Түрколог Василий Радлов жайлы
Радловты түріктердің де кереметтей жанашыры етіп көрсету артық. Ол Ресейде өзім іргесін қаладым деп санайтын түріктануды шынымен сүйетін. Мәселен, бір биолог ғалымның көбелектерді зор ынтамен жинап коллекция дайындағаны тәрізді, Радлов та бізді дәл сондай зерттеу объектісі ретінде ғана көрер еді. Ол бізге сол тұрғыдан ғана мән берер еді. Оның түріктерге сүйіспеншілігінің бар-жоғы осы ғана болатын. Радлов халықтарды күшті және әлсіз деп екі топқа бөлетін. Осы арқылы ол орыстардың бізді билеп-төстеуін заңды құбылыс деп көретін.
Бір кезде Әлихан Бөкейхан Радловқа Ресейдің қатыгез саясатын және мұғажыр мекемесінің озбырлығын айтып шағынған. Оны тыңдап болған соң Радлов: "Күштілердің әлсіздерді билеп төстеуі мемлекетаралық қатынастардың табиғи заңдылығы" деп жауап қайтарған болатын. Әлихан Радловтың мына сөзіне төзе алмай шығып кеткен. Содан кейін Әлихан оның атын естісімен, тыжырынып біртүрлі жайсыз күй кешетін. Радловпен саяси тақырыптарда пікір таластыру пайдасыз еді. Ол саяси мәселелерге бармайтын да. Тек күштінің әлсіздерді билеп-төстеуін өзінің түріктану саласындағы теориялары сияқты ақиқат деп сенетін.
Орыс академигі Радловтың орыстарға және бізге деген таным-түсінігі, міне, осындай болатын. Радловтың түріктанудағы аса құнды еңбектерін, сөзсіз, білуге тиіспіз. Алайда одан қайдағы бір түрік сүйіспеншілігін, әсіресе біздің империализм тепкісіндегі ауыр халімізге жанашырлығын іздеудің тіпті де қажеті шамалы.
1937 ж. № 94
Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды