Құлап жатыр. Өлең
Құлап жатыр,
Тамшылар құлап жатыр...
Менімен бір аспанда жылап жатыр.
Терезеден телміріп жас төгуде,
Ол менен қандай көмек сұрап жатыр?!
Тырс-тырс
Тырс-тырс...
Көк аспан егілуде,
Жүрекке қайғы ауыр жегілуде,
Аспанды да жылатқан мына өмір,
Қайырымсыз хандай боп көрінуде.
Көрінуде,
Көңілім жерінуде...
Беу, аспан,
Төкпе жасты тасытпалап,
Жас көрсе жетім көңіл жасып қалад.
Онсыз да адамдардың көз жасынан,
Жер бетін жастың селі басып барад!
О, аспан, биіктікке төресің ғой,
Ғашықсың...
Бар арманың - Жер - есің ғой!
Армандардың келбеті не боп барад,
Бізден гөрі сен анық көресің ғой!
Адамдар не боп барад, кім боп барад.
Ақындар енді сырын кімге ақтарад?!
Осынау жердің беті неге ғана
Қайғының құшағында құндақталад.
Неге ғана ғаламның бар қайғысы,
Жүрегімді жаралар жыр боп қонад.
Қатыгездер неліктен қаптап барад,
Қасиетті ел нені жоқтап қалад?!
Ей, аспан, білемісің,
Ғашығыңның -
Жер-ананың жүрегі тоқтап барад...
Білесің-ау, беу, аспан, жылап жатсың,
Қайғы тұнған жан жасын бұлап жатсың.
Қатал тағдыр заңына бағынышты,
Менен сен қандай көмек сұрап жатсың?!
Қайтейін,
Жылап жатсың,
Жылап жатсың...
Дауылсыз ақындарға жел ес пе екен,
Жоқ, әлде, халқы берген дем ес пе екен?!
Аспанның да жанарынан жас төктірген,
Өмірдің өктемдігі емес па екен?!