«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Ол шешесі қайтыс болғалы зират басына үшінші күн қатарынан келіп тұр. Басқа басар жер, барар тауы қалмаған іспетті. Бұл өмірде оған шешесінен өзге еш жақын жан жоқ-тұғын. Таң бозынан келіп отырған ол түске қарай зират басына келе жатқан қалың қауымды көріп, тағы кім мен құсап сорлап қалды екен деп ойлады.
Есіне шешесінің көз жұмар алдында: «Балам, жалғыз қалып барасың, жалғандағы ең қорқынышты нәрсе жападан жалғыз қалу. Жаныңа жақын серік тауып ал. Сенің сол қызығыңды көрсем деуші едім, дәм тұзым таусылды… бақыл бол» дегені түсті. Шынымен де жалғыздық қандай сүркейлі еді?..
Манағы келе жатқандар зираттықтың шетін ала келіп тізгін тартыпты. Ет асымдай уақыт айналған олар өлілер мекеніне тура шешесінің топырағындай бір төмпешікті қосты да, кері қайтты.Ел кете жаңа ғана жабылған жас топыраққа келген ол: «Мұнда кім екен? Кімнің аяулысы, кімнің арқа тірер асқар белі екен?» деп ойлады. Кенет көзіне үюлі топырақ бүлік ете түскендей сезілді.
Тұла бойы дір ете түскен ол сол жерде құлап қала жаздады. Теңселіп барып бойын әзер тіктеген ол шешесінің топырағына баруға шамасы жетпей ауыл шетіндегі өздерінің шағын құжырасына қарай ілбіп келе жатыр. Үйіне барғысы келетін емес. Бірақ басқа қайда барар еді?...
Ақыры үйіне жеткен ол қиюы кеткен жылауық есігін жаппастан қолына ілінген марқұм шешесінің пальтосын жамылды да, тарс бүркеніп жатып қалды.
Ертесі түс әлетінде оянған ол тұла бойының от болып жанып жатқанын сезді. Таңдайы кеуіп жатыр екен. Пеш жақтағы ежіреден салқын су ішпекке ниеттеніп орнынан сүйретіле тұрған ол шағын үстелдің үстінде тұрған тамақты көрді. Шамасы көршілерінің біреуі әкелген болса керек-ті. Тек мұның ұйқысын бұзғысы келмеген шығар, иә болмаса оның жанарындағы тұнып қалған қасіретті көргенге дәті жетпеген болар. Тамақтың жартысын да түгете алмаған ол төсекке қайта құлады.
Арада он күн өткен соң барып қалпына әзер келген ол, таң сәріден анасына қарай жолға шықты.
Әп-сәтте зиратқа да жетті. Неге екенін өзі де білмейтін, әлде бір сезім ана жолы осында жерленген адамның кім екенін білгісі келіп солай қарай бұрылды. Ішінен осы кезге дейін басына ескерткіш тақта қойған шығар деп күбірлеп келе жатып өзінің межелі жерге келіп те қалғанын байқамапты.
Топырақ әлі ескіре қоймаған екен. Басына қойылған ескерткіш тақтаға қарап ол тағы да талып қала жаздады. Тақтада кәдімгі ай көрікті арудың тірі суреті. Жасы жиырмаға жетпей-ақ тағдыры талқандалған қыршын қыз.
Тастағы суретке телміріп отырып ол тағы да анасының «Жаныңа жақын серігіңді тап» дегенін есіне алды. Мына қыз өлмеген болсашы… Мен осыны жаныма мәңгілік серік етіп алсамшы деп ойлады. Сосын барып: «Жоқ, мен тура осы қызға ұқсайтын аруды қалай да табамын» деп, өз-өзіне күбірлеп шешесінің қабіріне қарай барды.
Бір шымшым топыраған алып құшырлана иіскеген ол: «Жаным, Ана, мен енді сенің соңғы айтқан аманатыңды орындау үшін талпынамын, сондықтан біраз уақытқа келе алмай қалуым мүмкін. Басыңа ешкім келмей жалғызсырайтын шығарсың. Мен өмірлік серігім туралы таңдауымды жасадым, енді соны орындамаққа аттанамын…» деді.
Жанарынан бір тамшы жас үзіліп түскен ол орнынан жайымен тұрды да, манағы қыздың қабіріне қарай аяңдады. Тастағы бейненің алдына келіп жүгініп отырған ол: «Ей, аппақ ай Ару, мен саған анамды жалғызсыратпашы деп өтінгелі келіп отырмын. Менің бір тілегімді орындашы… Мен анамның аманатын орындамаққа кетіп барамын, тура сендей сымбатты аруды іздемекпін…» деді. Қыз бейнесіне ұзақ қараған ол ақыры орнынан тұрып белін шарт буды да, ауылға қарай тартты.
Ол содан бастап аттай жеті жыл бойы сол бейнелі аруды іздеумен болды. Бірақ еш жерден таппады. Қайта айналып ауылға келгенде ауылдағылар оны бейшара бала шешесі қайтыс болғалы ой соқты болып ауырып қалды деп мүсіркесті.
Ол ауылға келгелі анасының да қабіріне бармады. Ана аманатын орындай алмағанына өзін айыпты санап жүрген-ді. Кімнен көмек сұрарын білмей дал ұрды. Ақыры осы ауыл жынды атаған қаңғыбас кейуанаға кезігіп мұңын шақты.
Қораның шетіндегі қара төбет мүжіп жатқан кетік жауырынды иттен қаңқылдатып жүріп тартып алған кемпір оны күнге қаратып ұстап аз кем отырды да:
– Жоқ… сен оны бұл өмірде ешқашанда таппайсың, ол әлде қашан өліп қалыпты. Онымен тек арғы әлемде ғана қауыша алады екенсің… Ол да сені сарыла күтіп жатыр екен, – деп, – Әдірам қалғыр, қу сүйекті мен жейді деп пе ең, соңша қаңқылдап, мә тамағыңа тығылсын, – деп жауырынды манағы төбетке қарай лақтырып жіберді де, беліндегі сала құлаш қарала жіпті шұбатып ауылдың ана басына қарай заулап бара жатты.
Кеш бата жер қазатын кетпенімен күрегін алған жігіт зиратқа келіп алдыман анасының басына аз- кем үнсіз мүлгіп отырды да орнынан тұрып бара жатып:
– Анашым менің сені сонша уақыт жападан жалғыз қалдырғаныма кешір ! Мен сенің аманатыңды орындамаққа алыс сапар шектім , еш жерден жаныма жақын серігімді таппаған едім , ақыры ол сенің қасыңда жатыр екен. Енді ертеңнен бастап біз бірге боламыз тек бір күн күт !- деді де баяғы қыздың қабірінің басына келді.
Ерте шыққан ай саулесінің астында қыз суреті баяғы күлімсіреген қалпында тұр екен. Жігіт ләм мим деместен қыз қабырының ірге жағын қаза бастады. Таң ата қыздың ақымына жетті қыз оранған аппақ ақірет сол қалпы екен. Тырмысып сыртқа шықққан ол ауылға қарай беттеді. Ауылға келіп ескі қырман жақта әлденені будақтатып өртеп жатқан жынды кемпірді ертіп үйіне келді де, шешесінен қалған бүткіл киім кешекті беріп кеште менімен бірге қабір басына барасың. Сосын мен ол жерден қайтпаймын. Мына үй енді саған қалады. Менің соңғы тілегімді орындасаң болды деді.
Кеш бата кемпірді дедектетіп жетелеген ол зират басына келіп, өзі кеше қазып даярлаған ақымға түсті де, беліндегі бір шумақ ала арқанды кемпірге беріп: «Енді мені көм, әрі ешкім білместей етіп тегістеп таста, әрі ақтық демің үзілгенге дейін ешкімге аузыңнан шығарушы болма» деп өтінді. Таң ата тапсырылған міндетін өтеген кемпір ауылға қарай келе жатып өзінің ес ақылын жинап алғанын сезіп таң қалды.
Арада біраз уақыт өткен соң ауыл адамдары зираттағы кескіндерді біреу өзгертіп жүр екен десіп жүрді. Олардың айтып жүргендері шеттегі қыздың қабіріндегі суреттің толып бара жатқаны еді.
Тастағы сурет қалай өздігінен өзгереді. Зәудеғалам біреу әдейі істеп жүр десті. Арада тағы біраз уақыт өткенде қабір басына келген жұрт баяғы талдырмаш қыз суретінің енді кәдімгі ай күні жеткен жүкті әйелге айналғанын көріп, жағаларын ұстасты.
Ауылға келіп сурет туралы айтқанындарында сауыққанына әлі жыл тола қоймаған баяғы кемпір ышқынып барып талып қалды.
– Е, бейшара, бұл өмірден не көрді, сауыққанына әлі жыл болмады. Арманда кетіп бара жатыр-ау, – десті жұрт оны ақырғы сапарға аттандырып жатып. Соңғы рет тілге келген кемпір:
– Мен бұл өмірде не көрмедім, неге куә болмадым, өлі мен тірінің махаббатына, солардың қауышуына да куә болдым… Ертең ерте зираттың шетіндегі осыдан жеті жылдың алдында жерленген қыздың зиратын барып көріңдер… – деп барып үзіліп кетті.
Ақыры есінен қайта адасты десті жұрт. Кемпірдің сүйегін қабірге әкелген жұрт кемпірді жерлеп болып қыз зиратына барып жағаларын ұстасты. Қыздың өзгерген суреті бұрынғы қалпына келіпті де, ескерткіш тастың маңайы қызыл қанға боялып қалыпты. Қаумаласқан жұрт не сұмдықтың болғанын біле алмай зиратты тексермекке қабірді ашты. Жан ақымның ішінде де, қан бірақ сүйек жоқ...
Ел абдырап тұрып қалды. Ақырында моланы кезек пен түнделете күзетейік десті. Бірінші түн басталды. Мола басы тып -тыныш. Əріректен шыққан байғыз үні болмаса. Жақындап баруға қорыққан алты жігіт алыстан бақылап отыр. Молданың айтуымен сол ауылдың əулет басшысы саналатын, қасиеті артқан Əбдірəсіл ақсақалдың моласына таяу отыр. Түнгі сағат бірді соққанда жігіттер ұйқы қыса бастады.
Берік қана ояу отыр. Ол марқұм қыздың ағасы. Басқаларына қарағанда онша қорықпай отырған да сол. Берік молаға жақындап барып көрмек болды.
Жігіттер қасындағы Беріктің жоқтығын ертеңгісін ғана аңғарды. Берік болса жоқ...
Ауыл болып іздей бастағанда көрші ауданан адасып жүрген хабар жетті. Елдің бəрі дүрлігіп кетті. Көрші аудандағы ол табылған жер кем дегенде 500-600 шақырым жер. Жаяу бара алмасы анық. Беріктің өзінен сұраса "қарындасымның бейітіне жақындап ақ қалғам, сүрініп кетіп жан жағыма қарасам таң атқан...
Жəне басқа жақта жүрмін. Молда ,бейіт басындағы сұмдықты ағасына көрсеткісі келмеген қыздың рухы екендігін түсініп ,енді ол жақты мазаламаңдар деді. Бірақ бейіт маңынан өткендер, жас жігіт пен келіншектің, сəби даусын естіп қалатындықтарын айтып жүрді.