Тесік құмыра туралы аңыз
28-06-2022
Ф.И.Голощекин 1925-1926 жылдары қазақ саясаткерлерінің қайсысының кім екенін жете зерттеп алған соң, алдына партияның мүддесінен бұрын ұлт мүддесін қоятындарын әртүрлі саяси айдар тағып, биліктен шеттете бастады.
"Мен Голощекин жолдастың сөзіне қосыла алмаймын" деп жиын-мәжілістерде өжеттік танытқан Смағұл Сәдуақасұлы оның бірінші қарсыласы болды. Смағұлдар "идеологияны иемденіп кетеді" деп, "Еңбекші қазақтың" редакторлығынан алды. Енді оны комиссарлықтан босатудың қилы амалдары қарастырылды. Баспасөзде Халық ағарту комиссариатының жұмысын орынсыз сынаған мақалалар жиі жариялана бастады. Қазақтың буынсыз жерін бес саусақтай біліп үлгерген Голощекин арманы 1927 жылы 28 наурыз — 3 сәуір арасында болған Қазақстан автономиялы республикасы Кеңестерінің VI съезінде орындалды. Смағұл қызметінен алынды. Смағұлдың кетуі оқу, мәдени-ағарту саласы төңірегіне ұлт зиялыларына қиын соқты. Мағжан ақын ол туралы "Байтақ елге асқар таудай пана екен" деп (бұл — 1933 жылы Смағұлға арнап шығарған жоқтауының бір үзігі) айтуы тегін емес.
Смағұл саясаттан кеткеннен соңғы жағдайын ол кейінірек, 37-нің біраз алдында: "Бұл — ҚазАПП-тың қыспағының үдеп тұрған кезі. Мен сол кезде көзге шыққан сүйел сықылдандым", — деп айтуы тегін емес. Енді ғана Ташкенттегі Қазақ педагогика институтына ректор болып орналасқан қайраткерді қылмыскер адамдай етіп тағы қызметінен қуды. Туған елінде тұруға рұқсат етпеді. Ол Мәскеуге кетті. Сол жақтан қайтып оралмады. 1933 жылы қапыда қаза тапты.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды