Өзбекстанда электронды темекіге толық тыйым салынды
Өзбекстанда 1 наурыздан бастап электронды темекілердің айналымына тыйым толық күшіне енді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Жаңа заңға сәйкес, тыйымды бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін. Ал темекі қыздыру жүйелері заңды айналымда қала береді.
2024 жылдың сәуірінде елдің Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекілердің айналымына толық тыйым салу туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Ведомство мұндай шаралар қабылданбаса, жақын болашақта елдегі әрбір бесінші жасөспірім никотинге тәуелді болуы мүмкін екенін ескерткен.
2025 жылдың қаңтарында Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы – Олий Мажилис заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады. Сәуір айында құжатты Сенат мақұлдады.
Қараша айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев заңға қол қойып, оның күшіне енуін үш айға шегерген еді.


