Ханс Кристиан Андерсен. Нағыз патшайым
Ерте, ерте, ертеде бір патшазада болыпты да, ол нағыз патшайымға үйленгісі келіпті. Патшазада әлемді шарлап, қанша іздесе де, қалаған қалыңдық таба алмады. Әрине, патшайыммын дегендер жетеді, бірақ, олардың қайсысы нағыз, мәселе сонда еді. Сөйтіп, ол үйіне көңілі қалаған нағыз патшайымды таппастан, қапаланып оралыпты.
Бір күні ауа райы бұзылып, найзағай ойнап, күн күркіреді, жаңбыр шелектеп құйды десе болады; дүние астан–кестең еді!
Кенет қала қақпасын біреу қағып, кіргісі келетінін білдірді, кәрі патша қақпаны ашуға беттеді.
Қақпаны ашса, бір патшайым тұр. Ойпырым-ай, сол сәттегі оның түрін көрсең! Оның шашы мен көйлегінен сорғалаған су кебісіне құйылып, одан өкшесінен тамшылап жатты. Ал, қыз болса, өзін нағыз патшайыммын деуден танбады!
«Сенің нағыз кім екеніңді білерміз, бәлем!» - деп ойлады да кәрі патшаханым, ештеңе деместен, жатынжайға кіріп кетті. Ол барды да, төсектің бәрін сыпырып тастап, төсекағашқа бір түйір бұршақ дәнін қойды; дәннің үстінен жиырма шақты жай көрпе төсеп, оның үстінен тағы да жиырма мамық көрпе салды.
Осылайша, қызды түнгісін әлгі төсекке жатқызды.
Ертеңгісін қыздан қалай ұйықтап шыққанын сұрады.
- Сұрамаңыз! – деді патшайым. – Көзім ілінсе – бұйырмасын! Төсектің астында не жатқанын, кім білсін! Әйтеуір, бірдеңенің етіме батқаны сондай, денемнің көгермеген жері қалмады! Масқара!
Қыздың нағыз патшайым екеніне жұрттың көзі жетті! Өйткені, ол қырық көрпе астындағы түйір дәнді сезді – мұншалықты аса бапқой келетін тек қана нағыз патшайым еді.
Патшазада қызға үйленді. Бұл қыздың нағыз патшайым екеніне оның көзі әбден жеткен еді! Ал бұршақ дәнін сол күні–ақ құмыраға жөнелткен; егер оны біреу ұрлап кетпесе, әлі де сонда болар.
Сенсең де, сенбесең де осылай болған!