Ырысбек Дәбей. Жұмбақтас
Бозамық Айдың сәулесі
көгілжім су бетінде сынып,
Айнакөлдің тұңғиығына телмірген
Жұмбақтас...
Мұнартқан жағалауда
мүлгіген тыныштығымды
бұзған жалғыз мен емес,
Уақыт дауылы ұйтқып соқса да
ақын жанарын құрғатпас.
Қатыгездік пен Ұлы мейірімнің
мәңгілік су бетіндегі суреті –
Үзілген тамырларым мен жабылған
түйсіктеріме бастар жалғыз із...
Мүмкін, тасжүректерге айналып,
тас дәуірлерге аяқ басқанда
Біз тұрған жағалаудан біржола
кетіп қалдыңыз.
Дауысым құмығып айқайлағаныма
ғасырлар өтсе де,
Арылу қайда?!
уақыт пен замана дуасынан...
«Тассың!», – деп талмаусыраған үнімді
жұтып көк иірім шүңеті,
Сұлбамды сіміріп,
Тұман бүркейді шұбатылған...