Сіңілімнің ішіне жын кірген секілді
Менің жасым 45-те. Біз отбасында 8 ағайындымыз. Туып өскен жеріміз Шығыс Қазақстан облысы. Әке-шешем өмір бойы ауылда тұрды, бала-шағасын жеткізіп, оқытып-тоқытты, зейнетінен бейнеті көп өмірлерін бізге арнады. Осыдан біраз уақыт бұрын ауыр науқастан ата-анамыз бірінің соңынан бірі дүние салды. Үйдегі қыздардың үлкені болған соң анам маған қайтыс болардың алдында сіңілім Сандуғашты қатты тапсырды. «Басқаларыңа алаңдамаймын ғой, әйтеуір дендерің сау, ел қатарлы өмір сүрерсіңдер. Мына Сандуғашымның күні қалай болар екен. Бәрілеріңе салмақ болады-ау» деп уайымдап кетті.
Сандуғаш өзімнен 5 жас кіші сіңілім. Бүгінде ол баламмен бірге менің қолымда тұрады. Сандуғаш сырт көзге сап-сау, басқа адамдардан еш айырмашылығы жоқ қарапайым болып көрінгенмен, ол көтеріліп ауырады. Ақыл-есі сау, өзі білімді, қолынан көп нәрсе бәрі келеді, тамақты да өте дәмді даярлайды. Бірақ аптасына немесе екі аптада бір рет көтеріліп ауырады, бөлмесіне тығылып алып, жалғыз өзі күбір-күбір тоқтамай сөйлеп отырады. Ондай кезде ол ешкімді керек қылмайды, тыңдамайды. Ал кейде тұрған жерінде немесе отырған жерінде талып құлайды да, біраз уақыттан кейін есін жинайды, сосын айқайлап жылайды. Мен оның мұндай қылығына үйреніп те қалдым. Бауырларым, сіңілілерім, бәріміз жабылып оны қаратпаған жеріміз жоқ. Бірақ нәтижесіз, дәрігерлер де нақты диагноз қоя алмады, емшілерді де жағалап көрдік бірақ сіңілімнің дертіне дауа таппай жүрміз. Оның бұндай ауруға шалдыққанына 13 жылдан асты.
Сандуғаш 22 жасында тұрмыс құрды. Күйеубаламыз өте сымбатты, ақылды жігіт болатын. Екеуі сондай жарасымды жұп еді. Отбасылық бизнесті дөңгелетіп отырған болатын. Бірақ олар үйленгеннен кейін бірнеше жыл балалары болмады. Сөйтіп жүргенде бірде Сандуғаш өзінің құрбыларының кеңесімен бір емшіге барыпты. Әлгі емші Сандуғашқа «Сені біреу сыртыңнан оқытып тастаған, ешқашан балаң болмасын деп қарғаған. Мен осы қарғысты қайтарып, сенің жолыңды ашамын депті». Сол кезде Сандуғаш өзін сыртынан оқытып тастаған адам күйеуінің бұрынғы қалыңдығы екен деп жүретін. Бірақ мен сол кезде оның сөзіне аса мән бермеппін. Сонымен Сандуғаш 5 жыл дегенде тұңғышын босанды. Бәріміздің қуанышымызда шек болмады. Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Баланы босанғаннан кейін Сандуғаштың жүйкесі сыр беріп, баланы емізбей қашып, өзінен өзі сақылдап күліп біресе жылап, қыстың күні жалаңаяқ далаға жүгіріп, жолдасының, қайынжұртының әбден мазасын кетіріпті.
Мамам: «Жас босанған әйелдерде ондай-ондай болады, күйзелген ғой қатты» деп құда-құдағиымен сөйлесіп сіңілімді уақытша үйге алып келдік. Үйде бәріміз оның жағдайын жасап, асты-үстіне түстік. Уақыт өте келе Сандуғаш біраз жақсарғандай болды. Бірақ күйеуі оны және кішкентай баласын алып кетуге келмеді. Біраз уақыттан кейін Сандуғаштың көтеріліп ауыруы жиілей берді. Бірде ыстық шәйді қайнатып тұрып талмасы ұстап қалғанда күйіп те қалды. Денесіндегі күйік жазылғанан кейін отбасымызбен ақылдаса келе оны жүйке аурулары ауруханасына біраз уақыт жатқыздық. Бірақ анам байғұс қызы ауруханада жатқанда тағат таппай әбден жүдеп-жадап кетті. Сонымен Сандуғашты ауруханадан шығарып алдық. Дәрігерлер мұндай ауруға ешқандай ем жоқ екенін, тек тыныштық сақтап, жүйкеге салмақ түсірмеу керектігін айтты.
Сандуғаштың дерті қатты жанына батты ма, анам ауыр науқасқа шалдығып, бір жыл төсек тартып жатты да көз жұмды, бір жылға жетпей әкем де дүниеден өтті. Осыдан кейін Сандуғашты мен өз қолыма алдым. Ал оның баласын өзімнен кейінгі інім бауырына салып алды. Қанша айтқанмен әпке деген атым бар, науқас сіңілімді келіндермен бірге тұрғызудың реті де келмеді. Әрқайсымыздың отбасымыз, бала-шағамыз бар дегендей... Қалада бір күн жұмыс істемесең, аузың жыбырламай қалады емес пе, сондықтан мен де күн ұзақ жұмысқа кетемін, күйеуімнің табысы бір отбасын асырауға жете бермейді. Сандуғашты бауырларым анда-санда кезек-кезек үйлеріне алып кетіп тұрады. Дегенмен маған үлкен ауыртпалық түсті. Өйткені Сандуғаштың жанында баланы да сеніп қалдыра алмайсың, өзіне бір адам керек. Сөйтіп жұмыс істеудің ыңғай келмеген соң үйде отырдым.
Бір күні күйеуім маған төтесінен шарт қойды: «Не мені, не сіңіліңді таңда. Шаршадым, кетемін» деді. Мен туған бауырымды жындыханаға өткізіп қойып, қалай тамағымнан ас өтпек, қалай ұйықтамақпын? Сонымен күйеуім бізді тастап кетіп қалды.
Міне, қанша жылдан бері көз алдымда сіңілімнің күйзелгенін көріп өмірім өтіп барады. Кейде оған қатты ашуланатын да кездерім болады. Бірақ ол бұл ауруды өзі тілеп алған жоқ қой.
Жақында бір тәуіппен сөйлесудің реті келіп, оған Сандуғаштың дерті туралы айттым. Ол кісі маған: «Сіңіліңнің бойында жын бар. Егер ол тазарып, жыннан арылар болса, құлан-таза айығып кетеді» дейді. Бұл мүмкін бе?
Автор: Қаламқас, Алматы облысы
alashainasy.kz