«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
«Бет әлпеті күнге ме әлде бірдеңенің зардабы ма, күйіп қақталып қарайған, екі көзі шүңірейіп суалып шөгіп кеткен, аяқтарын сүйретіп әрең басып, ұйпаланып үрпиіп қайырылған шашының үстіне тозығы жетіп әбден ескірген бас киімін оң-терісіне қарамай кие салған, сақал-мұрты әбден өсіп, ауыз-мұрын, бетін басып, үстіне алқам-салқам киген киімінен бір ебедейсіз иіс шығып, жаныма жақын келген адам дауысы қарлығып бірдеңе айтты. Не деп тұрғанын жақсы түсінбедім.
Ол тырнақтары өсіп, кірден жуықта жуылмаған қолдарымен мені ымдап шақырды. Таяп барғанымда қырылдап, тамағынан әрең естілетін дыбыспен «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдесіп тұр. Мұндайды күтпеген мен абыржып қалдым. «Уағалейкүмассалам» деп қолын алдым байғұстың. Мына сәлеміне ішім жылып қалды. Қазақ, өз ұлтымыздан екенін енді аңғардым. Нан алатын ақша сұрады. Бұл адамға керегі нан емес екенін біліп тұрсам да, қалтамнан қолыма ілінгенін шығарып қарасам, бір мың теңге екен. Айына отыз бес мың теңге табысы бар, бір жанұяны асырап жүрген маған бұл сома да аз ақша емес. Бірақ та қайта қалтама салуға дәтім бармады. Бір Алланың разылығы үшін, Құдайдан қайтар деп, қолына ұстата салдым жомарттанып. Мұншама ақша бере салады деп анау да күтпеген болуы керек, риза болғаны білініп тұр. Рахметін айтты. «Бауырым, мына жаман жолдан тыйыл, ол құтқаратын жол – Алланың ақ жолына түсу, мешітке барып, намазға жығылып, мұсылман бауырларыңмен таныс», – деп имандылық жолына шақырдым. Үндемеді. Бұрышта тосып тұрған серіктеріне мына ақшаны жеткізуге асығып тұрғаны белгілі.
…Анда-санда осы жолмен өткенімде амандасып тұрамыз. Таныс боп қалдық. Алла сәтін салып оңтайлы жұмысқа орналасып, еңбекақым өсіп, жағдайым дұрысталды. Ана танысыма анда-санда садақа беріп тұрамын. Ол өздігінен қайта көмек садақа сұрамады. Күнде қол жайып, өткен-кеткендерден садақа сұрап мезі ететіндерге ұқсамайды. Аман-сәлемі дұрыс осы жанды неге мешітке ертіп апармаймын, жұма намазына неге шақырмасқа деген ой келді. Әйеліммен ақылдасып, үйге ертіп келіп жуындырып, ғұсыл алдырып, артық-ауыс киім-кешегімді беріп, жұмаға ертіп баруға ниеттендім. Іздеп барсам, олар жоқ, таба алмадым. Дүкендегі сатушылардан сұрастырсам, олар көрінбегелі біраз уақыт болды, білмейміз десті.
Содан уақыт зымырап өтіп, ол туралы ұмытып та кеттім. Бір күні жұма намазына жиналған жұрт мешіт ішіне сыймай, сыртта жайылған кілемге отырып, намазға дайындалып жатқан. Қолында таяғы бар, аяғын сылтып басқан бір адам сәлем беріп, жаныма кеп отырды. Көрген адамға ұқсайды, қайдан көрдім бұл адамды? Есіме түсіре алмадым. Намаздан соң аялдамаға кеп, автобусты тостым. Жаңағы адам да осында кепті. Көлікке бірге мініп, қатар отырдық. «Жүзіңіз таныс, мен сізді қайдан көргенімді есіме түсіре алмай отырмын», – дедім. «Танымайтын жөніңіз бар, мен адам танитындай болған жан емеспін. Көшеде арақ ішіп, тіленші болған жексұрынды кім танысын?!», – демесі бар ма? Сонда ғана есіме түсті, бұл баяғы танысым ғой.
Иә, намазға мешітке келіп, Құдайдан кешірім тілеп, тәубаға келген жан қалай өзгеріп, түзелмесін. Бұрынғысымен салыстыру мүмкін емес. Үйге кіріп, дәм ауыз тиіп кетуге шақырдым. Келісті.
Дастархан басында отырып, одан қайда болғанын сұрап, оны іздеп таппай қалғанымды айттым. Оның айтуынша, қасындағы серіктерінің бірі ащы суға уланып қайтыс болыпты. Оны туыс-туғандары жаназасын шығарып жерлеген екен. Онымен бірге болған бұлар сол іске байланысты біраз қамауда болса керек. Одан шыға сала марқұмның басына бір серігімен барып, харам суларын ішіп, көңіл көтеріпті. «Жанымдағы серігім: «Бұл байқұс арағын сағынған шығар, дәм ауыз тисін», – деп, шөлмектің түбінде қалған арақты қабірдің үстіне төгіп жібергені. Қабірден бір бақырып шыңғырған ащы дауыс шығып, талып құлап бара жатқаным есімде.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді ашсам бір ауруханада жатырмын. Қабір басында бірі өлі, бірі ес-түссіз жатқан бізді көрген адамдар ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, досым арақтан уланып өлген, мен әрең тірі қалған екем. Сол қабірден естілген ащы дауыс құлағымнан кетпей, қорқыныштан есімнен айырыла берем. Өлмей қалғаныма өкіндім. Бұл дүниеден түңілдім. Бірақ та өле алмадым. Осы қиналып жүргенімде сіздің баяғыда айтқан «мешітке бар, Құдайдан қорық, тәубеге кел» деген ақыл-кеңесіңіз есіме түсті. Құдай сәтін салып, ағайын-туғандарым, жақындарымның көмегімен мешітке барып, Құран жаттап, намаз үйрендім. Қалған ғұмырымды имандылық жолына түсіп, Жаратушыдан кешірім тілеп өткізуге бел будым», – деді».
Құптан намазының уақыты да кіріп, азан шақырылды. Бұл әңгімені айтып отырған намазхан бауырым: «Ол танысым әне, намазхандардың ортасында сапта тұр», – деді.
Дін арқылы пенде адамдықтың мәнін ұғынып, басқа мақұлықтардан өзгешеленеді. Дінсіздің ойынша, адамның басқа хайуаннан айырмашылығы жоқ. Дін – Алланың жолы. Дінсіздік болса, шайтанның жолы. Сондықтан дін мен дінсіздіктің жолы Адам атадан бері жалғасып келеді және ақыретке дейін жалғаса бермек. Алланың діні ақиқатқа, адамгершілікке шақырады. Азғын шайтан арсыздық, зұлымдық, харамның жолына шақырып, жанталасуда.
Таңдаңыз! Ол сіздің еркіңізде.
Малғаждар Жылқышыбайұлы