Момышұлының әншілер туралы айтқаны
Біз пікірімізді былай айтқанбыз:
Алдымен ән салуға ақыл керек,
Ой менен ырғақтарға болар тірек.
Ой бар ма, пікір бар ма, жүрек бар ма,
Көрермен тыңдаушыға осылар керек…
Жақсы әншіні тыңдарман жаны балқып, буыны босап, жаны құлай тындайды. Шын ниетпен рақметін қол шапалақтаумен айтады.
Рақмет сізге ханым, асық сөзді айып көрменіз. Бірақ шын әңгімеге екеуіміз тоқтастық, - деп әйел алдында әдепсіздігімді мойныма алып, мен төмен қарап отырып қалдым.
Жаман әншіні олар қарғаша қарқылдаған, шегірткеше шырылдаған, тышқанша шиқылдаған, есекше ақырған, сиырша мөңіреген, айғырша кісінеген, бураша бұрқыраған т. б. ішінен ат қойып, қиналып, тыңдап отырады. Бұларды тиісті орнына қою режиссердің маңдай алды міндеті деп санауымыз керек.
Көркем сөз, өлең, тақпақ жағынан да кемшіліктеріміз аз емес. Бұларға нақты сол үнін теріп таба білуіміз керек, өнегесін сала білу керек. Тыңдаушының ілтипатын өзіне тарта білу керек. Көзқараспен бет жылысын, дене қимылын, үннің, дауыстың етек-жеңін, қимылын білу керек. Сонда ғана олар тыңдаушысына жетеді. Сонда ғана олар тыңдаушының ыстық ықыласына бөленеді; ойсыз, үнсіз сахнадағы жалған кербездікке тыңдарман жақсы баға бермейді.
/Бауыржан Момышұлының «Айтылмаған ақиқат» кітабынан алынған үзінді/