Абылай Есімбай. Кедей қызы повесі

Oinet.kz 07-09-2020 3098

Screenshot_1.jpg

Абылайхан Есімбай

КЕДЕЙ ҚЫЗЫ

Дүниеде бар-жоғы білінбейтін, әйтеуір көлеңкесі қараңдап жүретін адамдар болады ғой. Мен сондай жанмын. Ешкім мені елемейді. Осыған күйінемін. Неге Ақерке, неге Анелья секілді емеспін? Олар – менің сыныптастарым. Анелья бізге 10-шы сыныпта Алматыдан ауысып келді. Ауыл квотасы үшін ғой. Әйтпесе жер түбіндегі Нұршуаққа келе ме? 

Оның қаланікі екені алғашқы күннен-ақ сезілді. Өте мәдениетті. Сызылып сөйлейді. Даусы сондай нәзік. Даусы ғана емес, бүкіл дене бітімі, болмысы да. Апай сабақ сұрағанда ақырын ғана көтеретін қолын біреу сәл тартса үзіліп, қысып қалса үгітіліп түсетіндей. Асқан баппен боялған қып-қызыл тырнағын, жіп-жіңішке саусақтарын айтсаңшы. Жігіт түгілі, мен өзім қызығып қараймын.  

Көп күлмейді. Ал күле қалса түп-түзу аппақ тістерінен көзің қарығады. Әбден стоматолог көрген тістер екенін бірден байқауға болады. Ал, менің алдыңғы бір тісім артқа қарай қисайып кеткен. Соны брекетпен түзулетіп алуды жоспарлап жүрмін. Әйтпесе, қысылып өлетін болдым. 

Ал, Анельяда мендегідей дефект жоқ. Ол тісі түзу болған соң еркін күледі. Күлгенде даусы сыңғырлап шығады. Анелья келгелі біздің жігіттер тым әзілкеш болып кетті. 

Анельяны көп мақтап кеткен секілдімін. Айтқым келгені басқа. Әлгінде Анельямен қатар Ақеркені де тілге тиек еткен едім. Ақерке – менің бірінші сыныптан бірге өскен құрбым. Бұрын өте жақын құрбылар болдық. Күнде мектепке бірге келіп, бірге қайтатынбыз. Мектепте де егіз қозыдай жұбымыз жазылмай жүреміз. 

Бесінші сыныпта ғой деймін, күздігүні көшеде желең жүрген соң ба, ертесіне басым солқылдап мазам болмады. Күрк-күрк жөтеле бергесін ыстық шай ішіп, жылы көрпеге оранып жатып қалдым. 

…Қақпаны біреу ұрып жатыр екен. Пердені сырып қарап едім, Ақерке! Қуанып кеттім. Мені іздеп келгені ме?! 

– Бүгін сабаққа келмедің ғой? – деп Ақерке үйге самбырлап кірді. Ол бүгінгі мектептегі жаңалықтарды айтып кешке дейін жанымда отырды. Онысы дұрыс болды. Әйтпесе бір күн сабақтан қаламын деп өзімді өмір көшінен біржолата қалып қойған сезінген едім. Ақерке қайтар кезде:

– Дина, - деп мен құшақтап алды. – Тезірек келші. Сенсіз мектеп қызық емес екен.

Ішім елжіреп кетсе бола ма? Ақеркенің сол сөзі бойымдағы бар кеселді сылып түскендей болды. 

Тоғызыншы сыныпқа көшкен соң арамызды жалғап тұрған тылсым жіп сетіней бастады. Ақерке тотыдай таранып бойжетті. Өзі сүттей аппақ, жанынан өткен кісі тоқтай қалып қарайтындай көрікті еді. Ал мен... Менде анау айтқандай келбет жоқ. Бәлкім сыртқы келбетіміздегі айырмашылық па, күн өткен сайын Ақерке менен алшақтап, әкесі прокурор болып істейтін Айсұлумен араласа бастады. Бұрын Ақерке екеуміз әрқашан бірге жүрсек, енді жалғыз қалдым.

Біздің бір-бірімізден алшақтап кетуімізге тұрмыс жағдайымымыз да әсер еткен шығар деп ойлаймын. Менің әкем аудандық емханада қарауыл, ал анам газет редакциясында еден жуушы. Біреу-міреу «әке-шешең кім болып істейді?» деп сұраса не деп жауап берерімді білмей әбіржіп қаламын. Ұл бала болсам қысылмас па едім. Бірақ, қыз балаға жағдайы төмен екенін айту өте қиын екен. 

Ал Ақеркенің әкесі аудандық емханада бас дәрігер. Иә, менің әкем Ақеркенің әкесінің қоластында жұмыс істейді. Кішкентай кезімде «әкелеріміз бірге жұмыс істейді» деп мақтанатын едім, кейін өсе келе намыстанатын болдым. 

Жалпы Ақерке материалдық қиындық деген не екенін білмей өсті. Кішкентай кезімізде сабақтан қайтқан сайын теледидардан көріп сілекейіміз шұбыратын «Альбени», «Сникерс» деген шоколадтарды алып жейді. Оған ақшасы жетеді. Ал менде артық ақша жоқ. Анам берген 15 теңге үзілісте буфеттен бір бәліш, бір стақан компот алуға ғана жетеді. Осыны білетін Ақерке қайтарда тек өзін емес, мені де ойлап, жейтін нәрселер алып береді. «Керек емес» деймін азарда-безер болып. Ақерке қоймайды. Ақыры көнемін. Екеуміз «Бомба» деген балмұздақ жеп, ананы-мынаны айтып көңілді қайтамыз. Бірақ, өзгенің қуанышын көре алмайтын іші тарлар болады екен. Сыныптағы қыздар мені сыртымнан «паразит» деп айта бастады. «Ақеркемен байлығына бола араласып жүр. Өзінде көк тиын жоқ. Ақеркенің арқасында адам болып жүр» деген сөздер таратты. Әрине, бұл сөздер Ақерке екеуміздің достығымызға сызат түсуіне әжептеуір үлесін қосты.  

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, менмен Айсұлу, кербез Анельялармен араласамын деп Ақерке де соларға ұқсап барады. Бұрынғы кішіпейіл құрбым жоқ. Мені көрсе көрмегенсіп жанымнан өте шығады. Кейде «қалайсың» дегендей бас изейді. Бірақ тек көңілі түскен кезде ғана. 

Таң қаламын. Мен бұрын Ақеркемен жақын құрбы болдым ба? Сенгім келмейді. Қазір екеуміз мүлдем екі бөлек адам, екі бөлек әлембіз.  

...Әдеттегідей бүгін де жерге қарап көңілсіз келемін. Алгебра пәнінің апайы Айқай Шуқызы қатты ұрысты: 

«Сен қыз ұлттық бірыңғай тестілеуден құлайсың. Ақымақсың». 

Дәл осылай деді. Сынып алдында мені масқаралады. Бойында педагогке тән ешқандай қасиет жоқ. Ол кісі оқушыларды әлеуметтік жағдайына қарап бөледі. Кедейлерді жақтырмайды, байларға жарамсақтанады. Неткен әділетсіздік. Есіме осыдан бір жыл бұрын болған оқиға түсіп кетті. 

...Жаңа жыл қарсаңы. Екінші тоқсан аяқталғалы жатыр. Кітапханада отыр едім. Бір кезде кітапханаға Айқай апай мен сынып жетекшім Мира апай кіріп келді. Қолдарында журнал бар. Баға қорытқалы жатыр екен. Әңгімелерінен білдім. 

– Сүннет мүлдем оқымай кетті. Бұл тоқсанда бірде-бір рет тақтаға шықпады. Сонда да болса төрт қоюға мәжбүрмін. 

– Бұрыннан сол ғой ол. Әкесі қашанғы жанында болады дейсің. Ертеңгі күнін ойлау керек қой. Жасы болса 16-ға келді. 

– Жасұланды айтсаңшы. Тіпті сабаққа келмейді. 

– Ие-е, - деп Мира апай ойланып отырып қалды. – Биыл бұларға не болғанын түсіне алар емеспін. 

– Жоғары сынып болдық деп кеуделеріне нан пісіп жүргені де. Сенің Мирасың менің қосымшама қатысады. Өткенде Сүннет екеуі келді. Қолдарында ұялы телефоны бар. «Апай, туған күніңізбен!» дейді. Не дерімді білмей қалдым, - деп Айқай апай күлді. – Қой, төрттерін қойып берейін. 

– Ие-е, - деді Мира апай терезеден көз алмай. Айқай апай:

– Осыған да ойланасың ба? Қойғын төртіңнен. Бұлар келесі жылы мектеп бітіреді. Шіркін, сенің оқушыларың дәулетті отбасының балалары ғой. Мектеп бітіру кешінде қарқ болайын деп тұрсың, – деп кітапхананы басына көтере күлді. Олар мені байқамады. Бір бұрышта сөредегі кітаптарды парақтап тұр едім.

Олар біздің сынып жайлы ұзақ сөйлесті. Әрқайсымызға жеке-жеке тоқталды. Бірақ мені ауыздарына да алмады. Мира апай: «айтпақшы кім бар ғой, Дина» дей бергенде, Айқай апай: «Әй, қойшы соны» десе бола ма? 

Қапа болдым. Өзім туралы жылы сөз естігім келіп еді. Тамағыма өксік тығылды. Айқай мен Мира апайлар журналға шұқшиып отырғанда білдірмей шығып кеттім. Көздеріне түскім келмеді. 

Сыртта қара сұр аспан еңсемді езіп тастады. Жауып жатқан қар жоқ, бірақ үскірік аяз сақ-сақ етіп күлетін секілді. Бетімді жас жуып кетіпті. Өз-өзімді ұстай алмай жерге оңбай құладым. «Ешкім байқап қоймады ма?» деп жан-жағыма қарадым. Жығылып қалғандарды мазақ қылатын жігіттер бар еді. Солар көріп қоймаса екен деп тұрмын. Бір қуаныштысы төңіректе тірі жан жоқ.  

Бет терім икемге келмей қалды. Көзімнен аққан ыстық жасты аяз әбден құрғатқаннан шығар. Ымырт үйірілгенше үйге қайтпай орталықты аралап жүре бердім. Мен бүгін әділетсіздікке куә болдым. Бізді адамгершілікке баулиды деген мұғалім екеш мұғалімдерде оқушыларды әлеуметтік жағдайына қарап бөледі екен. Алғашқы сынып жетекшім Толқын апай біз бастауыш сыныпты бітіргенде: 

– Адам мен адамды теңестіретін – білім. Білімдерің болмаса сендер ешкім емессіңдер. Және жан дүниелеріңді кірлетпеңдер. Жан дүниелерің қандай таза болса өмірлерің де сондай болады, – деп айтып еді. Бәрі өтірік болып шықты ғой. 

Бастапқыда біз Толқын апай айтқан ақыл-кеңестерді жадымызда ұстап жүрдік. Бірақ, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын біз қалайтын құндылықтар өзгере бастады. Мысалы, бастауыш сыныпты бітіргенше Аяз атаға сеніп келдік. Бірақ, бесінші сыныпта Аяз ата деген жоқ екеніне көз жеткіздік. Бірде мұғалімдер: 

«Жаңа жылға сыйлыққа ақша жинаңдар. Денешынықтырудан сабақ беретін Рахат ағай Аяз ата болады» деп айтса бола ма? 

Басқаларды білмеймін, сол кезде менің жан дүнием жермен-жексен болды. Қалайша?! Аяз ата деген жоқ па сонда? «Сыйлыққа ақша жинау» дегені несі? 

Білім, ішкі жан дүние... Аталған қасиетті ұғымдар біз өскен сайын өз мәнін жоғалта бастады. Оныншы сыныпта күйреп бітті. «Байлық» деген жексұрын құндылық пайда болды. Енді кім ауқатты, сол қадірлі. Кімнің әке-шешесі ірі қызметте істейді, солар төрге шықты. Мен сияқтылар шеттеп қалды.  

Біздің мектепте оқушылар ішкі ереже бойынша аптаның 5 күні форма киіп келеді. Кәдімгі ақ көйлек, қара пиджак. Бұл кезде бәріміз бірдейміз. Ал сенбі күні еркін киінуге рұқсат берілген. Сенсеңіздер, менің ең жек көретін күнім – сенбі. Осы күні бақуатты отбасының балалары сән-салтанатпен киінеді. Жағдайы төмендер үстеріне ескі-құсқы шүберек іліп, көрінгеннен именіп жүреді. Мектеп көзіме құдды білім ошағы емес, Париждегі сән подиумы секілді елестейді. Мектеп фойесінде «модельдер» жиналып алады. Дәлізде ары-бері еденді тық-тық етіп тарсылдатып жүреді. Бұл тарсыл басымды шағады. 

Жарайды, кедей екенмін. Ендеше неге ең болмаса көрікті емеспін? Ертегілерде бай қызы ұсқынсыз, ал кедей қызы сұлу болады ғой. Ия, бұл ертегіде екен ғой. Ал өмірде.... Өмірде бәрі басқаша. Түрге жарымадым. Және тым арықпын. Ұлдар мен «тақтай» деп келеке ететіні бар кейде. «Қойыңдаршы» деймін жылауға сәл қалып. Адам дүниеге қандай болып келетінін таңдамайды ғой. 

Қыста аздап ағарып, бір-екі келі салмақ қосып реңім кіріп қалады. Бірақ, қалай көктем шығады, азып-тозып, қарайып кетем. Сонда қатты күйінемін. Неге қара қыз боп тудым?! Жалпы жігітке қара болған қиындық тудырмайды, ал бізге өте қиын. Қара қыздарда комплекс көп. Параллель сыныпта мен секілді қара қыз бар. Ол да қаралығынан қысылады. Сол себепті қатты боянады. Бірақ, бояу оның реңін ашып тұрған жоқ. Мойын жағы қап-қара, ал беті аппақ. Көзге бірден білінеді. Бетін ұнға батырып шыққандай көрінеді екен. Осыған қарап, бізге, қара қыздарға бояну онша нәтиже бермейтінін түсіндім. 

Биыл мен 11 сынып оқушысымын. Мектеп бітіремін. Осы сөз мені ерекше қанаттандырады. Мектеп бітірсем болды, мына ұйықтан шығатын секілдімін. Шаршадым. Мектепке барғым келмейді. Ондағы мақтаншақтарды жек көремін. 

1. Қыркүйек айы

Кабинетте у-шу болып отыр едік:

– Сәлеметсіңдер ме, балалар, - деген дауыс естілді. Қарасақ, тақтада орта жасар бейтаныс апай тұр. Негізі Айқай апайды күткенбіз. Себебі, қазір алгебра пәні. «Орнына басқа мұғалім келген бе?» деп ойлап үлгердім. 

– Сендер 11 «Г» сынып оқушысыңдар ма? – деді әлгі апай. 

– Иә. 

Ол бізге күлімсірей қарады. Жүзі сондай жылы.

– Енді сендерге алгебра пәнінен мен сабақ беремін. Аты-жөнім – Мейірім Шуаққызы, – деді ол. 

– Сонда Айқай апай сабақ бермей ме? – деп сұрады артта отырған Сүннет. Дауысында наразылық бар.

– Ол кісі басқа мектептке ауысып кетті.

Не дейді? Шынымен бе? Жақсы болды ғой, алгебраны ұнатпаушы едім. Жоқ, дұрысы алгебраны емес, мұғалімді ұнатпадым.

– Ал, балалар, таныса отырайық, – деп ең алдыңғы партада отырған оқушыны орнынан тұрғызды.

– Аты-жөнің кім болады?

Сосын неге қызығатынын, болашақта кім болғысы келетінін сұрады. Әшейінде шулап отыратын біздікілер тынышталып қалған. «Тағы не сұрақ қояр екен?» деп елеңдеп отыр. Кезек ортадағы партада отырған Ақеркеге келді. 

– Ал енді сен өзіңді таныстыра ғой. 

– Ақерке Сейдалиева... Осында, Нұршуақта дүниеге келдім. Бірінші сыныптан бастап осы мектепте оқимын. М-м... Болашақта дизайнер болғым келеді. Бос уақытымда сурет саламын. 

– Сурет саламын дейсің бе? Өнерлі қыз екенсің, – деді Мейірім апай оны қолпаштап қойып. – Мамандық таңдаудан қателеспеген секілдісің. 

– Бірақ, әкем менің таңдауыма қарсы. М-м... Дәрігер бол дейді. 

– Жүрегіңді тыңда, Ақерке. 

Елең ете қалдым. «Жүрегіңді тыңда» дей ме? Мен көбінесе жүрегімді тыңдай бермеймін. Өзгелерді тыңдаймын. Мысалы, қазір дәрігер болғым келсе, біреу «не істейсің, қолың қан-қан болып жүресің бе?» десе айнып қала саламын. Ең басты кемшілігім осы шығар, өзіме сенімді емеспін. «Басқалар не дейді екен?» деп жаутаңдап тұрамын.  

...Көп өтпей сынып ішін аралап жүрген Мейірім апай менің жаныма келді: 

– Қане, енді сен өзің туралы айта ғой.

Орнымнан атып тұрған мен:

– Есімім – Дина, – дедім. Аптығып. Апайды бір секунд болса да күттіруге ұялдым ба, әлде қорықтым ба:

– Тегім – Ыбырай. Менде осы ауданнан боламын, – деп сөзімді тез жалғадым.  

– Болашақта кім болғың келеді? – деді апай мені өзімсінген үнмен. Қысылғанымды аңғарған ғой. 

– Халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түскім келеді, – дегенім сол еді, артта отырған Жасұлан тарс жарылды.

– Не дейді? Халықаралық қатынастар дей ме? Ах-ха-ха, – деп қарқылдап күлді.

Сынып іші азан-қазан болып кетті. Жасұланды іліп әкеткен әзілқой Сүннеттер: «Мүмкін тележүргізушінің оқуына түсерсің?» деп жыртыңдай күлді. Мазам қашқаны сонша басым шыр айналды. Сүннеттер тағы бірдеңелер айтса жерге гүрс етіп құлайтын сияқтымын. Жасұлан тағы бірдеңе деп сөйлей бергенде: 

– Сен бала орныңнан тұр, – деді Мейірім апай. Дауысы өте зілді шықты. Қатты ашуланды ғой деймін. Жасұланды қайдам, өзім дір ете қалдым. Әр жерден естіліп жатқан күлкілер сап тиылды. Жасұлан орнынан тұрды. Бірақ әлі де болса көңілді. 

– Кабинеттен шық!

– Не дейсіз?

– Ендігәрі сабағыма кірме. Жарай ма?

Жасұлан сасқалақтап қалды. Мұндайды күтпеп еді. Дәл қазір бірдеңе істемесе шынымен де сабағына мүлдем кіргізбей қоятынын сезді ме:

– Кешіріңіз, – деп міңгірледі. – Ендігәрі қайталанбайды. 

Мейірім апай бос па, қатты па, оны біздің балалар ажырата алмай дал болды. Жасұлан оны бос деп ойлап, басқа апайларға еркелегендей есіре бастап еді, жаңа апай оған жол бермеді. Жасұланға ұзақ уақыт тесіле қарап тұрды. Өңмеңінен өткен көзге Жасұлан шыдай алмай жер шұқи бастады. 

– Отыр, – деді апай Жасұланға зілді үнмен. Ол қолын жинап отыра қалды.   

– Балалар, – деді сонда Мейірім апай. – Мені кешіріңдер, бірақ түсініңдер. Дина, отыра бер. 

Ескерткіштей қатқан сыныптастарыма жан бітіп, жыбыр-жыбыр етіп қозғала бастады. 

– Бір-бірлеріңді келеке еткендерің не? Осыларың дұрыс па? Айтыңдаршы? 

Жүзінде реніш табы бар. Бізге көңілі толмай тұр. 

– Мен сендерден мұндайды күтпеп едім. Динаны ойында жүрген оқуына түсе алмайды деп ойлайсыңдар ма? Әлі көресіңдер. Түседі. Мен деген институтқа түседі. Ал сендер өздеріңше күлесіңдер. 

Ыстық қан денемді шарпып өтті. Мейірім апай мені мақтады ма? Рас па, өтірік пе? Осы уақытқа дейін мұғалімдерден мақтау естімеп едім. Бұл мақтау мені әрі-сәрі күйге түсірді. Бір жағы қуанып, бір жағы қысылып тұрмын. Сыныптастарым енді мен туралы не ойлайды? Ұят болған жоқ па? Жасұлан кектеніп қалмай ма? Мен үшін ұрыс естіп қалды.

Қазір басымнан кешіп жатқан сезімге үйренісе алмай қойдым. Жылы сөз естімегелі көп болыпты, жатырқап қалыппын.

***

Бүгін соңғы сабақ Д/Ш. Бірақ, бәріміз формасыз келдік. Өйткені, бұл сабақ бізге бұрынғыдай қызық емес. Өткен жылы ұлдар сабаққа футбол ойнау үшін келетін. Биыл футбол оларды қызықтыра алмады. 45 минут бойы стадион шетіндегі емен түбінде топырлап отыратын болды. Жігіт болып қалған оларға енді ойнау емес, әңгіме айту қызық. Біз, қыздар қауымы бойжете бастағаннан-ақ Д/Ш-ға қызықпайтын болғанбыз. Себебі, терлегіміз келмейді. Терлесек киімімізден иіс шығады. 

Бүгін әдеттегідей емен түбінде бұрынғы қызықтарды еске алып, биылғы оқу жылына жоспар құрдық. 

– Сыныптастар, – деді дәптер умаждап отырған Мирас. – Биыл мектеп бітіреміз. Бүгін қыркүйектің 25-і. Мамырдың 25-не дейін тура сегіз ай уақыт қалды. Бұл сегіз ай көзді ашып-жұмғанша өте шығады. ҰБТ-ның әкесінің... ҰБТ-ның бір мәнісі болады. Бар уақытымызды тестті уайымдауға арнай бермей, бір сәт бір-бірімізге көңіл бөлейікші. Түптеп келгенде бұл дүниеде сыныптастардан артық ешкім жоқ қой. Ал, тест деген өтеді, кетеді. Өмірде тесттен басқа талай сынақ бар. 

– Иә, иә, – деп біз Мирасты қостадық. Негізі, дұрыс айтып жатыр. Достары оны «шал» дейді. Әрқашан қариялар секілді жұртты аузына қаратып отыратын харизмасы үшін шығар. 

– 25 күн өтті. Әлі сынып болып дұрыстап отырмадық. Бүгін кешке бәріміз орталықта жиналайық. «Сарқырамаға» барып кәуап жейік. Таң атқанша бірге жүрейік. Бәрібір бүгін сенбі, ертең демалыс, – деп біраз идеялар айтты. 

Романтика ғой! Жаныңа жақын адамдармен ай жарығында костер жағып, соны жағалай отырған қандай ғажап! Өзім іштей осындай сиқырлы сәттерді аңсап тұратынмын. Соның сәті енді түскелі тұр.   

Сонымен, кешкісін бәріміз бір ауыздан Азаттықтағы «Сарқырама» кафесіне барып, ары қарай табиғат аясында от жағатын болып келістік. Ұлдар бізді көлікпен үйімізден теріп-теріп алып кететін болды. 

Ымырт түскенде мен үйде отыра алмай, жылы күртемді киіп алып, есік алдында ары-бері жүрдім. Түсте ата-анамнан сұранғам. Олар басында қарсы болды. Бірақ, мен бәрібір қайтпадым. «Осы уақытқа дейін кісікиік болып келдім. Енді соңғы жыл. Сыныптастарыммен етене араласайыншы» деп. Ақыры, анам осы сөзіме тоқтады. 

Есік алдында жүргеніме 1 сағаттай болды. Телефоныма қайта-қайта қараймын. Ешкім хабарласар емес. Көшеге шығып ары қараймын, бері қараймын, ешкім жоқ. Болмағасын Мирасқа хабаларасып едім, телефонын көтермеді. «Қолы босамай жатқан шығар. Босағанда хабарласар» деп ойладым. Бірақ, тағы 1 сағат өтті. Хабарласпады. «Шамасы, кейінге қалдырылды. Бәсе, жоспарларымыздың ешқайсысы жүзеге аспайтын еді ғой» деп топшыладым. 

Бірақ, қате топшылаппын. Дүйсенбі күні сыныптастарым сенбідегі қызықтарды айтып тауыса алмады. Менен басқасының бәрі барыпты. Сондағы күйімді көрсеңіздер ғой. Неге бұлай болғанын ұлдардан сұрап едім:

– Ойбуй, сені ұмытып кетіппіз ғой, ренжіме. Келесі жолы міндетті түрде алып кетеміз, – деп кешірім сұрағандай болды. Дұрысы, жай ғана ырымын жасады. Мені алып кетпегендеріне өкініп тұрған ешқайсысы жоқ.   

Қатты ашуландым. Менің бар-жоғым бұларға бәрібір болып тұрғаны ғой. Күні бойы оларға тырысып жүрдім. Бірақ, тырысып жүргенімді ешкім байқамады. 

2. Қазан айы

Таңертең анам қолыма ақша ұстатты:

– Сабақтан шыққан соң жарық пен телефонға төлей салшы. Кеше тексеруші келіп кетті. 

Жер лайсаң. Әд қадамымды санаумен әзер келемін. Тез жүрсем үсті-басыма балшық шашырайды. Күздігүні киім жуу бір азап. Туфлимен жүре бермей, бәтеңке алу керек еді. 

Жаңбыр сіркіреп тұр. Тамшылары тым майда. Бетімді әлсіз ғана бүркіп жатыр. Жол жиегіндегі қу ағаштар желмен шайқала бастады. Әлгінде ұялы телефоныма ауа-райы жөнінде хабарлама келіп еді. Айтпақшы, биыл телефон алдым ғой. 11 сыныпқа дейін телефонсыз жүрдім. Бірақ, телефонсыз болмайды екен. Оған деген қажеттілік туындап, қиналып кеткен соң ата-анама айтып алдырдым. 

«Қазақтелеком» мекемесіне кірдім. Кезек көп екен. Кезегімді алып телефоныма үңіліп тұрғам. Бір кезде артымнан: 

– Сәлеметсің бе, Дина! – деген дауыс естілді. Қарасам Мейірім апай. 

– Сәлеметсіз бе! – дедім қуанғанымды жасыра алмай. 

– Әлгі үйдегі телефон өшіп қалыпты. Ақшасын төлемеппін ғой, – деп Мейірім апай мұнда не үшін келгенін түсіндіріп жатыр. 

...Келген шаруамызды тындырған соң іші бу болып кеткен мекемеден шығуға асықтық. 

– Кел, Дина, – деді Мейірім апай. Қолшатыры бар екен. – Үстің су болып қалмасын.  

Мен оның бауырына тығылдым. Қашан болмасын, қыз бала мейірімге мұқтаж ғой. Апаймның мейірімі жаныма майдай жақты. Жаңбырдың арты қарға ұласып, боран соғып кетсе деп тілеп қоямын іштей. 

– Дина, ең болмаса бас киім киіп шықпадың ба? Суықтап қалмасаң игі еді, – деп кейіді ол. – Қазіргі қыздарды түсінбеймін. Күзі несі, тіпті, қыстыгүні қалпақ кимейді. Сұрасаң, «шашымды жасап шығып едім» дейді. О, Тоба! Таң қаламын. Сонда сендерге денсаулық керек емес пе? 

– Кешіріңізші, апай, – дедім. – Енді бас киімімді ылғи киіп жүремін. 

Мәзбін. Желең болсам да дірдек қағар мен жоқ. Ішім пеште тұрған шәйнектей қыз-қыз. Мейірім апай мені жауыннан қалқалап келеді. Сол мезет ол мені жауыннан емес, әлемдегі барша зұлымдық атаулыдан қалқалап келе жатқандай сезілді. 

– Абайла, – деді Мейірім апай бір кезде. – Шалшық. 

Сәл болмағанда шалшықты кешіп кете жаздаппын. Жол бойы апайымды тыңдаймын деп аяқ астыма қарамағам ғой. 

– Рахмет!

Не үшін екенін білмеймін, әйтеуір ол кісіге рахмет айтқым келді. Бұрын мектепке еш барғым келмейтін. «Қашан бітеді екен?» деп күн санайтынмын. Қазір, керісінше. «Неге мектеп 11 жылдық қана? Неге 12 жыл емес?» деймін.

– Дина, – деді Мейірім апай жүзіме күлімсірей қарап. – Ал, өзің туралы айт.      

М-м... Не айтамын? Менің өмірімде айтуға тұрарлық бірдеңе бар ма? Қатты қуанған жарқын сәттерімді көз алдыма келтірмекке әрекеттендім. Қырсық шалғанда есіме ештеңе түспей қойды. 

– Сынып жетекшің Мира апай сені алгебрадан үшке оқиды дейді. Ал мен сені «Алтын белгіге» үміткер шығар деп ойлап жүрсем. 

– Иә.

– Неге бұлай? Сен үшін есеп шығару қиын ба? 

«Жоқ» дедім ішімнен. «Бәріне кінәлі – Айқай апай» дегім келді. Бірақ, мен біреуді біреуге жамандай алмаймын. Ал, басқалар жамандай алады. Мысалы, біздің сыныптағы қыздар бастары қосылса болды, кез-келген біреуді талқылай жөнеледі. Мен үндемей отырамын. «Пәленше сондай оңбаған адам! Сен қалай ойлайсың, Дина?» деп кейде менің ойымды сұрайтындары бар. Мен «білмеймін» дегендей басымды шайқаймын. Олар бұныма көңілдері толмай: «сенің пікіріңді сұраған біз ақымақ» дегендей мырс етіп қайта әңгімелерін жалғастырады. 

Иә, мен іш пыстырарлық жанмын. Егер менде өсекке жақын болғанда бәлкім қатарларына қосар ма еді?  

«Алгебраны жек көруіме – Айқай апай кінәлі» деп айтқым келгенімен, айта алмадым.

– Жоқ, есеп шығару қиын емес. Тек есте сақтау қабілетім нашар. Жаттаған формулаларды ұмытып қала беремін. Қағазға қарап отырып шығара аламын. 

– Түсінікті. Ештеңе етпейді. Жаттығу керек.

Не түлен түрткені белгісіз: 

– Cізге қосымша сабаққа барсам бола ма? – деппін. Бұл сөздің аузымнан шығып кетуіне себеп – қазір қосымшаға бару деген сәнге айналды. Биылғы бітіруші түлектер «қосымшаға барып жүрміз» деп мақтанатынды шығарды. Құдды қосымшаға барып жүргендер оқып жүр, ал біз, қосымшаға бармайтындар шошқа тағалап жүрген сияқтымыз.   

– Қосымша сабақ дейсің бе? – деп Мейірім апай аздап іркіліп қалды.   

– Иә. Тестте алгебра ең маңызды пән болып тұр. Соны тереңірек оқысам ба дегенім ғой. 

– Әрине, онда ертеңнен бастап келе бер, – деді апайым бір уақта. – Сені қуана-қуана оқытамын. 

Мен бұған не қуанарымды, не қуанбасымды білмедім. «Уақытым жоқ» деп ұсынысымды қабыл алмайды деп ойлағам. Өз-өзіме жыным келді. Қосымша деп нем бар?! Бейнебір қалтамда ақшам тасып жатқандай. Бірақ, айтылған сөз – атылған оқ. Әке-шешеме салмақ түсіретін болдым. Онсыз да биыл мен үшін көп шашылды. 

– Сағаты қанша болады?

Біздің қыздар «Дарын» мектебіндегі мұғалима апайға 2 сағатқа 2000 теңге төлейтіндерін айтып қалып еді. Ойша есептедім. Бір аптада 3 рет барып, 6 сағат отырсам 6 мың теңге, бір айда 24 мыңдай төлейді екем. Әжептеуір ақша. 

– О не дегенің, Дина? Тегін. Тек сен келсең болды. 

Қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Тегін дейді. Құдай-ай, мұндай да ұстаздар болады екен ғой.  

– Ұят қой, апай. 

– Ұят түгі жоқ. Оқимын деп тұрған оқушыдан ақша алып нем бар, – деді Мейірім апай. – Абайла, машина келе жатыр. 

Жолайрыққа келіп қалған екенбіз. Қазір ол кісі жоғары қарай кетеді. Мен оң жаққа бұрылуым керек. Қимай тұрмын. Тағы да бір көшедей сөйлесіп барсақ екен. 

– Ал Дина, – деді Мейірім апай. – Сау бол! Қосымшаға ертең түсқайта сағат 4-те кел.  

***

Бүгін бейсенбі. Тағы да Д/Ш сабағына формасыз келіп, емен түбінде отырмыз. Қарап жүрмейтін Мирас тағы бір идеяның ұшын шығарды. 

–  Ертең сабаққа ешқайсымыз келмей қояйықшы, қызық болсын, – деді көзі жайнаңдап.

– Апай ұрсады ғой, – деп шу ете қалдық. 

– Өлтіріп тастамас. 

– Телефон соғып іздейді емес пе? 

– Ұялы телефонымызды өшіріп тастаймыз. 

– Үйге телефон соқса ше?

– Онда былай істейміз: Таңертең бәріміз сабаққа баратын адамдар құсап киініп шығып кетеміз. Сосын «Баян Сұлуда» жиналамыз. Ары қарай не істейтінімізді сол жерде ақылдасамыз. 

Бір-екі тәртіпті қыз бұл дұрыс емес деп сөйлей бастап еді, Мирас оларды басып тастады.

– Кішкентай бала емеспіз, 11 сыныппыз ғой! «11 «Г» сыныбы осылай істеп еді» деп бәрі айтып жүретін бірдеңе жасауымыз керек, – деп. 

Біз бұл уәжге тоқтадық.  

Ертесіне таңертең «Баян Сұлуда» жиналдық. Біріміз қалмай келіппіз. Ботаник Бұзауға дейін жүр. Төрт көзіміз түгел келгенге Мирас қуанып «алтындарым-айлап» айналып-толғанды. 

Таң азанымен 22 адам сау етіп кіргенге дәмхана иесі абдырап қалды. Біз оған туған күн жасауға келгенімізді айттық.  

– Әзірге бізде ештеңе дайын емес еді, – деп ыңғайсызданды дәмхана иесі. – Сәл күтсеңіздер дайын болады. 

– Ішетін не бар? Ішетін нәрсе болса болды, – деді Сүннет.

Үстелдерді бір-біріне қосып, бәріміз бір дастархан басына жайғастық. Газды сусын, шай-кофе ішіп отырып, дәмхананы басымызға көтердік. Ішіміз пыса бастағанда ұлдар жақын маңдағы ойынхана жаққа баруды ұсынды. Себебі, бізге мейлінше көзге көрінбеу керек. Көшеде жүрсек көзге түсіп қаламыз. Сондықтан да ойынханада тасалай тұруды жөн көрдік. 

Орталықтағы қуыс көшедегі бір ойынханаға келдік. Ішінде 10-шақты компьютер бар екен. Біздің ұлдар жапа-тармағай бос тұрған компьютерлерге ұмтылды. Біз ұлдардың артына тұра қалдық. Олар бұдан қысылып, бізді орындарына отырғызды. «Енді қай түймені басу керек?» деп сұрай берген бізге не істеу керектігін үйреткен болды. Бірақ, біз түк қақпадық. Бұнымызға ашуланып, дауыс көтеріп ұрысты. Былайғы өмірде көңілді болғандарымен, компьютер ойнағанда ашушаң болып кетеді екен. Оларға компьютерлерін қайтарып беріп, томсырайып диванға барып отырдық. Сыймағандарымыз сыртқа бір шығып, бір кіріп жүрдік. Жақын маңдағы асханадан самса алып келіп жедік. Шемішке шақтық. 

Осылай жүріп кешті батырдық.  

...Ертеңіне мектеп аумағына табанымыз тигеннен-ақ бізді күтіп тұрған директор айқайлап ұрса жөнелді. Жанында Мира апайымыз да түтігіп жүр. 

– Дәл бұндай мектептің 50 жылдық тарихында болмап еді. Сендер бізді масқара еттіңдер ғой, білесіңдер ме? Кеше РайОНО жанымызды желкемізден шығарды!

Біз басымыз салбырап тұрмыз. «Бірдеңе болса өзім жауап беремін» деген Мирасқа қарап-қарап қоямыз. Бірақ, ол бәріміз түгілі, өзіне жауап бере алмайтын сияқты.  

Директор болса «неге келмедіңдер?» деп қуырып жеп барады. Осы кезде Жасұлан басын көтеріп:

– Кешіріңіз, – деді. – Негізі келетін едік. Белгілі бір себептерге байланысты келе алмадық.  

– Не себеп?! – деді директор ашудан қалш-құлш дірілдеп.

– Кеше таңертең мектепке бомба қойылады деген хабар естіген едік, – деді Жасұлан. – Соған байланысты мектеп бір-екі күнге жабыла ма деп ойлағанбыз ғой. 

3. Қараша айы

Байқаймын, Ақерке көңілсіз жүретін болыпты. Бұрынғыдай емес. Бойындағы позитив әлдеқайда құрып кеткен. Құрбыларымен өлімтігін сүйретіп әзер жүрген секілді. Тәні осында болғанымен, жаны басқа жақта. Осыдан бірер ай бұрынғы жайсаң  Ақерке жоқ. Не болды оған? Сырын таппадым. Құрбыларымен ұрыспаған сияқты. Бәлкім отбасында бірдеңе болып қалды ма? Жалғыз ағасы Астанада оқиды. Анасы Камила ақкөңіл жан. Бірақ әкесі Асқар өте қатал. Мен Асқар ағайды онша ұнатпаймын. Оған себеп те жоқ емес. 

Бір күні анам газда тұрған қазаннан екі ожау сорпаны банкаға құйып: 

– Әкеңе апарып бер, – деп еді. Мен банканы сөмкеме салып көшеге шықтым. Ол кезде қыркүйек айының бел ортасы. Жаз лебі әлі қайтпаған. Кешкі самал тәніме майдай жағып, жаным жадырап келе жатты. Емхана біздің үйден алыс емес. Екі-үш көше ғана ары. 10-15 минутта жетіп бардым. Қақпаны ашып аулаға кіріп едім, айқайлап жатқан дауыс естілді. 

– Оңбайсың сен, Есет. Бәлкім сенің орныңа мен күзететін шығармын, – деп Асқар ағай әкемнің жет-жебіріне жетіп жатыр екен. Мен емханада алдында өсіп тұрған жуан шыршаның артына жасырындым. Оның әкеме айтқан әрбір ауыр сөзі жүрегіме кірш-кірш етіп қадалды. Әкемді аяп кеттім. Асқар ағай әкемді әбден басынып бітті. Қашан көрсем әр ісінен ілік іздеп тиіседі де жатады. Тіпті кейде боғауыз сөздер айтатыны бар. Асқар ағайды жек көремін!

Ол әкемді балағаттап-балағаттап кетті. Аулада басы салбырап тұрған әкемді ұялтқым келмей ақырын ғана көшеге шығып кетіп, 10 минуттан кейін қайтып айналып келдім. Бұл кезде әкем өзіне келіпті. Банка ұстаған мені көріп: 

– Кел, қызым, – деді көңілді үнмен. Бірақ, сонда да даусында жарықшақ бар. Даусы сәл дірілдеп шықты. Жүрегімнің бір жібі үзіліп түскендей болды. 

– Әке, – дедім. 

– Ау? 

Банканы ашып жатқан әкемді құшақтап алдым. Бұрын нардай биік сияқты еді, шөгіп қалған ба, қалай? Қатты қысып едім, қолым сүйектеріне тиді. Әбден азыпты.  

– Әке, мен сізді жақсы көрем.

Әкем үндемеді. Банканы ашып, ішіндегі тамақты кесесіне құйды.  

...Соңғы кездері анам көп ауыратын болды. Жұмысқа шығуы қиындай бастады. Орнына мен шығатын болдым. Күн сайын кешке анам істейтін редакцияға барып, есік-терезе, еденді айнадай етіп жуып, тазалап кетемін. 

Қайтып келе жатыр едім, орталық кітапхана алдынан Ақеркені көріп қалдым. Жанында біреу тұр. «Жігіті шығар» деп топшыладым. Себебі, бұл күнде сыныптағы қыздар жиналса болды, сүйіктілері туралы әңгіме айтатын болған. Ол кім, қалай сөз салды, қай жерге кездесуге шақырды, не сыйлады? Олар бұл туралы ешқашан айтып тауыса алмайды. Олар үшін дүниеде бұдан асқан қызық тақырып жоқ. Жалықпай қайта-қайта қаузай беруге бар. Қызығамын соларға. Менде солар секілді махаббат дейтұғын сезімді бастан кешкім келеді. 

Ақерке тым көңілсіз. Жігіт оған бірдеңе деп жатыр. Тоқтай тұр, мен мына жігітті танимын. Данияр ғой! Біздің көшеде тұрады. Сондай сымбатты жігіт. Күнде кешкісін сөмке асынып орталық алаңға жаттығуға бара жатады. Бірақ, мен Даниярды мүлдем жақтырмаймын. Ол тартымды екендігін біліп өзін тым тәкаппар ұстайды. Және қызға құмар. Бүгін оны бір қызбен көрсем, ертең басқа қызбен жүргенін көрем. Осынша қызды қалай алдап жүргеніне таңым бар. Ақеркені де уысына түсірген екен ғой, сұм. 

Жандарына сүліктей қара көлік келіп тоқтады. Данияр Ақеркені қолынан тартып көлікке отырғызбақ болып еді, ол оған көнбеді. Данияр өзің біл дегендей қолын бір сілтеді. Тау өзеніндей арқырай оталған көлік зу етіп жоғары қарай өрлеп кетті. 

Ақеркені жалғыз қалдырып кетуге біртүрлі қимадым. Және мен неге одан жасырынамын? Оған жау емеспін ғой. Әрі ол мені жеп қоймас. Жасырынған қуыстан шықтым.

– Ақерке! – дедім жанына жақындап келіп. 

Қалың ойға батып тұрған ол селк ете қалды. Көзі қып-қызыл болып жасаурап кетіпті. 

– Дина? Сен бе?  

– Иә, мен, – дедім жымиып. 

«Бірдеңе десеңші» дегендей оған өзімсіне қарадым. Ақерке болса тіл қатар емес. Сүлесоқ тұр. 

– Қайтасың ба? – дедім үнсіз тұра бергенді жөн көрмей. Іштей жасып қалдым. Ақеркенің немқұрайлығына. Бірдеңе десе болатын еді ғой. «Түнделетін не істеп жүрсің?» дегендей.

Ол Данияр кеткен жаққа әлдеқандай үмітпен тағы бір көз тастады да:  

– Қайтамын, – деді. 

Ақеркемен баяғыдай ашық-жарқын сөйлескім келді. Бірақ, көптен бері сөйлеспегесін бе, әңгімені неден бастарымды білмей келе жатырмын. Ақерке де тіл қатар емес. Бір жағы мына үнсіздік мені буындырып барады. Арамыздағы бөгетті бұзғым келіп: 

– Бағанағы жігітің бе? – деп сұрақты төтесінен қойдым. 

«Ә-ә, көрген екенсің ғой бізді» дегендей ол мырс етті де: 

– Иә, – деді. 

– Есімі Данияр ма?

Ол аңтарыла қарады. Оның сол кездегі ойын оқу мүлдем қиын емес еді. «Қайдан біліп қойдың?» 

– Оны танимын. Біздің көшеде тұрады.

– М-м...

– Ренжістіңдер ғой деймін. 

Ол басын изеді. 

– Көптен бері ме? 

– Не көптен бері ме?

– Көптен бері тіл табыса алмай жүрген сияқтысыңдар. 

Басын изеді. 

– Не жағдай себеп болды?

Ол менің қазбалап кеткенімді жақтырмады ғой деймін, жауап бермеді. Менде тергеушідей тықақтап кеткеніме ұялдым.

...10 минуттай болды, үнсіз келе жатқанымызға. Ол өз ойымен әуре. Мен өз ойыммен. Алда 3 ай қыс. Қазір қарашаның бас жақтары. Бірақ, соған қарамай күн суып кетті. Біздің Нұршуақ таулы аудан болғасын, қыс ерте түседі. Мен әлі қыстық киімдер алмап едім. Өткен жылғы етігімді кие беремін-ау. Онша тоза қоймаған. Күртем де биыл киюге жарайды.  

– Дина.

– Иә, Ақерке? – дедім оған қарап. 

– Данияр екеуің бір-біріңді танисыңдар ма? Көршің екен ғой. 

– Ол көшенің ана басында, мен мына басында тұрам. Сырттай танитыным болмаса былай сөйлескен емеспін.

– Біздің сөйлесіп жүргенімізге 1 айдай болды. 

– Қалай таныстыңдар? 

– Өткенде Абай мектебінде оқитын Эльвира туған күн жасады, – деп Ақерке ағынан жарылды. – Бізді шақырды. Бардық. Сонда таныстым. Ол Жасұлан, Сүннеттермен дос екен. Сол себепті шығар, жатырқамадым. Бұрыннан таныс адамдардай әңгімеміз жарасып кетті. 

– Енді? Неге ренжістіңдер?

– Соңғы бір аптадан бері өзгеріп жүр. Онша сөйлеспейді. 

– Хабарласпай ма?

– Анда-санда. Екі-үш күнде бір телефон соғады. Кеше кездесейік деген. Соған шыққам. Бірақ, дұрыстап сөйлесе алмадық. Достарымен кетіп қалды. «Жүр сені үйіңе жеткізіп салам» деп еді, келіспедім. Себебі өте өктем сөйледі. Достарының алдында абыройын осылай көтергісі келген сияқты. Ертең кешірім сұрайтын шығар. 

Ақеркеге жаным ашыды. Әлі де болса Даниярдан үмітті. Басы істеуден қалған Ақеркенің адасқанын қаламадым. 

– Ақерке, – дедім айтар ойымды жинақтап. – Одан аулақ жүрші. Білемін ғой оны. 

Ақерке кілт тоқтай қалды. Көзіме ұзақ қарады. Бұл дүниеде көзден өткір, көзден қорқынышты ештеңе жоқ екен. 

– Не болды, Ақерке? – дедім оның менен көзін алғанын қалап. 

Сенің бізде жұмысың болмасын!

Бетіме былш етіп түкіре салғандай болды. «Екеудің арасына есі кеткен түседі» деген рас екен. Нем бар еді жігітін жамандап.  

– Жарайды. Менікі жай достық пейіл ғой.    

Әзер келемін. Ішім өрт. Ақеркеден сөз естіп қалғаныма ашулымын. Не деген қорлық! Әкем оның әкесінен, мен қызынан сөз естіп жүрміз. Қашанғы бүгежектей береміз? 

4. Желтоқсан айы

Мейірім апай бүгін көңілді. Соңғы сабақ бітіп, қайтуға қамданып жатқанда: 

– Дина, бүгін қосымшаға сағат 4-те емес, 6-да келе аласың ба? – деді. Мен келістім. 

...Кешкісін үйіне кіргенде ет асып жатқанын сездім. Иісі үйді алып барады. Мейірім апай ас бөлмесінен шықты. 

– Ойбуй, кеп қалдың ба? Мен қазір. 

Өткен тақырыпты пысықтап, есеп шығардық. 1 сағаттай уақыт өткенде сырттан қақпаның даңғырлаған даусы естілді. Мейірім апай жалғыз тұрады. Бұл кім болды екен деп ойладым. Мейірім апай:

– Дина, сен еш алаңсыз есепті шығара бер, мен қазір, – деп сыртқа шығып кетті. Көп өтпей ішке апайым даудырап мәз болып кірді. Артынан бір жігіт кірді. Айнымаған Мейірім апай! Аузынан түсіп қалғандай. Баласы екенін бірден білдім. Ол залда ешкім жоқ деп ойлады ма, мені көргенде іркіліп қалды. Мен амандасқан болып басымды изедім. Ол «сәлем!» деді де, бөлмеден шығып кетті. 

– Менің ұлым ғой. Алматыдан келген беті, – деді Мейірім апай ас бөлме мен қонақ бөлменің арасында зыр жүгіріп. Менде қарап отыра беруге ыңғайсызданып апайыма көмектеспек болдым. Ол кісі «жо-жоқ, отыра бер» десе де қоймай, дастарқан жасастым. 

Мейірім апай ортаға ас алып келді. Мен оларға кедергі жасамайын деп сыртқа шыға бергенімде:  

– Мұның не, Дина? Қал, – деп ашуланды. – Неге ет астым? 

Қалдым. Ыңғайсызданып отырмын. Мейірім апайдан емес, ұлынан. Осыны сезгендей апайым: 

– Сендерді таныстырмаппын ғой. Бұл қыз менің оқушым. Есімі – Дина, – деді. – Дина, бұл менің ұлым – Арыслан. 

Мейірім апай «алыңдар, алыңдар» деп қойып самбырлап әңгіме айтып жатыр. Қатты қуанып отыр. Шамасы ұлын көптен бері көрмеген сияқты. Өзім де таң қалушы едім. «Мейірім апай неге жалғыз тұрады? Бала-шағасы қайда? Күйеуі қайда, неге осы уақытқа дейін төбе көрсетпеді? Неге орта жастан асқанда қаладағы жылы орнын қозғап ауылға келді?» деп. Көкейімде сұрақ көп. Өзінен сұрауға қысыламын. Жан жарасын тырнап алсам ше? 

Астан енді ала берген едік, Арысланның телефоны шылдырлап қоя берді.  

– Мама, өздеріңіз жей беріңіздер, достарым келіп тұр, – деді. 

– Достарыңды шақырсаңшы ішке, – деді апайым қалбалақтап.

– Жоқ, бір жаққа баруымыз керек еді. Қазір 1-2 сағатта қайтып келемін, – деп Арыслан шығып кетті. 

Баласы кетіп қалғанда Мейірім апай мұңайып қалды. Тәбеті қашып тамақты қасықпен шұқылап отырды. 

– Қазір келіп қалатын шығар, – деп қоямын мен. Өзімше жұбатқан, көңілін аулаған түрім ғой. 

Апайым жас та емес, кәрі де емес. Жасы 40-45-тер аралығында. Өз қатарластарындай емес, жас көрінеді. Күтім көргені байқалып тұр. Шаштарына түскен ақ сирек секілді. Мүмкін бояп қойған шығар. Оның әрқашан жадырап жүргенін көріп үйренген соң ба, қазіргі бейнесін қабылдай алмадым. 

Көптен бері мазалап жүрген сұрақтарды қоюға бел будым.

– Арыслан тұңғыш ұлыңыз ба? 

– Иә, тұңғышым. 

Дәл тапқаныма мәз болып едім, ол қуанышымды су сепкендей басты. 

– Әрі ортаншым, әрі кенжем, – деді күрсініп. – Жалғызым. 

Осы уақытқа дейін мен Мейірім апай үш баланың анасы шығар деп ойлап келіппін. Менің ұғымымда әйел деген үш баланы дүниеге әкелу керек. Айналамдағы құрбы-құрдастарымның көпшілігінің отбасында кемі үш бала болғасын ба, солай ойлайтынмын. Жалғыз баласы барларды мүлдем түсінбейтінмін. Қызық емес қой. Мысалы мен үйде жалғыз қыз болсам... Жарылып кететін шығармын. Ішім пысып. Інілерімнің бір-бірімен алысып, үйді бастарына көтеріп жатқандары бойыма жылу сыйлайды. Жазда інілерім нағашы апамның аулына қонаққа кеткенде үй іші қаңырап бос қалғандай болады.

Сонда Мейірім апай мына даңғарадай үйде қалайша қорықпай жалғыз тұрып жатыр? Бәрін қойшы, күйеуі қайда?  

– 1 айдан асыпты осында жүргеніңізге. Жалғыз қорықпайсыз ба? – деп ойымдағы негізгі білгім келгенді тұспалдап қойдым. 

– Қазір жалғыздыққа әбден үйренгем, – деді ол. – Әрі осында туып-өскен соң Нұршуақ жаныма жақын. Мұнда өзімді жалғыз сезінбеймін. Дина, ақыры сұраған екенсің, бір құпияны ашайын. Біз күйеуіміз екеуміз екі бөлек тұрамыз. Ажырасқан жоқпыз. Тек оның екінші отбасы бар. 

– А-а? – деппін сасқалақтап. 

– Оған ешқандай ренішім жоқ, – деп ол әңгімесін жалғастырды. – Мен Алматыда Жарасқанмен таныстым. Бір-бірімізді ұнаттық. Қосылайық деді. Мен келістім. Оқуымды тастап Жарасқанмен кеттім. Бақытты өміріміз басталды. Бірақ, көп ұзамай Совет Одағы тарап, халық не істерін білмей әбден абдырады. Күйеуім қысқартуға ілініп жұмыссыз қалды. Ал мен жүктімін. Айым-күнім жетіп отыр. 

Жарасқан еті тірі еді. Қарап жатпады. Сонау Солтүстіктен тауар таси бастады. Әйтеуір күні-түні үй бетін көрмей кетті. 

...Перзентханадан шыққанда үй ішінің кірлеп кеткенін көрдім. Білек сыбана іске кірістім. Тау болып үйілген кірлерді иіліп отырып жудым. Оны күзгі қара желдің өтінде мұздай сумен шайдым. Мен перзентханада жатқанда күйеуім есік алдына бір машина темір-терсек түсіріп тастапты. Соларды жинап қояйыншы деп қораға тасыдым. Зілдей екен. Сонда да қоймаймын. Бүкшеңдеп тасыдым. Алған бетімнен қайтпайтын жанмын ғой негізі. Күйеуім үйде жоқта үш күн тоқтамай шаң-тозаңың ішінде қара жұмыс істедім. Осыдан шығар, көп ұзамай денеме жаралар шықты. Аяқтарым ұйып қала беретін болды. Тісім бірінен соң бірі түсе бастады. Іссапардан келген күйеуім мені көргенде басын тоқпақтады. Ол кезде бізде ес жоқ қой. Заман солай болды ма, білмеймін. Айтып-айтпай не керек, мен содан кейін бала көтере алмай қалдым. 

Күйеуім жұмысбасты. Үйге апталап, кейде айлап келмейді. Оған әбден етім өліп кеткен. Арыслан бірінші сыныпқа барар жылы күйеуім бар жиған-тергеніне қаладан кафе ашты. Осылай біз ауылдан қалаға көштік. Содан бері он бес жыл өтіпті. Он бес жыл ішінде Жарасқан қаладағы ең ірі кәсіпкерлердің біріне айналды. Мені сырттай оқытып алды. Мектепке кіріп жұмыс істей бастадым. Жалпы, балалармен жұмыс істеген ұнайды. Мектепте жүргенде жалғыздығымды ұмытамын. Балалар – пәк қой. Осындай пәк жандарды көріп жан-дүнием шаттанады. Әсіресе ауыл мектебінің балалары. 

Мейірім апай не үшін Нұршуаққа келгенін енді түсіндім. Тек түсінбегенім – Арыслан кіммен тұрады? 

– Менімен тұрады. Күйеуім осыдан бір-екі жыл бұрын екінші отбасын құрды. Жалпы әрқашан сыртта жүретін кәсіпкерден адалдық талап ету қисынсыз секілді. Көпбалалы ана бола алмасам да, Жарасқанға көпбалалы әке болуды тілеймін. 

Үндемей қалды. Орнынан тұрып ас бөлмесіне кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Қонақ бөлмеге қайтып келмеді. Мені ұмытып кетті-ау деп ойладым. Сағат 22:00-ге жақындады. Түн болып кетті. Үйдегілер телефон соға бастады. Күртемді киіп ас бөлмесіне кіріп едім, апайым басын ұстап жылап отыр екен. Үлкен кісінің жылағанын бірінші рет көріп тұрмын. 

– Мейірім апай, – дедім естілер-естілмес. 

– Сен осындасың ба? Сені ұмытып кетіппін ғой. 

– Қайтуым керек еді. Үйдегілер іздеп жатыр. 

– Түн болып кетті. Қыз баланың түнде жүргені өте қауіпті. Қазір кішкене күте тұр. Арыслан келе жатырмын деп еді.  

Расында түнде қыз баланың жүруі өте қауіпті. Жалпы, қыз балаға ғана емес, соқталдай еркекке де. Жақында ғана бүкіл Нұршуақты сұмдық хабар есеңгіретіп тастап еді. Үстірт ауылының тұрғындары вокзал жақтан шамамен 14-15 жасар қызды өлі күйінде тауып алыпты. Жауыздар иесіз бір тамға апарып зорлап кеткен екен. Осы оқиға Нұршуақта желдей тарап кетті. Обал ғой. 9 сынып оқушысы. Әлі бала ғой. Өмірі алда еді. Екі аяқты айуандар өмірінің күл-талқанын шығарды. Содан бері түн былай тұрсын, күндіз шығуға қорқып қалдық. Қазір қайтсам мені сол жауыздар ұстап алатын секілді. Осыны ойлап едім, денем тітіркеніп кетті. Арысланды күттім. Ол көп күттірмеді. 5-10 минутта үйге кіріп келді. Мейірім апай: 

– Арыслан, Динаны үйіне жеткізіп салшы. Әңгіме айтып отырып қалай түн болғанын байқамай қалыппыз.  

...Машинаның артына отырдым. Арыслан алдына отыр деп еді, келіспедім. Ыңғайсыздандым. Әрі бұл әдепсіздік секілді. Қыз бала әрқашан артта отыру керек. Өзім солай ойлаймын. 

Дала азынап тұр. Ал көлік іші жып-жылы. Ұйқым келіп маужырай бастадым. Бірақ бойымды тез жинап ала қойдым. Сыпайылық сақтауым керек. Бөтен жігітпен келе жатырмын ғой. 

– Қай сыныпта оқисың? – деді бағаналы бері үнсіз отырған Арыслан. 

– 11-ші сыныпта. 

– Биыл ҰБТ тапсырады екенсіңдер ғой. 

– Иә.

Арыслан осындай бір-екі сұрақ қойды. Мен қысқа-қысқа жауап берумен шектелдім. Арыслан көп қазбаламады. Магнитафонын қосты. Орысша өлеңдер тыңдайды екен. Қалаға барғанда таксиде өлең тыңдап, терезеден сыртқа қарап отырғанды жаным сүйеді. Өлеңнің клипін ойша түсіп, басты рөлді сомдап жүремін. 

...Үйге жақындап қалыппыз. Мен жұлып алғандай: 

– Осы жерден тоқтатыңыз, – дедім. Даусым қатты шығып кетті.

– Тыныштық па? 

– Мені осы жерден қалдырып кетесіз бе?

– Үйіңе келдік пе?

– Иә. Мына көк қақпалы үй. 

– Жарайды, – деп Арыслан тоқтады. Мен оған рахмет айтып түсіп қалдым. Мен дәл қазір жалған сөйледім. Шындығында менің үйім бес-алты үй ары. Ал мына көк қақпалы үй – екі қабатты зәулім сарай. Арыслан мені байдың қызы екен деп ойлап қалған шығар. Мейлі, ойлай берсін. Ең бастысы менің тауық кепе секілді үйде тұратынымды білмеді. Бұрын біздің үйде орыс шал мен кемпір тұрған екен. Олар үйдің анаусы-мынаусы бәрін ағаштан оюлап жасай берген. Әлгі орыстың мультфильмі бар еді ғой, «Баба Яга» деген жалмауыз кемпір туралы. Біздің үй тура соған ұқсайды. Сыныптағы ұлдар «ертегідегі үйде тұратын сенің арманың жоқ шығар» деп күледі. Біздің үйді көрсе Арысланда күліп жүре ме деп қорықтым. Әрі қыз баласы болғасын, кедейлігімді білдіріп қоюға ұялдым. Біліп қойса «Осыны неге әлдеқандай етіп көлігіммен әкелдім? Әкелуге де тұрмайды екен ғой» деп ойлай ма деген уайым да болды.    

***

Биыл аудандық пәндік олимпиада тым кеш ұйымдастырылды. Бұрындары күз ортасында өтіп кетсе, биыл қыста бір-ақ басталды. Мен соңғы 2 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаға қатысамын. Пәндік олимпиада деген не екенін түсіндіре кетсем, біздің ауданда 40 мектеп бар. Әр мектептен әр пәннен бір-бір оқушыдан қатысады. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Жанар Елеусізқызы апай олимпиадаға қатыстыруға мені таңдады. Себебі менің аздап өлең шығаратыным бар еді. Өлең шығаруыма себеп болған жайт – жалғыздық. 

9-10 сыныптарда жаныма жұбанышты кітапханадан таптым. Сабақтан соң мектеп кітапханасына келіп, сөредегі қазақша кітаптарды парақтаймын. Кітап жұқа болса оқу залында отырып бітіріп тастаймын. Ал қалың болса үйге алдырамын. Кітапханашы Әзиза апай да мені танып қалған. Әр келген сайын: 

– Ә-ә, Дина, кеше бізге Сайын Мұратбековтың «Атамұра» баспасынан шыққан «Жабайы алма» деген кітабы түсті; Бүгін осы Нұршуақтан шыққан жазушы Мархабат Байғұттың «Ақпандағы мысықтары» келді, мінекей, – деп кітапдарды сөреден шығарып қарсы алады. Қуанып қалам. Мені де ойлайтын адам барына. 

Жалпы, мені байқаған Жанар апайға дән разымын. Өткен жылы оның:

– Дина, олимпиадаға сені жіберетін болып шештім, – деген сөзі менің еңсемді көтеріп тастаған еді.

– Білмеймін, Әсел бар, Еркеғали бар, соларға айтып көрмедіңіз бе? - деп қашқақтадым басында. Бірақ, Жанар апай: 

– Олар қазақ тілі мен әдебиеттен сен секілді мықты емес. Сондықтан анау демей, мынау демей ертеңнен бастап жарысқа дайындал, - деді. Бір ауыз сөз – адам өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберуге қабілетті екен. Жанар апайдың «олар сен секілді мықты емес» деген сөзі менің бойыма мақтаныш сезімін ұялатты. Менде біреуден ілгері екенмін ғой. 

...Бірақ, сол жылы олимпиадада бірінші айналымда ұшып кеттім. Ұшатынымды жарыс басталған алғашқы минуттарда сездім. Қазақ тілінен грамматикаға жоқ болғасын, тестте біраз сұраққа нақты жауап бере алмадым. Кей сұрақтарға тисе терекке, тимесе бұтаққа деп ойыма келгенді сүйкей бермей, «жауап жоқ» деп жаздым.  

Ал, шығарма жазуда еркін тақырыпты таңдадым. Еркін тақырыпқа – домбыра түсті. Домбыра туралы не жазуға болады? Ал кеп ойланайын. Басыма ештеңе келер емес. Жарты сағат қалғанда қағазға бірдеңелерді сүйкей бастадым. Бірақ, ойым шашырап, шығарманы өте сәтсіз жаздым. 

Биыл бес қаруын асынған батырдай барынша дайын болып бардым. Өз біліміме сеніп. Жалпы, олимпиадада қазақ тілі мен әдебиет пәнінің бір жақсы жері – шпаргалка қолдану аса қажет емес. Шығарма жазарда шпаргалканың не керегі бар? Мұнда ең бастысы – фантазияң жақсы болса жетеді. 

Биыл еркін тақырыпқа Жастар туралы тақырып түсті. Лотореядан ұтысқа кенелгендей қуанышымда шек болмады. Былтырғы жылдардағыдай домбыра, киіз үй секілді тақырыптар болмады. Аса қатты патриот болмағасын ба, мұндай тақырыптарда жаза алмаймын. «Елім үшін жанымды беремін!», «Отан үшін отқа түсемін!» дейтұғын пафос сөздерге мүлдем жоқпын. Әйтпесе, мектеп әкімшілігі бізді Абай оқулары, «Бес ғасыр жырлайды» секілді байқауларға көрермен ретінде аудандық мәдениет сарайына жиі жібереді. Сонда өзім секілді қыздар образға еніп тұрып зарлана өлең оқығанда тұла-бойым шымырлап кетеді. Имікпейді ғой, шіркін. Залда отырған көрермендерден. Егер мен сахнаға шықсам булығып сөйлей алмай қалатын сияқтымын. Көпшілік қарап қалса өзімді жоғалтып аламын.

Қазақ тілінен түскен сұрақтардың бәрінің жауабын білетін сияқтымын. Тек бір-екі сұраққа 50/50 жобада жауап бердім.  

Ал, шығарма жазуға келгенде еркін көсілдім. Жастар тақырыбы жаныма жақын. Айналамда жүрген жастарды сын садағына алдым. Аямадым. Жалпы, тақырыпты аша білдім деп ойлаймын. Өйткені менде жаспын. Жастар арасында қандай мәселе болып жатқанын білемін. Ішімде көптен бері сары майдай сақтап жүрген бүкіл ойларымды алдымдағы ақ қағазға төктім. 

Бізге берілген уақыт аяқталып кабинеттен шықтық. Таңертең үйден асығып ештеңе жемей шыққан соң ба, қарным ашып қалыпты. Төмендегі асханаға түсіп бір шыны кофе, екі булочка сатып алдым. Отыратын орын жоқ. Оқушылар, мұғалімдер ішке кіріп-шығып сапырылысып жатыр. Терезе түбінде тұрып асықпай жеп алдым. 

Ұйымдастырушылар жарыс нәтижесі кешке қарай шығатынын, жеңімпаздарға телефон соғып айтатындарын хабарлады.

...Уақыт өтпей қойды. Телефонға қайта-қайта қараймын. Тыныш. Шылдырламай жатыр. Кейде шылдырлайды. Бірақ, шындығында шылдырламапты. Жай құлағыма солай естілген. 

Сағат түнгі 22:00 болып жатыр. Үмітім толықтай үзілді. Ішім әлем-жәлем болды. Биыл көп дайындалып едім. Еңбегім еш кеткені ғой. Мен лайық емес екем. Орныма Еркеғали барғанда жақсы нәтиже көрсетер ме еді. Осымен екінші рет Жанар апайымның үмітін ақтамадым.  

Өз ойыммен арпалысып жатқанда телефон шылдыр ете қалды. Жүгіріп барып көтерейін десем аяғым тас болып қатып қалыпты. Қоймай шылдырлап жатқан телефонды теледидар қарап отырған әкем көтерді.  

– Алло!

«Иә, иә» деп салқынқанды сөйлесіп жатқан әкемнің бір кезде даусы жарқын-жарқын шығып, бүкшиіп тұрған еңсесі көтеріліп қалды. 2-3 минуттай сөйлескен әкем телефонды қойып мені шақырды.   

– Жанар апайың хабарласты, – деді ол жүзі нұрланып. – Олимпиадада 40 оқушының арасынан 4-ші орын алыпсың. Жарайсың! – деп маңдайымнан сүйді.  

Не қуанарымды, не қуанбасымды білмей қалдым. 4-ші орын? Бұл өзі жақсы ма? Ешқандай да жүлделі орын емес. 

Іштей 3-ші орын алатын шығармын деп үміттеніп едім. 1-ші, 2-ші орындарды сатып алады деп естігем. 3-ші орынға тиіспейтін шығар деген дәме ғой менікі. 

Өзім ойлағандай орыннан көріне алмағаныммен, әкем үшін қуандым. Оның әжептеуір мерейі тасып қалды. Мұғалімім телефон соғып әкемді құттықтады. Біреуден мақтау сөз естіп көрмеген басы шалқақтап қалды ғой. Жаным, әкем! 

...Бүгінгі бірінші сабақ – қазақ тілі мен әдебиеті. Жанар апай сабақ басталғанда мені орнымнан тұрғызып:

– Балалар, сыныптастарың Дина пән олимпиадасынан 4-ші орын алды. Қане, құттықтап қояйық, – деді. 

– Ой, апай, ешқандай жүлделі орын емес қой, – деді Мирас көңілі толмай. Басқалар да оны қоштай жөнелді.  

– Онда тұрған ештеңе жоқ, – деді Жанар апай. – Ол өзінің осал емес екенін дәлелдеді. Сәл ғана бақ жетіспеді. Ештеңе етпейді. Динаның алар асуы әлі алда, бұл бастамасы. 

Осы сөзден кейін сыныптастарым жаппай қол шапалақтады. Ішім жыбырлап қалды. Сыныптастар деген бәрібір де өзіңнің бауырларың ғой. 

– Бірінші орынды қай мектеп алды? – деп сұрады Сүннет. Өзім де осыны сұрағым келіп еді. Жарыста ешкім қауіпті көрінбеген-тұғын. Көпшілігі жай әшейін келе салғандай әсер қалдырған болатын. 

– Ломоносов мектебі алды, – деді Жанар апай.  

Жанар апай «Ломоносов мектебі» дегенде ойыма бірден Абай Жаңабай сап ете қалды. Аудандық газет редакциясында тазалықшы анам әр жұма сайын үйге «Шамшырақ» газетін әкеледі. Бұл күн мен үшін кішігірім мереке. Өзіміздің аудандағы жаңалықтар туралы оқыған қызық қой. Газетті ақырын ғана парақтай бастаймын. Саяси беттерді оқымай өтіп кетемін. Мені қызықтыратыны – оқырман шығармашылығы. Мұнда жергілікті ақын-жазушылар, шығармашылыққа жақын азаматтар қазіргі өмір туралы көркем тілмен кестелеп жазады. Арасында мектеп оқушылары да жазып жатады. Құныға оқимын. Соңғы кездері Ломоносов мектебінен Абай Жаңабай деген оқушы жиі шығатын болды. Аты-жөнін жаттап алғам. Себебі, әр мақаласының астында «Абай Жаңабай, Ломоносов мектебінің 11 сынып оқушысы» деп тұрады. Былай қарасам, оның жазғандарын менде жаза аламын. Тіпті, одан артық жазуға шамам жетеді. Онда неге менде газетке жазбаймын? Абайдан қай жерім кем? Бірақ, құнттамай жүрмін бе, ойым ой күйінде қалып кете береді. 

– Абай Жаңабай ма? – деп сұрадым апайдан. 

Алдындағы қағазына қараған Жанар апай:

– Иә, сол екен, – деді. 

Немене, танысып алдың ба? – деп Мирас мені сөзбен түртпектеп өтті. – Біздің Дина пысық. Қарап жүрмейді. Жігіттерді сындырып жүреді. 

***

Биыл қыс құрғақ өтуде. Қарашада қар бір жауып еді. Содан бері әлі жаумады. Соңғы кездері бізде ауа-райы біртүрлі болып барады. Бұрынғыдай емес. Бұрын қандай еді? Қар тізеден асып жауатын. Қыс – нағыз қыс еді. Қазір қыс емес, қараша айының 45-ші күні секілді. Әйтеуір, биыл Жаңа Жылды қарсыз қарсы алмасақ болды.  

Біздің Жаңа жыл кеші 28 желтоқсанға белгіленді. Бұрын жоғары сынып оқушылары ұйымдастырып беруші еді. Биыл біз, өз-өзімізге ұйымдастырамыз. «Ұйымдастырамыз» деп қоямын. Жалпы мен бұл процеске мүлдем араласпаймын. Біздің сыныптағы белсенділер Мирас, Сүннеттер ұйымдастырады. Олар КВН, Күзгі балл, дискотека секілді мектепте жастарға арналған кештерді ұйымдастырғанда білек сыбанып, бел ортасында жүреді. Соларға қызығамын. Жарытып жатқан сабақтары жоқ. Бірақ, мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, көптеген апайлар біздің Мирастарды таниды, солармен сөйлесуге құмбыл. Біз сияқты тып-тыныш сабағын оқып жүретін тымпилармен емес.  

Тарихтан тестке дайындалып отыр едім, жаныма Аида келді. Аида – Айсұлу, Анелья, Ақеркелерге қосылғысы келіп жүрген сыныптасым. Оны онша жақтырмаймын.

– Дина, – деді ол. Даусынан менмендік аңғырылып тұр. Бай құрбыларының буы ұрғаны сезіледі. Әйтпесе, оның менмендік танытатындай жөні жоқ. Әке-шешесі базарда кішігірім дүңгіршекте жазда ыстықтап, қыста дірдектеп қалам-қағаз сатады. Бірақ, Аида осыған қарамай өзін бай қызы секілді ұстауға тырысады. Бірақ, қанша тыраштанса да, аттыға ерген жаяу екендігі білініп тұрады. 

– Иә? – дедім мен оған қарап. 

– Бүгін «Жасминда» отырайын деп жатырмыз. Сенде бізге қосыласың ба?

Аидаға ішім жылып қалды. Мені елеп шақырып жатыр екен. Шақырған жерден қалма дейді емес пе? 

– Иә, – дедім риза болып. – Қосыламын.  

– Онда былай ғой, – деді Аида кісімсініп. – Соған 10 мыңнан жинап жатырмыз. 

Бұл күтпеген соққы болды. Отырысқа бару үшін ақша жинайды ғой. Мен бұны ұмытып кетіппін. 

– Қазір ме? – деппін сасқанымнан.

– Қазір болса қазір, болмаса отырысқа бір-ақ әкелерсің. 

Дәл қазір жанымда ондай ақша жоқ. Отырыс басталғанша да таба алмаймын. Анама айтсам, бәлкім қарызданып-қауғаланып болса да тауып берер. Бірақ, бір отырыс үшін 10 мың теңгені шашып тастағым жоқ. 

– Мен бармай-ақ қойсам қалай болады? Ақша жоқ еді.

Аида соңғы парта жақта жиналып отырған қыздарға қарап күлді. Қыздар да беттерін шымшып, теріс қарады. 

– Жарайды, өзің біл, – деп Аида сызданып кері бұрылды. Қыздарға қарап бірдеңе деп аузын жыбырлатып бара жатыр. Қатты намыстандым. Әліне қарамай мені қорлап жатыр ғой. Орнын білу керек. Өзімді ұстай алмай: 

– Аида, – дедім. Даусым қатты шығып кетті. Аида жалт қарады. 

– Аузыңа байқап сөйле! 

Аида қып-қызыл болып кетті. Менен мұндай сөзді күтпеді. Бейшара деп ойлаған ғой. Ал мен ол ойлағандай соншалықты бейшара емеспін. Керек жерде намысымды қорғай аламын. 

– Немене?

– Не естісең сол!

Мына сөздерді мен емес, ішімдегі жын айтып жатқан сияқты. Карта ойнап отырған ұлдар да бізге назар аударды.  

– Оппа, ерегіс, – деді Мирас қолын ысқылап. – Қане, қыздар не болып жатыр?

– Қатындар құсап сыпсыңдамай жайыңа отыр, – дедім Мирасқа оқты көзбен қарап. Топ болып отырған ұлдар Мирасқа қарап айқайлап күлді. 

– Базар жоқ, Дина, – деп ұлдар қол шапалақтап. – Еркек! Осы бетіңнен тайма. 

Әрине, әзіл-шыны аралас мақтап жатыр. Қыздар мені ұлдар қолдап шыға келгенде сасып қалды.

...Сол күні мектепте сабақ біткенше жүре алмадым. Қыздар тарапынан қадалған суық көздерге шыдай алмай, соңғы сабаққа қатыспай қайтып кеттім.

Түскі асты ішпей, бөлмеме кіріп жатып қалдым. Ештеңеге зауқым соқпады. Қоңырсалқын күңгірт бөлмемде жылы көрпе оранып терезеге қарап жата бердім.  

...Кеш батты. Інілерім келіп менімен ойнағысы келіп еді, мен оларды тым суық көзіммен атып-атып жібердім. Олар құйрығын қысқан иттердей жәутеңдеп қалды. Інілерімді аяп кеттім. Бірақ, бәрібір мейірім таныта алмадым. 

Анам да қайта-қайта шәйға шақырып еді, тәбетім жоқтығын айтып бармадым. Анам менің мектептегі хәл-ахуалымды іштей сезетін болғасын, «не болып қалды?» деп жаныма келіп ештеңе сұрамады. 

Көзімнен жас төгіліп жатыр. Ешкіммен қақ-соғым болмаса да жау арттырып жүрмін. Керісінше, менде достар көп болу керек қой. Біреуге пайдам тимесе, зияным жоқ. Бірақ, неге екенін білмеймін, бәрі мені басынғысы келеді. Әлгінде расында да ашуланып кеттім. Аиданың мені басынуға құқы жоқ. Кім ол соншама? 

Иә, өз намысымды қорғадым. Бірақ, енді қыздар мені жақтырмай, одан бетер шеттететін болды. Мектеп бітіргенше бұған қалай шыдаймын?! Басқа мектепке ауысып кетсем бе екен, әлде? Жоқ, бәрі кеш. Болмайды. Ұлдар арасында қандай екенін білмеймін, қыздар арасында шеттету деген өте жоғары деңгейде. Бірнеше қыз бірігіп алып, нысанаға алған «жауды» сындырмай қоймайды. Жөндеп амандаспайды, сөйлеспейді, көрген жерде кісімсіп мұрнын шүйіріп өтеді.

Орнымнан тұрдым. Сипаланып жүріп терезе алдына келдім. Сыртта қар жауып жатыр екен. Көзімдегі жасты сүрттім. Жауып жатқан қарды тамашалағанды жақсы көрем. Аппақ қарға қарасам жан-дүнием тазарып қалады. 

Үйде шыдап отыра алмадым. Сыртқа шықтым. Қалтамда 300 теңге бар. Бағытым – дүкен. Өз-өзімнен тәтті жегім келген. Тек өзіме ғана алып қоймай, інілеріме де алайын дедім. Әлгінде ренжітіп алып едім. Соның өтеуі ретінде.

Үйге жақын маңдағы дүкенге емес, біздің сыныптастар Жаңа жылды тойлап жатқан «Жасмин» жақтағы дүкенге барсам ба деп ойладым. Ойым өзіме ұнады. Әрі отырыс өтіп жатқан мейрамхананы сыртынан көріп қайтам, әрі қар астында ұзағырақ жүремін.

Ашуланып келем. Барлық нәрсе – ақшаға келіп тірелгені ме? Ақшам болмаса адам қатарына қоспай ма? Сыныптастарым неге мұншалықты жауыз болып кеткен? Баяғыда бастауыш сыныпта бауырмал едік қой. Ол кезде туған күн деген болды. Туған күні болатын сыныптасымыздың әке-шешесі мектепке келіп, бір қорап торт, «Тархун», «Буратино» қалдырып кетеді. Толқын апай тортты бәрімізге жететіндей етіп кесіп береді. Біз бір тілік тортты тәтті сусынмен ішіп-жеп алып, жадырап қаламыз.  

Ол кезде біздің сыныпта 10-ға жуық озат оқушы болды. Басқаларды білмеймін, мен ешкімді күндемейтінмін. «Тек, мен «5» алсам екен, басқалар «3» алып қалса екен» деген  ой мүлдем жоқ болатын. Менде ғана емес, көбімізде жоқ еді. Керісінше, біреу тақтада сұраққа жауап бере алмай кідіріңкіреп қалса, біз жауабын айтып сыбырлайтынбыз.

Кейін ғой, қатты өзгердік. Жоғары сыныпта қарапайымдылықтан толықтай алыстадық. Айналдырған 22 оқушы оқитын сынып жік-жікке бөліне бастады. Ұлдар 2-ге, қыздар 3-4 топқа бөлінді. Бұрынғы бауырмалдық қалмады. Бұл әсіресе ҰБТ-ға дайындақ тестілеулерде анық байқалып қалып жатты. Сыныптағы үздік оқитындар бізге көмектеспейтін болды. Беттегі маска шешілді деген осы шығар. Бәлкім менің ойым қате шығар, бірақ, көмектессе бір жері түсіп қалмайды ғой.  

...Туған күн жасау деген біз сыныптан-сыныпқа көшкен сайын белең ала берді. Бірде сабақтан соң Айсұлу бізді үйіне туған күніне шақырған. 

Оның үйіне қақпасынан кіре бергеннен басым айналды. Есік алды теп-тегіс. Көлік қоятын жерлері цемент емес, қып-қызыл таспен өріліпті. Үйді айналдыра көк шыршалар егілген. Түбі жап-жасыл газон. Сол кезде көзіме біздің үйдің ауласы келді. Бізде есік алдында шырша емес, дәу жаңғақ ағашы өсіп тұр. Цемент деген жоқ. Тас аралас топырақ. Газон емес, арам шөп қаулай өскен. Оны жұламыз да жатамыз.

Ал, үйінің табалдырығын аттағанда құлап қала жаздадым. Кіре беріс бөлменің өзіне жап-жаңа кілем төселген. Аяқ киім қоятын, сырт киім ілетін шкафы аппақ екен. Ондай шкаф біздің кіреберіс былай тұрсын, қонақ бөлменің өзінде жоқ. Ал, қонақ бөлмесіне кіргенде мүлдем есімді жоғалтып алдым. Ең бірінші көзіме кинодан көретін алтын түстес сервант түсті. Қызыққаным сонша ұстап көрмек болдым, бірақ, ұялдым. Люстрасы жалт-жұлт етіп жерге дейін төгіліп тұр. Дастарқанда өмірімде жеп көрмеген тағамдар. Ыдыс-аяқтары неткен қымбат. 

Іштей біздің үймен салыстырдым. Шатыры шіріп бітуге айналған үйіміздің кіреберісі бітпеген. Жарым-жартылай қаланған кірпіш арасындағы саңылаулардан жел азынап тұрады. Кіреберіске төселген палас жыртық-жыртық. Қонақ күтетін залымыздағы кілем тіптен ескі. 1994 жылы анамның артынан келген екен. Кілемге су, сусын, тамақ төгіле-төгіле кір болып кеткен. Қанша жуса да кетпестей болып. Бұрышта тұратын диван-креслолардың түтесі шығып тұр. Орындық, үстел дегендер жоқ. Қонақтар жерде отырып тамақ ішеді. 

Осыны ойлап көңіл-күйім түсіп кетті. Біздің үй мен Айсұлудың үйін салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей. Неге біздің үй қора секілді? Неге Айсұлу хан сарайындай үйде тұрады? Мен бұрын өзіміздің кедей екенімізге онша байқамайтынмын. Айсұлудың үйіндегі туған күннен соң көзім ашылды. 

Сол күні үйге өте көңілсіз қайттым. Біздің үйде қақпа да жоқ екен-ау. Сыммен жүргізілген шарбағымыздың ағаш есігін итеріп кеп жібердім. Ауланы жаңғақ жапырағы жауып кетіпті.

Үй іші де неткен жұпыны еді. 3 бөлмелі там пешпен жылиды. Қыс бойы көмірге күйелеш-күйелеш болып жүргеніміз. 

Менің туған күнім мамыр айында. Сол жылы сыныптастарым туған күн жасауымды сұрады. (7 сыныпта әлі де бір-бірімізге деген бауырмалдықты жоғалтпаған кезіміз) Бірақ, Айсұлудың үйін көргесін, туған күнімді жасамайтын болып шешкем. Айсұлу біздің үйге кірсе ұшынып қалатын шығар.

...«Жасминда» музыка бақырып тұр. Дүрсілі сыртқа естіліп жатыр. Шамасы, жаппай би болып жатқан сияқты. Би десе аза бойым қаза болады. Биге мүлдем жоқпын. Сыныптастарым мені «ағаш» дейтіндей жөндері бар. Дым ебедейсізбін. Бүкіл денесі қимылдап мың бұрала билейтін қыздар менің кумирім. Отырыстарда ортаға биге шыққанда шетте соларға қол шапалақтап қарап тұрам. 

«Жасминға» ұзақ қарап тұрдым. Дәл қазір осы кештегі бүкіл ұлдар Анельямен билеуге таласып жатқан шығар. 

Анельяға сөз салғандар көп болды. Бірақ, ол ешқайсысына қарамады.

Параллель сыныпта – Қозыбас деген жігіт оқиды. Ешкіммен қақ-соғы жоқ моп-момақан. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» дейді ғой. Қозыбастан пәле шығып, Анельяға ғашық болып қалды. 

Бізде сабақ таңғы 8.30-да басталады. Бірақ, біз 8.15-те мектеп алдында болуымыз керек. Себебі, 10 минут жаттығу жасаймыз. Міне, осындай жаттығу кезде Қозыбас біздің Анельядан көз алмай қарап тұрады. Оның әрбір қимылын қалт жібермей қадағалайды. Жаттығу біткен соң мектепке топырлап кіріп жатқандардың арасынан Анельяны жанұшыра іздейді. Біз сабақ өтетін 3 қабаттағы 31,32,33 кабинеттер жаққа Анельяны сыртынан бір көру үшін үзілістерде айналшықтап келіп кетеді. 

Бір күні момын Қозыбас батылдық танытты. Мектеп алдындағы 4 тесігі бар колонкадан су ішіп тұрған Анельяға алғаш рет тіл қатты: 

– Қалайсың?! – деп. Бір топ құрбыларымен тұрған Анелья Қозыбасқа бұрылып қарады. Сұп-суық жүзбен жігітті басынан аяғына дейін бір шолып шықты.  

– Ну, привет, – деді. Жасанды жымиыспен. Қыз жымиғанда Қозыбас қатты қуанып: 

– Привет, – деді.

– Как дела? – деді Анелья диалогты жалғастырып.

– Нормально. Сам как?

Қозыбас орысшаға шорқақ екен ғой. Анельялар күліп жіберді. Дұрысы, оның жанындағы қыздар. Ал, Анелья онсыз да әзер тұрған Қозыбасты ұялтқысы келмей:

– Отли-и-и-чно, – деді. 

– Че делаешь? 

Қозыбас шайып кетті. Сасқалақтаған соң шығар. Әлде әзілдеді ме, түсінбедім. Бірақ, қасында сөйлесіп тұрған адамға «че делаешь?» деуге бола ма? 

– С тобой общаюсь, – деп Анелья сыңғырлай күлді. 

Мәссаған. Біз Қозыбасті сынап жатсақ, ол Анельяны күлдіртті ғой.  

Бірақ, Қозыбас ары қарай іліп алып кете алмады. Үнсіз тұрып қалды. Анелья да әдейі үндемеді. Қозыбастан бірдеңе күтті. Ал, Қозыбас ол күткен нәрсені істемеді. Миы жетпеді. Ақыры, одан ештеңе шықпасын сезген Анелья:

– Ну, хорошо, я пошла. Пока, – деп құрбыларына бірдеңе деп сыбырлап, мектепке кіріп кетті. 

Жалпы, Қозыбас ештеңені қатырмаса да оның батылдығына риза болдым. Анельядай қызға тіл қатқанының өзі ерлік. Әрине, анау айтқандай ештеңе шықпаған секілді. Ең бастысы, Қозыбас іштен тынып арманда кетпей бағын сынап көрді. Ал, Анелья Қозыбаспен жай ғана ойнаған секілді сезілді. Әйтпесе, онымен сөйлеспей қоя салуға да болатын еді. Бірақ, сөйлесті. Меніңше, ол момақан жігітпен диалог орнатуды қызық көрді.    

«Осымен қояды» деп ойлаған Қозыбас алған бетінен қайтпады. Күнде таңертең жаттығу алдында Анельямен амандасуды әдетке айналдырды. Анелья да оның бетін қайтармай амандасқанына жауап беріп жүрді.

Жауап беріп жүргенін басқаша түсінді ме, бір күні Қозыбас Анельяға бір кішігірім көк пакетке салынған сыйлық бермек болды. Пакеттің ішінде не бар екенін білмеймін. Ол бізді 3-ші қабатта күтіп тұрды. Біз 2-ші қабаттан көтеріліп келе жатқанда Анельяның алдынан шығып:

– Мынау саған, – деп қолындағы пакетті ұсынды. 

Анелья өзін тоқтата алмай күлсе бола ма? Бір кезде күлкісін жиып: 

– Не надо. Спасибо, – деді суық жүзбен. 

Қозыбас қатырады. Қызға пакетпен сыйлық бергені несі? Қызға сыйлық берерде қандай да бір романтика болу керек емес пе? Базарда тұрған жоқ қой.  

Бірде Қозыбас жалғыз өзі қайтып бара жатқан Анельяның соңынан қуып жетіп гүл ұсыныпты. Жанында адамдар барда шынайы бейнесін көрсетпейтін Анелья:

– Қозыбас, ты меня достала уже? Понимаешь? Достала! Отстань от меня, – деп гүлді лақтырып жіберген.    

...«Жасминда» музыка өшіп, төңірек тыншып қалды. Іштен топ-топ қыздар сыртқа шыға бастады. Олар мені көріп қоймасын деп бұталарын қалың қар басқан ағаш тасасына жасырындым.  

Бәрі тарап болған соң ағаш тасасынан шығып үйге қарай қозғалдым. Қайтып келе жатыр едім, телефоным шырылдап қоя берді. Таныс емес нөмір. Алсам ба, алмасам деп ойлап тұрдым да, «ала салайыншы» деп жасыл тетікті бастым.

– Алло, Дина, привет! – деді біреу орысша. Мен орысша акцентпен сөйлейтін болғасын, ұятқа қалғым келмей:

– Сәлем! – дедім қазақша.

– Бүгін отырыста көрінбедің? Ары-бері қарап едім, сені таба алмадым, – деді бейтаныс жігіт. 

Бұл кім өзі? Ешқандай сыныптасым емес. Бәлкім, сыныптасым ба? Қалжыңдап тұрған? 

– Асхат, сен бе? – дедім. 

Жоқ, бұл мен, Арыслан.

Өмірде даусы басқа, телефонда басқа екен.  

А-а, Арыслан. Қалайсыз? 

– Жақсы. Отырысқа келмедің бе?

– Ия, Бір себептермен бара алмай қалдым. 

– Түсінікті.  

 – Сіз бардыңыз ба, біздің отырысқа? – деп сұрадым. Расында ол не істеп жүр? Бізге дым қатысы жоқ қой.  

– Жоқ, анамды алып қайттым. Биылғы 11 сыныптар отырысқа мұғалімдерді де шақырыпты. Біздің мамалар 10-15 минут отырып қайтты.

– А-а. 

– Дина, келе жатқан Жаңа жылыңмен! – деді Арыслан. Осы бір ауыз сөзі көңіл-күйімді кәдімгілей көтеріп жіберсе бола ма? Мәз болып қалдым. Онымды білдіргім келмей:

– Рахмет! Сізді де! – дедім. 

– Жақсы, Дина, көріскенше онда! – деп Арыслан менімен қоштасты. 

Үйге келдім. Әкем түнгі кезекшілігіне кетіпті. Анам, інілерім әлі ұйықтамапты. 

– Қайда жүрсің? – деді анам жай ғана. 

– Дүкенге барып келдім, – деп қалтамнан тәттілерді шығардым. Інілерім гүлді көрген арадай мен әкелген тәттілерге үймелей қалды. 

...Өзіңді біреуге керек сезіну қандай ғажап сезім. Арыслан хабарласқаннан кейінгі көтеріңкі көңіл-күй бойымда әлі сақталып тұр. Менің отырыста жоқ екенімді қалай байқап қойды? Мені іздегені ме? Ия, іздеген болып тұр ғой. Әйтпесе, ешқандай ойы болмаса хабарласа ма? Айтпақшы, нөмірімді қалай тапты? Кімнен алды? Мейірім апайдан шығар. 

Жапалақтап жауып жатқан қарға шашымды саусағыммен бұйралап қарап отырдым.

5. Қаңтар айы

Сол Жаңа жыл кешінен бері 1 апта өтті. Бүгін дүйсенбі. Бізге, 11 сыныптарға сабақ. Демалыс жоқ. 

Күн әдеттегідей өтті. Сабақтан шыққан соң үйреншікті жолмен қайтып келе жатыр едім, жол бойында Арыслан тұр екен. Оны көргенде қысылып қалдым. Дәл қазір онымен көрісуге дайын емеспін. Таңертең шашымды жасамай шығып едім. Менің олпы-солпы болып тұрған түрімді көрсе не ойлайды?

Бірақ, көрмегенсіп бұрылып кете алмаймын. Себебі, ол мені байқап үлгерді. Амал жоқ Арысланға қарай жүрдім.

– Сәлем, Дина! – деді ол алдымнан шығып.

– Сәлем. 

– Жағдайың қалай?

– Жақсы. 

– Сені күтіп тұр едім. 

Мені ме? Не үшін? Анасын күтіп тұрған шығар деп ойласам. 

– Жайша ма?  

– Сені үйіңе дейін шығарып салайын!?

– Жарайды, – деппін мен. Қалай келісіп қойғанымды байқамай қалдым. 

Арысланға қаңтар айының 18-не дейін каникул екен. Каникулды осында өткіземін дейді. Қалаға баруға онша ынтасы жоқтығын айтты. Мен де қазбалап сұрамадым. Білемін ғой себебін.  

– Қай университетте оқисыз? – деп сұрадым мен. Бағаналы бері ауа-райы, ауыл туралы әңгімелесе беріппіз.  

– Қазақ Ұлттық универсиетінде. 

– О-о, – деппін мен таңданысымды жасыра алмай. ҚазҰУ-ға түсу – арманым. Мектепте мұғалімдер, көшеде көршілер, үйде туысқандар ҚазҰУ-ды жиі мақтайтын болған соң, осы оқу орны біз үшін эталон. 

– Қандай мамандықта оқисыз?

– Заң факультетінде оқимын.

– Күшті.

– Өзің қайда түскің келеді? – деді Арыслан. 

– Менде Алматыға. 

– Қандай мамандыққа?

– Халықаралық қатынастар.

– Таңдауың жақсы екен. 

...Әңгіменің қызығына түсіп кетіп, үй жаққа жақындап қалғанымызды байқамай қалыппын. Енді тағы 4-5 үйден ассақ, менің үйіме де келеді екенбіз. Дәл өткен жолғыдай Арысланның бізді үйді көргенін қаламадым. 

– Болды. Осы жерден қайта берсеңіз болады.

– Үйіңнің алдына дейін шығарып салайын да.

– Жоқ, рахмет! Бізді көріп қойса, анам ұрсады. Ары қарай өзім бара беремін.

...Екінші күні де шығарып салды.

...Үшінші күні мектептен асықпай шықтым. Күтсін. Жігіт қой. Бүгін жылы киініп келгенім қандай жақсы болған! Таңертең күн райы бірқалыпты еді, сағат 11-лерде күн бұзылды. 

Біздің Нұршуақтан Шымшаһарға таксистер қатынайтын аялдама жаққа келдім. Арыслан жоқ. Ылғи осы жерде тұрушы еді. Бүгін шығарып салмай ма? Көзбен ары-бері іздедім. Жоқ!

Үмітсіз шайтан. Оны әлі іздеп келемін. Келмей қалуы мүмкін емес. Жап-жақсы сөйлесіп жүрміз ғой. Келмейтін болса ескертер еді.  

Неге келмеді екен? Бәлкім, жұмыстары шығып қалды ма? Иә, мен білмейтін бір себептер болып қалуы мүмкін. Әйтпесе міндетті түрде келеді. 

Бағдаршамнан өте беріп едім, жаныма қара көлік келіп тоқтады. Бәсе! 

...Оны-бұны әңгіме етіп келе жатып байқамаппын, Арыслан көлікті біздің үй жаққа емес, басқа жаққа айдап бара жатыр екен. Бойымды үрей биледі. Ойыма қайдағы-жайдағылар түсіп кетті.

– Қайда бара жатырмыз? 

– Қазір базар жақтағы бір дүкенге кіріп шығам. 

Кіріп шықты. Қолында бір үлкен қорап. Кімге алды екен? Мейірім апайға ма? Бүгін Мейірім апайдың туған күні ме?! Біз құттықтамаппыз ғой.

Арыслан сыйлықты менің жаныма қойды.

– Өте әдемі екен. Анаңызға алдыңыз ба? 

– Жоқ. 

Сонда кімге алды? Ішімді қызғаныш оты тілгілегендей болды. Қызы бар болғаны ма? 

– Бұл сыйлықты саған алып едім, – деп жылтыр қорапты маған ұсынды. 

Ойыма ең бірінші келгені – Арысланның қызы жоқ екен. Екінші ойыма келгені – оның менде сезімі бар болғаны ма? Үшінші ойыма келгені – бұл сыйлық неге сонша үлкен? Ені – 1 метр, ұзындыңы – 1 метр. Ішінде сонша не бар? Төртінші ойыма келгені – мен бұл сыйлықты қалай аламын? Үйдегілер көрсе не дейді? Бесінші ойыма келгені – мен сыйлықты алсам оған қарыз болып қалмаймын ба? Оның өтеуі қандай болмақ? 

– Жоқ, рахмет, ала алмаймын.

– Қолымды қайтарма, әйтпесе ренжимін. 

...Сыйлықты құшақтап келем. Бүгін күн боранды. Көшеде адам жоқ. Егер күн жылы болса, адамдар өріп жүрер еді. Көшеге шыққан көршілер сыйлық ұстап келе жатқан мені көрсе не деп ойлайды? 

Үйге жақындағанда сыйлықты арыққа жасырдым. Үйдегілер көріп қоймасын деп. Інілерім оқуға кетіп қалыпты. Әкем жұмыста. Қарауылдықтан бөлек, Асқар ағай оны емхана шаруашылығына жұмсайды. Ағаштар қырқады, құм, көмір тасиды, айналаны қоқыстан тазартады, т.б.

Анам ас бөлмесінде оны-бұны даярлап жүр. Жуық арада есік алдына шыға қоймайды-ау. Мен көшеге шығып, арықтағы сыйлықты алып есік алдындағы қораға қарай зып етіп кіріп кеттім. Қораның бір бұрышын жем жинайтын орын қылып қоршап қойғанбыз. Мен сыйлықты сол бұрышқа тығып қойдым.

Анаммен отырып шай ішіп, тамақ жедік. Құлағым әңгіме айтып жатқан анамда болғанымен, бар ойым – сыйлықта. Ішінде не бар екен? Осы қызығушылық мені өлтіріп барады. 

Түсқайта анам жатып қалды. 

Осы сәтті пайдаланып мен сыйлықты қорадан алып шығып, қораның шатырына сатымен көтерілдім. Қорап сыртындағы жылтырақ қағаздарды дыбысын шығармай жырттым. Сонсоң қорапты қолым дірілдей отырып аштым... Күрте!!! Мұндай да сыйлық бола ма? Арыслан қалай-қалай ойланады өзі? 

Сол күні қалың ой құшағында жүрдім. Күртенің қымбат екені көрініп тұр. Әрі аппақ. Негізі, ақ түс мені ашады. Киіп көріп едім, сәл ғана үлкен екен. Ештеңе етпейді. Келесі жылы тағы да 2-3 сантиметр өсермін. Ең бастысы, өзіме жарасымды. Бірақ, мен бұны кие алмаймын. Кисем үйдегілер қайдан алдың деп сұрамай ма? Шындықты айтсам, төбемді ояры анық. 

...Ертесіне Арысланмен әдеттегі жерде кездестік. Жолда мен оған:

– Неге күрте сыйладыңыз? Қымбат қой, – деп түні бойы мазалап шыққан сұрақты қойдым. 

– Қымбат емес... Дина, сен сұлу қызсың. Бірақ, сұлулығыңды көрсете алмайсың. Мысалы, үстіңдегі күртеге қарашы. Сұп-сұр. Бұл күрте сені кәрі көрсетіп тұр.

«Сені кәрі көрсетеді» дегенде шошып кеттім. Күртемді шешіп, отқа жағып тастағым келді. 

– Неге мен сыйлаған күртені кимедің? Шақ келмей қалды ма? Ұнамады ма әлде? 

– Жоқ, шақ қой. Бірақ, оны кисем анам ұрсады. Қайдан алдың деп. 

– Ол жағын ойламаппын, – деді Арыслан басын шайқап. – Әрине, өз еркің. Реті келіп жатса киерсің. 

Бір аптадай кие алмай қорқақтап жүрдім. Күнде сабақтан келген соң сарайға кіріп қорапты ашып күртені бір кимесем көңілім көншімейді. Күртені киіп телефонға фотоға түсем. Фотоға қарап сүйсінем. Қандай әдемі! Сосын телефонымды ұрлап алып шұқылайтын інілерім көріп қойып, ата-анама жеткізбесін деп суреттерді өшіріп тастаймын. 

Шыдамым оншақты күнге жетті. Ары қарай жарылып кететінімді сездім. 

Сол күні ауа-райы киетіндей болып тұрды. Таңертең сыртқа шыққанда аяз денемді қарып өтіп, тісімді сақылдатып жіберді. Ескі күртені кигім келмеді. Ойлана келе, мектепке бүгін жаңа күртені киіп баруға шешім қабылдадым. Әрине, анама білдірмей. Анам мені көшеге дейін шығарып салмайды, асханадан қоштасады. Мен сыртқа шыққан соң, қора жаққа барып күртемді ауыстырып алдым.

Мектепке жақындағанда бойымды тер жуып кетті. Оқушылар, мұғалімдер топырлап мектепке кіріп жатыр. Кейбіреулері аппақ күрте киген мені көріп бұрылып-бұрылып қарауда. «Мынау кім болды өзі?» дегендей. 

Арысланға ашуландым. Неге ақ алған? Неге қара емес, қоңыр емес? Міне, ақ киіп, көзге қатты түсіп қалдым. Қара кигенде ешкімде мән бермес еді.

Сыныпқа кіргенде Мирастар:

– О-о, Дина, ақшақар болып кетіпсің ғой! – деді. «Кетші бар» дедім ішімнен. Бір жағы мақтағаны жаныма жағып барады. Ал, қыздар үндемеді. Бір қарады да қойды. Не ойлады екен? 

Сыныпқа Мира апай кірді. Біз тізіле тұрдық.

– Ал, балалар, отырыңдар, – деді апай журналды үстелге қойып. – Не жаңалық? 

– Бүгін Дина жаңа күрте алыпты. Аппақ, – деді Мирас. Сынып іші ду күлді. Менде күлдім. Басқа не істеймін? Жылаймын ба? Ең бастысы, сынып менің күрте алғанымды позитивпен қабылдады. Сыныптастарымды қатты жақсы көріп кеттім.   

***

...Арыслансыз 3 күн өтті. Уақыт бір орында тұрып қалған сияқты. Енді сездім, оған әбден бауыр басып қалыппын. Одан басқа ешқандай жігітпен сөйлескім келмейді. Бәрі оның қасында жас бала сияқты. Қияли бола бастаған сияқтымын. Ойым бөлініп кете беретін болды. Сабақта терезеге қарап отырамын. Кітап оқысам да ойым басқа жақта. Орыслан агентте жазып еді, «8 наурыз мейрамы қарсаңында келемін» деп. Сол сәтті күн санап күтіп жүрмін. Бірақ, қазір қаңтар айының 21-і. Ай 31-не бітеді. Әлі ақпан айының 28 күні бар. Сосын 8 наурызға дейін және 8 күн бар. Сонда әлі 46 күн бар екен. Шыдай алмай жарылып кететін сияқтымын. Дүниеде ең жаманы – күту ғой. Әр күнімнен бұрынғыдай ләззат алмаймын. Күндерім мәнсіз өтіп жатқандай. Тек Орысланды ойлап, оны күте берсем расында да өмірім мәнсіз болып кететінін түсіндім. Одан басқа алдана тұратын ермек табу керек. Құр сабақ оқып, тест жаттау мені онша шабыттандырмайды. Басқа не істесем болады?..  

6. Ақпан айы

Соңғы кездері екі топқа бөлініп жүретін біздің ұлдар бастары бірігіп тым ұйымшыл болып алды. Таңертең сабаққа бәрі бірге кіріп, түсте бәрі бірге қайтады. 

Бұны байқаған мұғалімдер: 

– Не болған сендерге? Біреуің емес, екеуің емес, бәрің бірге жүретін болыпсыңдар? – дейді. Сонда өзі де, тілі де қисық Мирас: 

– Апай, құры жүрген жоқпыз, мемлекеттік маңызы бар жұмыстармен жүрміз, – дейді.

Бұл 3-ші тоқсанда мұғалімдер де бұрынғыдай қатал емес, күледі де қояды. 

Бұл тоқсанда біз сабақ өтуді қойғанбыз. Тек, тест жаттаймыз. Осы дайындық деген ұлдар үшін тым жақсы болды. Бұрынғыдай сабақ жоқ болғасын, соңғы парталарға отырып алады да, аудандағы жастар мәселесін талқылап, болашағына көз жүгіртеді. Бұл уақытта бүкіл ауданда оқушылар арасында бандиттік романтика белең алып тұрды. Ресейлік «Бригада», өзіміздің «Рэкетирді» көріп алған ұлдар соларға еліктейтінді шығарды. 

Бірде сабақтан соң дәретхана жақтағы төте жолмен үйге қайтып бара жатсам, біздің Жасұландар параллель сыныптағы өзімен-өзі жүретін бұйығы ұлды қорлап жатыр. Бетіне ыстық темекіні тигізер-тигізбес жүгіртіп өтіп, ішінен бір тепті. Ары қарай қарауға дәтім шыдамай, дәретхананың қасынан тез өтіп кеттім. 

Менің екі інім әзірге бастауыш сынып оқушылары. Бірақ, олар жоғары сыныпқа көшкенде осындай бассыздықпен бетпе-бет ұшырасайын деп тұр. Інілерімді осындай бандит-сымақтар төмпештеп жатқандары көз алдыма елестеп кетіп, жанымды қоярға жер таппадым. 

Бір күні 3-ші сабақ біткенде дәлізге шықсам, мектеп іші апыр-топыр болып жатыр. Дәлізде оқушылар ғана емес, мұғалімдер де зыр жүгіріп жүр. Қызығушылық жеңіп, менде өзгелермен бірге жүгіріп сыртқа шықтым. 

Мектеп алдында мұғалімдер мен оқушылар шашылған жемге үймелеген тауықтардай топырлап тұр. Бір кезде:

– Ары кет, ары, – деп айқайлаған Ғани Іңкәрұлының даусы естілді. Ғани Іңкәрұлы – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Біздің Жасұландар сол кісінің кабинетінің «құрметті» қонақтары. 

Күн жарқырап тұрғанымен, суық аяз денені қармап барады. Бірақ, сонда да топырлап тұрғандар мектепке кірер емес. Менде араларына кіріп, «бұлар не нәрсеге қарап тұр» деп қарасам, о Тоба!.. Ғани ағайлар Жасұланды көтеріп келе жатыр. Ал, Жасұланның ақ көйлегі қып-қызыл қанға боялған. Қан қолын түріп ораған бинттен өтіп, жерге тамшылап жатыр. Кеше жауған қар – қан деген өте қорқынышты нәрсе екенін бадырайтып көрсетіп тұр. Теледидардан атыс-шабыс туралы фильмдерді қарай-қарай, қанға көзіміз үйреніп қалған ғой. Бірақ, шынайы өмірде үстінен қан ағып жатқан адамды көру деген өте ауыр екен.  

– Тараңдар, – деп гүр ете қалды Ғани Іңкәрұлы. – Алма Оралқызы, Мира Алдабергенқызы, оқушыларды алып кетіңіздер!  

Есеңгіреп тұрған мұғалімдер естерін жинап алды да:

– Болды, кіріңдер, – деп бізді ішке тықсыра бастады. 

...Сабаққа кіргенде біз ұлдарды мың-сан сұрақтың астына алған едік.

– Жасұланға не болды?

– Кім пышақтады?

– Қашан пышақтады? 

– Сендер қайда болдыңдар?

– Енді не болады? 

Бұл сұрақтарға ұлдар жауап бере алмады. Түрлері бұзылып, үн-түнсіз отырды. Әншейінде аузы жабылмай сөйлеп отыратын Мирастың түрі әлемтапырық болып кеткен. Басын сығымдап қысып, жұдырығымен партаны қайта-қайра ұра берді. Бұны көрген қыздар сұрақ қоюды доғарды. 

Қазір сынып жетекшіміз Мира апайдың сабағы. Бірақ, оны директор шақыртып алды. Мұғалім жоқта кабинетті басымызға көтеріп, у-шу болып отыратынбыз. Бұл жолы шыбын ызыңы естілетіндей тыныш. Бәрі өз ойымен арпалысып отыр. 

«Жүйелі қарғыс иесін табады» дейді емес пе? Мен кейде іштей Жасұланды қарғайтыным бар. Қарғағанда қалай? Қарғыс деп те айтуға келмейді. Тек, оның шарасыз күйге түскенін көргім келетін. Себебі, біздің мектепте оны шарасыз күйге түсіретін ешкім жоқ. Тым астамсып кетті. Сонда іштей Жасұланнан күшті біреу шығып, оны орнына қойғанын тілеп, аянышты күйін көргім келетін. Бірақ, бүгінгі көріністен соң, бұл ойыма қатты өкіндім. Өзімді жек көріп отырдым. 

Бір уақта кабинетке Ғани Іңкәрұлы қос полицеймен бірге кіріп: 

– Қане, жігіттер, бәрің жүріңдер, – деп ұлдарды ертіп алып кетті. 

Сынып іші босап қалды... 

Ұлдарсыз құр қыздар не істерімізді білмей, бір-бірімізге жаутаңдап қарай бердік. Бұрын қиын сәттерде ұлдарға арқа сүйеп үйреніп қалған екенбіз. Қандай да бір мәселе туындаса бәрін ұлдар шешетін. Оларға көңіліміз толмай, қабылдаған шешімдеріне қарсылық танытатынбыз. Ал, қазір отырысымыз мынау. Шешім қабылдау былай тұрсын, не деп сөйлерімізді білмей. Сыныптағы ең еркекшора, ең мықты деген Альмираға қарап-қарап қоямыз: «Жағдайды қолыңа ал, бізге команда бер» дегендей. Бірақ, Альмира бізді басқару былай тұрсын, өзіне ие бола алмай отырғандай. Әйтпесе, әрқашан ұлдарға ақыл айтып, жанжалдасып жүруші еді. Құр сөз екен ғой оныкы. Осы кезде ғана ұлдардың қадірін түсіндім.

Біз сабақтан соң ауруханаға баратын болып келістік. Сағат түскі 13:45-те сабақтар аяқталып, бәріміз мектептен бірге шығып төрт көзіміз түгел келе жатырмыз. Ұлдарды әлгінде полицейер алып кеткен. Сол кеткеннен ешқайсысы келмеді. 

Жасұлан хирургия бөлімінде жатыр екен. Бәріміз топырлап екінші қабатқа көтеріліп, кезекші апайға Жасұланға келіп тұрғанымызды айттық. Кезекші апай: 

– Неге топырлап келгенсіңдер? Қайтыңдар. Бұл жер базар емес, – деп ұрысты. 

Ақерке әкесіне телефон шалып, кезекші апаймен сөйлестірді. Кезекші апай сөйлесіп болғасын: 

– Жарайды қыздар, бірақ, дәлізде бұлай тұрмаңдар. Сыртқа шығыңдар. Қазір Жасұланға айтам. Бірақ, ол 10 минуттан кейін палатада болатын болсын. Бөлім меңгерушісі көрсе мені құртады, – деп бізге қайта-қайта ескертті. 

Сыртқа шықтық. Артымыздан Жасұлан да шықты. Жасұланды көргенде оған жапа-тармағай ұмтылдық. Оған деген бұрынғы өкпе-ренішімнен ешқандай із қалмапты. Қадірін енді түсінгендеймін. Жасұлан барда сынып іші көңілді. Бір мәселе туындаса, апайлар ұрысса, әлдекімдер тарапынан қандай да бір қысым болса да, өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Себебі, Жасұлан арқа сүйейміз. Ол әрқашан соққыны бірінші өзіне қабылдап алады, бізге жібермей. 

Кейде Жасұлан сабаққа келмей қалады. Сонда жау тылында қалғандай сезімде болам. Ол жоқта біздің ұлдар 2-3 топқа бөлініп алады. Ортаға ортақ әңгіме де тасталмай, берекеміз кетеді. 

– Қашан келдіңдер? Сендерді келдеді деп ойламадым, – деді ол риза болып. Бұрынғы паңдығы жоқ. Әлгінде бірер сағат бұрын қолының жараланған жерін дәрігерлер тігіп бергенін, бәрі ойдағыдай екенін айтты. Бірақ, біз одан оқиға қалай болғанын сұрап, жан-жақтан жұлмаладық. 

– Сендерге айтатын нәрсе емес, – деп Жасұлан қалай пышақталғаны жөнінде айтуға құлықсыздық танытты. Қабағы қарс айрылған оны қыздар қыстамады. Негізі, оның мысы бар. Ол жайдары болса өзімізді еркін ұстаймыз. Егер қатулы болса онда үндемейміз.   

...Ертесінен бәрі белгілі болды. Біздің ауданда станса жақта атышулы мектеп бар. Не үшін екенін білмеймін, ұлдары өте бұзық. Аудандағы барлық мектеп солардан қорқады. Біздің ұлдардан жиі естимін, стансалықтар аудандағы барлық мектепті «счетчикке» отырғызуға әрекеттеніп жүрген көрінеді. Біраз мектеп отырып үлгерген екен. Жасұлан бастаған біздің мектеп ашық қарсы шыққан. Соған стансалықтар Жасұланға тіс қайрап жүріпті. Бір күні амалын тауып Жасұланды сыртқа шығарған. Оған Дулати мектебі ай сайын стансалықтарға 30 мың теңге төлеп тұру керектігін айтқан. Әрине, бұған Жасұлан келіспейді. Ары айтса да, бері айтса да көнбегесін Жасұланға жабыла кетіпті. Қарулы Жасұлан оларға дес бермегесін, араларында біреуі қалтасынан пышақ шығарып Жасұланға сілтеп кеп жіберген. Қан бұрқ ете қалады. Жасұлан тізерлеп отыра кетеді. Тоқтамай ағып жатқан қанды көрген стансалықтар пышақты жерге тастай салып қаша жөнеледі. Арада бірер минут өткенде дәретханаға шыққандар қансырап жатқан Жасұланды көріп қалған. Ары қарай бәрі белгілі.

Сол жағдаяттан кейін онсыз да жұлдызы жарық Жасұланның абыройы аспандап шыға келді. Кейін білсем, Жасұлан ауданда талай жылдан бері қалыптасып қалған жүйені бұзған екен. Яғни, «счетчик» деген. Жасұлан көнбей қойып еді, басқа мектептер де стансалықтарға тиын-тебен жинап беруден бас тартыпты. Стансалықтардың абыройлары шелектеп төгіліп, жүні жұлынған тауық кейпіне түсті деп естідім.    

7. Наурыз айы

Көптен күттірген көктем де келіп жетті. Басқаларды білмеймін, өзім көп күттім. Көктемді асыға күткеніме себеп көп. Соңғы кездері сағыздай созылған лайсаң қыс күндері мені депрессияға түсіре бастап еді. Қыс қаншалықты былжырай созылса, соншалықты салым суға кетеді. Сондайда көктемгі күн шуағы бойыма қуаныш дәнін сепкендей болады. Сәл де болса көңіл-күйім көтеріліп, алдағы күнге үмітпен қараймын. Не үміт екенін білмеймін. Бәлкім, барлық қыздар секілді, сүйгенімді күтетін шығармын. Жан дүниемді түсінетін, әркез менімен бірге болатын. Негізі, біз, қыздар, соны күтеміз. Жақсы жігітпен көңіл қосқымыз келеді. Әйтпесе, жалғыздықтан тым ашушаң болып кетеміз. Өмірімізде махаббат болмаса, онда ондай мәнсіз өмір бізге керек емес.  

Соңғы кездері Арысланмен құры сөйлесе бергім келмейтін болыпты. Себебі, онымен сөйлескен жаныма қуаныш сыйламайды. Неге десеңіздер, мен онымен түсініксіз қарым-қатынаста болғым келмейді. Ол күнделікті жағдайымды біліп тұрғанымен, сезімін білдірмеді. Ол мені ұната ма? Ұнатпай ма? Не мақсатпен сөйлесіп жүр? Осы сұрақтарға жауап таба алмай басым қатып кетті.  

Оның сөз салғанын күтіп жүрмін. «Қызым боласың ба?» дегенін. Мейлі, агенттен жазып жіберсе де. Келісер едім. Күні бойы оның жазғанын сарыла күтем. Жатар алдында бір жазады. Одан «дың» етіп хат келгенде қуанып кетем, жүрегім жарылып кететіндей. Бірақ, ол жіберген хатты бірден ашпаймын. 10 минуттай күттіремін. Бірден ашып жауап берсем не қадірім қалады?! Қыз емеспін бе?! Сөйтіп, бір-екі тіл қатысамыз да, бір-бірімізге қайырлы түн тілеп диалогты үземіз. Оған «қайырлы түн, мен жаттым» деп жазғаныммен, тағы да ұйықтамай 1 сағаттай ары-бері жүрем. 

Негізі алғашқы қадамды одан күте бермей өзім астарлап жасап көргенім абзал секілді. Бұрын жоғары сыныпта оқитын бір жігіт ұнайтын еді. Дәлізде кетіп бара жатқанда ол мені көрсе, тіл қатса екен деп тілейтінмін. Бірақ, ол өйтпейді. Содан дым көңіл-күйім болмай жүремін. 

Сол жігіт бір күні дәлізде кезекші болып тұрған менен: 

– Сен Сүннетпен бірге оқисың ба? – деп сұрады. Абдырап қалдым. Көптен күтіп жүрген арманым орындалып тұр! 

– Иә. 

– Есімің кім еді? 

Осы жерде басым істемей қалды. Ішімнен «Дина» дегеніммен, былай дауыстап айта алмадым. Қыз баласы болған соң, тәкаппарлығым ұстап қалды. Қаламасам да. Ол кезде мен сегізінші сынып оқушысымын, әлгі жігіт оныншы сыныпта оқиды. Сол кездері біз өзімізбен қатар жігіттерді менсінбей, жоғары сыныптағыларға көз сүзетін едік қой.

Ол менің есімімді тағы сұрады. Мен өзімді бақылаудан қалып:  

– Білмеймін, – деп бұрылып кеттім. Кетіп бара жатып іштей өзімді сөктім. «Білмейміні несі?» Осындай да жауап бола ма? Өз-өзіме ашуым келді. 

Кейін білдім, әлгі жігіт менімен танысқысы келмепті. Жай ғана Сүннетке менен бір зат беріп жібермекші болыпты. Е, бәсе. Осы уақытқа дейін мені ешкім танысу үшін сөзге тартып, қырындап көрмепті.  

...Бүгін жетінші наурыз. Халықаралық қыз-келіншектер күні мерекесі бізде осы күні тойланады. Бірақ, сыныбымыздан мерекенің иісі шығып жатқан жоқ. 

Бұрын  ұлдар бізге сыйлық беретін. Мысалы, гүл, иіссу, ойыншық аю секілді. Биыл біз сыйлық алғанға мәз болып жүретін жастан өттік. Бізге керегі – отырыс. Өйткені, бізбен параллеь сыныптағы ұлдар қыздарына отырыс ұйымдастырып беріп жатыр. Ал, біздің ұлдар көрші орыс сыныбының отырысына баратын болып шешіпті. Бізден гөрі сол сыныптағы қыздар маңызды екен! Біз өзімізді тастанды, ешкімге керегі жоқ алгебра кітабындай сезіндік. Өзімізше ұлдардан өш алған түріміз ғой, томсырайып сөйлемей жүргеніміз. 

Қысқасы, бүгін біздің қыздар ұлдар тарапынан елеусіз қалғанға ашуланып қайтты. Ал, мен бұндайға баяғыдан үйреніп қалғанмын. Жоғалтқан ештеңем жоқ.   

Үйге келіп агентімді қосып едім, «дың» етіп хат келді. Арысланнан. Бұл жолы бойымдағы тәкаппарлық еріп сала берді. Хатты аштым.

– Ертең ауылға келем. Жолығайық.

Әйтеуір, көрісетін болдық қой! Сағынып қалып едім.

– Білмеймін, нақты жауабын кешкісін айтайын ия? 

– Жарайды. 

Кешке дейін көңілді жүрдім. Әндетіп жүріп үйдегі бүкіл шаруаны жайғап тастадым. Екі інім де менің көңілді жүргеніме қарап өздерін емін-еркін ұстауда. Менен аяқ тартып жүретін еді. Себебі, соңғы кездері мен ашушаң болып кетіп, қит етсе інілеріме ұрса беретін әдет тауыппын. 

Кешке Арысланға шыға алатынымды жаздым. Хатты оқыған Арыслан ертең таңертең Нұршуақта болатынын, түсте мектепке өтетінін айтты. Ертең басқа сыныптарға демалыс болғанымен, бізге әдеттегідей мектепке барып тестке дайындалу керек.

Бұрын көлігін көше жаққа қоятын Арыслан бұл жолы мектеп алдына келіп тоқтапты. Оны мектептен шыққанда көрдім. Дұрысы, көрдік. Біз сыртқа бір топ сыныптастар шыққан едік. Шоқ гүл ұстап сыптай болып тұрған Арыслан көңілді топ ішіндегі мені көріп:

– Дина, – деді дауыстап. Оған мен ғана емес, бәрі қарап қалды. Айсұлу, Ақерке, Анелья, Аида, Жасұлан, Мирас, Сүннет, Асхат, Бұзау. Тағы кім бар. Әсел тұр, Еркеғали бар. Бәрі Арысланға қарап тұр. Ал, Арыслан ешкімнен қымсынар емес. Жаныма келіп қолындағы гүлін берді:

– Мерекеңмен!

Мен ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Оңашада берсе болады ғой, осынша адам қарап тұрғанда бергені несі? Не деген өзіне сенімді! Оның өзіне деген сенімділігі біздің ұлдардың мысын басып кеткен секілді ме, ешқайсысы үндемей қалды. Ал, қыздар таң-тамаша болды. «Қалайша дәл бұндай жігіт Дина секілді тым қарабайыр қызға қарады, бұл абсурд қой» деп. Бір-бірімен сыбыр-сыбыр, күбір-күбір етісіп.     

Бір жағы оған ашулансам, бір жағы оны осы әрекеті үшін қатты жақсы көріп кетсем бола ма? Абыройымды әп-сәтте көтеріп тастады.

– Дина, жүр, сені шығарып салайын.

Мен үндемей соңынан ере бердім. Ұят-ай! Гүл бергені үшін рахмет те айтпаппын. Тілімді жұтып қойғандаймын. Ойламаған жерден болған қуаныштан ғой. Көз қиығыммен артыма қарап едім, сыныптастарым бізге әлі қарап тұр. Әсіресе, қыздар. Көздерінен көре алмаушылықты байқадым. Іштері күйіп жатқанын сездім. 

Арыслан көлігінің артқы есігін ашты. Мен отырдым. Соңғы рет қыздарға терезден тағы қарадым. Олар мен отырған көлікке қарап, жаяу қайтып бара жатты. 

Арысланды қатты сағынып қалыппын. Оның жай ғана қасымда жүргенінің өзі бойыма қан жүгіртіп, жүрегіме қуаныш ұялатты. Алғаш рет өзімді төрт құбылам түгел жандай сезіндім. Осыған дейін жаныма бірдеңе жетіспей тым ауыр сезімде жүретінмін. Бұл жолы көбелектеймін. 

Арыслан Алматыда бір жарым ай бойы не істегенін баяндады. Мен ҰБТ-ға дайындық қалай жүріп жатқанын, біздің мектепке станса жақтағылар шабуылдағанын, оған біздікілер қалай қарсылық көрсеткенін жеткіздім. Әңгіме таусыла бастаған кезде, Нұршуақ пен Алматының ауа-райын салыстырдық. Лондон Қазақстаннан қалып кеткенін айттық, уақыт белдеуі жағынан. «Көшпенділер» фильмінде Абылай ханды шетелдік актер ойнағанына наразылық таныттық. Еліміздегі білім саласындағы кемшіліктерге тоқталдық. Соңғы кездерді той-томалақ көбейіп кетіп, халық даңғазалыққа үйір болып бара жатқанына күйіндік. 

Ең соңы болашақта кім болатынымызға тоқталып, еліміздегі қалыптасқан саяси жүйеге деген ренішімізді білдірдік. Тақырып аясы тарылып, әңгімеміз де сарқыла бастады. Десе де, мен бұған қанағаттанған жоқпын. Шынымды айтсам, мен үшін бұлар түкке де керегі жоқ әңгімелер еді. Мен үшін маңыздысы – Арыслан екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас туралы. Бірақ, Арыслан біз туралы әңгіме қозғар емес. 

Арыслан әңгіме айтып келеді. Бұл жолы әлгіндегідей емес, жай ғана басымды шайқап келемін. Сөйлемей. Ол бірдеңе десе, кішкене салқындау жауап қата бастадым. 

Арыслан осыны сезді ғой деймін, күртесінің қалтасынан әдемі қорап алып шықты. Қып-қызыл. Алтын түстес сары жіптері жалт-жалт етіп тұр. 

– Дина, тағы да мерекеңмен! Мынаны саған арнап алдым, - деп қорапты ұсынды.  

– Рахме-е-т! – дедім қуанышымды жасыра алмай. – Қазір ашып көре берейін бе?

– Ия. 

Жүрегім дүрс-дүрс етіп қорапты аша бастадым. Саусақтарым дірілдеп икемге келер емес. Қобалжығандықтан ғой. Қазір қораптан жүзік шығады. Ішкі түйсігім солай деп тұр. 

Бірақ, ешқандай жүзік шықпады. Алқа шықты. Бірақ, сонда да қуандым. Оны жүзімнен байқаған Арыслан:

– Қане, мойныңа тағайын, – деді. Бұл жолы мен көліктің артында емес, алдында отыр едім. Шашымды жинай қойдым. Арысланның қолы мойныма тигенде денем дір ете қалды. Бойымды ыстық қан шарпып өтті. Ол алқаны тағып боламын дегенше өртеніп кете жаздадым.

– Айнаға қарап көрші... Қалай, бола ма?  

Көлік терезесін түсіріп, есіктегі айнаға қарадым. Осы уақытқа дейін мен алқа, жүзік деген сияқты әшекейлерге қызықпаппын. Өз мойнымнан алғаш рет әшекейді көріп тұрған соң ба, өте қуанышты едім. 

– Күшті-і-і! – дедім Арысланға еркелей қарап. – Рахме-е-т! 

Менің қуанғаныма ол да қуанды. Әлгіндегідей емес, бұл жолы мен самбырлап әңгіме айта бастадым. 

Үй жаққа келгенде біз көліктен түстік. 

– Ал, жарайды Дина, көріскенше!

Бұрын «рахмет» деп кететінмін. Бұл жолы мені батылдық билеп, Арысланды бетінен сүйіп алдым да үйге қарай жүгіре жөнелдім. 

...Дүйсенбі күні мектепке алтын алқаны тағып бардым. Жүзім өз-өзінен бал-бұл жайнай берді. Өзімді салқынқанды ұстайын десем де, түрім жымия береді. Сыныптастарымның назары менде. Әдеттегідей Мирас мені көргенде қағытып: 

– О-о, Мин Су Ен келді, – деді. Мені Суенге теңегеніне риза болып қалдым. Мин Су Ен – «Ва банк» деген кәріс сериалындағы басты рөлдегі актриса. Біз жетінші сыныпта оқитын кезде теледидардан алғаш рет «Ва банк» көрсетілді. Мұнда Ким Ина деген жігіт Мин Су Енді ұнатады. Ұнататынын ұзақ уақыт айта алмай жүреді. Жалпы, фильм махаббат жайлы. 

«Ва банк» кешкі сағат 20:00-де «Ел арнадан» көрсетіледі. Ол кезде біз түскі ауысымда оқимыз. Сабақтан соң үйге қарай асығамыз. Тек қыздар емес, ұлдар да. Олар да «Ва банкты» жіберіп алмауға тырысады. Олар Мин Су Енға ғашық болды. Бірақ, бойы аласалау, дене бітімі онша емес. Десе де, оған қарап жатқан ұлдар жоқ. 

Ал, біз, қыздар жігітіміз Ким Инадай болғанын қаладық. Ким Ина сүйгеніне өте адал еді. Басына бақ бітсе де бұзылмады. Су Енға опасыздық жасамады. Сүйгеніне адал болу – қазіргі заманда жоғалып бара жатқан құндылық қой. Қазіргі жігіттер бір қызбен жүріп, екінші қызбен қатар сөйлесе береді. Бәрі емес, көпшілігі.

Ұлдарды қоя берші, бәрінен бұрын қыздар, оның ішінде Айсұлу, Анельялар маған жылы қабақ танытты. Арыслан туралы сұрады. Қалай танысқанымызды, кеше қандай сыйлық бергенін, екеуміз қашаннан бері жүретінімізді, бәрін сұрады. Мен барлық сұрақтарына жауап бердім. Қыздар бастарын шайқап, «қандай бақыттысың» деген көзбен маған жымиып қарай берді. Бәрі Арысланның арқасы. Іштей тағдырға риза болдым. Арысланмен мені кездестіргеніне. Егер сол күні қосымшада мен емес, мысалы, Анелья отырса ше? Арыслан Анельямен сөйлесіп кетер ме еді? Кім біледі. Бәрі мүмкін ғой. Ешкімге сенім жоқ. Бірақ, сол күні Анелья емес, мен болдым.     

***

Бүгін 22 наурыз. Қазақ халқының Жаңа жылы. Қыс ызғары кетіп, көктем лебі сезіле бастаған шақ. Көгеріп көктем келгенде жан дүнием бір жасап қалады. 

Бүгін добалдай етігімді шешіп, аяғыма жеңіл кроссовкамды кидім. Сыртқа шықтым. Дала жып-жылы. Күн нұры електен өткен ұндай себезгілеп тұр. Дүкенге үйге нан алу үшін еліктің лағындай ойнақтап бара жатыр едім, жолдан Асқар ағайды көріп қалдым. Көзі шарасынан шығып кете жаздап ұялы телефонымен әлдекімге балағаттап ұрсып жатыр. 

Жалпы, Асқар ағай мені таниды. Кішкентай кезде Ақеркенің үйіне жиі барып ойнайтынмын. Асқар ағай жұмыстан қайтқанда қызына сыйлық алып келетін. Мені де ұмыт қалдырмайды. Менде Ақерке жеген «Сникерсті» жеп, ол ішкен шырынды ішем. Ол жеген жемісті жеймін. Мені өз қыздарынан бөліп-жармайды. 

Үйге мақтанып барам, «шырын іштім, мандарин жедім» деп. Ата-анам үнсіз тыңдап, теріс бұрылып кетеді. Намыстанғандары екен ғой. Мен оны қайдан білейін. Әлі көп нәрсенің байыбына бара бермейтін кезім.  

Кейін біз бесінші сыныпқа көшкенде, Асқар ағай өзі жұмыс істейтін емхананың бас дәрігері болды. Қызмет бәрібір адам болмысына әсер етпей қоймайды екен. Бойындағы бұрынғы қарапайымдылық жаймен жойылып бітті. Тәкаппар, ашушаң болып кетті. Ағайды анда-санда көріп қалып амандассам басын изейді, кейде бір қарап өтіп кетеді. Жаман болып қалам. 

Ағайды көрген кезде амандаспау үшін жасырынып қалатын әдет таптым. Қазір де жаймен өтірік қана кері бұрылдым. Өйткені, тығылатын жер жоқ. Асқар ағай мені байқамады. Бар ойы – тұтқаның арғы жағындағы кісіде. Оған тоқтамай ұрсып жатыр, ұрсып жатыр. Не деген сөздер! Естуге құлағым ұялды. Қараптан-қарап әлгі кісіні аяп кеттім.

Асқар ағайды не жек көрерімді, не жек көрмесімді айыра алмай жүрмін. Жек көрейін десем, кішкентай кезімде қызы Ақеркеден кем көрмегенін әлі ұмытпаймын. Жек көрмейін десем, қазір әкеме күн бермейді. Жалпы, не шешім қабылдарымды білмеймін. Мен өзім өзгенің жақсылығын ұзақ есте сақтайтын адаммын. Оның жақсылығы әлі жүрек түкпірімде тұр. Сондықтан да ол кісіге деген көзқарасым жақсы да, жаман да емес. 

Ертесіне таңертең қыздар телефон шалды. Демалыс күні жайша хабарласты ма деп ойладым. Сөйтсем, кеше түнде Ақеркенің әкесі қайтыс болыпты! 

Ол кісіні кеше ғана көрдім ғой! Сол кезде Асқар ағайды соңғы рет көріп тұрғанымды сезсемші! Елемесе де сәлемдесер едім. Бастауыш сыныпта екі күннің бірінде Ақеркенің үйінде жүретін едім. Сол кезде олар бірде-бір рет «осы қыз бәле болды» деп айтқан емес. 

Жол бойы терең ой құшағынан арыла алмай келе жаттым. Өмір деген өткінші екен. Өлім алдында ешкім дәрменсіз. Ауданда қаһары жүріп тұрған Асқар ағайды Әзірейіл бір түнде О дүниеге алып кетті.

Ақерке тұратын «Жеңіс» көшесіне бұрылып едік, құжынап тұрған көліктерді көрдік. Көшеде костюм-шалбар киген кісілер жүр. Үй алдында да өріп жүргендер аз емес. Шамамен жүзден астам адам бар шығар. 

Жүзімдік түбінде Асқар ағайдың бауырлары кемсеңдеп тұр. Сырттан «бауырым-айлап!» жер-дүниені басына көтеріп жылап кіріп жатқандарды көргенде денем тоңазып кетті. Жоқтау есту неткен ауыр! 

Біз үйге кірдік. Бір бұрышта Ақерке отыр. Көзі күп болып ісіп кеткен. Асқар тауы - әкесінен осылай бір пәсте айрылып қаламын деп ойлады ма?! Жап-жас кетті. Әлі 50-ге де толмады. 45-тер шамасында болу керек. Бұл ерлер үшін тал түс жас қой. 

Біз үй ішіндегі барлық әйелді қолынан ұстап шығып көңіл айтқан болдық. Ең соңында Ақеркенің жанына келіп:

– Арты қайырлы болсын, – деп аяй қарадық. Жалпы, көңіл айту деген ауыр процесс екен. Өзім осы уақытқа дейін ешкімге көңіл айтып көрмегесін бе, бұл жағдайда не істерімді білмей сасқалақтап жүрдім. Артық қыламыз деп тыртық қылып алудан қорықты ма, сөзшең ұлдар да онша сөйлемеді. Иә, бұл жерде тілге ие болу керек. 

Ақерке әкесінің қайтқанына әлі сене алар емес. Қыстыға жылап, қабырғаны нәзік жұдырығымен қайта-қайта ұрды.  

Бұл көктем Ақерке үшін ауыр тиді. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Даниярмен айрылысып кетті. Мен «айрылыс» деп о баста ескерткен едім. Бірақ, Ақерке тыңдамады. Кей ұлдар 8 наурыз қарсаңында жоқ жерден ұрыс шығарып жатады. Данияр да Ақеркеге сыйлық әпермес үшін бірдеңелерді сылтауратып, қызды жылатып кете барған.  

Әдетте мереке өткен соң жігіттер қыздарына сойқан түлкідей ыржиып қайта оралады. Ал, Данияр оралмады. Ақерке оны көп күтті. Онысы бекершілік екен. Данияр басқа қызбен сөз жарастырып кетіпті. 

Ақерке махаббат тұманында адасып жүргенде әкесінен айрылды. Бұл енді расында ауыр қайғы. Кейде Ақерке әкесіне ауырлау сөздер айтып қалып жатады. Сондайда әкесі үндемейді. Қызының бар еркелігін, бар қырсықтығын көтереді. 

Ол Ақеркеге қалағанын әперетін. Біз көрмеген қымбат телефон, сәнді әшекей, киім-кешек, т.б. Соңғы жылдары әкесімен қарым-қатынасы қандай болғанын нақты білмеймін. Бір білетінім, әкесінің қадірін онша сезіне бермейтін. Әрине, бұл менің болжамым. Мүмкін шындығында басқаша шығар. 

– Ақерке, бекем бол енді, – деді Жасұлан өкпені қысқан ауыр үнсіздікті бұзып. – Біз әрқашан жаныңдамыз. 

Басқаларымыз Жасұланға қосылып, Ақеркеге қолдау білдірдік. Ол өз-өзін ұстай алмай тағы жылап жіберді.

– Өкініштен өзегім от боп өртеніп жатыр. Әкем бұлай бір күнде мені тастап кетеді деп ойламадым ғой... 

8. Сәуір айы

Биыл аудандық кітапхана байқау ұйымдастырды. Соған Жанар апай мені жіберетін болып шешті.

Ертесіне кітапхана келдім. Оқу залының төріндегі үстелд 4-5 оқушы отыр. Бұлар жарысқа қатысушылар екен. Кітапханашы апайдың нұсқауымен, мен олардың жандарына барып отырдым. 

Жарыс басталғанша бір жігіт бізді әңгімеге тартты. «Қайдан боласыңдар, аттарың кім» деп. Жанымдағы қыздар ашық-жарқын екен, бірден әлгі жігітпен ежелгі таныстардай сөйлесіп кетті. Мен болсам жымиып, бас изеп отырдым. Көзіме сөзшеңмен қатар отырған жігіт оттай басылды. Бұл – Абай Жаңабай! «Шамшырақ» газетіне жазған-сызғандары шығып жүретін. Мақаланың астында фотосы тұратын. Әшейінде сөйлемейтін мен: 

– Сен Абай Жаңабайсың ба? – деп сұрадым. Ол жымиып:

– Иә, – деді. 

– Менің атым – Дина. 

– Танысқаныма қуаныштымын. 

– Менде. Сен биыл аудандық пән олимпиадасында бірінші орын алдың ғой ия?

– Иә. 

– Облыстықтан ше? 

– Ол жақтан 3-ші орын болды.

– О-о, құтты болсын!

...Жарыс басталды. Бірақ, Абай бізбен онша жарыспады. Көп жерде үндемей, бізге бірінші болып жауап беруге мүмкіндік беріп отырды. Қасында отырған жігіт сияқты ұпайға таласып майдаланбады. 

Ол олимпиададан бірінші орын алды дегенді естігенде кішкене жақтырмағаным бар. «Сатып алды, таныс арқылы алды» деген пендеуи ойлар қылаң бергені рас. Қазір Абайға қарап отырып, бірінші орынға расында лайық болғанын түсіндім. Адамды көрмей жатып ол туралы сыртынан ғайбат айтпау керектігін түсіндім.

Жарыс бітті. Бірінші орын бір адамға, екінші орын екі адамға, үшінші орын үш адамға берілді. Жалпы, жарысқа қатысқан ешқайсымыз орынсыз қалмадық. Бірінші орынды Балықшы ауылынан келген шикіл сары қыз алды.  

Қайтарда алтаумыз бірге қайттық. Жол-жөнекей қатарымыз азая берді. Мен болсам, бәрі тезірек жан-жаққа тарап кетіп, Абай екеуміз ғана қалсақ екен деп тілеп келемін. Әрине, Абайды ұнатып қалғаным жоқ. Мен Абаймен жай ғана әдебиет жайлы сөйлескім келді. Өйткені, оның проза жазатын әдеті бар көрінеді. Ал, мен поэзия. Және облыстық олимпиада қалай өтті? Газетке мақала жазуды қашан бастады, оған не түрткі болды? Жалпы, оған қояр сұрағым көп. 

– Бердібек Соқпақбаевты оқимын, – деді Абай. – Оның жазғандарында артық сөз, артық бояу жоқ. Қалай көреді, солай жазады. «Балалық шаққа саяхаты» ерекше ұнайды. Сол шығарманы оқи отырып аштық деген не екенін түсінгендей болдым. Шығармада Бердібек бір үзім нан жесе өзім жегендей қуанамын. Майлы сорпа ішсе бір жасап қаламын. Жетер жеріне жеткізіп жазады ғой, шіркін. 

– Сайын Мұратбеков жазған «Жусан иісі» де Бердікбек Соқпақбаевтың «Балалық шағына саяхатына» ұқсайды. Бұл повестьте Совет-Герман соғысы тұсындағы ауыл балаларының өмірі, сол кездегі халықтың ауыр тұрмысы суреттеледі, – дедім мен.   

– Совет заманы туралы оқудан шаршағанда Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі қазақ қоғамы туралы оқығым келеді. Сондай оқитын кітап таппай қиналамын. Әзірге біз туралы жазылған кітаптар аз секілді. 

– Иә-ә, – дедім мен. Абай менің ойымды дөп басты. Расында да неге қазіргі мектеп оқушыларының өмірі туралы, жасөспірімдер, жастар туралы шығармалар аз? 

– Біздің Нұршуақтан шыққан Мархабат Байғұт деген жазушыны білесің бе?

– Иә. Білемін ғой. 

– Міне, сол кісінің жазғандары біздің заманға жақын.  

– Иә-ә, әсіресе «Әдебиет пәнінің періштесі» деген шығармасы ұнады. 1990 жылдардағы ауыл мектебінің ұстазы мен оқушыларының өмірі. 

– Және «Таудағы андыз» деген повесі бар. Мен сол повесті он қайтара оқыған шығармын. Оқиға біздің ауданда өрбиді. Абай мектебінде.

– Қойшы?! Кәдімгі біздің Абай мектебінде ме?

– Иә. Оқуға кеңес беремін.

– Міндетті түрде.

...Одан аудандық пән олимпиададан қалай бірінші орын алғанын сұрадым. Бұл сұраққа ол онша жауап бергісі келмей:

– «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» дейді ғой. Биыл бағым жанып кетті деп ойлаймын. Әйтпесе, сендерден асып бара жатқан еш жерім жоқ, – деп қысқа қайырды. 

Әңгімеге беріліп кеткеніміз сонша «Юбилей» аялдамасына келіп қалғанымызды байқамай да қалыппыз. Абай төмен қарай, мен жоғары кетуім керек. Бір-бірімізді қимай қоштастық. 

Құрғыр, ол телефон нөмірімді де сұрамапты. Сұраса берер едім. Енді онымен байланысымыз үзіліп қалмаса игі еді. Кешкісін үйге барғанда агенттен іздеп көремін. Егер тауып жатсам өзім достық жіберем.

...Өткен аптада біз «Тау самалдықтар» болып аудан орталығындағы саябақта кездестік. «Тау самалдықтар» – былтыр қыста Леңгір қаласы жақтағы «Тау самалы» оқу-сауықтыру лагеріне барған нұршуақтықтармыз. Мектептен «Тау самалына» неге мені жібергенін түсінбедім. Негізі, үздік оқушылар барушы еді. Мысалы, Әсел бар. Үздік оқушы. Ол лагерьге әлі бармады. Ал, Еркеғали тоғызыншы сыныпта барып келді. Неге Әсел тұрғанда мені жіберіп жатыр?

Гүлнар Бердиеваның оқу ісі жөніндегі орынбасары Сапаркүл Сатимова:

– Ертең таңертең сағат 7-де аудандық білім бөлімінің алдында бол. Сені «Газель» алып кетеді. Қазір үйіңе қайта бер. Жолға дайындал, – деді. «Не үшін мені жібердіңіздер» деп сұрап та үлгермедім.

Мектептен қуанып шықтым. Қар аралас жаңбыр сіркіреп тұр. Әшейінде құтылуға асығатын мектебімді қимай қалдым. Бойымды қорқыныш биледі. Лагерь деген қандай өзі? Бұрын сыныптастарым:   

– Жазда Машаттағы «Арман» лагеріне бардым. Ол жақта күнде дискотека, күнде қызық болды. Қыздар деген вагонг-вагон, - деп ауыздарынан сулары құрып мақтанып жатады. Сондайда мен қызығып тыңдаймын. Лагерьге барғым келіп кетеді. Бірақ, 2 апталық демалысқа 30 мың теңге төлеу керек екен. Бұл деген өте көп ақша. Бұны төлеуге ата-анамның шамасы жетпейді. Осылайша, жазғы демалыста ешқайда шықпаймын. 

Әр оқу жылының басында мұғалімдер де күйдіреді ғой. «Жазғы демалысым қалай өтті?» деген тақырыпта шығарма жаздыртып. Осы тақырыпта шығарма жазарда аза бойым қаза болады.

10 сыныпта бала күнгі арманым орындалды. Лагерьге барғалы жатырмын. Бұл лагерь жазғы лагерьден басқаша. Мұнда түске дейін кәдімгідей сабақ болады. Сол үшін дәптер, қалам, кітаптарымды апаруым керек. 

– Ол жақта адамдармен аралас, сөйлес. Бір бұрышта өз-өзіңмен бұйығып жүре берме. Бұл өмірде сенің де үлесің бар, – деді Сапаркүл апай. Оның «Бұл өмірде сенің де үлесің бар» дегені жадымда ерекше қалып қойды. Расында да мен бұл өмірге бекерге келмеген шығармын? Менің басқалардан қай жерім кем? Ортада жарқылдап сөйлесем біреу үстімдегі көйлегімді шешіп алмас. 

Ертесіне осы мотивацияның буымен Газельге міндім. Газельде соңғы қатарда екі жігіт отыр екен. Біреуі менімен қатарлас. Біреуі кішкентай. Шамасы, сегізінші не тоғызыншы сынып оқушысы. Шопыр Газельді оталдырып айдай жөнелді. Салонда мен, әлгі екі оқушы және аудандық білім бөлімінен бір кісі отыр. Төртеуміз. Сонда «Тау самалына» Нұршуақтан үш оқушы ғана барамыз ба? Қателескен екенмін. Жол-жөнекей Жаскешу, Балықшы, Састөбе, Машат ауылдарынан оқушылар міне бастады. Ұзын-ырғасы 15 оқушыға барып жығылдық. Байқауымша, бәрі тым қарапайым. Дөрекі түрде айтсам, кедей отбасының балалары екені көрініп тұр. Киімдері ескі, жүздері күтім көрмегеннен тоза бастағандай. Сол кезде барып бір-ақ түсіндім, лагерьге бұл жолы үздік оқушыларды емес, әлеуметтік жағдайы нашар отбасының балаларын жіберіп жатыр екен. Намыстанғаным-ай! Газельден түсіп қалғым келді. 

...Баяғыда бастауыш сынып кезімде қыстыгүні орыс апай мені сабақтан сұрап алып, кабинетіне ертіп келетін. Бұрыштағы шкафтан жасыл түсті күрте мен қызыл сөмке шығарып:

– Мынаны саған Аяз ата беріп жіберді. Ұқыпты ки. Жыртып алма, – деп басымнан сипайды. 

Жүіріп кеп сыныпқа мәз болып кіремін. Үстіме киіп алған күртені көрген Толқын апай: 

– Балалар, қараңдаршы, Дина қандай әдемі болып кеткен! 

– Аяз ата берді, – деймін мақтанып.

– Бәрекелді! Биыл Дина сабақты жақсы оқығаны үшін Аяз ата сыйлық беріпті. Қане, балалар, Динаға қол шапалақтап қояйық, – дейді Толқын апай күлімсіреп. Сол кездегі қуанышымды жеткізе алмаймын. Баламын ғой. 

Алтыншы сыныптан бастап бұндай әлеуметтік көмекті алуға қатты қысылатын болдым. Өйткені, бәрін түсініп қалғанбыз. Әлгі орыс апай есікті тоқылдатып мені шақырғанда жүрегім қысылады. Оның бергенін сыныпқа алып кіру бір азап. Түсінігі барлар аяушылықпен, түсінігі жоқтар мазақтап қарайды. 

Газель ішінде жәй-жәй сөйлесе бастадық. Бәрі қарапайым. Өзін зор, өзгені қор санау дегеннен жұрдай. Бір-бірімен танысып, реті келсе әзілдесіп те үлгеріп жатыр. Әзілдері де сондай бейкүнә. Ешкімнің шамына тимейді. Мына ортада мен өзімді өте жайлы сезіндім. Менде дауыстап бір-екі ауыз сөз айтып едім, ешкім мені тұқыртпады, керісінше, қолдады. Тәубемді ұмытып, мынандай алтын жандарды «кедейлер» деп менсінбегендей болып едім. Адамды сырт келбетіне емес, ішкі жан дүниесіне қарап бағалау керек қой.  

Басында қауіптенгенім бекер екен, лагерьде жалғызсырамадым. Махаббат деген Састөбенің қызымен жатақханада бір бөлмеге орналасып, мектепте де бір сыныпқа түстік. Жаны сондай таза, көңілі кіршіксіз қыз екен. Лагерьдегі 3 апта бойы жұбымыз жазылмай жүрді. Махаббат кішкене бойлы, сары. Мен ұзын бойлы, қарамын. Екеуміз күшті тандембіз. Бір-бірімізді айтқызбай түсінеміз. 

Шұқырбұлақ ауылынан келген Нұрлан, Мұрат деген жерлестеріміз де бізбен бірге бір сыныпта болды. Бір сыныпта төрт нұршуақтықпыз! Лагерьдегі әр күніміз ойын-күлкіге толы болды.   

Таңертең ерте тұрамыз. Жуынып-шайынып «Гүлдер» тобының қыздары сапқа тізіліп асханаға келіп таңғы асымызды ішеміз. Ас ішіп болғасын хормен «рахмет!» деп айқайлап сабаққа барамыз. Мұндағы ағай-апайлардың бәрі жас. Қытымыр мінездері жоқ. Сабақ біткесін түскі асқа барамыз. Түскі астан кейін кешке дейін боспыз. Бұл уақытта біріміз кітапханаға, біріміз спортзалға, біріміз акт залына барып уақыт өткіземіз. Корпустағы қыздар ортаға жиналып әңгіме айтамыз. Мафия ойнаймыз. Ымыртта қайта жиналып кешкі асқа шығамыз. Кешкі астан соң айналасы атшаптырым асхана залын жинаймыз. Себебі, мұнда интеллектуалды ойындар, КВН, Туған күн, Өнер жарысы сынды ойын-сауық кештері ұйымдастырылады. Аптасына бір рет дискотека болады. Жалпы, лагерьге келгендер негізінен тұрмыс жағдайлары өзім қатарлылар болғасын, мен мұнда өзімді судағы балықтай, сахнадағы Мақпал Жүнісовадай сезініп, емін-еркін жүрдім.   

Қайтарда бәріміз жан-жаққа, біріміз Сарыағашқа, біріміз Созаққа, біріміз Нұршуаққа кетерде бір-бірімізді қимай, көзімізге жас алдық. Ұлдарды білмеймін, қыздар солай істедік. Бір-бірімізбен байланысты үзіп алмас үшін телефон нөмірі, агент алмастық. 

Бастапқыда бәріміз бір-бірімізбен жиі хабарласып тұрдық. Бірақ, көзден кетсе көңілден кетеді екен. Жай-жай арамыз үзіле бастады. Тек, Састөбедегі Махаббатпен ғана байланысты ұстап тұрдым. Кей-кейде «әттең» деп өкініп қоямын. Махаббат біздің сыныпта оқығанда ғой. Ішім пыспас еді. Жалғызсырамас едім. Ақерке секілді мені орта жолдап тастап, басқалармен кетпейді. 

Биыл біз Махаббат екеуміз нұршуақтық «Тау самалдықтарды» жинауға кірістік. Махаббат бәрімен хабарласып, 20 сәуір, жексенбі күні аудан орталығында кездесуге шақырды. Сонымен, бас-аяғы 15 адамнан 6 адам жиналдық. 3 ұл, 3 қыз.  Мен, Махаббат, Ұлжан, Нұрлан, Мұрат, Нұржігіт. Ұлжан мен Нұржігіт дегендер бізден бір сынып төмен оқыды. Сол себепті де, олардың келіп-келмегені мен үшін аса қатты маңызды емес еді. Маңыздысы – өз қатарластарымыз, сыныптастарымыз Нұрлан мен Мұраттың келгені. Бір-бірімізді көрмегелі бір жыл, екі ай болыпты. Сағынысып қалыппыз. Бәріміз кездесу орнын – орталық саябақ деп белгілегенбіз. Саябақта отырып сөйлестік. Лагерьдегі қызықтарды еске алып көңіл-күйіміз көтеріліп қалды. 

Арада 1 сағат өткенде саябақта отыра беріп жалықтым. Кафе ме, бір жерге кіріп сусын ішкім келді. Себебі, бүгін күн ыстық. Кафеге кірмесек те дүкеннен анау-мынау алып жеп отырғым келді. Бірақ, қыз баласы болғасын, бұл қалауымды айта алмадым. Ұлдар отыр ғой, осы мәселені солар көтерер деп күттім. Бірақ, олар бұл туралы ештеңе дер емес. Сосын ұятты жиып қойып:

– Жігіттер, осы жақын жерде кафе бар. Сол жерге барып шай ішпедік пе? – дедім. Тек шөл басар сусын емес, кәуап па, қуырдақ па, әйтеуір майлы бірдеңе жегім келді. Қарным ашып қалыпты. Таңертең үйден ештеңе жемей асығып шығып едім. 

– Иә-иә, сөйтейік, – деп Махаббат мені қостап қойды. 

Бірақ, Нұрлан мен Мұрат біздің бұл ұсынысымызды онша қолдамады. Қолдамады дегенде, қалталарын қарманып:

– Ақша алып шықпап едік, – деді бізге қарап. 

Бір сәтте көзіме асқар таудай көрініп тұрған екеуі бір пәсте шөгіп кеткендей көрінді. Біздің алдымызда қасықтап жинаған абыройларын шелектеп төгіп алғандай болды. 

Махаббат екеуміз не істерімізді білмей қалдық. Сәлден соң:

– А-а, ештеңе етпейді. Жүріңдер, аялдама жаққа бара берейік асықпай, – деді Махаббат. – Кеште батуға жақындап қалыпты. Қайту керек. Үйдегілер іздейді.

Ішімде бірдеңе тұрды. Ақтарылып сөйлесейін десем, Нұрлан мен Мұратқа деген құрметім күрт төмендеп кеткендей. Жап-жақсы жігіттер. Бірақ, ішімдегі шайтан мені «Сендерге ішер бір жұтым су әпере алмаса неге жүр? Ұят! Сөйлеспе» деп азғырып, олардан алыстата берді. Ал, оң иығымдағы періште «Олардың таксиге шығындалып аудан орталығына келулерінің өзі ерлік! Расында да ақшалары жоқ болып тұр. Әйтпесе, сендерден ештеңе аямайды» деп мені сабырға шақырып жатыр. Бірақ, шайтанның айтқаны уәжі құлағыма қонып тұр. 

Нұрлан, Мұраттармен суықтау қоштасып, Махаббатты таксиге отырғызарда әдеттегідей ұзақ құшақтап, қол бұлғап қала бердім.  

Үйге жақындаған кезде Нұрлан мен Мұратты ақтап алдым. Кафеде отырып сусын ішкеннен не шығады? Бұл жай материалдық нәрсе ғой. Бұл ең маңызды нәрсе емес. Ең маңыздысы – адамға деген шынайы көңіл. Нұрлан мен Мұрат лагерьде бізге көмектесіп жүрді ғой. 

Бірде Махаббат екеуміз асханадан қайтып бара жатқанда Кентаудың есерсоқ жігіті бізді ренжіткен болатын. Басымыздан қалпағымызды шешіп алып, досы екеуі бір-біріне ары-бері лақтырып, ең соңында лай су ағып жатқан арыққа атып ұрды. Құр кетпей, бізді көтеріп алып төмпешік болып жиылған қарға лақтырып кетті. Біз осы оқиғаны жыламсырап отырып Нұрлан мен Мұратқа айттық. Сонда олар дереу әлгі жігітпен сөйлесіп орнына қойыпты. Жалпы, ойлап қарасам, олар біз үшін көп нәрсе істеген екен. Сондағы менің оларға деген рахметім осы ма? Кафеге отырғызбады деп ренжуім қаншалықты қисынды?  

Ішімдегі шайтанды тас-талқан етіп жеңіп, Нұрлан мен Мұратты ақтап алғаныма қуанып,  үйге тау қопарып тастағандай көтеріңкі көңіл-күймен кірдім. 

9.Мамыр айы

Бүгін 5 мамыр. Мектеп бітіруімізге тура 20 күн қалды. 20-ақ күн! Уақыт не деген жылдам. Зымырап барады. Расында мектепті қимайды екенмін.

Бүгін менің ішімдегі алай-дүлей күйімді аңғарғандай ауа-райы бұзылып сала берді. Таңертең ғана күн жарқырап тұр еді, түсқайта күн жүзін бұлт торлап, жаңбыр құйып жауды. Терезеден сыртта жауып жатқан жаңбырға қарап отырып көңілім нілдей бұзылды. Бойымды сағыныш иектеп, түкпір тамдағы сандықтан ескі фотоальбомдарды алып шықтым. Альбомды ақтарып отырып, өз-өзімнен жыласам бола ма? 

...Мына фотода біз 1-ші сыныпта түскенбіз. «Әліппемен қоштасу» кеші. Толқын апай осы кеште әрқайсымызға тапсырма берген болатын. Біріміз өлең айтып, біріміз билеп, біріміз скетч ойнадық. Ата-аналарымыз қол шапалақтап, бізге сүйсіне қарап отырды.  Тақпақ айтқыным әлі есімде. «Аю отыр партада» деген. Сол кезде менің ортаға шығып тақпақты жаңылыспай айтып бергеніме анам қатты қуанып, мәз-мейрам болған. 

...Мынау 2-ші сыныпта Жаңа жыл кешінде түскен суретіміз. Бастауыш сыныпта әр Жаңа жыл сайын фотоға түсетінбіз. Сол уақтарда месқарын фотограф ағай спортзалда өтіп жатқан Жаңа Жыл кешінде бізді жырқ еткізіп фотоға түсіріп алып кететін. Арада бірер апта өткенде фотоларды алып келіп көрсетеді. Фотодан өзімізді іздеп тауып мәз боламыз. Әр фото 60 теңге. Фотограф ағай суреттерді бізге таратып беріп, ақшасын ертең сынып жетекшімізден алатын болып кетеді. 

...Бұл фотода біз 3-ші сыныппыз. Информатика кабинеті. Компьютер алдында отырмыз. Мұхтар ағай монитордан бірдеңені көрсетіп түсіндіріп жатыр. Бұл фото мен үшін өте ыстық. Менің ең алғашқы махаббатым – Мұхтар ағай. Менің ғана емес, барлық сыныптасымның алғашқы махаббаты десем болады. Ол кезде Мұхтар ағай университетті енді бітіріп келген  өрімдей жас мұғалім. Өзі сондай сүйкімді. Қыз секілді сызылып қалған. Бірдеңені дұрыс істемесек, ұрыспайды. Жанымызға келіп барынша түсіндіреді. Ол жанымызға келгенде өтірік түсінбегенсіп, әр нәрсені бір сұрай береміз. 

Информатика бізге сейсенбі күні болады. Соңғы сабақ. Бір күні сабаққа келсек, ағай мәз болып жүр. Басында не үшін мәз болып отырғанын байқамадық. Кейін барып қарасақ, ең соңғы партада әп-әдемі қыз отыр. Мұхтар ағай екеуі бір-біріне қарап күле береді. Бұл қыз Мұхтар ағаймен құрдас сияқты. Жоғары сынып оқушысына ұқсамайды. Шашы жас қозының жүніндей бұйра екен. Сабақ бойы бір көзіміз Мұхтар ағайда, бір көзіміз артымыздағы қызда болды. Біз ағайды әлгі қыздан қызғандық.   

Бастауыш сынып оқушыларына соңғы сабақты қай мұғалім өткізеді, сол мұғалім оқушыларды жолдан өткізіп жіберуі керек деген талап бар еді. Мұхтар ағай бізді тек жолдан өткізіп қана қоймай, біраз жерге дейін бізбен бірге жүрді. Шамасы, қасындағы қызға өзінінің балажан екендігін көрсеткісі келген болу керек. Бірақ, Мұхтар ағай жасанды ештеңе істеп тұрған жоқ, ол шынында да балажан. 

Бір кезде артымызда келе жатқан Мұхтар ағай әлгі қыздың қолын ұстап алғанын көрдік. Қызда Мұхтар ағайдың қолын қысып ұстап алыпты. Бұл көрініс бізді бір жағы мұңайтқанымен, бір жағы қуантты. Мұхтар ағай өте мейірімді. Ал, оның қызы ағайдан өткен мейрімді.  Ол бізге күлімсірей қарап келе жатты. Күліп қалған түрінен бір грамм суықтық сезілмейді. Екеуі бір-бірімен жарасып тұр. Мен бұрын іштей есептейтінмін, қазір жасым 9-да. Мұхтар ағай 21-лерде. Арамыз 12 жас. Мен кейін 18-ге толсам, Мұхтар ағайға тұрмысқа шығар едім. Бірақ, ағай мені 9 жыл күте ме? Басқа біреуге үйленіп кетпей ме? Қазір түсіндім, үйленіп кетеді екен. 

Бір жылдан кейін бізге Мұхтар ағай емес, Мәншүк деген апай сабақ берді. Мұхтар ағайды қайтып мектептен көрмедік. Мәншүк апайдан Мұхтар ағай туралы сұрап едік, білмейтінін айтты. Оны енді көрмейтінімізді ойлап көңіл-күйіміз қатты түсіп кетті.

Бірақ, арада 8 жыл өткенде, яғни биыл Мұхтар ағайды көрдім. Мұражай алдында кетіп бара жатыр екен. Әбіржіп кеткен. Үстіндегі киімінің тоз-тозы шыққан. Бірақ, адамды сырт келбетіне қарап бағалау дұрыс емес қой. Мен Мұхтар ағайдың жанына жүгіріп барып:

– Сәлеметсіз бе Мұхтар ағай! – деп амандастым. – Мен сіздің оқушыңыздын. Бізге үшінші сыныпта сабақ бергенсіз. 

Мұхтар ағай ыржиып тұрған маған аңтарыла қарады. «Бұл кім өзі?» дегендей. Сосын ернін жыбыр еткізіп бірдеңе деді. Бірақ, онысы естілмеді. Сәлемімді қабыл алды ма, алмады ма, білмедім. «Сіздің оқушыңыз едім» дегеніме жауап бермеді. Мен ол кісіден: «О-о, өсіп қалыпсың ғой. Жағдайың қалай? Бәрі жақсы ма? Қазір информатикадан кім сабақ беріп жатыр?» деген сияқты сөздер күтіп едім. Қайдан! Бұл жерде бір гәп бар. Әйтпесе, оның дәл бұлай үнсіз кете баруы мүмкін емес. Мүмкін қатты ауырып жүр ме? Көзі шүңірейіп, жағы суалып, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Не болды екен ол кісіге? Ауырған күнде де өзін дәл бұлай тастап жіберуі мүмкін емес қой. Сонда... Ішіп кеткен бе?! Ағайды «алқаш болып кетті» дегенге қимадым. Ондай емес шығар. 

Айтпақшы, Мұхтар ағай әлгі мейірімді қызға үйленді ме екен? Егер үйленсе ол қыз ағайды дәл мұндай күйге түсірмес еді. Бәлкім, ағайымыз әлгі бұйрабас қызбен емес, басқа бір кәпірмен бас қосты ма? Бұл жерде кәпір деп мінезі шатақ, болмысы сайтанға жақын қызды айтып жатқаным ғой, басқа діндегі емес.  

Мұхтар ағайдың тағдыры мен үшін жұмбақ болып қалды.

...Бұл 5-ші сыныпта сенбілікте түскен фотомыз. Біз бастауыш сыныпты бітіріп, 5 сыныпқа көшкенде Бердиеваның бастамасымен біз салтанатты түрде пионер қатарына өттік. Сынып жетекшіміздің айтуынша, Нұршуақта бізден басқа ешқандай мектепте пионерлер жоқ екен. Пионер болғасын, мойнымызға көк галстук тақтық. Расында да ауданда бізден басқа ешкім желмен желбіреп тұратын көк галстук тақпайды. Көшеде орыс кемпірлер біздің көк галстук тағып жүргенімізді көргенде елжіреп сала беретін. Сөйтсек, ностальгиядан екен ғой. Тәуелсіз Қазақстанда пионерлер жұрнағы жоғалып кетпегеніне. 

Екі айда бір рет біздің сынып мектепте бір жұма кезекші болады. Кім кешікті, кім тәртіп бұзды, кезекші сынып бәрін қағазға түсіріп алады. Жұма күні қабырға газетін шығарып, қай сынып жоғары көрсеткіш көрсетті, қай сынып рейтингте төмен орыннан көрінді, бәрін жариялаймыз. Рейтингте төменгі орыннан көрінген сыныптар кәдімгідей намыстанып, келесі апта үздік болуға тырысады. Бұндай дисциплина мен секілді қысыр әңгіме, бос жүріске жаны қастарға тым жақсы болды.  

Гүлнар Ниязалықызы мектеп ішіндегі бай мен кедей оқушылар арасында контраст орнап, ара-жігі ажырап кетпес үшін бірыңғай мектеп формасын енгізді. Әйтпесе, басқа ешқандай мектепте бірыңғай мектеп формасы деген жоқ. 

...Бұл фотода бір топ қыз әлем-жәлем киініп мектеп алдында тұрмыз. Менен басқасы мәз-мейрам. Қолдарында валентинкалар. 

Біздің мектепте Әулие Валентин күні біраз жыл тойланып келді. Басқа қыздарды білмеймін, мен осы күнді жек көретінмін. Әулие Валентин – қыздар арасында ғашықтық хаттар алудан жарысатын күн. 

Ұлдар валентин күні қарсаңында ұнататын қыздарына валентинка деген арнайы қағазға «Anelya I love you», «Жайнара, я тебя... с/л Бақыт!» деп сезімдерін түрліше түсіріп, оны мектеп дәлізінде арнайы орнатылған жәшікке тастайды. 

Сағат түскі 12-лерде жәшіктегі хаттар жиналып алынады. Оны арқасына ақ қанат жапсырған кезекші сыныптағы ұл мен қыз дорбаға тоғытып алып, сыныптарды аралайды. Бізді мерекемен құттықтап, дорбадағы хаттар кімге жазылғанын дауыстап тұрып оқиды: 

– Ақерке;

– Ақерке;

– Айсұлу;

– Жанна;

– Ақерке

– Жанна;

Бір сәтте Ақеркенің абыройы асқақтап, мәртебесі артады. Ұлдар ысқырып, қол шапалақтайды. Ақерке өзіне деген шектен тыс назардан ұялып, қып-қызыл болып кетеді. Бірақ, жүзінен қуаныш табын оңай көресіз. Ал, аты аталмаған мен және бір-екі қыз... Не істерімізді білмей, дәптерге қаламсаппен бірдеңе түрткен болып, кітап парақтап, әйтеуір далбасалап кетеміз.  

– Дина, сендерге биыл тағы келмеді ме? Ақерке, бәрін өзің ала бермей, Диналарға да бір-екеуін берсей, – дейді Мирас қағытып. 

Сол кездегі ішкі жан дүниемдегі аласапыранды айтып жеткізе алмаймын. Өзімді дүниедегі адамның қоры сезінемін. Бұлай масқара болғанша өле салғым келеді. Шындықты бетіме шыжғырып айтқан Мирасқа не деп жауап беремін? Жылауға шақ тұрғанымды көрсетпеу үшін басымды бұғып бірдеңе жазған сияқты боламын.   

10 сыныпта Валентин күнін алып тастады. Жөн болды. Әйтпесе, бұндай қорлыққа бұдан ары шыдай алмайтын едім. 

...Сыртта жаңбыр үдей түсті. Менің де көз жасымның тырс-тырс етіп тамшылауы күшейе түскен. Сорғалап жатқан көз жасымды үйдегілерге көрсетпес үшін көшеге шығып қайтайын деп шештім. 

Аспан сұп-сұр боп тұр. Төңірек те сұрқай реңкте. Осы ауа-райы менің балалық шаққа саяхат жасауыма зор септігін тигізгелі тұр. Жаңбыр жауып тұрғанда қолшатырмен серуендегенді ішкі жан дүнием әрқашан қалап тұратын. Бірақ, көбіне ерінетінмін. Бүгін жан дүниемнің қалауын орындадым.

Біздің көшенің аты – 1 мамыр. Өзіме осы ат ұнайды. Себебі, 1 мамыр – Бейбітшілік күні. Ал, біздің көшеде әр түрлі ұлт өкілдері тұрады. Көбіне орыстар, әзірбайжандар. Және өзім орыстардан онша ажырата алмайтын бірнеше славян ұлтының өкілдері өмір сүреді. Бізде көшеде ұлтқа бөліну деген жоқ. Бәрі тату-тәтті. Бәлкім, көшенің аты Бейбітшілікке қатысты болған соң шығар. Әйтпесе, жаңалықтардан түрлі ұлттар бір-бірімен қырық пышақ болып қырылысып жатқаны туралы естігенде денем тітіркеніп кетеді. 

Мына жасыл қақпалы үйде Әсия апай тұрады. Әсия апай аудандық емханада шаруашылық жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді. Мені көрген жерде:

– Ә-ә, Есеттің қызы Дина, – деп ең алдымен әкемнің, сосын анамның, соңында менің жағдайымды сұрайды. Өмірге құштар, тұла бойынан позитив шашып тұратын жан. Меніңше, ол қайын атасына тарқан сияқты. Қайын атасы – Тұяқбай ата соғыс көрген кісі. Осыдан 3 жыл бұрын дүние салды. 

Біз жетінші сыныпта оқитын кезде сынып жетекшіміз Жеңіс күніне орай соғыс ардагерімен кездесу өткізу керектігін айтып жүрді. Директордан сондай тапсырма түскен бе, әлде Мира апайдың өз инициативасы ма, бізге сөйлей алатын соғыс ардагерін тауып келуді тапсырды. Менің ойыма бірден біздің көшеде тұратын Тұяқбай ата келді. Көшеде көрген жерде сәлемдесіп жүремін. Сәлемдескенде мәз боп қалып: 

– Көп жаса қарағым, – деп алғыс жаудырады. Жасы 90-нан асса да тың. Бұрындары денесін тік ұстап жүруші еді, бірақ, 90 жас деген бәрібір оңай емес, соңғы жылдары бүкірейіп қалған. Көзілдірік дегенді тақпайды. Көзі өткір. Біз көшеде онымен бір топ қыз сәлемдессек, бәрімізді атымызбен атап шығады. Онша шатаса бермейді. Атаның осы қасиетіне тәнті едік. 

«Кімді шақырамыз?» деп бастары қатып отырған сыныптастарыма Тұяқбай ата туралы айтып, олар бұнымды қолдады. 

Бірақ, Тұяқбай ата келіспеді. Әсия апай: 

– Ата, балалар алдыңызға келіп отыр екен, бетінен қақпаңыз. Көрген-білгеніңізді айтып бересіз. Сергіп қайтасыз, – деді.

Дегенмен, Тұяқбай ата бізбен болған кездесуде ашылып ештеңе айтпады. Біз соғыс кезіндегі оқиғаларды сұрап едік, ата оны еске алғысы келмеді. 

– Соғысты Құдай енді көрсетпесін. Соғыста адам қызығарлық ештеңе жоқ. Соғыс жүрегімізге өшпес жара салған, – деді.  

Сол күні Тұяқбай ата жасарып кетті. Себебі, сынып жетекшіміз ол кісіні өбектеп, біз жетектеп мектеп айналасындағы әскери нысандарды, ескерткіштерді аралаттық. Қазір ойлап қарасам, ол өзіне біздің көңіл бөлгенімізге қуанған екен ғой. Қарт кісіге бұдан артық қандай бақыт бар?   

Сол жылы күзде Тұяқбай ата қайтыс болды. Біздің көшені көңілсіздік билеп алды. Көшедегі жасы ең үлкен абыз кісі еді. Онсыз біз бассыз қалғандай күй кештік. Барлық жиында Тұяқбай ата сөз бастап жүретін. Тұяқбай ата – берекенің бастауындай еді. Ол қайтқанда көшедегі көршілер арасындағы бірлік те атамен бірген кеткендей болды.

...Өз-өзімнен манты жегім келіп кетсе бола ма? Дереу «Жастар» кафесі жаққа қарай бағыт алдым. Әрі манты алып жеймін, әрі осында бастауышпен қоштасқан кезіміздің елесін іздеймін.  

Бірақ, «Жастар» тойханаға айналып кетіпті. Манты жасап танылған кафе иелері бұл кафені сатып жіберіпті. Өздерімен бірге біздің 11 «Г» сыныбының балалық шағын да бірге сатып жібергендей. 

Жаңбырдың ірі тамшылары «Жастарда» қалған балалық шағымның іздерін жуып-шайып жатты...

*** 

Алқаны мойнымнан шешпей тағып жүрмін. Арыслан шын жүрегімен сыйлады ғой. Мұндай сыйлықты бір жерге тығып қоя салған жараспас. Мен оның бетінен сүйіп қашып кеткеннен соң ол батыл сөйлесетін болды. Өзіме де керегі осы еді. Арамыздағы бөгет бұзылды.

Бір-бірімізді қызғанамыз. Негізі, көбіне мен оны қызғанамын. Өйткені, ол Алматыда қыз-қырқынның ортасында жүр. Мен оның Алматыда не істеп жүргенін күнде сұрап, тіпті кейде тергеуге дейін барамын. Ол да қарсы реакция ретінде менен осы уақытқа дейін қанша жігітпен жүргенімді сұрады. Мен ешкіммен жүрмегенімді айттым. Іштей «өтірік айтқан жоқпын ба?» деп ойлап қоям. Өйткені, жақындаға ғана Абаймен танысқан едім. Бірақ, онымен сөйлескенім қыз-жігіт болып сөйлесуге жатпайды ғой. Біздің арамызда ешқандай махаббат жоқ. 

Арыслан мектепте оқитын кезде 1 қызбен ғана сөйлесіпті. Қазір Алматыда ешкіммен сөйлеспейді екен. «Тек сенімен сөйлесіп жүрмін» дегенде шаттанып қалам. 

Ол Жеңіс күні қарсаңында ауылға келетінін айтты. 

Жүгіріп айнаның алдына барып өзіме қайта-қайта қарадым. Соншалықты көріксіз емес сияқтымын. Бірақ, түріме бірдеңе жетіспейді. Макияж жасасам ба екен? Ернім жұқа екен. Соны далаппен томпақ қылып көрсетсем болады. Көзімді қап-қара етіп бояп, кірпігімді ұзартып, қасымды терсем бе? Жалпы, айнаға қарап тұрып түріме бояу жетіспейтінін түсіндім. Құр табиғи сұлулық деген бәрібір болмайды екен.  

***

Дәл 9 мамырда Арыслан ауылға келді. Телефонда кешке қарай кездесетін болып келіскенбіз. 

Мен жаңа көк джинсы шалбар мен ақ кофтамды киіп алдым. Кеше базардан алғам. Жаңа киім алмасам болмай кетіп еді. Бұрынғы киімдерімнен қанша жусам да ескіліктің иісі шығып тұратын болған. 

– Дина, мен келдім, – деді Арыслан телефон шалып. Бұл кезде әкем үйде жоқ, жұмыста. Анам менің Арысланмен сөйлесіп жүргенімді біледі. Ол менің бұныма қуанбаса, қарсы болған жоқ.  

Мен Арысланды 5 минуттай күттірейін деп шештім. Сағатыма қайта-қайта қараймын. Минуттар баяу өтіп жатыр. Енді 2 минут өтті... 3 минут... 4 минут... 5 минутқа шыдамым жетпей, сыртқа алып-ұшып атып шықтым. Сөйтсем, Арыслан қақпаның дәл түбінде тұр. Қазір әкем ойда-жоқта келіп, мына қайқайып тұрған көлікті көрсе ашуланады ғой. Қақпадан шыға салып Арысланға ұрса жөнелдім:

– Көлікті бір-екі үй ары қоймадыңыз ба? Ұят емес пе? Анам көрсе не дейді? Қалайсыз? Қашан келдіңіз? – деп бір жағы ұрсып, бір жағы хал-жағдайын сұрап жатырмын.

– Көлікті ары қою ойыма келмепті, айып етпе. Енді қоймаймын, – деді ол. 

Жол бойы аузым жабылмай сөйлеумен болдым. Інілерім биыл мектепті тек 5-ке аяқтайын деп жатқанын, 1 апта бұрын дайындық ҰБТ-дан 125 баллдан 114 балл алғанымды, Алматыға ҚазҰУ-ға халықаралық қатынастарға тапсырғалы жатқанымды айттым. Арыслан ара-арасында мені қостап, қолдап қойып, басын изеп отырды.  

– Қай жаққа бара жатырмыз? 

– Білмеймін. Сенің қайда барғың келеді? Сен айтқан жаққа барайық. 

Саябақта ары-бері жүргім келмеді. Кафеге барғым кеп тұр. 

– Шөлдеп тұрғаным,  – дедім тамырын басып. Арыслан түпкі ойымды түсінді ғой деймін:

– Әкімдік жақтағы «Мерей» кафесіне барайық, – деді. – Қалай қарайсың?

– Жарайды. 

Қуанып қалдым. Орташа деңгейдегі кафені айтса да риза едім, бірақ, Арысланның аузына аудандағы ең қымбат кафе түсті. Не деген мәрт! Негізі жігітті сүйкімді етіп көрсететін оның мәрттігі ғой. Ал, тиын санап қалған ұсақ жігіттер қанша жерден сымбатты болса да, қыз алдында абыройдан жұрдай болады. Кез-келген қыз тірлігі ұсақ жігітпен көңіл жарастырмақ былай тұрсын, тіл қатысқысы да келмейді. 

«Мерейдің» төрінде отырмыз. Жан-жағыма маңғаздана қарап қоямын. Күнде осы жерден тамақ ішіп жүрген секілді. Арыслан даяшы шақыртты. Менен не жейтінімді сұрады. Мен ештеңе жемейтінімді айтып, гляссеге ғана тапсырыс бердім. 

Даяшы кеткен соң Арысланның жүзіне тесіле қарадым. Күлімсірей отырып. Қандай сүйкімді! Болашағым ғой менің! Ол менің тесіле қарағанымнан ыңғайсызданып:

– Қалай, бәрі жақсы ма? – деді көзін алып қашып. 

– Иә, бәрі жақсы, – дедім мен екі қолымды иегімнің астына қойып. – Өзіңізде ше? Мазасызданып отқан сияқтысыз? 

– Жоқ, бәрі дұрыс, – деді ол. 

Дегенмен, оның әлденені уайымдап отырғанын аңғардым. Мені қымбат жерге әкеліп, төлейтін ақшасы болмай отыр ма? Бәлкім, отбасында бірдеңе болып жатыр ма?!. 

– Анаңыздың жағдайы қалай? – дедім. Оның анасын сыйлайтынымды біле берсін. Осылай өзімді жақсы жағынан көрсете бергенім жөн. 

– Жақсы. 

Арыслан аксессуарларға құмар емес екен. Қолында перстені (жүзігі), мойнында шынжырлы алқасы, білегінде сағаты жоқ. Көзілдірік те тақпайды. Менде сондаймын. Пафосты жақтырмаймын. Десе де, сағат тағатын жігіттерді ұнатамын. Сағат оларды бруталды көрсететіндей. Осыны ескеріп, кеше Арысланға Отан қорғаушылар күніне орай сағат сатып алғам. Енді анау айтқандай қымбат та емес, арзан да емес. 8 мың теңге тұрады.  

– Арыслан!

– Ия?  

– Мерекеңізбен! – деп сөмкемнен сұр қорапшаға салынған сағатты алып шығып бердім.

Сонда Арыслан үндемей қалды. Оның үндемей қалғанына мен біртүлі болдым. Сыйлығым ұнамады ма? Тым арзанын алып қойған жоқпын ба? Бәлкім, сағат емес, басқа бірдеңе алуым керек пе еді?!.

– Ұнамай қалды ма? 

– Жоқ, ұнады. 

– Енді? Неге қуанбадыңыз? Ойланып кеттіңіз ғой? 

– Дина! – деді ол осы кезде көзіме тік қарап. – Дәл бұлай созғым келмеп еді... Қысқасы, бізге бұл жүрісімізді тоқтату керек. 

– Қандай жүріс? 

– Мен сенімен жай дос боламын ба деп ойлап едім. Бірақ, біздің достығымыз сезімге ұласып барады.  

– Бұл жаман ба? 

– Мен бір шындықты айтайын ба?

– Иә, айтыңыз.

– Жаңа жыл кешінде сен Дулатидің бүкіл 11 сыныбы қатысқан «Жасминге» келмедің. Анамды алып қайтуға барғанда сені іздедім. Бірақ, жоқ екенсің. Анамнан сұрап едім, сені қатарластарынан теперіш көріп жүр деді. Сол кезде бойымда аяушылық сезім оянып, сені қуантқым келді.  

– Енді? 

– Енді сенімен тек дос бола аламын. Менің сенде ешқандай ойым жоқ. 

Көзіме мөлдіреп кеп қалған жасты жасыра алмадым.  

– Күрте? Алқа? Мені сабақтан соң күнде күтіп алып жүргеніңіз? Алматыда жүрсеңіз де күнде хал-жағдайымды сұрағаныңыз? Осының бәрі не үшін? 

– Айттым ғой, жай ғана сенің көңіл-күйіңді көтергім келді. Мұңайып жүргеніңді қаламадым. 

– Рахмет. 

Сағатты үстелге тастап, орнымнан тұрдым. Көзім қарауытып, басым айналды. 

– Қайда? 

Мен жауап бермедім. Мойнымдағы алқаны шешіп, Арысланға ұсындым. 

– Оның не? Бұл сыйлық қой, – деп алмай қойды. 

Алқаны үстелге тастадым. 

– Сау болыңыз! 

***

...Үйде отыра алмадым. Ішіме мысық түсіп кеткендей, қарнымды бірдеңе аяусыз тырнап шыдаттырмады. Есік алдындағы тапшанға көрпе төсеп агентке кірдім. Достығымдағы ұлдар тізіміне көз жүгіртіп шықтым. Қоймай жазып жүрген бір-екі жігіт бар еді. Оларды менсінбей, жазған хабарламаларын елеусіз қалдыратынмын. Бүгін жауап бердім. 

– Сәлем! – деген адамды жалықтыратын шаблонды хабарламаға:

– Сәлем, – деп жауап жаздым.  

– Қалайсың? – деді ол іле-шала.

«Сәлем! Қалайсың?» деп бірден жазып жіберуге болады ғой, екіге бөлмей. Осылай созбақтайтындарды жүде жақтырмаймын.

– Жақсы. 

– Не істеп жатсың?

«Не істеп жатқанымды не істейсің? Онда сенің не жұмысың бар?» 

– Жай отырмын. 

– Не жаңалық?

Осы сұрақты жек көремін. Бұндай сұраққа не деп жауап беруге болады? 

– Жаңалық жоқ. 

– М-м. Әңгіме айт. 

«Кетші бар. Енді отырайын сол, телефонмен мәтін теріп. Мылжың екенсің, басыңда дым креатив жоқ».

Көшеге шығып ары-бері жүрдім. Үйіміздің маңындағы тұт ағашының түбіндегі сәкіге отырдым. Бірақ, әлі жарылардаймын. Ішіме сыймай жатқан шерді әлдекімге ақтарғым келді. 

Телефонымдағы контактілер тізімін қарап шықтым. Барлығы дерлік өзімнің сыныптастарым. Тізімге қарап отырғанда саусағым жасыл түймеге тиіп кетіп, Жасұланға қоңырау кетіп қалды. Дереу қызыл түймені басып, қоңырауды тоқтаттым. 

Бірақ, сәл кеш қалыппын. Жасұлан менің қоңырау шалғанымды көріпті. Артынша телефон соқты. Көтермей қояйын десем ыңғайсыз, көтердім. 

– Алло, Дина, не болды? – деді Жасұлан. 

– А-а, қолым тиіп кетті, айып етпе. 

– Ештеңе етпейді. Егер қандай да бір мәселе болып жатса кез-келген уақытта хабарласа бер. Сендей алтын сыныптасымыз үшін соңына дейін барамыз ғой, – деп күлді. Шамасы, жанында достары бар-ау, телефон артынан күлген дауыстар естілді.

– Жарайды, Дина, хабардамыз, – деп Жасұлан телефонды қойып қойды. 

Қыста ақ күрте киіп шыққанымды әке-шешем сол күйі білмеді. Мен оны көктемде целлофнға орап, шатырға тығып қойғам. Сол есіме түсіп кетті. Шатырға шығып, күртені алып түстім. 

Күртені бақшадағы қоқыс жинайтын алаңқайға тастадым. Кеуірт әкеліп тұтаттым. Күрте бырт-бырт етіп жанып, қара түтін будақтай бастады. Жанып жатқан отқа ұзақ қарап отырдым. Арысланның әлгі іс-әрекеті менің жүрегімді тасқа айналдырды. 

...Аппақ күрте өртеніп бітіп, қап-қара күлі қалды. Менің Арысланға деген сезімім секілді. 

***

Бүгін 25 мамыр. Бүгін мектеп бітіремін. 

Кеше Мира апай «ақ бантиктеріңді тағып келіңдер» деп ескертіп еді. Үйді қопарып жүріп ақ бантигімді әзер таптым. Бірінші қыркүйектен кейін мүлдем тақпағасын шифоньердің үстіндегі бесіктің ішіне тастай салыппын.

...Мектеп алдында оқушылар қарақұрым болып жиналып қалыпты. Мен өз сыныбымды тауып шет жаққа тұра қалып едім, Мирас: 

– Дина, бұлай болмайды, күйеуге тимей отырып қаласың, төрге шық, – деді. 

Сағат тілі 9-ды соққанда салтанатты жиын басталды. Мектеп директоры Бердиева күлімсіреп тұрып биылғы жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. Сонсоң оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Сапаркүл Сатимова мектепті үздік үлгеріммен бітірген оқушыларды ортаға шақыра бастады:  

– 2 «А» сыныбы! Оқу жылын үздік аяқтағаны үшін мақтау қағазымен төмендегі оқушылар марапатталады: Айдынғали Нұрсұлтан, Аманкелді Нұркелді, Абдумажит Құрманғазы... 

Олар ортаға жүгіріп шығып, мақтау қағаздарын алуға асықты. Бердиева әр үздік оқушыға жымия қарап, «жарайсың!» деумен болды.

...Ортаға сүп-сүйкімді 3-4 қарадомалақ оқушы шықты. Олар бізге, мектеп бітіруші түлектерге арнап тақпақтар оқыды. Денем бір ысып, бір суып, көзіме жас келді. Оны білдірмей сүртіп тастадым. Сөйтсем, мен ғана емес, жанымдағы қыздар да көздерін сүртіп жатыр екен. Ұлдар біздің көңілшектігімізге күліп жатыр. Дегенмен, олардың да іштей толқып тұрғанын аңғардым. Өйткені, тақпақ айтып жатқан оқушыларға көз алмай қарап қалыпты. 

Есімде, мені мектепке әкем жетектеп келген. Мен ұйқымды аша алмай «Әкем мені қайда апара жатыр?» деп түсінбей келемін. Таңертең анам тапырақтап жүріп үстіме таза киімдер кигізген болатын. Бүгін ата-анама не болған өзі деп ойлап қоямын. Әкем екеуміз мектепке жақындағанда дәл қазір ойнап тұрған салтанатты әуенді естідім. Мектеп алды қаптаған балалар. Мен олардан қорқып, әкемнің артына жасырындым.

– Қорықпа, бәрі өзің секілді балалар, – деп әкем мені арқамнан қақты. Ол көп ішінен Толқын апайды іздеп тауып сол кісімен сөйлесе бастады. Ол кезде мен Толқын апайды білмеймін. Бірақ, апайды алғаш көргеннен-ақ оған бүйрегім бұрды. Толқын апай әкеммен сөйлесіп болған соң:

– Кел, жаным, мына жерге тұр, – деп мені бойлары өзіммен шамалас ұл-қыздардың арасына қосты. Ешқайсысын танымаймын. Өзімді жапан далада ит-құстардың арасында қалып кеткендей қорғансыз сезіндім. Жан-жағыма алақтай қарап әкемді іздедім. Әкем 10-шақты метр жерде бір топ кісілермен сөйлесіп тұр екен. Әңгімеге кіріп кетіпті. «Әке» деп айқайлағым келді. Бірақ, жанымдағылардан қорықтым. 

Бір кезде бәрі хормен өлең айта бастады. Мен болсам оларға қалай қосыларымды білмей сасқалақтап қалдым. Өйткені, өлеңнің мәтінін білмеймін. Мыналар қайдан біледі? Мен неге білмеймін? (Кейін барып білдім ғой, олар дайындық сыныбына барған екен. Ал мен бірден бірінші сыныпқа келгем) «Ұялған тек тұрмас» деп жанымдағылармен бірге өлең айтып жатқан секілді аузымды жыбырлатып тұра бердім. 

Бізге қарама-қарсы бетте үлкен қыз-жігіттер тұр. Олар 11 сыныпты бітірген түлектер екен. Сол кезде олар менің көзіме өте ересек болып көрініп еді. Қазір енді біз 11 сыныппыз. Бірақ, әлі кішкентай сияқтымыз. 

...«Соңғы қоңырау» салтанаты қызды. Ортаға бір топ белсенді түлектер шығып өлең айта бастады. 

Білім нәрін толтырдық біз кеудеге,

Қателікте болды бізде кей жерде...

Мына өлең менің ішімде сайрап жатқан сезімді дөп басып тапты. Өлең айтып жатқан қыздарға сыбырлай қосылдым. 

...«Соңғы қоңырау» біткенде Асхат бізді үйіне шақырды. Біз туралы жасаған бейнефильмі бар екен. Соны бірге тамашалайық деді. Қыздар:

– Тесттен кейін көрейікші, – деп еді:

– Тесттен кейін мүлдем көңіл-күйлерің болмайды. Бүгін көрейік.

– Тіліңе жара шықсын, – деп күлді қыздар. 

Иә, оның тілі ащы. Біз 5 сынып оқитын кезде Асхат телефон соғатын. Телефонды көтерсек: 

– Сен 7 күннен кейін өлесің, – дейтін қорқынышты дауыспен. Ол кезде үй телефондарында нөмір анықтағыш жоқ. Бұл кім екенін білмей дал боламыз. Кейбіріміз қорқамыз, бірақ, көбіміз әлдекім әзілдеп түсініп:

– Кім бұл? – деп зіркілдейміз. Сөйтсек, DVD-дан жапондық «Звонок» деген қорқынышты фильмді әбден көріп алған Асхат сондағы әдіс-тәсіл, сөздерді бізге қолданған түрі ғой. Айтқым келгені, тым қияли. Біз басқа әлемде өмір сүрсек, ол өз әлемінде жүреді. Ылғи көңілді жүретініне қарап, оған достары: 

– Не шегесің өзі? – деп әзілдейді.

Түрі сойқан түлкідей ыржиып тұратын ол басынан қоңыр шляпасын тастамайды. Асхат десе, көз алдымызға бірінші оның шляпасы, одан кейін барып өзі келеді.

Қысқасы, оның ұсынысына бәріміз келістік. Кешкісін Асхаттың үйіне бардық. Бірақ, толық құрамда емес. 22 оқушы болсақ, оның 14-і жиналдық. Қалғандары оны-бұны шаруалармен келе алмайтындарын айтты. Асхат оларға біраз ренжіп: 

– Қой, «барымен базар» деп бастайық, – деп бейнефильмді қосты.

Мәссаған, мынау не деген еңбек! Біздің 9 сыныптан бергі видеоларымыз жүр. Асхат 3 жыл бойы ерінбей түсіріпті. Жап-жас өзімізді көріп бойымызды ностальгия сезімі биледі. Шынында да енді мектепке оқушы болып бара алмайтынымызды, ол күндер қайтып айналып келмейтінін түсінгенде сай-сүйегім сырқырап, жаным сыздады.   

– Асхат, осының үшін көп рахмет! Мынаны көріп көңіліміз босап кетті. Бұл деген мәңгілік естелік қой, – дедік біз оған алғыс жаудырып.  

– Ия, әсерлі шығыпты. Өзімнің де жылағым кеп тұр, – деді Асхат шляпасын шешіп. 

10. Маусымның 5-і

Біздің мектеп ҰБТ тапсыру бойынша бірінші ағынға түсіпті. Бірінші ағын бесінші маусымда өтеді. Ал, кеп дайындалайық. Бұл жолғы дайындалу – тест жаттау емес, шпаргалкаларды реттеу; Оны тығып кіру үшін киімнің ішінен қалта тігу; Ұялы телефонды алып кіру үшін аяқ киімнің табанын тесу; Ұялы телефонды детектор тауып алмас үшін оны фольга қағазына орау; Терезеден тест сұрақтары түсірілген флешка лақтырғанда оны қағып алып мұғалімдерге жеткізетін інілерді табу; 

Біздің негізгі дайындықтар осындай. Бірақ, менің ішкі моралім мұндай нәрселерді жасауға рұқсат бермей жатыр. Десе де ұлдардың қызу дайындығын көріп мен де дайындықтың ырымын жасадым. Мейлі, телефон алып кіре алмасам да, шпаргалка алып кірейін. 

Сыныптағы кей қыздар емін-еркін жүр. Достарына:

– Таныс тауып қойдық. Таныс жауаптарды әкеліп береді, – деп бөсіп қойыпты. Бұл бөсу біздің де құлағымызға жетті. Мұны естіген анам әкемді жеді.

– Жұрттың әкелері таныс тауып, балаларының тағдырын шешіп қойды. Ал, сен жүрсің, аспандағы жұлдыздарды санап, – деп.

ҰБТ-ға менің емес, анамның жүйкесі жұқарып жүр. Әйтпесе, әкемде қайдағы таныс? Анамдыкы жай кінәлі біреуді тауып, іштегі шерді төгу ғой. Өмірге деген бар өкпесін әкеме ұрсып отырып шығарады.  

...ҰБТ тапсыратын күн келіп жетті. Сол түні таңға дейін көз ілмей шықтым десем болады. Бойымды уайым жегі құрттай жеп тастады. Бесінші маусым! Осы күн бүкіл тағдырымды шешкелі тұр!

ҰБТ өтетін колледж алдында адам деген жыртылып-айрылады. 1 оқушының артында кемі 3-4 адам шашбауын көтеріп жүрген шығар. Мені де қолдап, жанымнан бір елі қалмай ата-анам, інілерім жүр. 

Көп ұзамай кезекте тізіліп тұрған біз колледжге кіре бастадық. Дәлізде бізді кезекшілер детектормен тексеріп жатыр. Әр оқушыны тексерген сайын детектор шырылдап қоя береді. Детектор шырылынан сасқалақтаған оқушы костюмінің төс қалтасынан, белдігінен телефонды шығарып, арнайы қорапқа тастап жатыр. Онсыз да қорқақ басым бұны көргенде пиджагымның ішкі қалтасына фольгаға орап салған телефонды қалай алып шыққанымды байқамай қалдым. Кезекші тексермей жатып телефонды қорапқа тастадым. Мұнда телефон деген тау болып жиналып қапты. 

Етегі тобығыма дейін жететін юбкамның ішкі астарынан қалта тіккен едім. Онда шпаргалкаларды жасырдым. Кезекші юбкамды ұстап тексермеді. Телефонымды тастағанымды көріп жібере салды. Әйтеуір, құрқол өтпегеніме қуандым.  

ҰБТ басталғанша аудиториядағылар бір-бірімен танысып, күбір-күбір етіп сөйлесті. «Кемедегінің жаны бір» деген осы екен ғой. Телефонын алып кіре алмай боп-боз болып отырғандар «бір-бірімізге көмектесейік» деп жанындағылардан үміттенуде. 

Арада жарты сағаттай өткенде министрліктен келгендер бізге тест кітапшаларын таратып шықты. Тілімді кәлимаға келтіріп кітапшаны парақтай бастадым. Жауабын білмейтін сұрақтарды көргенде ішім қылпылдады. Ал, білетіндерді көргенде жаным рахатқа бөленді. 

Ең бірінші Қазақстан тарихын белгілеп шықтым. 25 сұрақтан 18-ін нақты біледі екем. Нақты білмейтіндерді шпаргалкадан қараймын деп соңына қалдырдым. 

Одан кейін қазақ тіліне көштім. Өзім қазақ тілінен Олимпиадаға барып жүрген соң қинала қоймадым. 22-не нақты жауап бердім. Қалған 3-ін жобалап белгіледім. Кем дегенде 23-24 балл алатын шығармын. 

Орыс тілінің балы грантқа түсуге есептелмейтін болғасын, оны тез-тез белгілеп шықтым. Бұл сабақтан 15 балл алсам да жаман емес. 

Содан соң өзім 5-ші пәнге таңдаған ағылшын тілін орындауды бастадым. Бұл пән оңай тимеді. 10 сұраққа тура жауап бердім. Қалған 15-ін соңына қалдырдым. 

Бәрінен ең ауыры алгебра болды. Көзбен бір шолып шықтым. Алғашқы 3 сұраққа жауап бере алады екем. Ал, қалған 22-сін білмеймін. Не деген масқара! Мектепте 11 жыл не оқыдым? 6 ай бойы Мейірім апайға қосымшаға не үшін бардым? 

Бірақ, қазір өз-өзімді мүжіп отыратын уақыт емес. ҰБТ бітуге 1 жарым сағат қана уақыт қалды. 2 сағат өтіп кетті. 

Қазір мына алгебраны бірдеңе қылмасам, онда біткен жерім осы. Ақылы бөлімде оқуға шама жоқ. 

Тестілеу уақыты бітуге жақындаған сайын аудиторияда қыбыр-жыбыр көбейе бастады. 

Кезекші апай аса қатты да, жұмсақ та емес екен. Біразымыздың шпаргалкаларымызды, телефондарымызды тартып алды. Енді кейбіріміздің құйтырқылықтарымызды байқамаған сыңай танытты. 

Басқаларға қарап, мен де қысылып-қымтырылып шпаргалкаларды алып шығып қолдануды бастадым. Бір көзім шпаргалкада болса, бір көзім апайда. Табиғатымнан қорқақ менің не істеп жатқанымды кезекші апай байқап қойды. Шекемнен суық тер бұрқ ете қалды. Бірақ, апай ештеңе демеді. Үнсіз ғана жанымнан өте шықты. 

Жүрегім қуаныштан атқақтай соқты. Шпаргалкадан алгебраның жауаптары бірінен соң бірі шығып жатыр! Әр жауапты тапқан сайын жаным кіріп рахаттанып жатыр. 5-6 сұраққа ғана жауап шықпады. Алақай! Алгебрадан кемі 20 балл алып тұрмын!

Бірақ, өкінішке қарай Қазақстан тарихы мен ағылшын тілінен мүлдем шықпады. Не істерімді білмей отыр едім, жанымдағы қыз:

– Қай сабақтан білмей жатырсың? – деп сыбырлады. 

– Қазақстан тарихы.

– Әкел, мен саған тарихты істеп берейін, сен маған алгебраны істеп бересің бе? – деп ұсыныс айтты. Әлгінде ол менің алгебрадан шпаргалкамен опырып жатқанымды көріп еді. 

– Тарихты жақсы білесің бе? – дедім оған күмәнданып.   

– Иә, – деді ол нық сеніммен. 

Күдіктеніп отыруға уақыт жоқ, екеуміз кітапша алмастық. 

Тестілеу бітуге 45 минуттай уақыт қалды. Бұл туралы кезекші апай ескертті. Осыны естуі мұң екен:

– Апай, сыртқа шығып келейінші, – деген өтініштер жауып кеп берді. 

– Жоқ, мен жібере алмаймын. Қазір министрліктен келгендер аудиторияларды аралап тексеріп жүр. Солардың рұқсатымен ғана жібере аламын.

Расында да көп ұзамай түсі суық екі ер кісі кіріп келді. Кірді де, әй-шәй жоқ, екінші партада отырған қызға:

– Телефоныңды әкел, – деді. Әлгі қыз телефонды бере ме деп ойлап едік, олай болмады.

– Телефон жоқ менде, – деді қыз. Оның осы сөзіне шамданып кетті ғой деймін, министрлік өкілі екінші партаға жетіп келіп:

– Тұр орныңнан, – деді. Қыз аз-кем қасарысып барып тұрды. Министрлік өкілі оның орындығынан телефонды алып шығып, кезекші апайға:

– Мына қызға акт толтырыңыз, – деді. – Тапсырған тест нәтижесі жойылсын.   

Сонда әлгі қыз кешірім сұрап жылап жіберді. Бірақ, оған өкілдің жүрегі жібімеді. 

– Аудиториядан шығыңыз, – деп қызды шықпасына қоймады. 

Оны көріп біз аяп кеттік. Бекер қарсыласты. Бұндай жерде мінезін көрсетпей-ақ қою керек еді. Сол мінезі түбіне жетті, ақыры.

Өкілдер аудиториядан шығып кетті.

– Тест бітуге 15 минут қалды, – деді сонда кезекші апай. – Шпаргалка, телефондарыңды пайдалана беріңдер. Бірақ, білдірмей. Қазір кез-келген уақытта министрліктегілер кіріп келуі мүмкін. 

Айна-қатесіз осылай деді! Кезекші апай көзімізге жебеуші періштедей көрініп кетті. 

– Рахмет! 

– Рахмет, апай! – деп аудиториядағылар жамырап кетті. 

– Тыныш, жайырақ!  

Жалпы, пайызбен есептеп қарасақ, ішке телефон алып кіргендер 100-ден 25-тей ғана. Төрт адамның біреуі ғана алып кірген. Және тест кітапшаларындағы сұрақтарды фотоға түсіріп алғанымен, флешканы сыртқа шығара алмады. Өйткені, министрлік өкілдері дәретханаға шыққандарды өздері апарып, өздері алып келді. 

Мен соңына дейін езіліп отыра бермей, білмейтін сұрақтарға жобалап жауап беріп, аудиториядан алғашқылардың бірі болып шығып кеттім. Сыртқа шықсам қақпа алдында адам деген құжынап тұр. Сыртқа алғашқылардың бірі болып шыққасын ба, жан-жақтан анталай жабылып, мені сұрақтың астына алды: 

– Қатал өтті ме?;

– Телефон қолдана алдыңдар ма?;

– Сұрақтар қиын ба?; 

– Қай аудиторияда болдың?; 

– Менің балам Серікті көрдің бе, ол да сен отырған аудиторияда болды;

Қайсысына жауап берерімді білмей дал болдым. Бәрі мені жан-жақтан жұлмалап жатыр. Мен бір-екеуіне жауап бердім де, ары қарай қашып құтылдым. 

Тұт ағашының түбінде тұрған отбасымды таптым. Үрпиіп тұр екен. Мені көріп:

– Қалай болды? Аман-есен шықтың ба?, – деп анам тұра ұмтылды. 

– 100-ден кемі 90 алатын сияқтымын.  

– Әйтеуір, бәрі жақсы болсыншы! Құдайым, қолдай гөр!

Арада жарты сағат өткенде колледжден талапкерлер шыға бастады. Көңілді шыққан ешқайсысы жоқ. Бірнеше қыз ебіл-дебіл болып жылап жүр. Оларды ата-аналары жұбатуда. Ұлдар шпаргалкаларын жерге атып тұрып дел-сал болып тұр. Біліміне емес, ғажайып құбылысқа сеніп мұрттай ұшқандар-ау. 

***

ҰБТ қорытындысы кешкі 18:00-де шықты. Оны мектепке барып білдік. Мен 100-ден 86 балл алыппын! Қазақ тілінен – 24, алгебрадан – 22, Қазақстан тарихынан – 24, ағылшын тілінен – 16. 

Жасып қалдым. Кемі 92-94 алам деп ойлап едім. Бәрін ағылшын тілі құртып кетті... 

86 балл... Бұл балл грантқа түсуге жете ме? Өзім қалаған ҚазҰУ-ға «халықаралық қатынастарға» грантқа түсуге жетпейді. Енді не істесем болады? Басым қата бастады. 

– Жасұлан Молдахмет – 65 балл;

– Ақерке Сейдалиева – 52 балл; 

– Анелья Теңлікова – 68 балл;

– Мирас Әбіл – 94 балл;

– Айсұлу Санай – 80 балл;

– Еркеғали Қойшыбек – 70 балл;

– Аида Кеңесбай – 45 балл;

Сапаркүл Сатимова саңқылдаған даусымен кімнің қанша балл алғанын хабарлап болды. Жалпы, біздің мектептен ең жоғары баллды параллель қазақ сыныбындағы «Алтын белгіге» үміткер Гүлнар Оразалиева алды, 96 балл. Біздің үміткерлер – Әсел мен Еркеғали төмен балл жинап, «Алтын белгі» көздерінен бал-бұл ұшты. 

Төмен балл жинағандар эмоцияға берілді. Шектік 50 баллды жинай алмаған Аида ешкіммен сөйлеспей әлдеқайда жүгіре жөнелді. 50 баллдан сәл асқандар не күлерлерін, не жыларларын білмей мектепті ары-бері айналып жүрді. 

Тек біздің сынып бойынша емес, мектеп бойынша Гүлнардан кейін жоғары балл жинаған Мирас өзін құттықтағандарды жақтырмай жүрді. 

– Құтты болсын, Мирас, – деп едім, жауап бермеді. Шамасы, көп балл алғанына қысылатын секілді. 

Ақеркені іздедім. Көзіме ілінбеді. Құрбысы Айсұлу әкесімен жүр. Анелья телефонмен әлдекіммен сөйлесіп жатыр. Ал, Ақерке ұшты-күйлі жоқ. 

Мектеп алдында 100-ге жуық түлек жүргенімізбен, төңірек тып-тыныш. Егер бәріміз жоғары балл алғанда улап-шулап, айаланы даңғаза қылып жіберер ме едік. 

Көңілсіз тарадық. 25 мамырда Асхат «ҰБТ-дан кейін көңіл-күйлерің болмайды» деп еді. «Жындының сандырағы келеді» деген осы шығар.  

Маусымның 20-ы

Бүгін алып-ұшып жүрмін. Айна алдында су жаңа көйлегімді қайта-қайта киіп көремін. Бұл көйлекті 3 күн бұрын мектеп бітіру кешіне арнап алғам. Биылдыққа алған ең қымбат көйлегім осы. 25 мың теңге болды. 

Осы уақытқа дейін білмеппін, мектеп бітіру кешіне жұп болып келу керек екен. Жазылмаған заң дейді. Бізде 10 ұл, 12 қызбыз. 2 қыз артылып қалайын деп тұрмыз. Осыны ойлап бойымды қорқыныш биледі. Егер мені ешкім шақырмай қалса, 2 қыз ең соңында шығамыз. Масқара ғой!

Бірақ, қорқынышым бекер екен. Кеше Мирас телефон шалды. Басқамен келісіп қоймауымды, ертең ортаға бірге шығатынымызды айтты. Қуанғаным-ай! Басқа-басқа, Мирас шақырып тұр! 

Сағат тілі кешкі 17:30-ды соққанда үйден шықтық. Анам екеуміз. Анам толқып келе жатыр. Жол бойы: 

– Кеше ғана кіп-кішкентай қыз едің, бүгін мектеп бітіріп жатсың, – деп қайта-қайта айта берді.

Ерте келіп алыппыз. 18:00-де басталып кетеді деп еді. Бірақ, басталу былай тұрсын, әлі ешкім келмеген. Анам екеуміз шырша түбінде қонақтарға арналған орындыққа отырдық. 

18:30-ға қарай бәрі жинала бастады. Бір таң қалғаным, қыздар көліктермен келіп жатыр. Бұны көріп қатты қысылдым. Ерте келіп алғаным қандай жақсы болған! Жаяу келгенімді ешкім көрмеді. Бұл кешке жаяу келу деген ұят екен ғой. 

Бір кезде арқырай кеп Джип тоқтады. Бірден таныдым. Сүннеттікі. Әкесінен ұрлап бір-екі рет айдап келгені бар. Ұрлағаны туралы біздің ұлдарға айтқан әңгімесінен білгем. 

Ішінен Мирас екеуі шықты. Олар артқы есікті ашып, Айсұлу мен Анельяны қолынан ұстап түсірді. Сүннет Айсұлуды, Мирас Анельяны ертіп арамызға кіріп келді.  

Мирасқа қатты ашуландым. Мені бұлай лақтырып кететіні бар болса, онда хабарласып несі бар? Мазақ етпек болғаны ма? 

Айсұлулар киген көйлекпен өз көйлегімді салыстырып көрдім. Менікі соншалықты жұтаң емес екен. Олармен иық тіресітіп тұрмын десем болады. Өзімді олармен тең сезініп, бойымда сенімділік шоғы ұшқындады.  

...Ұйымдастырушылар бізді ішке қуды. Мира апай: 

– Директор шақырғанда бір-бірлеріңмен қол ұстасып сыртқа шығасыңдар, – деп не істейтінімізді түсіндірді. 

Сыныптастарым жұп-жұп болып тұра қалды. Перизат, Таңшолпан үшеумізге жұп табылмай қалды. Екі қызға емес, үш қызға табылмай қалған себебі – Мирас ортаға Мира апаймен бірге шығатын болды. 

Біздің жай-күйімізді аңғарған Жасұлан:

– Дина, кел, сен оң жағыма тұр, – деді. – Ақерке үшеуміз шығамыз.  

– Перизат, сен бізбен бірге шық, – деді Сүннет Жасұланды қостап. 

Шіркін, Жасұлан нағыз көшбасшы ғой. Бізді ыңғайсыз жағдайда қалдырмай, жоқ жерден жол тауып кетті. Әйтпесе, бұған менің миым жетпеп еді. Сүмелектер секілді ең соңында сүйретіліп шығамыз деп ойлағам. Енді, керісінше, ортаға ең бірінші болып Жасұланмен бірге шыққалы тұрмын. «Мыналар үшеу болып шығыпты» деген сөз – «жұпсыз шығыпты» дегеннен әлдеқайда жақсы!

Жүргізушілер бітіруші түлектерді ортаға шақырды. 11 «А», «Б», «В» сыныптарынан соң біз шықтық. Кешке келген қонақтар қол шапалақтады. Көз қиығыммен қонақтар арасынан анамды іздедім. Анам екінші қатарда қол шапалақтап отыр екен. Мені көріп мәз болды.   

Мектепті жағалай 15-тей үстел қойылған екен. Әр үстелге 6 адамнан отыра кеттік. Кеш дәл 25 мамырдағыдай басталды. Бердиева мектеп жетістіктерін тоқталып өтіп, ҰБТ нәтижесі тек біздің мектепте емес, бүкіл ауданда төмен болғанын хабарлады. Десе де, біздің мектеп аудан бойынша 3-ші орыннан көрініпті. 

Биыл Дулатиден 8 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болғанын, бірақ, жалғыз Гүлнар Оразалиева ғана «Алтын белгіні» ақтағанын айтып, оны ортаға шақырды. Осы кезде көзіммен Еркеғали мен Әселге іздедім. Таптым. Олар Гүлнар Оразалиеваға қызыға да, қызғана қарап отырғанын көрдім. Әрине, қиын. 11 жыл бойы төккен терің еш кеткені обал ғой. 

Бір уақта ортаға Сүннет пен Мирас шықты. Екеуінің өлең айтатын әдеті бар еді. Өздеріне лақап ат қойып алған, Сүннет MC Gangster болса, Мирас MC Ata. Екеуі студияда өлең жаздырып, оны телефонға қондырып бізге тыңдататын. Басқаларды білмеймін, өзіме ұнайтын. 

Мұңды минус қойылды.

– Мен саған жүрегімді, жанымды қалдырдым, – деп Сүннет қолын ары-бері ербеңдетіп өлең, өзі айтпақшы трек айтуды бастады. 

– Оқушым тоқта, асықпа 

Міне сенің, соңғы қоңырауың соғылды. 

Енді сені ешкім сабаққа шақырмайды... 

Өлеңнің қайырмасы жақындағанда Мирас бізді шақырып алып, бізге сабақ берген барлық мұғалімдерді ортаға алып шығуды тапсырды. Жиырмамыз жиырма мұғалімді жылы орнынан қозғадық. 

Түрлі ойындар ұйымдастырылып, шалқып отырдық. Бойымдағы комплексті жеңіп, ортаға екі рет шығып ойынға қатыстым. 

Кеш өз мәресіне жеткенде директор Гүлнар Ниязалықызы қорытынды сөзді: 

– Тарихты жасайтын адам екені баршаға белгілі. Биылғы түлектер, сіздер мектеп тарихында өшпес із қалдырдыңыздар, – деп көңілді нотада бастады. 

– У-у-у, – деп түлектер ысқырып, ду қол шапалақтадық. 

– Сіздер жүректі әбден ұшырдыңыздар, сонымен есте қалатын болдыңыздар, – деп күлді директор. – 11 «Г» сыныбы әсіресе. 

Директор 11 «Г» деген кезде, әрқашан орыс сыныптарымен бәсекелесіп жүретін біз –қазақ сыныптары улап-шулап тағы ысқырдық.  

– Бір күні ешқайсыңыз сабаққа келмей қалдыңыздар. Телефондарыңызға хабарласып едік, барлықтарыңыдыкы өшіп тұр. Ата-аналарыңызға шықтық. Олар таңертең сабаққа шығып кеткендеріңізді айтты. Біз келмеді дедік. Ал кеп сіздерді іздейік. Таба алмай дал болдық. Сіздерге бірдеңе болып қалды ма деп жүрегіміз ұшты. 

Ертеңіне не үшін келмегендеріңізді сұрасақ, «мектепке бомба қойылыпты» деп төбе шашымыз тік тұрғыздыңыздар, – деді директор.   

Сол кезде телефонды өшіріп тастап сабаққа бармағанымызда жет-жебірімізге жеткен ата-аналарымыз қазір ду күлді. Мирас «бүкіл мектеп еске алатын нәрсе істейік» деп еді. Сол кезде Мирасты тыңдағанымызға қуанып отырмыз. Міне, қазір директор басқа сыныптарды емес, біздің сыныпты айтып жатыр. 

Бір кезде директор ақпан айында болған оқиғаны еске алып: 

– Қане, Жасұлан ортаға кел, – деді. 

Біздің ұлдар айналаны басына көтеріп, иқулап-қиқулады. «Болды, болды, қойыңдар» деп Жасұлан орнынан ыржия көтерілді. Директор оған мадақтама қағаз беріп, мойнына медаль тақты. 

– Мектеп намысын қолдан бермеген Жасұланға ерлігі үшін ду қол шапалақтап қояйық!   

Бүкіл 11 сыныптар Жасұланға аямай қолдау көрсеттік. 

– Жасұлан, университет бітірген соң менің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым болып кел! – деді Гүлнар Ниязалықызы әзілдеп.

– Міндетті түрде, – деді Жасұлан ыржалаңдап. 

Осылайша, салтанатты кеш шарықтау шегіне жетіп, көңілсіз әуен қойылды. Ұлдар қыздарды биге шақыра бастады. Мені ешкім шақырмай қала ма деп қауіптеніп отырғанда, Мирас шақырды.

– Дина, жүр, – деді қолын созып. Оның созған қолына қолымды беріп, ортаға шықтым.

– Дина, осы уақытқа дейін сені талай ренжіткен екем, – деді Мирас кінәлі көзбен қарап. – Мені жек көретін шығарсың, ия? 

– Жоға, қайдағы жек көрген, – дедім күліп. – Адам деген сыныптасын жек көре ме?

– Сені әдейі ренжітем деген ой менде ешқашан болған емес. Бәрі кездейсоқ. 

– Түсінемін ғой. 

Қазіргі кешіп жатқан эйфорияның буымен жаздыгүні тоңазытқыштан шыққан мұздай ерідім. Мирасқа деген қара қазандай өкпемді ұмыттым. Бүгінгі лақтырып кеткенін де кешірдім. 

Оны-мұны айтып билеп жүрдік. Әңгімеміз таусылғанда ол да, мен де жан-жағымызға қарадық. Біздің ғана емес, өзгелердің де әңгімесі таусылғандай. Бәрі ойлы. Мектеп қабырғасындағы оқушы кейпіндегі соңғы сәттері екенін енді сезініп жатқан секілді. 

Алаңқай шетінде қаздай тізіліп отырған ата-аналар да қалың ойға кетіпті. Кейбір көңілшек аналар жылап отыр. Қуаныштан. Ұл-қыздары мектеп бітіргендеріне сене алмай. Ал, менің анам аса көңілшек емес. Менің билеп жүргеніме қарап мәз-мейрам. Қасындағы өзі секілді келіншекке самбырлап әлдене айтып көңілді отыр.   

Әлгінде бітіру кеші басталар кезде бізге ішіне газ толтырылған шар таратып берген болатын. Сол шарға тілегімізді жазып, үстелге қыстырып қойып едік. Вальс аяқталған кезде ұйымдастырушылар шарды аспанға ұшыруымызы сұрады. Біз ұшырдық. Ішіне ауа толтырылған шардан гөрі газ құйылғаны көкке тез көтеріледі екен. Шарларымыз көз ұшынан көрінбей кеткенше қарап тұрдық.   

Қас қарайып қалды. Ары қарай орталықтағы «Ережеп ата» мейрамханасына бағыт алдық. 

Бұл бітіру тойына Толқын апай да келіпті. Қуанғаным-ай! Ол кісі 3-4 жыл бұрын зейнеткерлікке шығып кетіп еді. Содан бері көрмедім. 25 мамырға келген жоқ. Бүгін бітіру кешінде де байқамадым. Толқын апайды көрген біз жанына жүгіріп барып, қауқылдасып қалдық.

Той қызғанда ортаға бастауыш сынып мұғалімдері шығып сөз сөйлей бастады. Кезек Толқын апайға келгенде біз ұзақ уақыт қол шапалақтап отырып алдық. Тым ұзақ шапалақтай бергенге Толқын апай жанындағылардан қысылды. Тіпті, өзіміз де артық кеткенімізді түсініп, ұяттан бетімізді қан шапшыды.   

– Рахмет, балаларым! – деді Толқын апай біздің риясыз қол шапалақтағанызға дән разы боп. – Қандай әдемісіңідер! Бірің ержетіп, бірің бойжетіп ұядан ұшып барасыңдар! Сонда да сен мен үшін әлі бастауыш сынып оқушысысыңдар!

Жасұлан томпиып ең артқы партада отырушы еді. Үйінен әкелген нанын жеп. 

– Мектеп бітіргенше артқы партада отырып шықты, – деп күліп жатырмыз біз. 

– Мирас өте тәртіпті болды. Біреуің бірдеңе бүлдірсеңдер, «Апай, пәленше өйтіп қойды, түгенше бүйтіп қойды» деп мені әрқашан құлағдар етіп жүретін. 

Бұл инсайдқа бүкіл мейрамхана жарылып күлді. Қып-қызыл болып кеткен Мирасқа бәрі «сондайың бар ма еді?» деп тиісті. 

– Сүннет қыздарға жақын болды. Өзі 3-ші сыныпта оқып жүріп, 4-ші сынып қыздарына хат жазатын, – деді Толқын апай.

– Рас! Ол өзінен ересектерге құмар болды, – деп күлді біздікілер. – Өзімен жасты қыздармен сөйлескен емес. 

Толқын апай бәріміздің қызықтарымызды айтып, зеріге бастағандарды бір серпілтіп қойды.

Түнгі 3 жарымдарда мейрамханадан шығып, дәл іргеміздегі саябаққа жаяу жетіп бардық. Өкпені қысқан мейрамханада отыра беруге шыдамымыз жетпей. Төңірек әлі қап-қараңғы. Таң атуға 2-3 сағаттай уақыт бар. 

Барлық сыныптар топ-топ болып бөлектене бастады. Бізде 11 «Г» сыныбы болып бір сәкінің қасында тұдық.  

– Бұл біздің сынып болып соңғы жиналуымыз, – деді Мирас. – Бір-бірлеріңді дұрыстап көріп қалып үлгеріңдер.   

– Не деп тұрсың, Мирас? Әлі талай жиналамыз ғой. 

– Қайдам, – деді Мирас басын шайқап. – Әшейінде бір сыныпта жүріп зорға жиналамыз. Айтыңдаршы, 25 мамырдан бүгінге дейін шамамен 1 ай өтті. Осы 1 айда бір рет болсын бәріміз жиналдық па? Жоқ! Енді шашырағанымыз шашыраған! 

Арамыздағы ең көңілді деген Мирастан осындай әңгіме естігенде біртүрлі болып қалдық.  

– Шал, тағы бастадың ба осындай философияңды? – деп Сүннет мектептегі қызықты сәттерімізді еске алып көңіл-күйімізді көтергісі келді. Бірақ, қанша күлейік десек те, Мирастың сөзі санамыздан кетпей, бойымызды мұң құрсап тұрды. 

Бәрі жан-жаққа кетіп, шашырай бастадық. Мен жалғыз қалып, саябақты басынан аяғына дейін бір жүріп өтпек болдым. Осы оймен келе жатыр едім, бір бұрыштағы сәкіде Ақерке отыр. Жалғыз өзі. Мен оны Айсұлулармен кеткен шығар деп ойлап едім. Бірақ, бүгін бітіру кешіне ол Айсұлулардан бөлек келді. Олармен ұрысып қалған ба?

– Ақерке, – дедім жанына кеп. Ол басын әнтек көтерді. Көзі қып-қызыл болып кеткен.

– Жылап отсың ба? Тыныштық па? 

– Жоқ, көзіме бірдеңе түсіп кетті. Соны ала алмай жатырмын. 

– А-а. 

– Дина, кел отыр, – деді Ақерке сәл оңға қарай жылжып. 

– Әкемді сағындым, – деді Ақерке даусы құмығып. – Біздің сыныптастардың арасында әкемді ең жақсы білетін сенсің ғой. 

– Иә. Кішкентай кезімде сенің үйіңнен шықпайтын едім.

– Білесің бе, ата-аналар жиналысына сендердің аналарың барушы еді. Ал, біздің үйден тек әкем баратын. Өңшең әйелдердің арасында жалғыз еркек болып отырады. Соған ұялып «енді анам барсын. Сіз неге бара бересіз» деп ұрсатынмын.   

– Жыл сайын сенің туған күніңде сыныпқа торт әкелуші еді ғой. 

– Иә-ә, – деді Ақерке көңілі құлазыңқырап. – Дина, білесің бе, біз Айсұлу екеуміз негізі бір-бірімізге тілеулес емес, бәсекелеспіз. Ол телефон алса, мен одан да күшті телефон алуға тырысатынмын. Ол қымбат әшекей алса, менде сондай алуға ұмтылам. Әкем айтқанымның бәрін алып беретін. Биыл мектеп бітіру кешін әбден күтіп едім. Міне, қазір сол күн. Бірақ, бұл өмірімдегі ең бақытсыз күн сияқты. Әкем бір сәтке тіріліп келсе ғой. 

Ол тірісінде әкесінің қадіріне жетпегенін, онсыз өзін жел өтінде қалып кеткенін, бәрін-бәрін айтты. Бір жылап, бір күліп, ағынан жарылды. Мен оған мейлінше қолдау көрсетіп, іштегі шерінің бәрін шығаруына көмектескен болдым. 

Таң сібірлеп ата бастады. Бітіруші түлектер саябақ алдындағы Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің маңына жинала бастады. Ақерке екеуміз ескерткіш маңына келдік. Ары қарай ол қалың топ арасына сіңіп жоқ болды.  

Қарасам, мұнда тек Дулати емес, басқа да мектептерден оқушылар бірінен соң бірі келіп жатыр, келіп жатыр. Арасынан көзтаныстарды іздей бастадым. ҰБТ-да жылап отырған бір-екі қызды көріп қалдым. Сондағы жылағандарынан қазір дым да жұрнақ жоқ. Пластмасса стақанға құйылған Коладан ішіп, айқайлап жүр. Қызып қалған сияқты.   

Таң шапағы шашыла бастағанда саябақтағы бүкіл бітіруші түлектер ескерткіш түбінде фотоға түстік.  

Сонсоң бір шетте бізге қарап жүрген ата-аналарымызбен бірге үйімізге қайта бастадық. 

Саябақтағы оқушылар сиреп, ең соңында қараңдап жүрген қарауыл ғана қалды.  

Арада 8 жыл өткенде

Бір күні ауылға барып қайтуға оқталдым. 

Университет бітіргеніме төрт жыл болды. Соңғы екі жылда ауылға бірде-бір рет ат ізін салмаппын. Әйтеуір, анам жылда Елордаға келіп кетеді. Әкемді көрмегелі екі жыл болды. Тек, телефонда тілдесемін: «Қызым, қалайсың?» дейді. Даусын естігенде жүрегім елжірейді. «Жаурап қалма, тамағың тоқ болса болды» дейді де телефонды анама бере салады. Менімен көп сөйлеспейді. Діні сондай қатты.  

Мен бұрын үлкен корпорацияда жұмыс істесем деп армандаушы едім. Қазір сондай корпорациядамын. Аудармашымын. Негізі, жұмыс қиын. Бірақ, мен үшін емес. Білімді мыңды жығады деген рас екен. 

Істеген жұмыс көлеміне қарай жалақы аламын. Жалақымның өзімнен артылғанын Қарағандыда оқитын інілеріме жіберемін. Одан қалғанын үйге жіберсем: «Әкең екеумізге ештеңе керек емес. Одан да өзің жинай бер ақшаны. Жасауыңды түгелдерсің» деп өзіме қайтарып береді. Жасым 25-ке келсе тұрмысқа шықпай жүргеніме алаңдайды.

...Шымшаһарға бірер сағатта жеттім. Ұшақпен. Бұрын ұшаққа міну деген мүмкін еместей көрінетін. Қателесіппін. Бәрі мүмкін екен. 

88 баллмен грантқа түсе алмадым. Ақылы бөлімнен басқа таңдау болмады. Ата-анам мені іргедегі Шымшаһарға «Аударма ісіне» оқуға түсірді. Мұнда жылына 300 мың теңге төлеу керек екен. Олар бұл ақшаны тауып берді. Сол кезде бір жылап алдым. Егер Алматыға грантқа түскенде студенттік дәуренді қызықты өткіземін деп ізденбей қалар ма едім?! Облыс орталығында оқығаным дұрыс болды. Өйткені, мен мұнда өзімді қамшыладым.

...Жұмыс бабымен Қазақстанды ғана емес, шет елдерді де араладым. Теледидардан күндіз-түні көрсетілетін Еуропаны, Америка Құрама Штаттарын өз көзіммен көрдім. Жасөспірім шақта арманыма айналған Оңтүстік Кореяға да бардым. Мұнда көңілді топпен бірге біз «Ва банктегі» Ким Инаны сомдаған Ли Бен Хонды кездестірдік. Оны тірідей көргенде көз алмай қарап қалыппын. Тіпті болмаса жерге қақ шекемен құлай жаздадым. Қасымдағы біреу қолымнан ұстап қалды. 

Біз одан жамырай қолтаңба алып, бірге суретке түстік.

Алға қойған арман-мақсаттарыма жай-жаймен жетудемін. Мейірім апай да айтып еді: «Армандаудан қорықпа. Оған ешқашан жете алмаймын деп ойлама. Ешкімді тыңдама. Үнсіз ғана арманыңа қарай жылжы. Тек, тоқтама. Тоқтасаң, арманың да тоқтайды» деп. 

...Шымшаһардағы «Кабиско» аялдамасына келіп Нұршуаққа такси ұстадым.

...Нұршуақ сол бұрынғы қалпы. Көп жыл келмегесін бе, ауылым көзіме сондай жұпыны көрінді. Тіпті, тыржиыдым да. Бәлкім, Еуропамен салыстыра қарағандықтан шығар. Мен де қызықпын. Салыстыратын нәрсені тауыппын. Су ішкен құдығыма түкіргендеймін. Мұндай менмендік менде қайдан пайда болған? Керісінше, менмендерді жек көретін едім ғой?

Асықпай ауылымды жаяу аралап жүрмін. Әрбір көше, әрбір бұрышы есіме балалық, жасөспірім шақтарымды еске салады.

…О, Тоба! Дәл алдымда Ақерке келе жатыр. Оны көремін деп мүлдем ойлаған жоқ едім. Не істерімді білмей қалдым. Ол да мені бірінші көрген кезде сәл сілейіп тұрып қалды ма, сосын қолын бұлғап, тез-тез жүріп жаныма келді. 

– О-о, Дина, сенсің бе? Сені де көретін күн бар екен ғой! – деп жайраңдап бетімнен сүйді. – Қалайсың өзің? 

Аң-таңмын. Ақерке мұндай емес еді ғой. Суық амандасатын шығар деп ойлаған едім. Жоқ. Ақерке өзгеріпті. Бұрынғы бастауыш сыныптағы Ақеркені көргендеймін.

– Бәрі жақсы, өзің ше? Көріспегелі көп болыпты.  

– Иә-ә, – деп ол мұңая қалды. – Білесің бе, мен сені қатты сағындым. Тіпті, кеше сені түсімде көрдім. Жүрегім сезген ғой, шамасы. Сенің келетініңді. Қанша, сені көрмегеніме 10 жыл болды ма?

«Сені қатты сағындым» дегенде өз-өзімді ұстаудан қалғандаймын. Менде сені сағындым ғой, Ақерке! Араласпай кетсек те, мен әрқашан сенің тілеуіңді тілеумен болдым. 

– Жоқ, одан аз, 5 жыл ғой деймін. 

– Қойшы, соны есептеп бас қатырғаннан не шығады? Одан да не өзіңде жаңалық? Өзің бір әдемі болып кетіпсің. Алыстан көргенде модель ме деп қалдым, – деп Ақерке күлді. – Жігіттер артыңнан қалмай жүрген шығар, енді? 

– Қойшы, сен де бір, – деп ұялып қалдым. – Қайдағы жігіттер? Айтпақшы, мынау сенің қызың ба? 

Ақерке жаныма коляска итеріп келген. Коляскада басына қызыл шәлі кигізілген сәби жатыр. 

– Иә-ә! 

– Неткен сүйкімді. 

– Рақмет! Бір қызық айтайын ба? Есімі – Дина.  

– Рас па? Тұңғышың ба? Неге менің есімімді қойғансыңдар? 

– Иә, тұңғышым. Енем қойды. Бірақ, сенің құрметіңе емес шығар. Атақты күйші Дина Нұрпейісова сияқты болсын деді ме екен. 

– О-о! Құттықтаймын. Тіл-көз тасқа. 

– Айтпақшы, айтпаппын ғой. Мейірім апай – менің енем. 

– А-а? Біздің Мейірім апай ма?!. 

– Иә. 

Ішімнен біреу аямай ұрғандай болды. 

– Жақсы болыпты ғой! 

– Иә! ҚазҰУ-ға ақылы бөлімде оқығанымды білесің ғой ия? Сонда Арысланмен жақынырақ таныстық. 

– А-а, дұрыс. 

– Айтпақшы сен ренжімейсің ғой ия? Бұрын мектеп кезінде Арысланмен жүріп едің ғой.

– Қайдағы жүрген, қайдағы ренжіген. Біздікі жай балалық қой. 

– Бәрі дұрыс болса болды да онда. Өткенде сені теледидардан көрсетті. Сонда менің енем мәз-мейрам боп қалды. «Менің оқушым, менің қызым» дей берді. Білесің бе, ол сені қатты жақсы көреді. 

– Солай ма?!

– Иә.

– Сыныптастармен хабарласып тұрасың ба? 

– Қайдағы. Біразының түрлерін ұмытып қалдым ғой.

– Есіңде ме, Мирас мектеп бітіру кешінде «соңғы рет жиналып тұрмыз» деп айтып еді. Тура айтыпты. Содан бері біз мүлдем түгел жиналмадық. Мирас көреген екен. 

– М-м.  

– Біздің Сүннет рекорд қойды.

– Қандай рекорд?

– Ол бізден 2 сынып төмен оқыған Эльмирамен шаңырақ көтерді. Қазір 3 баласы бар. Ал бізде әлі біреу.

– Охо! Мен оны өзінен ересек қызға үйлене ме деп ойлап едім.

– Соны айтам. Дина, кешке үйге келсеңші. Айтар жаңалық көп. Әрі енем бір жасап қалады. Өзі де жабырқау күйде жүр еді. Атам 2 жыл бұрын қайтты. Күйеуім атамның жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгін ол қалада. 

– А-а, жаны жаннатта болсын.

– Қысқасы, кешке кел. Келмесең ренжимін!  

...Мейірім апайды тек мен ғана бағалай аламын, тек мен ғана қадіріне жете алам деп ойлаушы едім. Қателескен секілдімін. Ақерке тамаша қыз. Мейірім апайға өзі секілді келін жолыққанына қуаныштымын. 

«Жарайды, барайыншы. Менің ішім тар емес еді ғой». 

Апайымды сағыныппын...

Тұрсынбек Кешубай - Жамал апай (Әңгіме)
Оралхан Бөкей. Өмірбаяны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу