Арман Әділбек. Жайшылық

Oinet.kz 10-09-2020 785

Светофорға телміріп тұрған адамдар жүзінен

Сезім ізін айнытпай табасыз:

Жасыл шырақты ондаған жылдар бойы күттім деген.

Іле-шала жарық етеді жасыл шырақ,

Ал сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың бұдан өзгені күткенін.

Кезекте тұрған адамдардың салыңқы иінінен

Олардың осы кезекте әлденеше он жыл тұрғанын ұққандай боласыз,

Ілеـшала жатады алдыға қозғалып,

Ал сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың сарылып күткені бұл емес екенін.

Автобуста сығылысып тұрған адамдардың

Терезе әйнегіне түскен солғын көзқарасына қарап

Олардың өз аялдамаларына ондаған жылдар бойы әлі жете алмағанын түйсінесіз,

Автобус пен жолға күмәнданып үлгермей-ақ

Шарқ етіп ашылып жатады есіктер,

Ал,сіз сол арада

Олардың аялдама жайлы ештеңе ойламағанын мойындап үлгересіз.

Иә, солай, пешенеңдегі жазуды өшіргің келіп,

Пешенеңе әлдене жазуды қиялдайсың,

Бәрібір, біздің күткеніміз ол да емес.

Арман Әділбек. Жоғалған бөлмелер
Арман Әділбек. Күн де батады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу