АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ. ЖИЫРМА ЕКІНШІ ҚАРА СӨЗІ
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ҚАРА СӨЗ
Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым.
Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп, ақымақтығынан. Жоқ, өзі жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен, өз жерімен ойраңдасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр.
Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Біреулер к…не құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр.
Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстықпенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.
Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.
Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.
Ғаріп-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.
Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес.
Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.
Абай Құнанбайұлы.
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ӨЛЕҢ
Бірінен бірін ешбір кем қоймадым,
Қасиет, қылығына тең бойладым.
Қазақтың қайсыбірін жақсы көріп,
Кімдерді қадірлеймін деп ойладым.
Өзіне өзі суық, қабірдейін,
Жүретін ашуынан сабыр кейін.
Кім болса соған жеміт болып жүрген,
Байлардың қай қылығын қадірлейін?
Көтеріп жүрер дейтін басын ептеп,
Бойында мырзасының қасірет көп.
Жалынып, малын беріп, сатып алған,
Болыс пен билерінде қасиет жоқ.
Байламы болғаннан соң ескі-құсқы,
Басынан бақыт дейтін көшті құсы.
Көрсетер мықтылығын жақсылыққа,
Елде жоқ құрметтейтін есті кісі.
Жаратқан пендесіне сабыр берсін,
Қарауы қалмағандай қағынды ел шын.
Ендігі қалғандары қу менен сұм,
Оларды не деп, кім деп қадірлерсің?
Заманның көріп мынау қабарғанын,
Күн кешу бұл кезеңде адалға мұң.
Тілеуін шын момынның тілемесең,
Басқасын онан өзге таба алмадым!
Әлібек Шегебай.