Шерхан Мұртаза. Жарамазан
14-09-2020
Жазушы Ғалым Ахмедовке арналды.
Автор
Сағын аға екеуіміз сәскеліктен соң серуенге шығамыз. Сағын аға сәмбі талдан жонған ақ таяғын қолына алады:
— Е, бар болғыр, жүр енді, күн ысып кетеді, аяғыңа жеңіл бірдеңе ки, тауда туфлимен жүре алмайсың, — деп мені мектепке жетектеп апаратын баладай баптайды.
Сағын аға, құдай бұйыртса, енді бір жылдан кейін сексенге келеді. Ал соған қарап, бүкірейген шал екен деп ойлап қаларсыздар. Қайдағы шал? Жігіт ағасымыз деп жүрген біздерден көп ширақ. Өзі бойшаң, сол сұңғақ бойын тіп-тік ұстайды. Екі беті нарттай, мейірімді көздері көзілдірік дегенді білмейді, әлі шоқтай жайнап, күлімсірейді де тұрады, жарықтық. Өмірі ызғар шашып, суық тартып көрген көз емес, көп жасауы, көп жасай тұрып, жігіт қалпында қалуы сондықтан да шығар. Жап-жазық маңдай дөңестеніп барып басының қас-қасына жалғасады. Қарын дегеннен белгі жоқ, жіптіктей.
Бау-бақшаның ішінде, шипа теректердің тасасында тұрған демалыс үйінен ұзай бере жолымыз жалғыз аяқтанып, өрге қиялай бастайды. Сағын аға ұзын таяғын шаңғы тепкендей алға сермей тастап, жауырындары бұлтыңдайды. Анда-санда артына бұрылып қарап, пысылдап келе жатқан маған:
— Таяғыңды алшақ таста, қолыңа салмақ сал, жауырыныңды бүкшитпей жазып жүр, — деп қояды.
Менің шолақ жеңді ақ жейдем терге бөгіп қарая бастағанда, Сағын ағаның маңдайы ғана жіпсиді.
Сөйтіп біз қатар-қатар дачалардың тұсынан, қалың-қалың баулардан қаздай тізіліп өтіп, бөгде көзді таң қалдырып (өйткені біріміз Дон Кихот, біріміз Санчо Пансо сияқтымыз) Шыбынсай беткейіне өтеміз. Шыбынсай беткейі жабайы өрікке, жабайы алмаға тұнып тұрады. Пісіп жеткен жеміс жерге төгіліп, алды шіри де бастаған екен. Айнала алма аңқиды.
Біреулер беткейдің қалың шөбін шауып маялап қойған екен, соның көлеңкесіне барып тыныстаймыз. Пішен иісі жұпар аңқиды. Сай табанында таспадай су ирелеңдеп ағып жатады. Құс біткен құйқылжыта сайрайды.
— І-і-і, — дейді Сағын аға көзі күлімдеп.
Онысы: «қалайсың» дегені.
— Шаршап қалдым.
— Безобразие, — деп қояды ол жазық маңдайлы қасқа басын салмақтай шайқап. — Мен сенің жасыңда болсам ғой...
— Не істер едіңіз?
— О, онда, — әдемі көзін Шыбынсайдың арғы қабағына қадайды. Шыбынсайдың арғы бетінен іздегенін тапқандай, орнынан көтеріле бір қозғалып қояды.
— Баяғыда, сендей кезім... Жоқ, сенен жасырақ кезім, Уфада оқып жүрген шағым... Жә, қашанғы әңгіме, қай-қайдағы еске түседі, керек емес, саған түк те қызығы жоқ, — деп қолын сілтей салды.
— Ойбай, аға, айтыңыз. Айдалада екеуден-екеу үндемей отырайық, әйтпесе. Маған неге қызық болмасын.
Өмірі тұнжырамайтын аялы көздерді сәл-пәл мұң шалғандай болады.
– Сен Уфада болғаның бар ма? — деп маған сол күлімсіреген қалпын өзгертпей бұрылды.
– Екі рет барып едім.
– Е, онда біледі екенсің ғой. Сол Уфаңызға жиырма екінші жылы оқуға бардым. Екі-үш жыл бұрын ғана неше дүркін сұрапыл соққан жер. Колчактың қылышынан қан сорғалап, оны Фрунзе тас-талқан етіп, Орал таудан айдап шыққалы да көп болған жоқ. Ақ Еділдің бойында, Орал таудың бауырында бозбала шағым, өмірімнің ең бір аяулы жылдары өтті. Иә... Оның бәрі көп әңгіме. Өзің білесің, Уфада революцияға дейін Би-ағаң, Бейімбетті айтам, Биағаң оқыған. Тағы біраз қазақтың зиялылары шәкірт болған жер.
Не керек, менімен бір татар-башқұрт қызы оқыды. Аты Кенже еді.
— Кенже?
— Кенже емес, Энже. Қазақша «Інжу» дегені. Інжу-маржан ше.
— «Татар-башқұрты» қалай?
— Е, әкесі татар, шешесі башқұрт та. Ондайларды «диптәрләр» дейді. Сен әлі жассың, сұлулықтың қадірін білмейсің ғой. Сұлуды, сұлулықты әлдерің жеткенше жазып та жүрсіңдер. Мен де жазғым келеді. Бірақ Энженің сұлулығын жазуға шамам келмейді. Көркі — көз алдымда, жай сөйлегенінің өзі әсем бір ән салып тұрғандай: әйел біткеннің нәзігі сол шығар. Әлде маған солай көріне ме? Бірақ содан бері талай жыл жасап келемін — ондай әйел затын кездестірген емеспін. Ол әнші еді. Мүмкін, сол жүрек балқытып, өзегіңді өртердей ән сиқыры шығар, маған одан басқа әйел жұрты тек жұпыны, Энженің жұқанасы ғана сияқты көрінетін. Сұлулық дегеннің өзі адамның көзге көрінбес қос қанаты ғой деп ойлаймын. Егер дүние тек сұлулықтан тұрар болса — адам баласы мүгедектіктен, ғаріптіктен, рухани жадаулықтан құтылған болар еді...
Қарсы алдымыздан тырс-тырс етіп жабайы алма үзіліп түсіп, қалың шөптің арасынан домалай алмай, түскен жерінде тырп етпей жата қалады. Дәу кәрі алма ағашының түбінде отырған бейсеубет екі адамды көріп, ала қанат сауысқан әлдеқашан бебеулеп, айнала төңіректің бәріне хабарлап болған. Енді ол Сағын аға әңгімесін сауысқан тіліне сөзбе-сөз аударып отырған сияқты. Сауысқан қауымында сұлулық, махаббат деген ұғым болар-болмас, кім білген, бірақ сауысқандар әр тұстан үн қатысып, қарқылдап тұрып күлгендей де болады.
— «Кәрі неме, махаббатта несі бар?» — дей ме екен. Сағын аға сауысқандардың дарақы у-шуына біраз құлақ түріп болып, әңгімесін жалғай түседі.
— Біз оқып жүргенде жатақханада:
Уфа диләр, Уфа диләр,
Уфаны күрәсәм килә.
Цинтральный урамында
Подружка жүрәсәм килә, —
деп, башқұрт-татардың қыз-жігіттері өлеңдетер еді. Жігіттер айтып бола бере, қыздары:
— Ай юғары, ай юғары,
Айға минәсем килә.
Айға минәп, жирға қарап,
Сизнә күрәсәм килә, —
деп шырқайды.
Тальян гармошка құйқылжиды. Көп дауыстың ішінен Энже үні ерекше құлпыра естілер еді. Энже алыстағы қазақ даласынан келген жігіт жалғызсырамасын дей ме екен, мені өзіне жақын тартып жүреді. Менен гөрі орысшаға жүйрік, сабаққа бірге дайындаламыз. Энже екеуміз бас түйісіп бір кітапқа бірге үңілісіп отырғанымызды көріп, татар жігіттері кәдімгідей қызғаныш білдіретін. Әсіресе скамейкада қатар шүйіркелесіп отырсақ, әлгі Энженің ар жағынан келіп жанаса кетеді.
— Бар инде,—деп Энже жақтырмайды. — Мешайт итме.
— Сен қазақ жігітін ұнатасың ақыры, мен де қазақ, — дейді Ибрагим кенедей жабысып.
— Қайдағы қазақ? — дейді Энже шикіл сары, жирен шаш, көк көз жігітке таңырқай қарап.
— Қазақ, — дейді анау саспастан. — Абай қазақ па — қазақ. Ал оның шын аты — Ибрагим. Мен қазақ, эм Абай, — деп әлгі шірене түседі.
Қыз сыңғырлап күледі:
— Ой, Ибрагим, син Абай түгел, — дейді жігіттің әзілін көтеріп.
Әзіл де болса, мен іштей қызғанатынды, іштей булығып, шиыршық атып отыратынды шығардым. Қыз мені шын ұнататынына әлі көзім жетпейді. Оның мені іш тартып, сабақты бірге дайындасқаны тек жанашырлықтан ғана болуы да мүмкін ғой. Адамға жаны ашып, көмектесіп жіберуі әлі шынайы махаббат емес те шығар. Ал мен байғұс қызды құлай сүйгенімді сезбей қалдым. Ендігі жерде маған онсыз өмір – құр қуыс дүние сияқты. Өзімше қиял теңізіне малтитынды шығардым. Өзімше Энже – Ғалия-бану да, мен —Xaлел боламын. Ал Ибрагим – Исмагил жауыз. Рольдерді осылай бөліп, ойша Исмагилмен жекпе-жекке шығып жеңіп жүремін. Оқуымды жақсы бітіріп, Энжемен қол ұстасып елге, қазақ сахарасына қайтамын. Мұндай сұлуды көрмеген елдегі туыстар қуанып, құттықтап, ұланасыр той жасайды.
Тойда Энже «Ғалия-бану» әнін шырқайды. Тойға жиналған жұрт жамырай риза болып:
— Ұзағынан сүйіндірсін!
— Бақытты болыңдар! — деп батасын беріп, тілек тілейді.
Әне, «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деген сол екен.
Сөйтіп жүргенде Еділ бойында оба ауруы тарапты деген сөз шыққан. «Жұт — жеті ағайынды» деген рас шығар. Алдымен қатарынан екі жыл бұл жақта астық шықпай қалды. Енді ауру тарады. Тағдыр өзі сақтасын, бізге келе қоймас деп қойғанбыз. Кенет Энже ауырып, емханаға түсті. Тағы бір-екі студент обаға шалдықты. Оқуымыз уақытша тыйылып қалды. Сол екі арада елден хат келсін. «Әкең хал үстінде, тез жет!» — депті. Қоштасайын деп Энжені іздеп емханаға барсам, маңайына жолатпайды, не хат та қабылдамайды. «Е, ештеңе етпес, елге барып, қайта оралғанымша, Энже аман-сау айығып кетер, жолығармыз», — деп өзімді өзім алдандырып кете бардым.
Ол кезде көлік қазіргідей ме, жарты ай шамасы жол жүріп жетсем, әкейді жерлеп те қойыпты. Жылау-сықтау. Қашанғы жылай бересің. Тірі адамның тіршілігі бар. Енді Уфаға қайтайын десем, қарт шешей, шиеттей бала-шаға. Үп етіп ұшып кеткелі отыр. Елдегі ағайын, ақсақал-қарасақал жиналып:
— Шырағым, енді әке орнына сен әке боласың. Мына иесіз үйді кімге тастайсың. Қой, оқу дегенді айтпа. Жүр ғой сендей елдің баласы, әліпті таяқ деп білмей-ақ күн көріп жүр. Құдайға шүкір, олардың қасында сен ағып тұрған молда емеспісің...
Ол кезде мендей оқуы бар адам некен-саяқ. Лезде жұмыс та табылды. Ауылда мұғалім болып қала бердім. Ол бір мұғалімнің қадірлі кезі еді. Ауыл болып мені алақанына салып, басына көтереді. Шешемнің бақытында шек жоқ: баласы ең құрметті адам болғанына қуанғаннан шалының қасында жоқ екенін де ұмытып кетті. Інілерім, қарындастарым үсті-басы бүтінделіп, аузы аққа жарыды. Қарасам, төрт құбылам түгел сияқты.
Бірақ мен жан-жағым жалаңаш, ызғырық желдің өтінде тұрған сияқтымын. Өзім мұнда, есіл-дертім алыста, Орал тауда. Мен жоқта Энже ауруынан жазылып, оқуына қайта оралған сияқты. Енді оның жанында шикіл сары Ибрагим отырған сияқты. Адам сағыныштан сандалғанда не болса соған жалбарынғыш: Энжеге күннен де, айдан да, жұлдыздан да, жерден де, құстан да сәлем айтамын. Ал өзім жете алмаймын, кете алмаймын. Ауруханаға хат жазып едім, жауап болмады. Сірә, хат арқылы да жұқпалы ауру тарап кететін болуы керек. Ибрагимге хат жіберіп едім, о да үндемеді. Оқудың бастығынан да жұбаныш хабар болмады.
Менің сүйретіліп сүлдем ғана жүргенін байқаған ағайын әлденені сезіп, ақсақал-қарасақалды ақылдасып, мені үйлендірмек болды. Ары-бері шатқаяқтап көріп едім, айналайын ағайын тізеге салып басып жіберді. Содан сол жеңгеңмен, өзің білесің, елу жылдай бірге өмір кештік. Оның дүниеден қайтқанына да он шақты жыл болып қалды. Энже алғашқы бір-екі жыл есімнен кетпей, елеңдетіп, күндіз ойдан, түнде түстен шықпай жүрді де, ақыры ұмытыла берді. Тек оқта-текте жүректі бір шаншулатып, бір күрсіндіріп кететіні болмаса, бұрынғыдай жан қинағанды қойып, әдемі бір көрген түстей елеске айналған...
Күн сәскеден өтіп, түске таяп, қызуы асқына бастаған екен. Дермене, жалбыз аңқыған шөмеледен шекшектің, шегірткенің әні жиілей берді. Жабайы алмаға үймелеген аралар ызыңдайды. Қызыл-жасыл көбелектер көлбеңдейді. Осындайда Ғабдол Слановтың:
Қызыл-жасыл, теңбіл көк,
Дүние деген көбелек.
Соны қуып келемін
Маңдайдан терім себелеп, —
деген өлеңі еске түседі.
— ...Содан осы бір жыл бұрын ба екен, «Қазақ әдебиетінде» әңгімем шықты. Ол елден жырақта туып-өскен бір дәрігер қазақ қызының есейгенде ата жұртын іздеп келгені туралы болатын. Оқыдың ба, жоқ па, білмеймін...
— Оқыдым, оқыдым, — деп асыға бас изедім. Әңгіме арқауы үзіліп қалмаса екен деймін.
— І-і-і, — деп Сағын аға менің ықыласыма риза болғандай маған бір қарап алды да, маңайды шолып:
— Безобразие, түс болып қалыпты ғой. Қой, қайтайық. Әңгімені қысқартып тоқ етерін айтқанда былай: Әлгі «Қазақ әдебиетінде» әңгімем жарияланғаннан кейін, шамада, бір айдан соң бір хат алайын.
Конвертіне қарасам: «Қазан» дейді. «От Ихсановой Э.» дегені тағы бар. Хат редакцияның адресіне келіпті де, ондағы жігіттер маған табыстады. Түк түсінсем бұйырмасын. Қазанда қандай танысым бар? Неде болса, деп конвертті ашайын...
Саған өтірік, маған шын, сексенге келген адамның елжіреп, ағыл-тегіл сезім билеп, сол сезімнің селіне шыдай алмай еңкілдеп жылағаны қиын екен. Баяғы Энже! Фамилиясы Ихсанова екені есімде жоқ.
Сөйтсе, бұл «Қазақ әдебиетін» Қазандағы туғандар да жаздырып алады екен. Менің әңгімем басылған нөмір әлдеқалай Энженің қолына тиген.
«Сіз сол Сағын Рахметовсіз бе, әлде аттас-фамилиялас басқа біреусіз бе, білмеймін. Әйтеуір, үміт дүниесімен жазып отырмын. Құдайдан сол Сағын Рахметов болғай деп тілеймін. Өйткені сіздің жер бетінде тірі жүргеніңіздің өзі маған үлкен медет болар еді. Арада жүз жыл өтсе де, неге екенін білмеймін, осындай тілек тілегім келеді. Сіз болсаңыз да, болмасаңыз да, Сағын Рахметов деген есімнің өзі маған сонау-сонау алыста қалған, қаһар соғып, қиындықпен өткен, бірақ аса қымбатты жастық шақты еске түсірді. Мен сияқты жалғызілік қарт кісіге жаннаттай жастықшақты еске алудың өзі кәдімгідей нәсіп. Есіңізде ме, Сағын (егер сол Сағын болсаңыз), сіз бек ұнататын «Ғалия-Бануда»:
«Ақ атласым жетпеді,
Күміс қайшым өтпеді.
Он бес жастан ғашық болған,
Ғалия-Бану сұлуым, еркем,
Құдайым нәсіп етпеді, —
деуші еді ғой, сол айтқандай, тағдыр-жазмыш бізді бір-бірімізге нәсіп етпесе де, сол бір сүйікті балғын шақты еске алудың өзі маған зор байлық. Сонан соң алыста бұлдырап қалған жиырма екінші жылдан бері менің басымнан нелер хал өтті, не көрдім, не білдім — оның бәрі ұзақ-ұзақ хикая. Егер шын Сағын Рахметов сіз болсаңыз, осы хатты алысымен өзіңізден бір хабар берерсіз. (Әрине, «Ғалия-Бануды» ұмытпасаңыз, әрине, керек деп тапсаңыз). Әне, сонда мен сіздің нағыз Сағын Рахметов екеніңізге көзім жетіп, тәңірге көп-көп тәубе айтып, сізді тірі сақтаған тағдырға табынып, тағы бір хат жазармын. Сонда бәрін тізермін. Ал әзірге тек «Сизлар яктан искән жилләр белән бер хабар киләрсің ми» деп үміт етуші, ұмытпасаңыз, Энже Ихсанова».
— Безобразие. Міне, хаттың сипаты осындай. Ауру адамдай мең-зең халге душар болдым. Бозым бозбала шаққа қайта оралғандай, жүрегі түскір тәтті бір сезімнен уылжып қоя берді. Адам қартайса бала болады, деуші еді бұрынғылар. Сол рас, бала болдым ба, деймін өзіме өзім. Бірақ есіл-дертім Энжеде. Қартайғанда қара басты ма, мұнша толқып, топалаң тигендей, аласұрған не деймін. Сөйте тұра енді қазір шамаданды көтеріп, Қазанға жиналғандай боламын. Қой, сандалма, деп тағы өзімді қайраймын.
Содан бір мезгіл қу сезімді тежеп, ақылға салып көріп едім, ақылым айтты: хат жаз деді. Оп-оңай нәрсе, осы ойыма келмей, қаншама уақыт апиын ішкен адамдай дал болдым десеңші. Тіпті айтуға да ұят. Отыра қалып, хат жаздым. Не жазғанымды тізіп қайтейін, ақыр соңында: «Энже, суретіңді салып жібер», — деппін.
Содан күнде таңертең елеңдеп тұратын болдым. Тұра салып пошта жәшікке жүгіремін. Төртінші қабаттан бірінші қабатқа қайта-қайта түсіп-шығу менің жасымдағы адамға едәуір күш болса да, емпеңдеп тыным таппаймын. Бір түсіп, бір шығып, еліріп жүргенімді көрші де байқап:
— Сәке, тыныштық па? — деді.
— Е, әшейін, газет келді ме деп...
— Біздің поштаны қойсаңызшы, газетті өмірі уақытылы әкелмейді ғой, — деп көршім мені әурелеген поштаға айдаладан кіжінеді-ай кеп.
Біреуден өмірі бүйтіп хат күткен емеспін ғой. Сөйтсем, хат күту деген қасірет болады екен. Конверттің ішінде баяғы тірі Энженің өзі құндақталып келетіндей тағатым таусылды. Сол баяғы он жеті-он сегіз жас кезіміз болса, жөн басқа, сексендегі селдір шақта не азап. Сексенге келгендер некен-саяқ, олар енді ақырғы сапарға бет түзеп, тіршіліктің анау-мынау күйбеңіне араласа бермейтін, қызық-шыжықтың базарынан әлдеқашан қайтқан адамдар. Сексендегілер өткен өмірдің қатпар-қатпар естеліктерінің сеңі бұзылса, соны қызықтап қана өмір сүреді. Қағазға жазылмаған қалың естелікті бір-бір парақтап жыртып алып отқа жағып, соның қызуына жылынып отыруы керек қой сексендегілер. Біздің жаста адамдар төсегінде жалғыз жатады. Қалың көрпе жылыта алмайтын жаурауық жанды естеліктің демімен жылытады. Ол үшін еске алатын өткен шақтың тәтті-тәтті кезеңдері бола қойса ғой. Алдан не күтеді? Ал мен болсам әлденені алдан күтетін болдым. Әлдене болғанда — әлгі хат. Хат келсе, маған жастық шақты жібек бұйдамен жетектей келетін тәрізді.
Баяғыда біз Уфада оқып жүргенде, башқұрттар театрына баратынбыз. Сонда қай спектакль екені есімде жоқ, әйтеуір, біреуінде қалыңдығын сағынған бір жігіт:
— Жыраклардан язған,
Сәлем хатларынны
Күте-күте түземлегем биткас, —
деп жырлайтыны есімде қалыпты. Яғни, «алыстан жазған сәлем хатыңды күте-күте төзімім бітті» дегені ғой. Енді, құданың құдіреті, мен сол болдым. Әдейі пошта бөліміне барып, сондағы бір қыздан:
— Қызым, Қазаннан хат қанша күнде келеді? — деп те сұрадым. Оның айтуынша, көп кешікпейтін сияқты. Салбырап, еңсем түсіп үйге қайтып келсем, жәшікте газет жатыр екен: ала салып сілкілеп едім, көк конверт сусып барып еденге түсті. Жарылып қалатын жаны бар заттай лезде қақшып алдым. Суреті бар ма екен деп саусағыммен сипалаймын. Жұқалау көрінді. Әдетте суреті бар хаттың конвертінде: «Осторожно — фото!» деген ескертуі болар еді, мынада ондай жазу жоқ...
Сексенге келген адамда сабыр-шыдам мол болса керек еді, енді қайда асығады? Жоқ, мен мұны ұмытып, конвертті ашып жіберіп, баспалдақ бойлап оқып келе жатыппын. Қарсы алдымнан шелек көтеріп төмен түсіп келе жатқан көршімді де көрмеппін. Соқтығысып қала жаздадық.
— Сәке, немене, қалыңдығыңыздан хат алдыңыз ба? — деп қалжыңдайды әлгі.
Сасқанымнан:
— Иә, иә, жо-жоқ, бір жолдастан, — деппін.
Осы жұрттың сұңғыласы бар ма, қайдағы-жайдағы сырыңды біліп қоятын сияқты. Мынау білмеген де шығар, бірақ қалжыңының өзі шын шыққаны таң қаларлық.
Майда әріппен маржандай тізіліп жазылған қол сол баяғы Энже қолы. Адамның жасына қарай өңі, бәлкім мінез-құлқы өзгерсе де, жазуы өзгермейді екен. Дүниеде қанша адам бар, бірақ саусақ ізі өмірі бір-біріне ұқсамайтын көрінеді. Сол сияқты жазулары да бір-біріне ұқсамайтын болуы керек. Қалай десе де, мен Энже қолтаңбасын өзге мыңдаған қолдың ішінен таныр едім.
Арада алпыс жылға жуық уақыт өтсе де, мен мына маржан жазудан оның жұп-жұмсақ мақпал үнін естігендей болдым. Жазу сөйлеп тұрған сияқты. Шын сезімнен шыққан жазудың бәрі сөйлейді. Энже хаты тек құрғақ хабар-ошар ғана емес, көкірегі қарс айырылған күрсініс, қысқы күннің батар шағында қызғылтым сәуле шалған ұлпа бұлттардың мұнары сияқты бір нәзік сезім бар бұл хатта. Орман-тоғай, айна көл, жазық даланы қимай қайтқан қыр қаздарының арман аралас қиқуы бар. «Сіз тірі екенсіз ғой, Сағын. Тағдырға мың рақмет. Айналып келгенде өміріміз ұқсас өтіпті. Мен ерімнен, сіз жұбайыңыздан айрылыпсыз. Адамдар осылай адасып жүреді. Әйтпесе мен сізге, сіз маған жар емес пе едік. Ертеде қосыла қалсақ, бақытты болар ма едік, әлде бір-бірімізді жек көріп кетер ме едік — білмеймін. Бірақ өмірдің басында кездесіп, әлдеқалай айрылысып, соңында хат арқылы табысқанымызға да шүкір. Өлгенің тіріліп, өшкенің жанғандай бір заман. Біз бірақ екі жарты — бір бүтін бола алмаспыз. Тым кешіктік. Күн төбеден төмен құлап, ұясына батуға шақ қалды. Ол баста-ақ:
Жолымыз айырылған,
Қанатымыз қайырылған.
Біз бірге боларға жоқ шара.
Бізде осындай бір ән де бар. Бізге арналып шығарылған сияқты. Бағбандар әр түрлі сортты жас алма шыбықтарын бір-біріне қиыстырып байлап, будандастыра береді. Екі шыбық бір дене болып бірігіп кетеді. Ал, қу ағаштар біріге ме? Тамырлары жалғасып, тәндері біртұтас бірікпесе, желімдеп жапсырғанмен бола ма? Бізден жасыл жапырақ төгілгелі қашан. Мен сіздің бір сөзіңізге қайран қалдым, Сағын. Сізде әлі бала мінез бар болар. Бозбалалық сезімі сақталған сіз, сірә, бақытты боларсыз. Әйтпесе менен сурет сұрар ма едіңіз. «Энже, суретіңді салып жібер» дегеніңіз қалай?
Жоқ, Сағын бағырем, мен сізге суретімді сала алмаспын. Мен сіздің көз алдыңызда, көкірек көзіңізде, сол баяғы жиырма екінші жылғы қалпымда қалғым келеді. Сіз мені шын жақсы көрсеңіз, сол балғын бойжеткен қыз кезімді жақсы көріңіз. Сол бейнені басқа ештеңемен былғамай, таза сақтаңыз. Он сегіздегі қыз бенен жетпіс сегіздегі қаусаған кемпірдің суретін салыстырып не береке табасыз, не мұратқа жетесіз? Обал емес пе? «Қазанға барғым келеді» депсіз. Маған бола әуре болмаңыз. Біздің жаста ұзақ жол жүру өте қауіпті. Біз енді, алда қанша жарық күн бар, бұйырған уақыт ішінде тек хатпен табысып тұрайық. Маған сол да қанағат. Соған да тәуба. Жер бетінде тірі жүргеніміздің өзі менің жаураған кәрі жүрегімді жылытқандай болды. Соған да шүкір, Мен үшін сол да жеткілікті».
Жалпы хат сарыны осындай...
Сағын аға: «Осының, бәрін несіне айтып отырмын?» дегендей маған бір түрлі кінәлі адамдай күле қарап тыйылып қалды. «Осының бәрін айтқызған сен қу ғой» дегендей ме, қалай. Әр адамның сыртқа шаша бермейтін сыры болады. Тіпті еш жан білмей, өзімен бірге дүниеден өтетін сыр да болады. «Алжыған шал» деп ойлады-ау деп, менен қымсынған сыңайы бар. Менде ондай жымысқы ой жоқ екенін оған қалай сездіріп, қалай сендірем?
— Мынау бір сәулелі мұң екен, — дедім басқа лайық сөз таппай.
«Қазанға барсам» деуіңіз бекер дегім келді де, айтпадым. Шынында да, кемсиген кемпірді бір көру үшін тау асып, тас басып не керек... Артынша өз ойымнан өзім ұялдым. Ол —менің ойым, менің көзқарасым. Ал Сағын ағаның ойымен, соның көзімен қарағанда, қандай боларын мен қайдан білейін.
— Кеше хат жазып жібердім, — деді Сағын аға менің күдігімді сезіп қалғандай.—Сурет салғаннан неге шошыдың, Энже? — дедім. — Уақыт, көп болса, сенің бетіңді әжімдеген шығар, ал жүрекке әжім түспейді, — дедім.
Міне, мәселе қайда жатыр. Сағын ағаның соңғы сөзі мені ұрып жыққандай болды. Әне, Сағын аға көзімен қарағанда көрінетін сұлу дүние.
— Безобразие, уақыт болып қалыпты ғой, қайтайық, — деп Сағын аға сүйретіліңкіреп барып орнынан тұрды. Таудан төмен қарай еңкеңдеп келеміз. ЬІлди жолы жылдам. Жол ылдиға жетектеп барады.