Ыбырай Алтынсарин. Өсиет өлеңдер
Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын,
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір - біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз.
Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен.
Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен.
Отыз ұлым бар ғой деп көптік ойлап,
Құдайым отызын да әлек еткен...
Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,
Өзінің бенде екенін сонда біліп,
Мұнан соң тақ Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып.
Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.
Жалғыз - ақ өлмеске айла табамын деп,
Ізденіп мәңгі суын соған барған.
Мәңгіден су ішкенге өлім болмас,
Ескендір мұны сұрап білгені рас.
Су әпкел деп жіберді уәзірлерін,
Уәзірі қасындағы Қыдыр Ильяс.
Екеуі барды суға, судан ішті,
Бір кесе патша үшін және алысты.
Енді қайтіп, жүрелік деп тұрғанда,
Бір адамға сол жерде көзі түсті.
Сұрасты мұнда отырған неткен жансыз,
Қарасақ келбетіңе мұсылмансыз?
Сонда ол кісі өз жайын баян етті:
Мен - дағы бір патша едім еш күмәнсіз.
Өлмеске мен де осындай талап еттім,
Бір күні осы суға келіп жеттім.
Әрбір іс уақытында қызық екен.
Ақыры өз басыма азап еттім.
Бір заман әлек болды барша елім,
Қалмады қыдырмаған ешбір жерім.
Кемдіктің неше түрлі бәрін көріп.
Ах енді өлім болса маған дедім.
Дүниені неше айналып неше кездім,
Өз жаным мен денемнен өзім бездім.
Маған өлім бермеді құдай тағала,
Енді тастап дүниені мұнда келдім.
Ах, деді Қыдыр Ильяс қайтып келді,
Сонда да кеседегі суын берді.
Ішейін деп Ескендір ұмтылғанда,
Су Ескендір аузына бармады енді.
Тағында тақ Сүлеймен нағылмады,
Өмірін соңындағы шағындады.
Нушеруан діні кәпір әділ өтті,
Дозаққа соның үшін жағылмады.
Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны - дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылған үшін?
Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек - бөлек соның тәні...
Мал-жаннан, ру, туған бәрі беріп ,
Далада жалғыз жатып «Алла» деді.
Малды алды, баланы алды сабыр етті,
Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.
Разымын не берсең де Құдайым деп,
Бәрін де қабақ шытпай қабыл етті.
Қорлама кем адамды, болсаң дана,
Кәріпті құдай сүйсе не еді шара?
Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба,
Пір болды түйешіден Ойсылқара.
Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,
Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды.
Мекенін білемісіз қайда қалды?
Жомарттық қылған үшін Атымтайды.
Иманды ер құдайынан ұялады,
Ұялып иесінен сый алады...
Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,
Кәріп көңілі бір сыңғақ биялады...
Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бер кессе басың шындықпенен.
Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,
Телмірме бір адамға мұңдықпенен.
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазнасы кең патшаңды ізде.
Қорексіз еш бендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе.
Мақтанба бақыттымын деп бағаңызға,
Қартаймақ қиын сауда тығыңызда.
Іске аспай бақ дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағаңызда.
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.
Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.
Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған...
Бақ тайса ерге құралмаған...
Меңзеген асқар тауға есіл көңіл,
Дүниеде ешнәрседен танылмаған.
Арық мал жан жолатпас бір жалданса.
Пенде ойлар кемімен деп бір малданса.
Қадамы әзіз ердің ұзамайды,
Жігітке бақыт шіркін сырт айналса.
Ағайын жат болады алыс болса,
Болады ат та жақын таныс болса.
Достарың дұшпан түгіл табылмайды -
Аяғың бір нәрседе шалыс болса.
Асылы залымдардың лайланды,
Дүниені маған десең шыр айналды.
Ит үрер жақсыға да,жаманға да,
Қылмағы бірақ залал құдайдан - ды.