Күз туралы шығарма
Күз келді. Күн салқындады. Тоғайдың шетінде өсіп тұрған Терек жанындағы Үйеңкіге:
— Қартайып кетіпсің ғой, — деді. Үйеңкі селк ете қалды.
— Не дейді? Рас па?
— Рас. Жоғары жақтағы жапырақтарың сарғая бастапты. Үйеңкі сонда ғана Күз келгенін есіне алды...
— Мына өмір неткен әділетсіз, — деді сонан соң Үйеңкі жәй ғана.
— Неге?
— Жаздың ыстығында жап-жасыл боп, жасанып, қалың киініп аламыз да, қыс келіп, күн суытқанда жалаңаш қаламыз. Керісінше болса ғой...
— Иәә, соны айтсайшы... Сол үшін де мен Күзді ұнатпаймын, — деді Терек. Үйеңкінің де көңіл-күйі түсіп кетті.