Шымкент: Кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаларды сүйемелдейді
Шымкент қаласында Кәсіпкерлер палатасы тарапынан, жергілікті атқарушы және құзырлы-бақылаушы органдармен бірге кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларға барынша қолдау жұмыстары атқарылуда. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік Кәсіпкеорлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова Өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Нақты айтқанда жыл басынан бергі 5 айда Палатаға бизнестің құқығын қорғау бойынша 66 өтініш түскен. Ал былтыр тиісті мерзім аралығында 51 өтініш түскен болатын. Биыл сол өтініштердің 21-і оң шешімін тауып, 109 миллион теңгеден астам бизнестің құқығы қорғалды. Палатаның құқықтық блогы экономикалық және әлеуметтік блоктармен бірге тығыз жұмыс істеп, қажет болған жағдайда құқықтық-кеңестік көмек те береді.
Кәсіпкерлер палатасында 5 айдың ішінде түскен құқықтық-нормативтік актілерге қатысты 36 сараптамалық қорытынды берілді, оның ішінде 5 қорытынды тиісті ескертпелермен берілгенін айта кету керек.
Бұған қоса Палата қызметкерлері мемлекеттік сатып алулар бойынша келісім комиссияларының да жұмысына белсене қатысады. Мысалы, жыл басынан бері екі комиссияның отырысына қатысып, оң қорытынды берілді.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының 2023 жылдың 19 сәуірдегі Жолдауына сәйкес Үкімет және «Атамекен» ҰКП бірігіп интерактивті инвестициялық карта (Карта) әзірлейді.
Интерактивті инвестициялық карта – инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысында мониторинг жасауға мүмкіндік беретін цифрлық құрал. Онда инвестициялық жобаға қатысты барлық тарапқа, мысалы, кәсіпкер, жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік орган, даму институттарына тиісті жауапкершілік бекітіледі.
Бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың жалпы ұлттық бірегей пулының тізіліміне Шымкент қаласы бойынша жалпы сомасы 443 млрд 56 млн теңгені құрайтын 59 жоба енгізілген.