Абай Құнанбайұлы. Қысқа өлеңдер жинағы
Саудайы ай, сауды алмадың ау, сырқауды алып,
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып?
...
Кім екен деп келіп ем түйе қуған
Кім екен деп келіп ем түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды... бірге туған.
...
Баймағамбетке қатынының атынан шығарылған
Ажынның жақсы-ақ қызы едім,
Жетістірем деп алды.
Тілеуін түзден тілесе,
Баста мені неге алды?
Сол желікеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам, обалды-ды.
...
Күйісбайға
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең бересің, тайсаң танып,
Алдамшы атанғанның несі пайда?
...
Жаманбаланың баласы өлгенде
Белгілі сөз: «өлді, өлді»,
Белгісіз оның мекені.
Не халатқа¹ әурілді²,
Қайда қандай екені.
¹Халат (арабша) — хәл-жай, жағдай. Бұл арада не хәлге, нендей күйге ұшырады деген мағынада.
²Әурілді (парсыша) — ел- жұртынан айрылып, шет жерде қаңғып жүруші. Бұл арада қай жаққа кетті деген мағынада.
...
Күшік асырап, ит еттім
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.
...
Мен боламын демеңдер
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.
...
Көкбайға
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
... болмаған соң
Жылауына зорлайды.
...
Рахымшалға
Сұлу аттың көркі жал,
Азаматтың көркі мал.
Өмір сүрегн кісіге
Дәулет қызық, бала бал.
Бал болатын бала бар,
Бал болар ма Рахымшал?!
Бүйтіп берген балаңды,
Берген құдай, өзің ал!
...
Күн артынан күн туар
Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой туар,
Желге мәнсең жеткізбес.
...
Әйелің - Медет қызы, аты Ырым
Әйелің – Медет қызы, аты Ырым,
Айында бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін.
...
Тоты құс түсті көбелек
Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.