Ханс Кристиан Андерсен. Мейірімсіз князь
26-09-2020
Баяғыда жиырма бес қалайы сарбазтай болыпты, олардың ортақ анасы ескі қола қасық еді; бұлар өздерінше керемет болатын – иықтарында асынған мылтықтары, бастарын қақайтып, көк араласқан қызыл оқалы киімдері өздеріне сондай жарасымды! Олардың қорап-үйін алғаш ашқанда естіген сөздері «Шіркін, қалайы сарбазтайлар!» -болды. Алақандарын шапаттап барынша қуанған, туған күніне әлгі сарбаздарды сыйға алған сәби ербала еді. Ол жалма жан оларды үстел үстіне тізе бастады. Сарбазтайлар бір бірінен аумайтын, тек қана біреуі жалғыз аяқты болатын. Соңынан құйылған оған, аздап қалайы жетпей қалған, бірақ ол екі аяқтылардан қалыспай аяғына нық тұрады; сонысына қарамай ол бәрінен бұрын ғажайып болып шықты.
Сарбазтайлар шыққан үстелде небір алуан ойыншықтар бар екен, бәрінен де қатырмадан жасалған таңғажайып сарай көз тартатын. Кішкене терезелерінен сарайдың салтанаты көзге түседі; сарай алдындағы көлді бейнелейтін айнашықты қоршай талдар өсіп тұр, оған өз бейнелерін шағылыстырып түсірген балауыз аққулар суға шомылған күйі кербездене қалыпты. Бұның бәрі ғажап көрініс еді, бірақ бәрінен де кереметі сарай табалдырығында тұрған бойжеткен болатын. Оның өзі қағаздан қиылып жасалған да, үстіне жұқа бәтестен белдемше кигізіліпті; мойыншалғы орнына мойнына көгілдір жіңішке ғана таспаша салған, ал кеудесінде бойжеткеннің бетімен бірдей өңірдек жарқырап тұр. Ол бір аяғын бүгіп тұр – бойжеткен биші болатын, - ал екінші аяғының ұшын жоғарылатқаны сондай, біздің бір аяқты сарбазтайымыз, оны байқамастан өзі секілді біраяқты деп ойлады.
«Маған осындай зайып болса ғой! – деп аңсады ол. – Шамасы, қыз сарайда тұрғанына қарағанда ақсүйек болар, ал мендегі бары қорап қана, оның өзіне біздің жиырма бесімізді нығарлап қояды, қызға орын қайда! Бірақ танысқанның артықтығы болмас еді».
Ол үстел үстіндегі шақшаның тасасынан сығалады; бұл жерден оған бойын еркін ұстап бір аяғымен тұрған биші қыз айқын көрінді.
Түнге қарай қалайы сарбазтайлар қорабына салынып, үйдегі адамдардың бәрі ұйқыға бас қойды. Енді ойыншықтар өз ара қонаққа барып, соғыс ойнап, той тойлауға кірісті. Қалайы сарбазтайлар қорапты дүрсілдете бастады – олар да ойнағысы келіп еді, қораптың қақпағын аша алмады. Айналшық өз дағдысымен шыр айналды, жазғыш таяқ өз тақтайының үстіне шығып билей жөнелді; айқай-шудан оянып кеткен сайрауық құс та сөйлеп қоя берді, тіпті әдеттегідей әндетіп кетті! Өз орындарынан тапжылмаған тек қана биші қыз бен қалайы сарбазтай: биші аяқ ұшына салмақ сала, қолын алға жайып тұр, ал сарбаз мылтығын қысқан күйі қасқайып, қыздан көз алар емес.
Сағат он екіні соғып белгі берді. Тырс! – шақша ашылды.
Оның ішінде насыбай жоқ еді, бірақ кішкене ғана қар-қара *трөл-сайтаншық отырған; оның біршама көзбояушылығы бар!
- Әй, қалайы сарбазтай, - деді трөл, - қарамайтын жаққа қараушы болма!
Қалайы сарбазтай оны естімеген сыңай танытты.
Қойсаңшы енді! Қазір таң атады!.. – деді тағы трөл.
Таң атты, балалар оянды да, қалайы сарбазтайды терезе алдына қойды.
Кенет, трөлдің сиқырынан ба, әлде өкпек соқты ма – терезе айқара ашылды да, сарбазтай үшінші қабаттан жерге ұшып түсті! – көпір тастарының саңылауынан өтіп барып баспен түсті. Сарбазтай жалғыз аяғын көкке созған күйі баспен қадалып қалды.
Балақай мен оның күтушісі жүгіріп шығып іздей бастады, бірақ қанша іздесе де олар сарбазтайды таба алмады; оны бірнеше рет басып кете жаздаса да байқамады. «Мен мындамын!» десе, әрине, олар сол бойда тапқан болар еді, бірақ сарбазтай көшеде айқайлауды ұятсынды: қанша дегенмен ол оқалы киім киінген сарбаз ғой!
Жаңбыр тамшылай бастады; жауын бірте-бірте күшейе келе арты нөсерге айналды. Жауын тыйылғанда көше кезген екі бала мұны байқап қалды.
- Ана қара! – деді біреуі. – Әне, қалайы сарбазтай! Қане, оны жүзуге жөнелтейік!
Олар гәзит қағазынан қайықша жасап, сарбазтайды соған салды да шалшық суға қоя берді. Балақайлар қолдарын шапаттап мұның соңынан қуды. Паһ, шіркін! Арық суы кәдімгідей толқынданды! Нөсер суының ағысы мұны ала жөнелгенін айтсайшы!
Қайықша оңға да, солға да соғылды, қалайы сарбазтайдың зәресі кетті, бірақ қорыққанын сыртқа білдірместен өжет қалпын сақтады: иығында мылтығы, кеудесін алға керіп, басын қақайтып тұр!
*трөл - тролль
Қайық аққан бойы ұзын көпірше астына келді: айнала қараңғыланып, сарбазтай қорапқа түскендей сезінді.
«Мені қайда ағызып барады? – деп ойлады ол. – Мұның бәрі жексұрын трөлдің әзілі шығар! Шіркін, менімен бірге қайықта ана бір биші сұлу болса ғой – тасқараңғы болса да бәрібір болар еді!»
Сол мезетте көпірше астынан ірі егеуқұйрық шыға келді.
Төлқұжатың бар ма? – деп тақылдады ол. – Қане төлқұжат!
Бірақ қалайы сарбазтай үндеместен мылтығын қыса түсті.Қайықшаны ағыс ала қашты. Ал егеуқұйрық қуа жөнелді. Ол тісін шықырлатып, судағы қарсы кезіккен жаңқа мен сабан біткенге айқай салды:
Ұста, құста ананы! Анау баж төлеген жоқ, төлқұжаты да жоқ!
Бірақ ағыс қайықшаны үсті-үстіне ағызды да, қалайы сарбазтай алдан жарықты көрді, әйтпегенде қандай батыл болса да қорқатын жөні бар еді. Қызықты қара, көпіршенің шетінде арықшадан аққан су кең арнаға ұласады екен! Бұл сарбазтай үшін біздің қайықпенен сарқырамадан құлағанымыздай қатерлі болатын.
Ағыс сарбазтайды одан әрі әкетті, аялдау мүмкін емес.Оның қайығы төмен қарай құлдилады; бейшара сарбазтай көзін жұмбастан қақиған күйінде, қайық болса, шыр айналды да су толып бата бастады. Қалайы сарбазтай суға бата берді, басы су бетінде еді, ол да жоқ болды! Оның есіне өзінің сұлу қызы түсті: енді биші қызды көру мүмкін болмас. Құлағына шулап мына жолдар келді:
Ажалды қақшиып қарсы ал да,
Жауынгер, ұмтылғын, сен алға!
Қағаз қайық былшырап қалды, қалайы сарбазтай су түбіне кетер ме еді, егер оны сол сәтте бір балық жұтып жібермегенде.
Қандай түнекке тап болды! Көпіршенің астынан да жаман, әрі қандай тар еді! Бірақ қалайы сарбазтай саспады, мылтығын қыса түсіп, қақиып жатып алды.
Балық болса тынымсыз әрі-бері атылып, неше алуан шоршыды дейсің, кенеттен ол найзағай ұрғандай қалшиды да қалды. Жарық сәуле сау етті де, біреу айқайлап жіберді: «Қалайы сарбазтай!» Балықты әлдекім ұстаған болып шықты, оны базарға әкеп сатты да, одан әрі балық асханаға түсіп, аспаз оны селебемен ішін жарып жіберген екен. Әлгі айқай аспаз әйелдікі екен, ол сарбазтайды белінен ұстап бөлмеге жеткізіп еді, үйдегілердің бәрі керемет саяхатшыға жабыла қарауға лап қойды. Бірақ қалайы сарбазтай оған кекіреймеді. Оны үстел үстіне қойып еді, өмірде не болмайды десеңші!– ол өзі кеткен бөлмеден бір шықты, бұрынғы балақайлар мен кішкене ғана керемет бишісі бар сарайды да көріп таң-тамаша қалды! Қыз бұрынғыдай бар салмағын бір аяғына салып тұр, екіншісін жоғары көтерген күйі. Тұрысын айтсаңшы! Қалайы сарбазтайдың толқығаны сондай көзінен қалайы жас болып ыршып кете жаздады, бірақ жылау ұят қой, ол өзін өзі ұстады.Ол қызға, қыз оған қарап қалды, бірақ бір-біріне бір сөз айтпады.
Бір кезде балақайлардың бірі сарбазтайды алды да, қараптан қарап пешке қарай зытырды. Шамасы мұның бәрін трөл арандатып, айдап салып тұрса керек! Қалайы сарбазтайды жалын шарпыды: оның денесі оттан ба, әлде ғашықтықтан ба, әйтеуір, сондай ыстық болып барады. Тұла бойындағы бояуы кете бастады, түрінің бәрі сұрланып кетті; кім білсін ұзақ жолдан ба, әлде қайғыдан ба? Ол биші қызға қарады, өзінің балқып бара жатқанын сезді, бірақ мылтығын қыса ұстап, қақиған қалпын өзгертпеді. Кенет бөлменің есігі айқара ашылды да, биші қызды жел көтерді де, лақтырған кесектей ошақтағы сарбазтайдың қасынан бір-ақ шықты да, бұрқ етті! Ал, қалайы сарбазтай балқып болып, кесекше кейіпке түсті. Келесі күні қызметші әйел күлді алып жатып, кішкене ғана қалайы жүрекше тауып алды; ал биші қыздан әбден күйген әсем өңірдек қана қалыпты.