Балуан Шолақ. Өлеңдері
Мен халқымның Балуан Шолағымын
Бөгеті жоқ маған жау қамалының,
Дүниенің бір ерке қонағымын.
Сүйіктім деп, ардақтап, еркелеткен,
Мен халқымның Балуан Шолағымын.
***
Мен өзім он жасымнан…
Мен өзім он жасымнан зор-ақ едім,
Намаз бен оразаға олақ едім.
Барғанда о дүниеге кешір, құдай,
Оң қолым отқа күйген шолақ едім.
***
Əн салып тоғыз жастан…
Əн салып тоғыз жастан сайрап жүрмін,
Талай-талай балуанды жайлап жүрмін.
Жаманға жол білмейтін жол көрсетіп,
Арбаға бұзаудай қып байлап жүрмін.
***
Атадан ұл тумайды…
Атадан ұл тумайды мендей сабаз!
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.
Алты күн ақ түрмеге қамалған соң,
Түсірді мировойдан1 маған қағаз.
Ақылым бір басыма емес арзан,
Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан.
Қағаздың мен түріне қарап тұрсам,
Жеті жыл каторгаға мені жазған.
Мировой айдайтынын жаңа білдім,
Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім.
Айдайды деген хабар естіген соң,
Қажымас өзіме өзім қайрат бердім.
Бозбала, мықты болсаң қасты жемір,
Тісіңде қайрат болса, тасты кемір.
Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп,
Сегіз көз қабат қылып қаққан темір.
Мен Шолақ осындай да көрдім жайды,
Туғалы көрдім бе мен осындайды?
Темірді тіземе сап қозғап көрсем,
Секілді қоғажайдай былқылдайды.
Бойыма күш біткенге еттім шүкір,
Қажысам абақтыға, бетке түкір.
Темірін екі итеріп тартқанымда,
Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.
Асты ғой бұл арада менің айлам,
Құрғаным бала жастан бəрі сайран.
Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал деп,
Сол жерде орыс, қазақ болды қайран.
Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ,
Күшіме не тұрады менің шыдап!
Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың
Шынжырын сол арада үздім бұрап.
Түрмені бұзғанымды етті ғажап,
Пендеге өзім өлмей болман мазақ.
Қиратып «терезеден шық» дегенде,
Шықпады қорғалақтап орыс-қазақ.
Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс,
Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс.
Қарғып кеп терезеден қақпа барсам,
Күзетші қалғып отыр екі орыс.
Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым,
Оларға күш жетерін біліп тұрдым.
Екеуін екі қойып талдырдым да,
Ілгері одан əрі жүріп бердім.
Тəуекел алсын ерді панасына,
Ақылдың қараңдаршы данасына.
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты,
Мировой келіп кірдім қорасына…
Ақбоз ат білінбейді біздің сорға,
Жануар түстің бе əлде, жайған торға!
Есігін конюшнаның1 бұзып кіріп,
Шығардым бірі – рысак2, бірі – жорға.
Ашумен еріндерім күбірледі,
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді.
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр,
Ішінде бір зор қабан күрілдейді.
Ойласам мына дүние жалған екен,
Іздеген мақсатына барған екен.
Ақбоз ат келгенімді менің біліп,
Аузына шойын кілтті салған екен.
Оңдалған бала жастан менің жолым,
Білмедім дүниенің оңын-солын.
Бойыма осы күшім қалай сыйған,
Кілтті жұлып алды шолақ қолым.
Ақбоз ат алған атым топтан сайлап,
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап.
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем,
Ішіне қойған екен панар байлап.
Ақбоз ат, айналайын менің қалқам!
Сен үшін талай тасты қылдым талқан.
Жетектеп шылбырынан шығарғанда,
Аяғын басты атым алшаң-алшаң.
Жылқыны неге керек босқа мақтап,
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап.
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым,
Иегін салды иығыма екі жақтап.
Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым,
Домалар өрге қарай тепкен тасым.
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай!
Көзімнің тыя алмадым аққан жасын.
Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз.
Мировой қорлығына шыдай алмай,
Түбіне панарының жаздым қағаз:
«Түрмеде алты күндей болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ.
Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен,
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!»
***
Терме
Бір жасқа жеткенімше құндақтайсың,
Екіде тек былдырлап тіл қатпайсың.
Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп,
Он жаста жарда ойнаған ылақтайсың.
Келгенде жиырмаға сазда өсетін,
Балауса бейне балғын құрақтайсың.
Отызда ор қояндай аспанға атып,
Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың.
Елуде ақыл-ойың тегіс толып,
Төскейден сарқыраған бұлақтайсың.
Алпыста бар асылың түгел жайнап,
Маңыңа сəуле шашқан шырақтайсың.
Жетпісте тұра берсең жер таянып,
Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың.
Сексенде буындарың діріл қағып,
Болдырған арық аттай бұрақтайсың.
Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де,
Сұм дүние, енді кімге тұрақтайсың?..
***
Қынжыл
Айтуға мен бір өлең көңілім ауып,
Қыз бала, алдыңда тұр үлкен қауіп.
Əкеңнің оң жағында ойна да күл,
Бір жақсы жігітпенен теңің тауып.
Əкеңнің оң жағынан кеткеннен соң,
Жүресің бөтен елде сиыр сауып.
Егер де күйеуіңе жақпай қалсаң,
Басыңа кетер сонда қамшы жауып.
Жіберер əкең сені малға сатып,
Мал болса болғаны ғой тəңір атып.
Жігітпен көңілің сүйген ойна да күл,
Айтамын осы өлеңді таңырқатып.
Жігітке өзің сүйген бара алмасаң,
Өтерсің бір жаманмен сілең қатып,
Уай, сəулем, ұғып алшы бұл сөзімді,
Сендерге айтқан менің насихатым.
Ойланып түбінде бір білерсіңдер,
Сөзімнің шындығы мен хақиқатын.
***
Алайын, даусым келсе
Алайын, даусым келсе, желіп-желіп,
Гулесе басылмайтын мен бір көрік.
Ат жалын өзім тартып мінгеннен соң,
Сұлу қыз, келіншекке болдым жерік.
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ,
Денемде тəңірім берген күшім мол-ақ.
Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын –
Жалғыз-ақ тал бойымда кінəм сол-ақ.
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Қалтамнан жетпіс бес сом залог алып,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Жиылған орыс-қазақ таң қалысты,
Болды деп Қаһарманнан мынау басым
***
Ғалия
1963 жылы шыққан «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында» жарияланған бұл өлең ел ішіне əн мəтіні ретінде кең таралған, тек оның үшінші шумағындағы алғашқы жолы «Айдың көзін жалт етіп бұлт алсын» деп келеді, сондай-ақ əн қайырмамен айтылады.
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Нұр сипатың, Ғалия, жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалымыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Əлдеқандай болады заманымыз?
Айдың көзін, Ғалия, бұлыт алсын,
Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың?
Қайырмасы:
Ойпыр-ау, жан сəулем,
Ғалия-ау, бетіңнен,
Əппақ қардай етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылдың ба дертіңнен.
***
Əнеугі айтқан…
Əнеугі айтқан, сəулем-ай, сөзіңді ұқтым,
Мен дұшпаннан қорғалап қашан бұқтым.
Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп,
Ерегіскен дұшпанды жерге тықтым.
Ерейменнің түбінде сегіз ағаш,
Сені маған телиді көрген алаш.
Аға, жеңгең бас болып қорыса да,
Амандасып қалушы ең таңмен талас.
Бір ат келді базардан құла қасқа,
Жібек ноқта басында, бауы басқа.
Ғашық болып қосылған Ғалияжан,
Кел, екеуіміз мінейік тарантасқа.
Ойлап тұрсам, дүние, жалғаның-ай,
Өгіз сатып Қараөткел барғаным-ай.
Қапаланып жүргенде ел сағынып,
Қайдан менің іліндің қармағыма-ай.
Құрмет еткен кішіні үлкен аға,
Сүйеніш ерлерге болған пана.
Ғашық болып қосылған Ғалияжан,
Өлеңменен сөйлейін біраз ғана.
Есен бол, енді айналып келгенімше,
Қылығыңды ұмытпан өлгенімше.
Ел сағынып барамын үйге қайтып,
Бір аллаға тапсырдым көргенімше.
***
Алаштың алмаушы едім…
Бұл Шөкең қайдан білсін ұрлық жайын,
Алаштың алмаушы едім жалғыз тайын.
Семейден сексен мəстек айдап келіп,
Билерге шайнаттым ғой желін майын.
Мен Шөкең екі дайдан асып жүрген,
Елдегі құрбыласпен ашық жүрген.
Кеудеме құдай өнер бергеннен соң,
Дұшпанды қаудан шөптей басып жүрген.
Жаз мініп Кертөбелді жайлағаным,
Белдеуге үкі тағып байлағаным.
Саудамен Қараөткелден қайтқанымда,
Қырық өгіз Қайрақтыдан айдағаным.
Əуелі сиынғаным бір құдайға,
Одан соң таныс болдым меруайға,
Соңыма қанша дұшпан түссе-дағы,
Үшінші, таныс болдым оязнайға.
Атбасар базарына түйе айдадым,
Біреуін қалдырмастан жия айдадым.
Түйенің он-он бесін бөліп алып,
Нəпсіні мол ашылған тыя алмадым.
Нұрмұхамбет атандым Баймырзаұлы,
Жасымнан əрбір іске болдым қырлы.
Қыран құс қисық ұшып, түзу ілген,
Жақсының естен кетпес əр қылығы.
Кіреді, топшы көрсем, менің жаным,
Көрмесем сұлу қызды болмас сəнім.
Жаманға айтқан сөзің желге кетер,
Білмейді итке салсаң қанттың дəмін.
Жасымнан іске кірдім дамыл таппай,
Бір дуан соңға түсті түгел-жаппай.
Бүлдірген бүлдіргенге болғаннан соң,
Бетіме коя берді тағы қақпай.
Секірген жар басына мен бір құлан,
Байлардың асауындай жүрдім бұлаң.
Өгізді отыз алты айдаймын деп,
Өзіме өзім салдым үлкен ылаң.
Жасымнан атқа міндім оттай жайнап,
Көп дұшпан қамалады одағайлап.
Дұшпандар, аяғымнан алсаң-дағы,
Қаларсың ақырында дəңгіл шайнап