Торғын Жолдасбекқызы. Қазық

Oinet.kz 06-10-2020 1452

Торғын Жолдасбекқызы.jpg

Қабдеш ауылдың шет жағында тұратын. Қабдештің өзі де, үйі де көне, қора-жайы ескі болатын. Ішінде қотыр есегінен өзге малы жоқ. Бірақ ол өзі сол үйін де, қотыр есегін де жақсы көрді. Өз шама-шарқына қарай жақсы көрді. Бар білгенінше...

Есегі де сөйтетін. Қабдештің жиған отынын тасып, аянбай еңбек ететін. Ал жұмысқа жекпеген кездің бәрінде «есегім тоқ тұрсын деп» Қабдеш оны қақпа сыртына шығарып, қазыққа байлап қоятын. Солай есек те, Қабдеш те тыныш. Күн ұзақ әлгі қазықты айналған қотыр есек, ұзын емес арқанның жетер жеріне дейін жайылып уақыт өткізетін. Өзі таптап тастаған ол жердің айтарлықтай шөбі де қалың емес. Түске дейін жанында тұрған теректен көлеңке түссе, түс ауған соң ол да жоқ. Сүйген Қабдеші бір күні су берсе, тағы бір күні оны да ұмыта салатын. Соған ренжи ме, кейде есек алдымен ішегін тартып ап, артынша аянышты дауыспен ақырып жатушы еді. Міне сол зарын бүкіл ауыл боп еститінбіз. Бірде қысқа қайырса, кейде күйіп кеткендей ұзақғырақ мұң шертетін. Бала маған онысы «қадірімді білмеді, соны асырап, бар зілді өзім көтеріп келе жатқаным аздай, енді міне мейірімге зәрумін. Су беруге жарамай, күнге қақтады. Азаптан көз ашпадым» деп жылап жатқандай естілетін.

Бірде мұны Қабдеш ағаның өзіне айтқаным да бар. Бала болсам да:

– Аға, сізді осылай байлап қойса жақсы ма? – деп бастадым әңгімемді.

Сөзімді бөлмей тыңдап алған ол:

.    – Саған бір қызық көрсетейін бе? – деп сұрады жымия.

Қызықтан кім қашсын? Келістім. Сонда мені қазықтың жанына алып барған ол:

– Мынаны көрдің бе? – деп түбінде бос жатқан арқанның бір басын көрсетті.

– Байланып тұрған жоқ па? – деп сұрадым таңдана. – Ендеше неге кете бермейді? Әнеу жердің шөбіне қараңызшы, жап-жасыл. Тойып жемей ме? Ары жүрсе, арықта су да бар. Шөлін баспай ма? Көлеңке...

– Әдет!

– Әдет?

– Иә, әдет! «Байлаулымын» деген ойға да, өзі салған шеңберден аспауға да бойы үйреніп кеткен.

– Қойыңызшы! – дедім мен сене алмай. – Мына кейіпін көрмеймісіз? Аузының кеуіп кеткеніне қараңызшы. Зарланып ақырғанын да естімеймісіз?

– Оған да еті үйренген. Солай болуы қалыпты жағдай. Соны қалайды өзі. Бірде сыртқа арқансыз жіберіп көрмек болдым. Үрей биледі бойын. Жайылуды былай қойып, тырп ете алмай, сілейіп қатты. Көптен бері қазықтың есекті емес, есектің қазықты күзетіп, ұстап тұрғанын сонда білдім...

***

– Есіме түсірсем болды, жүрегім тілініп кеткендей болады. Адам құрлы көрмейтін. Он жыл өмірім өксікпен өтті. Соған қарамастан...

– Қайын атаңның өмірден озғанына неше жыл болды? – деп сұрадым әдейі, жақсы біліп отырсам да.

– 11 жыл болады көктемде, – деп салғырт айта салған ол: – Сонда да бәріне төздім ғой. Ринат жоқта, ішіп келіп, түн жарымда емізулі баламен далаға қуып жіберген кездері де болған, – деп дауысы дірілдей өткенді қопарып жатты.

Құрбымның бұл әңгімесін алғаш естіген бірнеше ретте онымен қосылып мен де жылап ем. Жалаң аяқ, жалаң бас түнделетіп пана іздеп, көршімнің есігін қаққандай өмірге мен де өкпелі боп ем.

– Білесің бе, Ринаттың қазір соның бірін білмейтіндей, ұмытып қалғандай өмір сүретіні жаныма батады. Әкесі екенін білемін, әйтсе де...

– Сен де сөйтіп көрсең қайтеді? – дедім шыдамым таусылып бара жатқан соң.

– Ұмытқым-ақ келеді. Бірақ, ойлашы, қайын әпкелерім соның бәріне төзіп, әкесін баққан қадірімді біліп жатқан жоқ қой. Өздері соған шыдар ма еді? Бір күннен артық сидырмай әкеп тастаушы еді ғой. Ал қазір олар да түк болмағандай күн көріп жатыр.

– Ринат та іше ме? – деймін қайта ойын бөлмек боп.

– Жоға, Аллаға шүкір, Ринаттың ондайы жоқ қой. Мінезі де жұмсақ бірақ, кейде қатты сөйлеп қойса, бұрынғы есіме түсіп, көңілімнің астаң-кестеңі шығып, жанымды қоярға жер таппай кетемін. Бұдан қалай құтыларымды білмеймін. Мүмкін емес сияқты, бұл мені енді еш уақытта жібермейтін сияқты. Еркін тыныстауыма да мүмкіндік бермейді.

Бой жетіп, ауылдан кеткелі қай заман?! Ол жақта қазір Қабдеш те, қотыр есек те жоқ шығар. Бірақ мен бүгін оларды қайта еске аламын...

Пернебай БЕРДАЛЫ. ІШЕТІН АДАМ КЕРЕК
Лев Толстой. Екі қария (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу