екен. Көкбай енді тың бір әңгімені баяндап кетті:

  – Осы Арқаның елі Абылайдың жорығын көп айтады ғой. Қалмақпен сол заманда соғыс салған Абылай болды. Ал енді бір естіген аңызым және бар. Абылайдың қолы осы Арқаны бойлап, қалмақпен қуа соғысып келе жатқанда, бір уақыт қалмақтар тәсіл жасапты. Бір тастың үңгіріне кіріп, бекініп жатып алып, жасырынып қалады. Артынан қуып келе жатқан Абылайдың қолы «жау қашты» деп, бейқам болады. Сонда қалмақтар үңгірден шығып, Абылайдың қолын тұтқиыл шабуылмен қырарман болыпты дейді. Бірақ жұрт ес жиып, соғыса бастағанда, қазақ көп болғандықтан, қалмақ қайта қашып, үңгірге кіріпті. Сонда бекініп жатып, садақ атып, Абылайға алғызбай қойыпты. Көп адамы қырылып, ашынған Абылай қолдағы батырларына жар салыпты. «Кімде-кім ерлік етіп айласын тауып, осы қалмақты дәл осы үңгірден шығармай қырып беретін болса, бұдан былай қолбасылық дәрежені үнемі сол кісіге бұйырамын!» депті. Сонда Абылайға ерген көп батырлардың ішінен үздік шыққан Қаракерей Қабанбай болған еді. Күндіз-түні талмай ұрыс салып, үңгірдің аузын оқпенен көміп, қалмақты бұқтырып отырып, әлденеше күн аштықтан бұралтады. Сөйтіп, ақыры қалмақты жеңіп, Абылайды дегеніне жеткізеді. Соның артынан жеңістің тойын жасағанда, Абылай Қабанбайды қасына алып отырып: «Бар батырдан сен оздың. Жеке-дара шығып, озып тұрсың. Айтқаным айтқан, сертімнен шыққаным осы, қайратың үшін бұдан былайғы жорықта ұдайы қолбасы сен боласың! Және бұдан кейін сенің атың Қабанбай емес, «Дарабоз» болсын!» – депті. Қабанбайдың бұл кезде жасы егде тартып, сақал-шашына бурыл кірген кезі екен. Содан мұны барлық аңызда «Дарабоз» атайды! – деді.

  Жиын жұрт Көкбайдың әңгімесіне барынша иланып, ықыласпен тыңдады. Көкбай енді тағы бір тың жайларды баяндап кетті:

  – Ал енді бұл қай шабуыл екен? – дей түсіп, ойлана отырып, алыс күндер оқиғаларын еске алды. – Абылайдың шабуылы көп болған. Соның атақтылары: «Шаңды шабуыл», «Қоржын қаққан» деп айтылады. Қалмақпен болған бітімнің ең үлкенін «Қандыжап бітімі» деп атайды. Өткеннің бәрі көңілге күңгірт, көзге көмескі ғой. Кім білсін, мынау қырғын әлде сол жорықтардың біреуінің жолында болар ма екен? – деді. Осыдан кейін Көкбай Әбішке қарап, өзінің Абылай туралы дастан жазғалы жүргенін айта келіп, енді бір нық байлау жасай сөйледі. Бар жастарға қарап:

  – Үндемеңдер, мен қазір тап осы жерде өзім үшін бір үлкен түйін шешкелі отырмын. Енді мен Абылайды жазамын, жазғанда үлкен дастан етіп, бар қазақтың баласы Абылайдың аруағынан айналатын етіп жазамын, – деді.

  Дәрмен Көкбайдың бұл байлауын ұшқары көрді.

  – Аруағынан айналмай-ақ, шынды жазса, жетпей ме? Абай ағам бізге соны өсиет еткен жоқ па еді?

  – Жоқ, бұл жөнінде, Абылай тұсында, оны қанша мақтап көтерсем де, Абай ағам теріс демейді, демеске керек. Өйткені қазақтың бұдан артық әулиесі болмаған.

  Дәрмен ол сөзге тоқтамады. Көкбайдың осындайда бір жаққа лағып кеткіш қыңырлығын ол әрқашанда сүймейтін.

  – Әулиесі дейсіз, біз Абай ағамның тәрбиесі, өсиеті бойынша нелер әулие-әнбиені де сынап, талдап алатын болмап па ек?

  Көкбай бұл тұсқа келгенде ызалана сөйледі:

  – Қой, шырағым, бүйтіп асқақтама! Абылай – қазақтың ұлы ханы, оған тіл тигізгенді көтере алмаймын, – деп атына жақындай берді.

  – Е, Көке! Дастаныңызды бітірген кезде көрерміз, төрелерге тізгініңізді беріпсіз ғой, тек «төреге ерген ерін арқалайды» деген қалың қазақтың ақылы тура болып жүрмесін, – деп тағы Мағашқа қарай көзін қысты да, сөзін бітірді.

  Дәрменді қостап күлген жастар көп еді. Сондықтан ба, Көкбай томсарды да, үндемей қалды.

  Жол ұзақ, жүретін уақыт қысқа болғандықтан, бұлар енді аттанысымен қатты жүрмекке уәделесті. Топ алдында жарау сары атқа мінген Әбіш қатты желіп келеді. Кейде жазық жерде ұзақ жарысты да өзі бастап, топты артынан қалдырмай үнемі суыт жүргізіп отырды. Сондайлық үрдіс, өнімді жүріс арқылы ғана бұлар Абай ауылына ел жатар кезде келіп жеткен еді.

Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Қарашығын
Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Қақтығыста
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу